• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 12:29:10
Алматы
+12°

Мәжіліс депутаттары коронавирус індетінің таралуына қарсы бірқатар мәселелерді бақылауға алды.

Қазіргі уақытта Мәжіліс депутаттары өңірлерде коронавируспен күрес жөніндегі кешенді жұмыстарға белсене араласып жүр.

Олар қоғамдық бақылау топтарымен бірге дәріханаларға барып, дәрі-дәрмектердің, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен бағаларға мониторинг жүргізуде. Сонымен қатар, еріктілердің жұмысын ұйымдастыруға жәрдемдесіп, медициналық мекемелерге гуманитарлық көмектің жеткізілуі мен таратылуын, халықты қажетті тауарлармен және азық-түлікпен қамтамасыз етуді бақылауға алды.

Сондай-ақ, дәрігерлердің жұмыс жағдайлары мен ауруханадағы емделушілердің жағдайларына ерекше көңіл бөлініп жатыр.

Мәжіліс депутаттары Зәуреш Аманжолова мен Серік Құсайынов Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханаға барып, медицина қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында коронавируспен емделіп жатқан емделушілерді аралап, аурухананың дәріхана қоймасымен танысты.

Медициналық мекеме бір мезгілде COVID-19 диагнозы қойылған 320 науқасты қабылдай алады.

Күн сайын ауысымға аурухананың 150 қызметкері түседі. Медициналық мекеме барлық туындаған мәселелерді жылдам шешуге тырысуда.

– Біз жаңа модульдік аурухананы арнайы тексермедік. Өйткені, ол жаңа аппараттар мен препараттармен қамтамасыз етілген. Ал бұл мекеме 70-ші жылдары салынған және бастапқыда осындай мақсаттарға арналмаған. Дегенмен, ол қайта жабдықталды. Сонымен қатар, коронавирусты емдеуге арналған дәрі-дәрмектердің бір айға жететін қоры бар, – деді мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова.

Аурухана басшылығы емделушілерді қабылдау мүмкіндігін арттыру үшін қосымша шаралар қабылданып жатқанын айтты.

Жалпы айтқанда, мәжіліс депутаттарының аймақтардағы жұмысының басты бағыты дәріханаларда дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың, сондай-ақ дәрі-дәрмектердің бағасына мониторинг жүргізу.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерімен және белсенділермен бірге мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Нұр-Сұлтан қаласында, ал мәжілісмендер Глеб Щегельский мен Құралай Қаракен Ақтөбе қаласына барды. Мәжіліс депутаттары Ирина Аронова мен Айгүл Нұркина Қостанай мен Павлодардағы медициналық мекемелерге гуманитарлық көмектің таралуын бақылауда ұстайтын болады. Мәжілісмендер, ең алдымен, гуманитарлық тауарлардың, әсіресе, медициналық ұйымдарға жеткізілуіне баса назар аударуда.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары халықты әлеуметтік қолдауға ерекше мән беруде. Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев Алматы облысындағы Байсерке ауылына барып, 12 әлеуметтік жағдайы төмен отбасына көмек берді. Ауыл тұрғындарымен әңгімелесу барысында ол ешкімнің қолдаусыз қалмайтынын айтып, халықты сабырлы болуға шақырды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір