24 Қараша, 2020 Саясат
Таулы Қарабақ соғысынан кейінгі өмір: "Аурудан ұйықтай алмаймын" (видео)
Әзербайжан 28 қазанда Армения тыйым салынған кассеталық бомбаны пайдаланып Бардаға оқ жаудырып, салдарынан 20 бейбіт тұрғын қаза тапқанын мәлім етті.
Фото: mail.kz
Әзербайжан мен Армения арасындағы соғыс аяқталғанымен екі ел азаматтары соғыстың зардабын әлі тартып жатыр, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.
Замин Бандалиев өлім аузынан аман қалды. Дәрігерлер оның жарақатын емдеген сайын ол өліммен бетпе-бет келген сәтке қайта оралатындай.
Әкесі баласының қиналғанын көрмеу үшін үйден шығып кетеді.
– Баламды көргенде есеңгіреп қалдым. Заминнің көлігін көргенде оның қаза болғанына сенімді едім. Бірінші құдай, одан кейін медицина қызметкерлерінің арқасында балам аман қалды. Бомба машинаның жүк салғышының күл-талқанын шығарған. Снаряд металл мен орындықты тесіп шыққан. Баламның жанында ешкім отырмағанына шүкір. Ол адам аман қалуы екі талай еді. Кенеттен қатты дауыс шықты, артынша жарылыс болды. Мен дауысты естідім, бірақ ештеңе есімде жоқ. Себебі есімді жоғалттым. Мені ауруханаға жеткізді. Мен әлі күнге дейін аурудан дұрыс ұйықтай алмаймын. Дұрыс демала алмағандықтан көп сөйлей алмаймын, – дейді Замин Бандалиев.
Әзербайжан 28 қазанда Арменияның тыйым салынған кассеталық бомбаны пайдаланып Бардаға оқ жаудырып, салдарынан 20 бейбіт тұрғын қаза тапқанын мәлім етті.
Екі елде де кассеталық бомбаны қолдануға тыйым салынған. Армения да, Әзербайжан да аталмыш бомба түрін қолданбағанын айтады.
Адам құқығын қорғайтын топ ақпараттың рас-өтірігін анықтады. Тексеріс жұмысы барысында кассеталық бомба қолданылғаны анықталды.
Армения Агдам жанындағы жерді 1990 жылдары тартып алған. Соғысты тоқтату мақсатында бұл жер Әзербайжанға қайтырылды.
– Мен Агдамды, ауылымызды ешқашан көрген емеспін. Мен өз жерімді көргім келеді, – дейді Әзербайжан тұрғындарының бірі.
Фузули Әзербайжанға қайтарылған екінші жер. Фузулидің бұрынғы тұрғандары үйлерін көру үшін келді.
– Мен 52 жыл тәжірибесі бар мұғаліммін. Мен Фузулиде дүниеге келдім. Бүгін өз үйімнің алдында тұрмын. Қазір қандай сезімде екенімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, – дейді қаланың бұрынғы тұрғыны.
Көп адам әлі үйіне орала алмай отыр. Олар Әзербайжан билігі қаланы минадан тазартуын күтуде.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір