• USD 409.19
  • EUR 461.24
  • RUB 5.67
  • CNY 58.26

05 Маусым, 2020 NEWS

Назарбаев: Ондайды ешқашан жасаған емеспіз

"Халық мүлдем басқаша өмір сүретін болады"

Нұрсұлтан Әбішұлы

Жыл соңына дейін газ құбырының бойында орналасқан барлық елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарланған. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңес отырысында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев астананы газдандыру шаралары жайында сұрады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

Бейнебайланыс арқылы шыққан үкімет басшысы Асқар Мамин биылғы жылыту маусымында астанада газ жағылатынын жеткізді.

"Алдағы жылу беру маусымында Нұр-Сұлтан қаласы газды қабылдайды. Бүгінде "Сарыарқа" газ құбыры пайдалануға берілді. Құбырдың ішінде қысым бар. Қазіргі кезде ЖЭС-2-ні газға ауыстыру жұмыстары атқарылып жатыр", – деді Мамин.

Премьер-министрдің айтуынша, астанада газ тарату жүйелері іске асырылуда. Биыл нысандардың біраз бөлігі газға қосылады.

"Бұдан бөлек, Теміртауды газға көшіру шаралары жүргізілуде. Қарағанды мен Жезқазғанда біраз жұмыс жасалды. Жалпы, қазіргі кезде құбыр желісінің бойында жатқан барлық ірі елді мекендерді алдағы жылыту маусымында газбен қамтуға тырысамыз", – деп атап өтті Мамин.

Елбасы өз кезегінде ірі газ құбырының алғаш салынғанына тоқталып, соның арқасында экологияның жақсаратынын да ерекше атап өтті.

"Біз алғаш рет оңтүстіктен солтүстікке үлкен газ құбырын тарттық. Ондайды ешқашан жасаған емеспіз. Енді, осыны халықтың игілігіне жарату қажет, халық сезінуі керек. Соның арқасында Нұр-Сұлтанның экологиясы жақсарады, қалалар газбен қамтамасыз етіледі. Халық мүлдем басқаша өмір сүретін болады", – деді Назарбаев.

Нұр-Сұлтанды газдандыру қалай жүріп жатыр?

Әкімдік мәліметі бойынша өнеркәсіп кешендері мен тұрғын үй секторларын газдандыру үш кезеңнен тұрады.

Алдағы жылу беру маусымында Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық, Промышленный, Железнодорожный тұрғын үй алаптарына газ жеткізіледі деген жоспар бар.

Екінші кезеңде Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар (1-2-ші іске қосу кешені), Тельман (3-ші іске қосу кешені), Пригородный, Garden Village және Family Village (4-ші іске қосу кешені) тұрғын үй алаптары көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі.

Үшінші кезекте Ильинка (1-2-ші іске қосу кешені), Шұбар (3-ші іске қосу кешені), Өндіріс (4-ші іске қосу кешені) тұрғын үй алаптарына тартылады.

Жобаларды іске асыру мерзімі 2020-2023 жылдар аралығын қамтиды.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір