• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 15:16:59
Алматы
+12°

ҚР статистика комитетінің ресми мәліметінше, елімізде 2019 жылы АХАЖ органдары 139,5 мың некені тіркеген. Алайда сол жылы 59,8 мың отбасы ажырасып кеткен. 11 қыркүйек – Дүниежүзілік әкелер күнін ескере отырып, бірнеше өзекті мәселелерді алға тартып, Қамшы тілшісі алты баланың әкесі, продюсер Қыдырәлі Болмановпен аз-кем тілдескен болатын.

– Қазақ отанды сүю отбасынан басталады деп бекер айтпаған. Ойлап қарасам, біз де кішкентай ұл-қызымыздың кішігірім отанымыз. Олар Қарақат екеумізге қарап бой түзейді. Қандай тәрбие бердік, сол ізбен өмір сүреді. Балаға кішкентайынан көп көңіл бөлу, тәрбиесіне аса мән беру, кішкентайынан әйелдің кім екенін, еркектің кім екенін ұғындырып, түсіндіру маңызды. Өйткені есейген баланы тәрбиелеу мүмкін емес.

– Балаларыңызға ақыл айтасыз ба?

– Әрине. Бірақ ақылды тыңдау бір басқа да, ақылды болу бір бөлек. Үйде аналарына деген менің қарым-қатынасыма қарап, олар да солай болуы керек деп ойланады. "Жақсы сөйле немесе үндеме". Осы қағиданы жақсы көрем. Ашулансаң, шығып кету керек қой (күліп). Ашу – нәпсі. Ер адам өзінің нәпсісін тізгіндей білсе, айтқысы келіп тұрған нәрсені айтпай, үндемей қойса, ашуды жеңгені, сабырлы болғаны, ақылды болғаны. Кейде ұлдарыма "Менің анам қайтыс болып кетті, әйтпесе алақанымда салып жүрер ем. Сендердің аналарың бар. Мен оның қорғанымын. Орманда келе жатып, алдымыздан арыстан шықса, артымда Қарақат тұрса, мен қашып кетпей, сол арыстанмен алысамын", – деймін. Балаға түсінікті тілмен түсіндіруге тырысамын.

Біз де сондай тәрбие көрдік. Әкеміз көбіне жұмыста, сыртта жүретін. Анамыз сол кісіні бізге үлкен тұлға етіп көрсететін. Осыдан шығатын бір ғана формуланы байқаймыз. Баланың көзқарасында ананың образын әке, әкенің образын ана қалыптастырады.

– Біздің елде ажырасу неге көбейіп кетті деп ойлайсыз?

– Себебі бізде ұлттық және отандық отбасы құндылығын насихаттайтын идеология жоқ деуге болады. Бұрындары ұлы-қыздарын кішкентай кезінен атастыратын. Әке-шешесін, шыққан тегін білген соң, сенімсіздік болмайтын. Қазіргілер махаббат деп шырылдайды. Ол кезде де махаббат болған. Жалпы "махаббат" дегеннің өзі біржақты түсінік емес қой... Әжем марқұм "кіммен қарайсаң, сонымен ағар" дейтін. Әрине, қараюдан сақтасын Алла. Бірақ кіммен дос болдың, кіммен отау құрдың, бәрін ойлап, сол асылдарыңды жоғалтып алмау керек қой. Доссыз өмір жоқ, сол сияқты әйелсіз де өмір жоқ. Алған жарыңды бағалап, оның да біреудің мәпелеп өсірген қызы екенін ескере отырып, жан дүниесіне үңіліп, көңіліне кірбің түсірмеуге тырысып өмір сүру керек.

Ал біздің елдегі ажырасулар адам бойындағы эгоизмнің кесірінен бола ма дейсің?!.  Кеше бір келіншек "негізінде үйленгенде ер адамдар емес, әйел адам таңдайды" деп әңгіме айтып отыр. Ол да бір жаңсақ әрі жақсылыққа апармайтын пікір. Отау құрған екі жас, екеуі – бір адам. Бір-бірін тапқан, бір-бірін түсінген, бір-бірін толықтыратын. Мінсіз ешкім жоқ. Сен таңдадың, мен таңдадым деп сөз таластыру – ақымақтық.

Сосын үйленген кейбір жігіттер түзде бір сұлуды көрсе қызығып, көзін сатып қояды. Ажыраспау үшін, өзіңнің жарыңа сондай жағдай жаса. Боянсын, киінсін, жарқырап жүрсін. Сөйт те, өзіңнің келіншегіңе қызығып қара. Қарапайым формула.

– Еркек пен әйелдің міндеті не?

– Бірін бірі құрметтеу, сыйлау, адал болу. Адалдық пен тазалық  бар жерге бақыт ұя салады. Осының барлығын ескеріп, парасатты ғұмыр кешу – екеуінің де міндеті.

Жалпы, біздер, еркектер асүйге араласпаймыз, қонақ күтудің өзі – өнер. Ал бала туғандағы әйел адамның жан алып, жаны беретінін әлі де көбіміз түсінбейміз. Туғаннан кейін ол баланы қырқынан шығарғанша, 2-3 жасқа келгенше, барлығының ауыртпалығын көтеретін тағы да әйел. Мысалы, мен қазір самаурын қайнатып жатырмын. Қарақаттың өзі де газға шай қоюына болады, бірақ, менің қайнатып берген шайым оған мың есе тәтті емес пе?!.

– Қарақат Әбілдинаның жұлдызын жағып, өнер әлемінде қанатын кеңге жаюға ықпал етіп, қолдап жүрсіз. Өкінген кездеріңіз болды ма?

– Сахнаға Қарақатты шығарғанда мың ойландым. Жасырмаймын. Ол кезде менің де керемет жұлдыз екенмін деп ойлап жүрген кезім. АБК тобы болып жан-жақа шығып, халықтың назарында едік. Шын мәнісінде, керемет түгің де жоқ, сен Алланың бақ берген қарапайым пендесісің...  Қарақат та жұлдыз болып кетсе, биіктікті көтере ала ма, жоқ па? Ішкі рухани күші жете ме? Ертең бала-шағамды кім бағады? Осы сұрақ мазалады. Соңында Аллаға, сосын өзіме сендім де, тәуекелге бастым. Міне, содан жаман болған жоқпыз. Шүкір.   

Бір үлкен атаққа екеумізді де лайықты деп таныпты. Бірақ отбасында бір адамға ғана берілуі керек екен. Мен "Қарақатқа беріңдер, оның алғаны – менің алғаным" дедім. "Қыдыр-ау, еңбектің барлығы сіздікі. Мен емес, оны сіз алатының жөніңіз" деп Қарақат ренжіді. Оқасы жоқ, ішім кең, халықтың батасынан артық маған ештеңе керек емес. "Дарын", "Құрмет" деген сыйлықтарым бар. Оның өзі неге тұрады! Бастысы ел менің еңбегімнің нәтижесін көріп жатыр ғой. Ұлытауды бүкіл әлем біледі, отандық "Бал бала" деп қуыршақтар шығардым, Қарақатты да сахнаға шығарып жатырмын, "Қарақат" мектеп-студиясын аштық. Қарақаттың аты да ерекше, бренд жасауға келіп тұр. Бизнестің тілімен айтқанда, олар – менің өнімім. Менде ешқандай өкініш жоқ.

– Қарақат ханымды қандай қасиеттері үшін бағалайсыз?

– Қол көтермек тұрмақ, әйел адамның көңілін жараламауға тырысу керек. Ең алғаш мешітте екеуміз некемізді қидырғанда Алладан бізге қорған болуды, ешқашан ажырастырмауды тілегенмін! Бұл менің шын ниетім еді. Алла ниетіңе қарай береді екен. Қарақаттың анасы жылда бір келіп тұратын. Екеумізге бірдей ана болды. Мен үйге кіріп келгенде, ас үйден дауысын естимін. Қарақатқа "Бара ғой күтіп ал, киімін ал" деп айтып отырады үнемі. Тәрбиені көрдіңіз бе!

Қарақат менен ешқашан ештеңені жасырмайды. Қолы ашық, жүзі де, мінезі де ашық, жүрегі таза. Бұл қасиеттері өзін еріксіз кұрметтетеді. Мен оны қалтқысыз жақсы көремін. Жақсы жар да, аяулы ана да бола білген адам.

– Алты баланың әкесі болғандағы сезім қандай екен?

– Балалы үй базар. Оның үстіне періштенің іңгәлаған дауысы қосылса, үйде бір симфония ойнағандай болады. Алладан басқа ешкім жаза алмайтын симфония бұл. Отбасының ішіндегі ықыласыңның, құрметіңнің, барған сайын бағасын арттыратын симфония.

Гүлім Жарасқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір