• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 03:21:53
Алматы
+12°

Әлеуметтік желіде Расул Жұмалының кезекті постын көріп елең еттік. «Мынау Иуан Смит деген Австралияның жігіті. Ұлым Али оған қазақ тілін интернет арқылы үйретіп екі-ақ айдың ішінде кәдімгідей деңгейге көтерілді. Бәрекелді! Бірақ осыған қарап өмір-бақи Қазақстанда тұрып қазақша қақпайтындар қатты қынжылтады» деді саясаттанушы. Бар болғаны екі-ақ айдың ішінде австралиялықты қазақша сайратқан Алимен тілдескенше асықтық.

– Иуан Смит қазақ тілін үйренуге өзі өтініш жасады ма, әлде, шетелдіктерге қазақ тілін үйретуді сіз мақсат етіп пе едіңіз?

– Арнайы платформа бар ғаламторда. Сол жерде Иуан Смит маған қазақ тілін үйренгісі келетінін айтып, өтініш жасады.

– Шекараның арғы бетіндегі шетелдік түгілі, өз еліміздегі шенеуніктерге ана тілін үйрету мұң болып тұр. Сіз тілді үйрету кезінде қандай оқулыққа немесе әдістемеге сүйендіңіз?

– Жоқ оқулықтарға жүгінбедім. Өйткені еліміздегі тіл үйрететін оқулықтар шетелдіктерге қиындау тиеді. Сондықтан өзімнің әдістемемді қалыптастырғам. Негізі тіл үйрететін жиырма шақты студентім бар. Соларға тіл үйрету кезінде әдістемемді жетілдіре отырып, өзімнің тіл үйрету машығымды қалыптастырдым. Негізі тіл үйрететін арнайы сайт немесе платформа, не оқулық жасалмаған. Сондықтан тіл үйретуде өз жолымды табу керек болды. Алғаш өзін таныстырудан бастап, сингорманизм заңдылықтарын үйреттім. Ары қарай осы шақ, өткен шақ, келер шақты, сосын болымды болымсыз етістік, яғни мен барамын, мен бармаймын деген секілді әрекетін түсіндіруді үйреттім. Ары қарай мәтін оқу мен сөз құрау деңгейіне кезең кезеңімен жеттік.

– Қазақ тілін үйрету қиын ба?

–  Жоқ қиын емес, ең бастысы тіл үйренуге ыңғайлы әдістемең болса болғаны. Шетелдіктермен жұмыс істеу қызық. Ең бастысы олардың тіл үйренуге деген құлшынысын жоғалтпайтындай, ыңғайлы өз әдісің болғаны жақсы.

– Иуан Смит қазақ тілін толық түсінеді деп айта аламыз ба?

–   Мен онымен сабақты 90 пайыз қазақша өткіземін. Ол бәрін түсінеді. Кейбір түсінбеген жерін қайталап сұрайды, мен ағылшынша түсіндіріп беремін.

– Негізгі мамандығыңыз қандай?

– Қаржыгермін. Шетелдіктерге қазақ тілін үйретуге хобби сияқты қараймын. Қазір жасым 22-де.

– Елімізде әлі күнге қазақ тілі қажет тілге айнала алмай келе жатқанының себебін неден іздесек болады?

Үйреніп алайыншы деген ниет жоқ. Қазақстаннан мыңдаған шақырым жерде отырған шетелдік екі айдың ішінде қазақ тілінде сөйлейтін дәрежеге жетті. Ал онымен салыстырғанда бізде шенеуніктердің айналасында қазақ тілінде сөйлейтін жандар толып жүр ғой. Ең болмағанда құлақ сіңісті бола беретін жағдайда. Ниет болмаса сылтау көбейеді.

– Демек шенеуніктеріміз қазақша сөйлеуге ұялады ғой.

Иә, бірақ олар қазақша сөйлеуге емес, қазақ тілін білмегеніне ұялатын жағдайға жетуіміз керек. Мен қазақ тілін үйретуді тек ақша үшін емес, өзіме ұнайтын іс болғандықтан жасап жүрмін. Өзімді патриот қазақ санаймын. Өз елім туралы шетелдіктерге айтқым келеді, Қазақстанды танытқым келеді. @_zhumaly_ инстаграм парақшамда үнемі еліміздің көркем жерлерін жарнамалап отырғанды ұнатамын. Шет елдіктердің қазақтарға деген қызығушылығын оятқым келеді.

– Құпия болмаса қазақ тілін үйретіп қанша таптыңыз?

Студенттерім көп. Бірақ мен тіл үйретуде ақша табуға мән бермеймін. Олар еуромен аударады. Мәселен екі айдың ішінде бес жүз доллардай ақша таптым. Айына жиырма шақты сабақ беремін. Белгіленген арнайы сумма жоқ. Мен үшін сабақтың саны емес, олардың нәтиже шығарғаны маңызды.

– Қазақ тілін үйренгісі келетіндер көп пе?

Жеткілікті. Менің филиппіндік, америкалық, түркиялық студенттерім бар. Бір байқағаным америкалықтардың Қазақстанға, қазақ тіліне деген қызығушылығы жоғары. Соған қуанамын.

Қуаныш Ерсұңқар

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір