• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 06:53:39
Алматы
+12°

Бүгін Қазақстанның гүлденуі мен өркендеуіне үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күні. Осыған орай Qamshy.kz ақпарат агенттігі қайраткердің  ел үшін атқарған ізгі істері туралы маңызды  деректерді ұсынады. 

Дінмұхамед Қонаев – 1912 жылы 12 қаңтарда Верный (қазіргі Алматы) қаласында, қызметкердің отбасында өмірге келген. Қонаев ширек ғасырға жуық Қазақстанның бірінші басшысы қызметін атқарды. Ол жауапты басшылық қызметте жүріп, республикадағы тау-кен ісін дамытуға қомақты үлес қосты. Билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама-қайшылыққа толы болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік жағдайын, ғылыми сфераларын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Түрлі деңгейдегі партия және кеңес қызметін атқара жүріп, Орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын да бір сәт естен шығарған жоқ. Алпысыншы жылдардың басында Н.Хрущевтің өктемдігімен Өзбекстанға беріліп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін қайтарды. 

Ол Қазақстанда неміс автономиясын құру, Маңғыстауды Түрікменстанға беру жөніндегі Орталықтың ұсыныс-жоспарларына қарсы шықты.

Алматы  қаласындағы  құрылыс  жұмыстарының  салынуын  үнемі  назарында ұстап отырды. "Астана – елдің көркі, сырттан келгендер соған қарап еліңді таниды", – дейтін Димаш Ахметұлы. Осы бір өміршең идеяның бүгінде жалғасын тапқанына біз барлығымыз куə болып отырмыз. Жаңа елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы əлемнің ең əдемі қаласы ретінде күннен күнге қарыштап көркейіп дамып келеді.

Алматыны қазіргі заманғы көрікті қалаға айналдыруға көп күш жұмсады. Мұнда Республика сарайы, ҚазМУ қалашығы, Арасан сауықтыру орталығы, Медеу спорт кешені сияқты ірі ғимараттар бой көтерді.

Димаш Ахметұлы бірнеше мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. КОКП-ның XIX съезінен бастап кейінгі съездерінің бәріне делегат болды. Парламент пен партия делегациясын басқарып, әлденеше рет шетелдерде болып қайтты. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болды.

Ұлттың қамын ойлаған азамат, біртуар тұлға 1993 жылы тамыздың 22-сі күні 82 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Дінмұхамед Қонаев қайтыс болғаннан кейін Қазақстан Ғылым академиясының Тау-кен және түсті металлургия институтына, еліміздің бірқатар мектептері мен көшелеріне есімі берілді. Алматы қаласында қоғам қайраткері атында университет бар. 1992 жылы 13 қарашада Алматыда "Халықаралық Қонаев қоры" құрылды. 2002 жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында Қонаевтың мұражай үйі ашылды. Ол өмірінің соңғы сәтін өткізген Алматы облысы Алакөл ауданына қарасты Ақши ауылында 2003 жылы 15 тамызда арнайы құлпытас орнатылды.

Қонаев өте қарапайым, жұмысқа жаяу баратын, күзетшісіз жүретін ел басшысы болған. Ел басқарған тұста журналистермен кездесуге шектеу қойған. Мысалы, Қонаевтан сұхбат ала алмай кеткен тілшілердің қатарында BBC, Washington Post сынды ақпарат құралдарының өкілдері бар. Байырғы ата-бабасындай аңшылыққа қызыққан ол 200 шаршы метр үйде тұрған. Тіпті, Брежнев келіп, үйін аралап, "барың осы ма" деп таң қалған екен.

"Адамға жазаның ең үлкені – жұмыссыз қалдыру", – деген ұлт тұлғасы елдің елдігі үшін аянбай еңбек етті. Содан болар "Орысты ренжiтсең Мәскеуге шабады, қазақты ренжiтсең қайда шабады? Өзiңнiң алдыңа айналып келедi, Асанбай. Орыстың артында тұрған Мәскеуi бар. Қазақтың артында Мәскеуi жоқ, қазақтың Мәскеуi – бiздермiз, Асанбай, қолыңнан келгенше қазақты жылатпауға тырыс, қорлыққа берме. Қорлыққа көнген халық зорлыққа да көнетiн иiсалмас, ынжық болып кетедi. Ұлт өзiнiң мүддесiн өзi қорғай алатын дәрежеге жетуi керек. Кезiнде қазақтың жанын сақтап қалсақ екен дедiк қой... Бiз ол дәуiрден өттiк. Ендi қазақтың рухын, намысын сақтауымыз керек", – деген еді мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровқа.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылдың 12 қаңтарында Алматы қаласында Д.А.Қонаевтың 100 жылдық мерейтойына қатысып, қайраткерге былай деп баға берді: "Қазақ елінің тағылымды тарихында заман жүгін арқалаған талай толағай тұлғалар болды. Аса көрнекті мемлекет жəне қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – сондай біртуар болмыс иесі... Дінмұхамед Ахметұлын үлкен ішкі мəдениеті, терең білімдарлығы мен мол өмірлік тəжірибесі ерекшелеп тұратын. Ол өзіне біздің халқымыздың, сол уақыттағы қазақ зиялыларының ең жақсы қасиеттерін сіңіре білді".

Н.Ə.Назарбаевтың ел тəуелсіздігін алған алғашқы жылдары, яғни 1994 жылдың 24 ақпанында, "Д.А.Қонаевтың есімін мəңгі есте қалдыру туралы" жарлығын жариялады. Бүгінгі күнде Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімі Алматы жəне Нұр-Сұлтан қалаларының көшелеріне, университет пен колледжге берілді. 1992 жылы Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қор құрылды. Оның мақсаты  Қазақстан Республикасының мемлекеттігін нығайту, елімізде жүргізіліп жатқан саяси жəне экономикалық реформаларға қолдау көрсету, қазақ халқының тарихи, мəдени жəне рухани мұрасын игеріп, оның өркендеуіне септігін тигізу еді. Қазақ халқы Ұлы тұлғасының есімін ешқашан есінен шығармайды.

Дінмұхамед Қонаевтың айтқан, ел есінде қалған қанатты сөздері

♦ Тәуелсіздіктің жүгі ауыр.

♦ Адамға жазаның ең үлкені – жұмыссыз қалдыру.

♦ Ақиқаттан аттап кету – арға сын.

♦ Өмірдің екі тірегі: үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау.

♦  Сатыға аяқ салмай жатып, баспалдақтан аттама.

♦  Қанмен сіңгенді қасиеттемесең, қадірің болмайды.

♦  Бүгінгі күн – кешегі күннің шәкірті.

♦  Адамдық қалыпты биік ұстау – кімге де болса үлкен сын.

♦ Сенім – құдіретті күш: тауды да қозғайды.

♦ Дүние түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз болып кетуі әп-сәтте.

♦ Орынды сын ойлантпай қоймайды.

♦ Панам да ел, данам да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім.

♦ Жалада шындық болмайды.

♦ Өмір деген осы, бүгін бар, ертең жоқсың. Сен кетті екен деп өмір-өзен ағысын өзгертпейді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір