• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 12:55:47
Алматы
+12°
Семей полигонының жабылған күніне орай ҚР мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев бастаған делегация өкілдері Шығыс Қазақстан облысына келіп, Семей қаласындағы ядролық сынақтың құрбандарына арналған монументке барып, гүл шоқтарын қойды.
Осыдан 71 жыл бұрын Семей ядролық полигонында алғашқы сынақ жұмыстары жүргізілді. Бұл аумақта полигон жабылғанға дейін 456 атом мен сутегі бомбасы жарылды. Бастапқыда жару жұмыстары жер бетінде жасалды. Кейін 100 метр жер астында жүргізілді.
Семей полигонының аумағы Бельгияның тең жартысы
18, 5 мың шаршы метрді құрайды. Ал полигон салдарынан залалдандырылған аумақ Германияның 304 мың шаршы метрін құрайды.
Ядролық полигоннан зардап шеккендердің нақты саны белгісіз. Кеңес үкіметі кезінде жүргізілген құпия статистика жоғалып кеткен. Сондықтан барлық мәлімет тек шамамен осынша болуы мүмкін дегеннен аспайды. Мәселен полигоннан 1,5 млн адам зардап шекті деген ақпарат бар. Алайда бұл нақты көрсеткіш емес.
1989 жылы Семей полигонында соңғы рет жерасты ядролық сынақ жасалды. Алғаш рет әлем картасында егеменді Қазақстан мемлекеті өз орнын ойып тұрып алғанда, ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы «Семей полигонын жабу» туралы жарлығына қол қойылды. Сөйтіп, әлемдегі ең ауқымды ядролық сынақ орындарының бірі жабылды.
2009 жылы Елбасының бастамасымен БҰҰ-ның бас Ассамблеясы 29 тамыз күнін халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады. Оған 26 мемлекет кірді. Нәтижесінде 2010 жылы халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні бекітілді.
Ғалымдар Семей ядролық полигонының аумағындағы жер, су, ауа мен өсімдіктердің ластануын әлі күнге дейін зерттеуде. Басты міндет – бұл аумақты шаруашылық мақсатта қалай пайдалануға болатынын анықтау.
Бүгін Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Раимқұлова, жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовпен бірге «Өлімнен күшті» монументі барып, гүл шоқтарын қойып, полигон құрбандарына тағзым етті.
Салтанатты шара барысында Мемлекеттік хатшы жарты ғасырға жуық жүргізілген ядролық сынақ жұмыстары Тұңғыш Президент, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл шешімімен Кеңес одағы басшылығының қарсылығына қарамастан жабылғанын атап өтті. Бұл өңір тұрғындарының ғана емес, қазақстандықтардың да өмірін сақтап қалуға арналған өте маңызды тарихи шешім болды.
Қырымбек Көшербаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Семей ядролық сынақ полигонының жабылу күніне орай жолдаған үндеуін оқып берді. 
– Полигондағы ядролық сынақ аумағы адамның денсаулығы мен қоршаған ортаға орны толмас зардап әкелді. Полигон жабылған соң Қазақстанның бірінші міндеті сол аумақта жүргізілген ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен адамдар мен аумақты әлеуметтік жағынан оңалту болды. Осы мақсатта Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Семейдегі ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңға қол қойды. Заң аясында кешенді емдеу, сауықтыру, оңалту, халықты әлеуметтік қорғау және бұрынғы полигон жүргізілген аумақты әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытуға баса назар аударылды,  - деді Қырымбек Көшербаев.
– Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстары әлі күнге дейін жүргізілуде. Қазіргі күні Үкімет осы категорияға жататын азаматтарға әлеуметтік кепілдік қарастыруды кезең-кезеңімен жасауда. Келесі жылы кейбір еуропалық мемлекеттердің аумағымен бірдей жерді алып жатқан 18,5 мың шаршы метрді құрайтын полигон аумағында кешенді экологиялық зерттеу жұмыстары аяқталады. 
Қазақстан әлем тарихында ядролық қарудан бас тартқан бірінші мемлекет болып саналады. Бұл оңай шешім болған жоқ. Бүгінде Курчатов қаласындағы ұлттық ядролық орталықта бірегей мамандандырылған термоядролық энергетикаға бағытталған Токамак іске қосылды. Бұл болашақта баламалы энергия көзінің проблемасын шешуге септігін тигізеді. Осы Токамактың көмегімен әлем ғалымдары өндірістік реакторлардың модернизациялануын зерттей алады.
Айта кетейік, Токамак – қауіпсіз энергетиканың көзі. Мұндай Чернобыль немесе Фукусимадағыдай жарылыс болмайды. Өйткені Токамакта сараптамалық мәліметтерді алуға арналған термоядролық отынның бірнеше грамы ғана бар. «Токамакты» 2025 жылы іске қосып, 2028 жылы қолданысқа тапсыру жоспарланып отыр. Қуантарлығы сол, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан бұл жобаның аясында болашақта термоядролық реактордың көмегімен таза экологиялық энергия көзімен қамтамасыз етуге болады.
 
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір