26 Қараша, 2020 Саясат
Фото: qamshy.kz
25 қараша күні Франция сенаты "Таулы Қарабақ Республикасының" тәуелсіздігін мойындау туралы қарар қабылдады. Құжатты қолдап 305 сенатор дауыс берсе, 1 сенатор ғана қарсы дауыс берген. Ria.ru сайтының мәліметінше, сенаторлардың қарардың қабылдануына "Таулы Қарабақтағы армян халқының қауіпсіздігі мен бостандығына Әзербайжан кепілдік бермейді" деп санағандығы түрткі болған. Ал Әзербайжан президентінің аппараты аталмыш қарар қарапайым қағазбен тең екенін мәлімдеді. Бұл туралы aze.az сайты хабарлады.
25 қарашада Франция сенатының төралқасында армян диаспорасының ықпалындағы бір топ сенаторлар "Таулы Қарабақ республикасын" тану қажеттілігі туралы #145 қарар жобасын ұсынды. Қабылданған резолюцияда сенаторлар "Әзербайжанның түрік билігі мен шетелдік жалдамалылардың қолдауымен жүзеге асырған әскери агрессиясын" айыптаған. Оған қоса 27 қыркүйектен бері Таулы Қарабақта жүргізіліп жатқан ұрыс қимылдары нәтижесінде Әзербайжан қарулы күштері мен олардың жақтастарын басып алған территориялардан тез арада шығаруға шақырады.
"Сенат үкіметті Таулы Қарабақтың бейбіт тұрғындарына гуманитарлық дәліздер ашуды талап етіп, жаппай гуманитарлық көмек көрсетуге шақырады" делінген құжатта.
Әзербайжан президентінің көмекшісі Хикмет Гаджиевтің айтуынша, Франция сенатының 30 жыл ішінде халықаралық деңгейде танылған Әзірбайжан территорияларын басып алуға, бейбіт тұрғындарды өлтіруге, этникалық тазартуға, экологиялық террорға, жерге заңсыз қоныстануға және заңсыз экономикалық қызметке қатысты үнсіз ұстанымын көрсетуі үлкен өкініш тудырады.
– Біріншіден, біз Әзербайжан үшін бұл қарар қарапайым қағаздан басқа ешнәрсе емес екенін баса айтқымыз келеді. Өздерінің кішкентай саяси амбицияларына беріліп, қабылданған бұл қағаз халықаралық құқықты, БҰҰ қарарын және БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тиісті қаулыларын өрескел бұзумен тең. Сондай-ақ Минск тобының тең төрағасы және Францияның БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі ретіндегі қызметіне байланысты маңызды сұрақтарды туындатып отыр, – деді Гаджиев Франция сенатында Қарабақты тану туралы қарар жобасын қабылдауға қатысты түсіндірмесінде.
Гаджиев қарарды Франциядағы исламофобияның күшеюінің айқын мысалы деп санайды. Оның айтуынша, шетелден жалданған лаңкестердің ұрыс қимылдарына қатысқаны туралы ешқандай дәлел келтірілмеген.
– Біз бұл қарардың қабылдануын француз саясаты үшін өте ұят қадам деп санаймыз. Франция үкіметі мұндай арандатушылық қадамдарға жол берілмейтіні туралы ресми ұстанымын білдіріп, қарарды айыптай отырып, Әзірбайжанның территориялық тұтастығын қолдайтынын білдіруі керек, – деді Әзербайжан президентінің көмекшісі сөзін түйіндеп.
Қазір әзербайжандық сарапшылар Францияны Әзербайжандағы мұнай және газ саласынан шығарып тастауға шақырып жатыр. Сондай-ақ оны "Минск тобынан" да алып тастау керек дегенді алға тартып отыр. Кейбірі Әзербайжан жерінен барлық француз компанияларын қуып шығуды ұсынуда.
Aze.az басылымының дерегінше, Франция тарапынан дәл осы қолдау түрі онсыз да агрессивті Арменияның бұрынғы әрекеттерін жалғастыруға және басып алу фактісін нығайтуға итермелеген.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір