• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 03:11:12
Алматы
+12°

21 Қараша, 2013 Ұлы көш

Абдулхаюм Кесижи. Еуропа қазақтары қазақ күресін қолға алуда

Қазақ халқы тарихы бай, батыр халық. Ғасырлар көшінде қазақ жерін қорғау үшін басын бәйгеге тіккен батырлардың саны шексіз. Олар ат құлағында ойнап, найза мен...

Қазақ халқы тарихы бай, батыр халық. Ғасырлар көшінде қазақ жерін қорғау үшін басын бәйгеге тіккен батырлардың саны шексіз. Олар ат құлағында ойнап, найза мен қылышты саусағымен сермеген, құралайды көзге атқан мергендер еді... Шын мәнінде Қазақ батырлары жекпе жектің шеберлері болатын. Оның ішінде балуандық өнердің жөні бөлек, әрине. 

Балуандықты  адамның қайраты мен ептілігі сыналатын ойын деп те атайды.  Қазақтың дәстүрлі спорттық қимылының ең кең тараған түрі осы балуан күресі. Халықтық мерекелер, дабырлы ойын-тойлар онсыз өтпеген. Қазақстандағы сияқты Қытай халық Республикасына қарайтын Шыңжаң ұйғыр автономиялы аймағында (бұрынғы Шығыс Түркістан) тұратын қазақтар арасында да әр рулы ел мұндай шараларға өз балуандарын әкеліп салып отырған. Жеңген балуандарға түйе, ат сияқты ірі қарадан жүлде беретін. Ал балуандар күрес алаңына кіргенде өздерінің ерлігін көрсетпек болып, бураша буырқанып, бұқаша өкіретін. Олар мойындарына шынжыр арқан байлап, бірнеше азамат оларды арбаға салып, майданға жетелеп әкелетін. Осы арқылы балуан жұртқа сес көрсететін. Кейде балуандар атқа мініп, оны рубасы не сол рудың ең сыйлы адамдары жетелеп алаңды бір айналып шығып, өз руының балуанын жұртқа көрсететін еді. Осыдан соң болуан аттан секіріп түсіп, қарсы жағының алаңға шығуын күтетін.

Осы орайда, марқұм әкем Қали Зейнел Ғабиден Бірғазыұлының мынандай бір естелігін келтіре кетейін: "Өткен ғасырдың бас кезінде, Шығыс Түркістанның Алтай аймағында үлкен бір ас өтеді. Ол асқа сол аймақтағы қазақ билерінің бірі Мамырбек төре де қатысады. Ат шаптырылып, бәйге өтіп кезек балуан күресіне келеді. Мойнына шынжыр арқан байлаған, аузынан көбік шашқан еңгезердей біреу алаңға шығып, тізерлей отырып:  "Мамырбек төре жақтан маған қарсы балуан шықсын!"  деп езеуреп отырып алады. Мамырбек төре жан-жағына қарай береді. Алаңдағы аузынан көбік шашқан дәумен күресуге ешкімнің батылы бармайды. Сонда әкемнің 18 жасқа енді толған немере ағасы  Нұрғазы  Мамырбек төренің алдына келіп: "Рұхсатыңыз болса мен күресейін!" дейді. Мамырбек төре тал шыбықтай жап-жас жігітке қарап: "Ау балам, өте жас екенсің. Сонда да талабыңды қайтармайын, күрессең күресе ғой!" деп батасын береді. Шешініп алаңға шыққан жас Нұрғазы, аузынан көбік шашқан еңгезердей қарсыласымен ұстаса кетеді. Лезде оны іштей шалып, алып ұрады да, кеудесінен басып қалады. Сонда қарсыласының бір дене сүйегі үзіліп, сынып кетеді. Алаңға ұрандата шапқан Мамырбек төренің сыйлы адамдары жеңіске жеткен жас жігіт Нұрғазыны атқа мінгестіріп ала жөнеледі. Оны ақ отауға енгізіп, төргі жаққа шымылдық керіп суға түсіріп жаңа киім кигізіп, шапан жабады. Сол күннен бастап, Нұрғазы Мамырбек төренің бас балуаны болады. Нұрғазы көп жылдар шаршы алаңда талай қарсыласын тізе бүктіріп, ойсырата жеңеді. Мамырек төре ауылының тасы өрге домалап, абыройы асқақтай береді. Сөйтіп жүргенде Нұрғазы балуан тағы бір белдесуінде болмашы бір қарсыласынан жеңіліп қалады. Мамырбек төре сонда: "Бұл бас балуаным Нұрғазының жеңілгені емес, менің бағымның қайтқаны" деп жорыған екен.

    Айтты,  айтпады, сол оқиғадан кейінгі жылдар Мамырбек төреге қараған қазақ ауылдары, қазақ жерлері оның қолынан шығып, жау қолына кете бастайды. Ақыры елден, жерден айырылған сол қазақтардың бір тарауы Тибет жонын, Гималай тауларын асып, арып, шаршап Үндістан, Пәкістан жерлерінен бір-ақ шығады. Сол жерлер арқылы Түркияға барған қазақтардың бір бөлігі онда тұрақтап қалса, келесі бір буыны Еуропа және Америка жерлеріне тарыдай шашылып кетеді. Демек, ырымшыл қазақ халқы балуан күресін көңіл ашқан спорттық ойын ғана емес, балуандардың бәсекесіне болашақ бағымен ұштастыра қарап, оған рухани астар бере бағалаған.

      Ат шаптыру, көкпар тарту және балуан күресі сияқты қимылы мол спорттық ұлттық салт-дәстүрлерді Түркияның ауылды жерлеріне қоныстанған алғашқы аға буын қазақтар біраз уақыт жалғастырған. Түркиядағы "Алтай ауылы" деп аталатын  қазақ ауылында өткен балалығымыздың алғашқы кезінде осылардың біразын өз көзімізбен көріп қалғанымыз да бар. Ат шаптырып, көкпар тартылғаннан кейін шаршы алаңға жиналған жұрт балуандар күресін, белдескен жігіттерді қызыға тамашалап, мәре-сәре болып жататын. Өкінішке орай, қазір шетелдегі аға буын өкілдері әбден таусылып болды. Соның салдарынан аталған салт-дәстүрлер шетелдерде тұратын қазақтар арасында ұмытылып, естен шыға бастады.

    Ал, жалпы, қазақ халқында балуан күресі, балалар ойынының да бір түріне айналған. Шығыс Түркістан қазақтары арасында дағар киіп күресу - балалар ойынының кең тараған бір түрі болып саналады. Жарысқа қатысатын бала екі аяғын дағарға не тұлыпқа салып кеудесіне дейін көтереді де белін жіппен байлайды. Содан екі жақ күресуді бастайды. Мұнда жоғары жақтың күші жұмсалып, екі аяқтың әрекеті шектемеге ұшырайды. Жарыста қарсы жақты жығу әрі өз тепе-теңдігіңді сақтау алғы шарт етіледі. Сондықтан күрес барысында әр адамнан әртүрлі күлкілі әрекеттер шығып, ойынды көрген жұрт күліп қарық болады.

Күрес – қазақ халқынынң қанына сіңген  дәстүрлі спорттың бір түрі. Сондықтан қазақ күресі ғасырлар бойы жетіліп, өзіне тән әдіс-тәсілі, ерекшелігі мол күрестің қатарына қосылды. Қазақ күресі небір мықтылардың тұсауын да кесті. Күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы қазақ күресінің атағын әлемге жайды.

    Қазақ күресіне Еуропада тұратын қазақтар да қызыға қарайды. 2013 жылдың мамыр айында Францияның астанасы Парижде өткен Еуропа қазақтарының құрылтайы кезінде, қазақ күресінен сайыс та өтті. Қазақстан күрес федерациясының өкілі Марат Жақит басқарған осы қазақша күрес сайысына жұртшылықтың қызығушылығы жоғары деңгейде болды. Мәкеңнің қазақ күресін жастар арасында таратып, үйретуге бағытталған бұл жұмысы жұртшылық жағынан аса ризашылықпен қарсы алынды. Өз тарапынан Еуропа қазақтары қоғамдары федерациясы да (FEKA), таяуда Германияның астанасы Берлинде өткен жиналысында, қазақ күресін Еуропадағы жастар арасында насихаттау, тарату мақсатында бірқатар шешімдер қабылдады. Осы орайда Еуропа қоғамдары федерациясы (FEKA) құрамында қазақ күресін насихаттап, танытатын арнайы бір бөлімше құрып,  ол бөлімшенің меңгерушісі етіп Хажы Акбар Аюби деген азаматты тағайындады.  Жыл сайын Еуропаның бір қаласында өтетін дәстүрлі Еувропа қазақ құрылтайының бағдарламаларына қазақ күресінен өтетін дәстүрлі жарысты енгізуді де ұйғарды. Еуропа қазақ қоғамдары Федерациясы (FEKA) қазақ күресін насихаттау арқылы Еуропада туып - өскен спортқа бейім қазақ жастарының атажұртқа ынтасын оятуды көздейді. Олрдың атажұртпен байланыстарын күшейтіп, қазақ тілі, мәдениеті және тарихы туралы мәлімет беріп, білімін нығайтуды да назардан тыс қалдырмаймыз.

Абдулхаюм Кесижи, Саясаттану ғылымдарының докторы,

Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының (FEKA) төрағасы

Әзірлеген Бағдагүл Бикенова

 

 

 

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір