• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 03:11:05
Алматы
+12°

Саясаттанушы, экс-дипломат Расул Жұмалы Қамшы порталына Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Қазақстанда орыстілділерге ксенофобиялық көзқарас бар екені туралы айтқан мәлімдемесінің астары, Ресей тарапынан жасалған ақпараттық шабуылдар мен оларға Қазақстан билігінің жауабы, гибридтің соғыс қаупі туралы сұхбат берді.

– Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың даулы сөздеріне Дариға Назарбаева, Снежана Имашева, Юрий Жулин, Юрий Ли сияқты бірді-екілі депутаттар пікір білдірді. Бұны Қазақстанның ресми жауабы деп санауға бола ма?

– Ресми жауап деу қиын. Тіпті кезінде ресейлік жекелеген тұлғалардың Қазақстанға шүйліккен мәлімдемелерін де кей  мекемелеріміз жеке адамның көзқарасы ғана, Ресейдің ресми көзқарасын білдірмейді деп қабылдаған. Бұл жерде де сондай. Бірақ Лавров Ресейдің сыртқы істер министрі, ресми тұлға. Оның мұндай мәлімдемесі біздің сыртқы істер министрлігі тарапынан жауапсыз қалмауға тиіс еді.

– Сіздіңше, сыртқы істер министрлігі неге үнсіз?

– Сол баяғы сескеніс. Үнсіздіктің артында Ресеймен жағдай ұшығып кетпей ме, олардың ашуына тиіп кетіп жүрмейміз бе деген үрей тұр. Басқа-басқа Қазақстанның егемендігі, аумақтық тұтастығы туралы сөз болғанда қаймығудың еш реті жоқ. Лавровтың деңгейіне түсіп, Ресейдің ішкі ісіне араласпай-ақ қояйық, бірақ дипломатиялық түрде «сіздер біздің еліміздің ішкі ісіне араласып отырсыздар, мынадай-мынадай келісімдерге қайшы әрекет етіп отырсыздар, бұл – дос мемлекет жасайтын қылық емес» деген сияқты нақты жауап беруге болады ғой. Мұндай жауаптан кейін де даулы мәлімдемелер толастамаса, онда нақты әрекетке көшу керек. Мәселен, СБЕР-мен арадағы меморандумды үзейік, тағы мәлімдеме жасалса, Росатом АЭС салып беруге әзірміз деп отыр ғой, солардың бетін қайтарайық. Әр нәрсеге жауап болуы керек.

– Қазақстан тарапына даулы мәлімдемелердің дүркін-дүркін айтылуын биліктің қайрат көрсете алмай отырғанымен байланыстыруға бола ма?

– Мұны да жоққа шығаруға болмайды. Ресей тарапынан осындай әңгімелер 90-ыншы, 2000-ыншы жылдары шыға бастағанда қатқыл жауап бергенімізде, бәлкім бүгінде жаңағыдай әңгімелер болмас па еді. Ресей тарапынан кезінде осыған ұқсас әңгімелер Әзербайжанға айтылатын. Сол кезде Әзербайжан саясаткерлері сыпайы әрі батыл түрде өздерінің ұстанымдарын білдірген болатын. Содан бері ресми түрде Ресей Әзербайжанға байланысты даулы мәлімдеме жасаған емес. Бұл дер кезінде өз ұстанымыңды нақты жеткізіп, жауап бергеннің көрінісі. Ресей бір жағынан «қайтер екен» деп бізді сынап отыр. Қазақта бұға берсең, сұға береді деген сөз бар екенін білеміз. Өзімізді тәуелсіз ел санаймыз ба, онда ұлттық мүддеге сай тәуелсіз ұстанымымыз болуы керек. Дәл осы мәселеде саудаласудың, бұғып қалудың реті жоқ.

– Бірнеше жыл қатарынан солтүстік өңірлерді аралап, тілге байланысты көптеген кездесу өткіздіңіз ғой. Қазақстанда орыс тілі дискриминацияға ұшырап, орыстілділерге ксенофобиялық көзқарас қалыптасып отыр ма?

– Қазақстан Ресейден бөлек орыс тілі салтанат құрып отырған бірден-бір ел. Біздің бұл жерде ақталатындай орнымыз жоқ. Керісінше Қазақстанда орыс тілінің өрістеуіне еш шектеу жоқ. Мыңдаған мектеп бар. Бізге шүйлігіп отырған Ресейде 700 мыңға тарта қазақ түрады. Бірақ бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Сонда қай жерде, қай тіл кемсітіліп отыр. Тіпті әрі беріден кейін Қазақстан қай тілде сөйлеймін десе, ол өзі ісі. Бұл жерде мәселенің екінші жағы бар. Ресейдің тілді желеу етуі – тек сылтау. Олар Қазақстанды өз ықпалынан шығарып алғысы келмейді. Ресей саяси, экономикалық, қаржылық, технологиялық ықпалынан айырылып бара жатқанын біліп отыр. Сондықтан олардың ендігі амалы осы тіл ғана. «Орыс тіліне қысым жасалып отыр» деп өз ықпалынан жібермеуге тырысып, Қазақстан түркі әлемімен, Еуропамен жақындасып кетпесін деп тыраштанып жатыр. Былайша айтқанда бұл – олардың жанайқайы. Демек, Ресейдің Қазақстанды басқа жағынан ұстайтындай, қысатындай мүмкіндігі қалмады деген сөз. Біз Кремль саясаткерлерінің сөздеріне қарайламай, өз жолымызбен жүре беруіміз керек.

– Қазақстан Конституциясындағы 7-баптың 2-тармағында "мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" делінген. Бұл – орыс тілі Қазақстандағы ресми тіл дегенді білдіре ме?

– Мүлде білдірмейді.

– Онда «орыс тілі – Қазақстандағы ресми тіл» деген түсінік қайдан шыққан?

– Бұл саясаткерлердің, саясаттанушыларды, қоғамтанушылардың қателігі. Орыс тілі ресми, ұлтаралыққатынас тілі деген ойлап табылған. Негізі мемлекеттік тіл мен ресми тіл дегенді бөлудің қажеті жоқ. Халықаралық терминологияда екі ұғым бір түсінік береді. Сондықтан Қазақстандағы мемлекеттік тіл де, ресми тіл де қазақ тілі.

– Презиеденттің өзі биылғы жолдауында «Орыс тілі – Қазақстандағы ресми тіл» дегенді айтты. Бұны қалай түсінуге болады?

– Бұл ағаттық, спичрайтерлердің қателігі шығар. Жалпы қандайда бір заңнан цитата келтіргенде абай болу керек. Манағы конституциядағы бап орыс тіліне ресми статус бермейтінін кез келген заңгер айтып бере алады.

– Президент сөзі Ресейге, орыстілділерге бағытталып, соларға ұнау үшін әдейі айтылған болуы мүмкін бе?

– Бұл мәлімдемеде не меңзелді, әдейі жасалды ма, ағаттық болды ма, сөзден жаңылды ма, оның астарын қазбаламай-ақ қояйын. Бірақ президенттің қазақ тілі – түбі ұлтаралық қатынас тіліне айналады деген сөзін де еске түсіргеніміз орынды болар. Бұл сөздердің де үлкен мәні бар. Түптеп келгенде мәселе заңда емес. Қазақ тілін қорғайтын, оған мемлекеттік мәртебе беретін заңдар жеткілікті. Мәселе – олардың қолданысында.

– Бірақ президент сөзінен кейін қоғамда «орыс тілінің ресми статусы бар, қазақша қызмет көрсетпесем де болады» дейтіндер табылуы мүмкін ғой?

– Әбден мүмкін. Мұндай жағдайда заңдарды жақсы біле отырып, сыпайылықты сақтай отырып, мәдени түрде сұрай білу керек. Мен өз басым қазақша қызмет көрсетпейтін дүкендерге қайта айналып бармаймын. Бұны жанжал шығармай, ешкімге сес көрсетпестен жасаймын. Олар бір клиенттен айрылса, сол клиенттің ақшасы басқаның қалтасына түсетінін біледі. Соның нәтижесінде өзім тұратын жердегі дүкендерді соған үйреткен сияқтымын.

– Қазақстан үкіметі цифрландыру бойынша ресейлік СБЕР компаниясымен меморандум жасайды, Роскосмос Қазақстанға АЭС құрылысын жүргізуге әзір екенін мәлімдейді, Ресей Қазақстанның премьер-министрі Асқар Маминге «Достық» орденін береді, соңғысы тура осындай орденнің қазақстандық үлгісін Роскосмос басшысының кеудесіне тағады, билік қазақ тілінде қызметті талап етіп жүргендерді «үңгір патриоттары» дейді. Бұның бәрі кездейсоқ оқиғалар ма, әлде үлкен бір жағдайдан хабар бере ме?

– Меніңше, мұның бәрі бір-бірімен байланысты оқиғалар тізбегі. Ресей саясаткерлерінің Қазақстанға шүйлігуінің алғашқы толқыны көктемде басталған болатын. Арада бір ай өтпей жатып СБЕР мен АЭС құрылысы мәселесі көтерілді. Кейде Ресей осы белгілі бір дәрежеде сес көрсету, қысым жасауды өзіне пайдалы, өзіне тиімді жобаларды өткізу құралы ретінде пайдалана ма деп ойлаймын. СБЕР, АЭС мәселелерінде неліктен басымдық Ресейге беріледі? Неліктен басқа елдердің технологияларын зерделемейміз? Неге цифрландыру бойынша ашық конкурс болмайды? Ашықтықтың өзі жемқорлықтың жоқ екеніне кепіл емес пе... Осындай сын сағаттарда біздің ұлттық мүдде қалай қорғалып отыр дегенге байланысты сауал да, қоғам тарапынан келіспеушілік те көп. Өз басым, Қазақстан Моңғолия тәжірибесіне үңілсе дұрыс болар еді деген пікірдемін. Оларда халықаралық келісімшарттардың бәрі «үшінші ел» қағидатымен жүреді. Моңғолия Ресей мен Қытай арасында тұйықталып қалған ел екені белгілі. Олар сол екі алпауыт елге деген тәуелділікті төмендету мақсатында халықаралық конкурс, тендер жариялағанда Ресей мен Қытайдан басқаға басымдық береді. Мүлде ешкім табылмай жатса ғана аталған екі елдің ұсынысын қарастырады. Меніңше, біз назарға алатын мәселе. Қазақстан көпвекторлы саясат жүргізеді дейміз. Ал іс жүзінде экономикада аталған екі елге басымдық береміз. Соның нәтижесінде экономикалық тәуелділігіміз саясатқа да әсер етіп отырғанына куә болып отырмыз.

– Қазақстанда кем дегенде 30 мың адамның қос азаматтығы бар екені туралы бейресми дерек бар. 2018 жылы қосазаматтығы анықталған 15 мың адамның барлығы дерлік Ресей паспортын алған. Осы қосазаматтық туралы сөз қозғалғанда Ресей "өз азаматтарымызды қорғаймыз деп Қазақстанның ішкі ісіне араласуы мүмкін", "Солтүстік облыстарды басып алуы ғажап емес" деген пікір жиі айтылады. Бұл русофобияны қоздыру ма, әлде шынымен қисыны бар әңгіме ме?

– Өкінішке қарай, бұл – қисыны бар әңгіме. 2008 жылы Ресей Грузияға, Оңтүстік Осетия және Абхазияға басып кіргенде Ресей паспорттарын үлестіріп алып, өз азаматтарымызды қорғаймыз деген желеу тапты. Осыған ұқсас жағдай 90 жылдары Молдовада болған. Қазір Ресей Донбаста, Луганскте паспортын мыңдап үлестіріп жатыр. Бұл – үлкен ойлантатын жағдай. Негізінде еш ел паспортын оңды-солды тарата бермейді. АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Түркияның паспортын алып көріңіз, оңайлықпен бере ме екен. Бұл жерде Ресей орыстілді азаматтарды сүйгендіктен істейтіні шамалы. Егер солай болса, олар неге паспорттарын Германияда, АҚШ-та үлестірмейді.

– Демек Ресей тарапынан Қазақстанға гибридтік соғыс қаупі төніп тұрғанын жоққа шығаруға болмайды ғой?

– Ресей тарапының Қазақстан шенеуніктеріне сыйлық жасауы, тілдік қысымдар, басқа елдердің аянышты тәжірибесін ескеріп, бейқам отыруға болмайды. Бірақ солай екен деп байбалам салудың да қажеті жоқ. Тек саяси жағдайды қаперде ұстап, дайындық, қауіпсіздік шараларын қабылдағанымыз құба-құп.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір