• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 13:00:07
Алматы
+12°

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Еуропалық Парламенттің елдегі жағдайға қатысты қабылдаған қарары біржақты сипатқа ие екенін және объективті емес тұжырымдарға негізделгенін мәлімдеді. 

"Елімізде орын алған қаңтардағы қайғылы оқиғаларға объективті бағалаудың болмауы алаңдаушылық туғызады. Қазақстан Республикасының басшылығы тапсырған ресми тергеп-тексеру нәтижелері жарияланғанға дейін мұндай құжаттарды қабылдау қисынсыз деп санаймыз. Оның нәтижелері халықаралық қоғамдастыққа ұсынылатынын тағы да растаймыз" делінген хабарламада.

 

Сондай-ақ министрлік қарар жобасын әзірлеу кезінде Еуропалық парламент депутаттары мен оның құрамындағы саяси топтар Қазақстанның ресми тұлғаларынан нақтылама ақпарат пен түсіндірулер сұрамағанын жеткізді.

"Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және мемлекеттік органдармен тікелей диалог жүргізетін азаматтық қоғам институттары да аталған құжат авторларының оларға жүгінбегенін хабарлады. Бірқатар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының құқық қорғау органдарының террористік, экстремистік және қылмыстық топтарға қарсы заңды әрекеттерін сипаттайтын жарияланымдарында айтарлықтай қайшылықтар мен дәлсіздіктер бар екені туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің бұрын айтылған ұстанымы еленбеді. Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің, беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі, гуманитарлық құқық саласындағы көпжақты келісімдердің қатысушысы ретінде заңның үстемдігіне және азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау саласындағы өз міндеттемелерін толықтай ұстанады. Сондай-ақ Қазақстан халықаралық терроризмге қарсы күресті қоса алғанда, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үдерісіне қомақты үлес қосып келеді. Республика Еуропалық одақтың барлық институтымен өзара түсіністік және құрмет қағидаттары негізінде өзара сындарлы іс-қимыл жасауға мүдделі. Еуропалық парламенттің бұл қарарын асығыс қабылдауы демократиялық институттарды нығайту және азаматтық қоғамның дамуына бағытталған Қазақстан президентінің реформаларын қабылдау және жүзеге асыру үдерісіне кері әсер етеді және зиян келтіреді" делінген Қазақстанның сыртқы істер министрлігі таратқан ақпаратта.

Бұған дейін Еуропарламент Қазақстандағы "қаңтар оқиғасына" қатысушыларды қудалау жағдайын қатаң сынға алып, адам құқығының өрескел бұзылуына байланысты қарар қабылдаған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір