01 Сәуір, 2021 Барлық аймақтар
Фото: egemen.kz
Індетті тоқтатудың бірден-бір жолы – азаматтарымызды вакцинамен жаппай қамтамасыз ету. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев түркітілдес мемлекеттердің бейресми саммитінде айтты.
– Былтырдан бері бүкіл әлем теңдессіз сын-қатерлермен күресіп келеді. Соған қарамастан, түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы жалпы алғанда бәсеңдеген жоқ. Бүгінгі отырыс – соның дәлелі. Алайда күрделі кезеңде қарым-қатынасымызға тың серпін беру жолдарын бірлесіп ойластыруымыз қажет, – деді президент.
Ол осы мақсатта баса назар аудару керек мәселелерді айтты.
– Індетті тоқтатудың бірден-бір жолы – азаматтарымызды вакцинамен жаппай қамтамасыз ету екені айдан анық. Біздің елдеріміз де екпе шығаруды қолға алды. Ортақ мүддеге сай тәжірибе бөлісіп, бір-бірімізді қолдауымыз қажет деп санаймын.
Өкінішке қарай, халықаралық қауымдастық пандемияға қарсы күрес кезінде тұтасып әрекет ете алмады. Негізгі ірі мемлекеттер арасында қайшылықтар туындап, вакциналық қақтығыс басталып кетті. Біріккен Ұлттар Ұйымы да осындай күрделі жағдайда өз әлеуетін көрсете алмады, – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастама болашақта биологиялық қатердің алдын алуға мүмкіндік береді.
– Осы күрделі кезеңде денсаулық сақтау және биоқауіпсіздік мәселесінің маңызы арта түсті. Бұл ретте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында Қазақстан биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастама көтергені белгілі. Сіздер осы тың идеяны қолдайсыздар деп сенемін. Агенттік болашақта биологиялық қатердің алдын алуға және қауіпті дерт бойынша мәлімет алмасуға мүмкіндік берері сөзсіз, – деді ол.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір