• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 15:21:34
Алматы
+12°

Мәжіліс депутаты Снежана Имашева мен Ресей СІМ Сергей Лавров/фотоколлаж

Кеше Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров "Российская газета" басылымында жариялаған "Россия и Казахстан: сотрудничество без границ" атты мақаласында Қазақстанда орыстілділерге қатысты ксенофобия бар екені туралы айтқан.

Мақалада негізінен Ресей мен Қазақстан арасындағы сәтті дипломатиялық қарым-қатынас туралы сөз болып, бір абзацта соңғы уақытта Қазақстанда орысша сөйлейтіндерге қатысты ксенофобиялық көзқарас көріністерінің куәсі болғаны жайлы айтылады. Лавров мұндай оқиғалар әлеуметтік-ақпараттық әдіс арқылы жасалып отырғанын, ұлтшылдықты өршітуге, Ресеймен араны суытуға бағытталғанын жеткізген. Сонымен қатар ксенофобия көріністері бойынша Қазақстан мен Ресей билігі тарапынан бірлескен шаралар қабылданатыны да аталып өтілген.

Кремльдің ресми ұстанымын білдіретін тұлғаның бұл сөздері Қазақстан қоғамында қызу талқыланды. Әлеуметтік желіде Лавров мәлімдемесін "жаулаушы ұлт өкілінің сөзі", "Ресей посткеңестік елдер арасындағы позициясын жоғалта бастағанын сезеді, сондықтан осындай арандату сөздер айтады", "Түркі кеңесінің кезекті саммиті қарсаңындағы Кремльдің қыр көрсетуі" деген сарында түсіндіргендер болды.

Ал Қазақстан билігі даулы мәлімдемеге байланысты ресми пікір білдірген жоқ. Тек Азаттық радиосының журналистері парламент мәжілісі депутаттарынан Лавров мәлімдемесіне байланысты не ойлайтынын сұрап көрді.

Азаттық тілшілеріне жауап берген депутаттар Ресей сыртқы істер министрінің сөзімен келіспейтінін, Қазақстанда орыстілділерге қатысты ксенофобиялық көзқарас жоқ екенін айтады.

 

"Қазақстанда ешқандай ксенофобия жоқ. Мен өзім беларусьпін. Ксенофобияны, теріс қарағанды ешқашан сезінген жоқпын, (Лавров - ред) басты қатырмасын" дейді депутат Снежана Имашева.

 

Депутат Юрий Жулин "мемлекеттік деңгейде орыстілділер мен орысша сөйлейтіндерге қатысты ксенофобия жоқ" десе, депутат Юрий Ли "ол не айтпайды... Біздің көріп жүргеніміз маңызды емес пе? Ксенафобия қайда, көрсетіңізші? Орысша сөйлесеміз, қазақша үйреніп жүрміз" дейді.

Соңғы уақытта Қазақстанда тіл төңірегінде дау жиілеп кетті.
 
Қыркүйектің басында Тіл майданы қозғалысының жетекшісі Қуат Ахметовтың үстінен бас прокуратура қылмыстық кодекстің 174-бабы (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғап, белсенді Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған. 

Ал оған дейін "Тіл майданы" қозғалысы белсенділерінің қазақша қызмет көрсетуді талап еткен әрекеттеріне байланысты Ресейдің бірқатар баспасөз құралдары "Қазақстанда орыс тіліне қысым жасалып отыр" деп ақпарат таратқан.

Ұзамай президент әкімшілігі төрағасының бірінші орынбасары Дәурен Абаев белсенділердің әрекетін "үңгір патриотизмі" деп атады. Кей саясаттанушылар Абаев мәлімдемесін Мәскеу билігіне мұндай әрекеттер Қазақстан билігі тарапынан ұйымдастырылып отырмағанын ұғындыруға тырысқанымен түсіндіреді.

Қазақстан президенті Қ.Тоқаев та биылғы жолдауында Қазақстандағы орыс тілінің ерекше орны мен маңызын атап өткен. Тіпті президент "орыс тілі Қазақстандағы ресми тіл" деп сөзден жаңылған. Ал ҚР конституциясында орыс тілінің мемлекеттік орындардағы қолданысы туралы ғана айтылады. Конституциядағы 7-баптың 2-тармағында "мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" делінген.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір