• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 15:08:32
Алматы
+12°

16 маусым күні Алматы облысы Ұйғыр ауданында бір топ қазақ-ұйғыр жастары төбелескен. Артынша ауданның қазақ тұрғындары облыс басшылығы алдында аудан атын ауыстыру мәселесін көтерген. 24 маусымда Якидар Ганиев атты facebook қолданушысы елдегі Ұйғыр ауданы ұзақ уақыттан бері Қазақстандағы этникалық ұйғырлардың мекені болғанын, сондықтан "Ұйғыр ауданы – ұйғырлардың ауданы" деп санайтынын мәлім еткен. Осы ретте Қамшының электрондық поштасына келіп түскен мақала ықшамдалып, жарияланып отыр. Ол жерде ұйғырлардың Қазақстанға келу тарихы баяндалған. Егер мақаладағы ойларға қарсы уәж айтушылар болса, Қамшы оны да оқырманға ұсынуға әзір.

1881 жылы 24 ақпанда Цин билігі мен патшалық Ресей (орыс патшалығы) арасында Ілені Қытайға қайтарып беру жөніндегі келісім-шартқа қол қойылды. Келісімнің екінші бабында ондағы халықтың өз қалауы бойынша Ресей империясы территориясына, яғни Қазақ жеріне көшуге рұқсат берілетіні көрсетілген. Ондағы мақсат – Жетісу өңірін игеру (диқаншылықты дамыту) үшін арзан еңбек күшін тарту. Міне, осылайша "ұйғырлар" деген атпен "Іле Тараншыларының" біраз бөлігі Қазақ жеріне келді.

Ұйғырлардың Қазақстанға келуінің екінші толқыны 1955-1962 жылдарға тұспа-тұс келеді. КСРО-ның коммунистік Қытай билігімен қырғиқабақ жылдарындағы "Кеңес азаматтарын қайтарып алу" саясаты тұсында елге қазақтармен бірге ұйғырлардың да келгені мәлім. Алғашында Іледе, кейін Үрімші қаласында Шыңжаң жазушылар одағының төрағасы болған Зия Сәмади бастаған ұйғырлардың бір шоғыры осы кезде келді. 1962 жылдың 26 желтоқсанынан 1964 жылдың 7 желтоқсанына дейін ұйғыр азаматы Исмаиыл Юсуповтың Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы болуы азып-тозып келген этникалық ұйғырлардың жаңа жерге сіңіп кетуіне оң ықпал етті (Ол билік басына келген жылдары еліміздің ең шұрайлы аймағы Бостандық ауданын Өзбекстанға беріп жіберген). Қазақстанда екі жыл билік құрған Исмаил бауырластарына үлкен қолдау жасады. Ұйғырлардың жіктелуі мен өзгеден бөлінуі дәл осы жылдары басталған секілді. Мәселен, Ұйғыр ауданының құрылуы мен Жаркент, Шонжы (Бөрілі) өңірлерін ұйғырлардың өздеріне меншіктеп алуынан тыс, Алматының Дружба, Сұлтан қорған, Барахолка, Развилка секілді жерлерге жіктелуін осыдан-ақ көруге болатындай.

Қазақстандағы этникалық ұйғырлар еш уақытта билік тарапынан қысым, кемсіту көрген емес. Олар өзге қазақстандықтар секілді мемлекеттік қызмет істеуге, кәсіппен шұғылдануға, мәдениетін дамытуға құқылы. Және сол құқықтарын шектеусіз пайдаланып та жүр. Ірі сауда кешендерінің басшылығында, жол-құрылыс, көпір салу саласында, денсаулық сақтау орындарының басшылығында тегі ұйғыр азаматтар аз емес.

Ұйғырдан шыққан ағайынды Ділмұрат, Зәкіржан Кузиевтер секілді дәулеті кәсіпкерлер шаруасын еш кедергісіз дөңгелетіп отырғаны тағы бар. 

Елде ұйғыр халқы руханиятын өрістетуге де барынша қолдау жасалуда. Мәселен, Абдолла Розыбахы деген мұғалім ұйғыр азаматы 1937 жылы "халық жауы" деген айыппен Шелекте атылған. Мұғалім кейін ақталып шықты. Артынша билік Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Райымжан Мәрсеков, Әлімхан Ермеков, Мұхаметжан Тынышбаев, Халел Досмұхаметов секілді Алаш қайраткерлердің атына қимаған Алматының орталық көшелерінің біріне осы ұйғыр азаматтың есімін берді. Қазіргі Розыбакиев көшесі Абдолла Розыбахының құрметіне қойылғанын бірі білсе, бірі білмес. Бұдан бөлек Алматыдағы Құдұс Қожамияров атындағы академиялық ұйғыр театрының, республикалық Ұйғыр Ауази газетінің, Ғылым академиясының Шығыстану институындағы Ұйғыртану орталығының бары жоғарыдағы сөзімізді айғақтап тұр.

Қазақстанды өз Отаны санайтын өзге ұлттың белгілі өкілдері аз емес. Бұл тізімді атақты ғалым, академик Нәдір Нәдіров (күрд), заңғар жазушы, мәдениеттанушы, тәржімәші Геролд Белгер (неміс), қазақтың тілі мен салтын қорғаушы қайраткер Асылы Осман (әзірбайжан), айтыскер ақын Надежда Андреевна Лушникова (орыс), журналист, мәдениеттанушы Ахмет Аляз (түрік), тележүргізуші, баспасөз өкілі Оксана Петерс (латыш), тағысын тағы деп жалғастыра беруге болады. Қазақтың тілі мен мәдениетіне, салт-санасына жанымен күйінетін осы тұлғалардың қатарына қосатын бір ұйғыр өкіл болса қанекей...

1986 жылы 16-17-18 желтоқсанда қазақ халқы кеңестік империяның қатыгез саясатына өре түрегеліп, "әр ұлттың (халықтың) өз көсемі болсын" деп ұрандатқанда, 19 желтоқсанда ұйғырлар коньяк зауытына жиналып, Сергей Карапитянның нұсқау беруімен КСРО-ның ең жоғарғы билігіне, Михаил Сергеевич Горбачевке арнайы хат жазып, "қазақ ұлтшылдарының" Ұлы Кеңес үкіметіне адал емес екенін дәлелдей келіп, "Алматы – ұйғырдың жері, бұл жерден ұйғыр автономиясын құру керек" деген үндеу хаттарын жолдағанына тарих куә.

Биылғы 15 маусымынан 16 маусымға қараған түні Шонжы, Бахар (көктем) ауылының қазақ, ұйғыр жастары төбелесіп, бірнеше адам пышақ жарақатын алды. "Кім төбелеспейді дейсіз? Әсіресе жастар арасында мұндай жағдаяттар жиі болып тұрады емес пе?" деп ұлттық бөлінуге жіктемей-ақ қоюға болар еді. Бірақ олай емес болып тұр ғой. "Қазақтар, жер біздікі деп кеуделеріңді көтере бермеңдер. Жер – Құдайдікі" деп ұлттық мәселені ушықтырып жіберген ұйғыр оқушысы емес пе? 10-сынып оқушысының ұлтаралық татулыққа сызат түсіретін сөздерді айтуы әке-шешелерінің өнегесі ме, әлде ұстаздарының тәрбиесі ме екен...

Осы мақала арқылы көптің көкейіндегі талаптарды билікке жеткізгім келеді:

1. Ұзақ жылдардан бері айтылып, жазылып келе жатқан "Ұйғыр ауданының" атын өзгерту. Егер бұл атау өзгермесе, басқа да шоғырлы қоныстанған ұлттар аудан атын алуға қатаң талап қоюы әбден ғажап емес.

2. Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы кентінде 62 көше бар. Бұның 24-і қазақша аталады. Онда да асфальтсіз, шолақ, шеткері көшелер қазақша атау алған. 36 көше ұйғырша аталады. Ол көшелердің барлығы негізінен орталық көшелер. Осыларды өзгерту керек. Елдімекендерге, көшелерге кісі атын беруді жалпы тоқтатқан жөн, оның есесіне байырғы жер атаулармен атаса құба-құп.

3. Аудандағы кенттер мен ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ететін мекеме "Ұйғыр Су құбыры" деп аталады екен. Осындай оспадарлық тоқтатылсын!

4. Мемлекет тұтастығы үшін түсініксіз әнұранды айтып, белгісіз туды көтеріп жүретіндер әрекеті тыйылсын!

Оралбек Байқыдыр

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір