Фотоколлаж
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Айсұлтан Рахаттың дүниеден өтуіне байланысты Назарбаевтар әулетінің кейбір мүшелері әлеуметтік желіде жазба жариялады.
Қаралы хабар шыққаннан кейін бірнеше сағат өткенде Назарбаев қорының әлеуметтік желідегі парақшасында Айсұлтанның анасы, сенаттың экс-спикері Дариға Назарбаева ұлының дүниеден озуына байланысты пікір білдірді.
"Біздің отбасымыз сүйікті Айсұлтанымыздың дүниеден озғанына байланысты қайғырып жатыр. Осы қаралы кезеңде халық бұл орны толмас қазаға түсіністігі мен әдептілігін танытады деп сенеміз" делінген жазбада.
17 тамызда Айсұлтанның ағасы Нұрәли Рахат әлеуметтік желідегі парақшасында бауыры екеуінің бала кезде түскен суреттерінен видеожазба жариялады.
– Қымбатты бауырым, қазір менің қандай халде екенімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Саған көп дүниені айтқым келді. Көп нәрсе айтылмай қалды. Сен менің жадымда мәңгілік қаласың. Сені үнемі жақсы көретін боламын. ӘЙТЕУІР ЖАНЫҢ ЖАЙ ТАПСЫНШЫ! – деп жазды.
17 тамыз күні Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаева әлеуметтік желіде отбасындағы қайғыға көңіл айтып жатқандарға алғысын білдірді.
"Құрметті достар, менің отбасыммен бірге қайғырып, көңіл айтып жатқандарыңызға өз алғысымды білдіремін. Алла сіздерге мұндай қайғы бермесін деп тілеймін. Балаларыңыз тек жаныңызда болсын!" делінген әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір