09 Қаңтар, 2020 NEWS
top-news.kz
Өткен 2019 жылы қарапайым халықты елеңдеткен және болшағына үмітпен қарауға мүмкіндік берген бір өзекті жайт болды. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында халыққа зейнетақы жинағындағы қаржыны пайдалануға рұқсат беру бастамасы еді. Осыған орай Үкімет пен Ұлттық банк жыл соңына дейін зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану тетігін ойлап табуға міндеттелген болатын.
Сонымен, зейнетақы жинағын алып, қазақ баспаналы бола ала ма? Біз сала мамандарымен тілдесе отырып осы сауалға жауап іздеп көрдік.
Деректерге жүгінсек, елімізде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) пайда болғаннан бері қордың инвестициялық табысы 56,1 пайызға, ал инфляция деңгейі 56,5 пайызға жетті. 2019 жылдың I жартыжылдығында БЖЗҚ активінің нақты кірісі 0,09% пайызды құрады. Теңгенің 2,5 есе құнсызданғанын ескерсек, қордағы ақшаның берекесі болмай тұрғанын аңғарамыз.
Экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябековтың айтуынша, қазірде еліміздің 8 млн азаматы жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 2,5 млн адам ғана зейнетақы жарнасын жыл он екі ай үзбей аударады. «6,6 млн салымшының зейнетақы жинағы 1 млн теңгеге жетпейді. 282 мың адамның ғана салымы 5 млн теңгеден асады. Демек бұл арада зейнетақы жинағын алып, баспана алуға ел тұрғындарының мүмкіндігі өте аз», – деді маман.
Бұл ретте тағы сол деректерге жүгінсек, қазір БЖЗҚ-да 10 трлн теңгеден астам қаржы жиналған. Орташа есептегенде бір салымшыға 1 млн теңгеден келетін қаржы. Ал енді қазақстандықтардың зейнетақы жинағынан барлық қаражатты емес, оның тек 60 пайызын ғана ала алатынын ескерсек, (40 пайызы қорда қалуы керек) расымен де бұл жүйенің қарапайым халыққа аса тиімді емес екенін мойындауға тура келеді.
Бұл ретте экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов:
«Ол зейнетақы қаражатын қажетті соманы жинағандар ғана пайдалана алатынын ұмытпау керек. Ал енді есептейікші, алысқа бармай-ақ өзімді мысалға алайыншы, мен қазір 58 жастамын. Мен егер зейнетақы жинағы арқылы баспана алғым келсе, зейнетақы жинағында 7,9 млн теңге қаражат болуы керек. Соның 60 пайызын қолыма аламын, 40 пайызын қорда қалдырамын. Ал менде қазір мұндай қаражат жоқ. 44 жылғы еңбек өтіліммен жинаған қаражатым 6 млнға да жетпейді. Мен тәрізді қаншама адам бар?! Сондықтан бұл арада қарапайым халыққа тиімді бір әдістерді ойластырған жөн. Олай етпесек, бұл халыққа тиімді емес», – дейді.
Маманның пайымдауынша, «63 жастан кейін зейнетке шыққаннан соң да жақсы өмір сүру үшін есептеу бойынша кем дегенде 11-12 млн теңге жинау қажет». Мұндай жинақ болмаса, «Қазақстан тағайындайтын зейнетақымен тек қымбатшылықтан қалтұлдап өмір сүреміз» деп ашып айтты маман.
Сонымен нақтырақ болуы үшін тізбелесек, егер зейнетақы жинағы арқылы баспана алғыңыз келсе, 20 жастағы ер адамның шотында 6,5 млн теңге болуы тиіс, ал 30 жастағы ер адамның жинағының көлемі 6,6 млн теңгені құрайды. Қазір мұндай зейнетақы жинағы Қазақстан бойынша 1000 адамда бар.
40 жастағылардың шотында мерзімінен бұрын алу үшін кемінде 6,8 млн теңге болуы тиіс. Бұл критерийлерге 4 127 адам сәйкес келеді. 50 жастағы адамдардың жинағында 7,2 млн теңге болуы керек. Мұндай жинақты бүгінде 2 906 адам жинаған. 60 жастағы ер адамдарда 7,9 млн теңге болуы керек. Мұндай жинақты зейнетақы қорына жинаған 1 060 адам.
Міне, осы критерийлерге қарап-ақ мамандардың не үшін «зейнетақы жинағы қазақты баспанамен қамтуды шеше алмайды» деп алаңдап отырғанын аңғаруға болады.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір