22 Қаңтар, 2024 Саясат
Фото: gov.kz
Көрсетілім алдында сөз сөйлеген Ресейдегі ҚР елшісі Дәурен Абаев бұл фильмді солтүстік көрші елінде көрсетуге не түрткі болғанын айтты.
«Ресейде бұл фильмді қалай көрсетпейсіз? Сарапшылар қауымы және жалпы қоғам тарапынан бұл тақырыпқа қызығушылық жоғары екенін білеміз», деді елші өзгенің алып-қашпа сөздерінен гөрі өзімізден көріп-білсін дегенді меңзеп.
Фильмді тамашалауға жиналғандар арасында РФ Президенті әкімшілігі, ҰҚШҰ хатшылығы өкілдері мен Ресейдің танымал ғалымдары, сарапшы мамандары, журналистер де болды.
Орыс тіліндегі деректі фильмде фото, видеоматериалдар, тіркелген істердегі деректер, куәгерлер айғағының барлығы зерделеніп берілген:
«2022 жыл, қаңтар айы. Қазақстанда қанды әрі ауқымды трагедия орын алды. Бұл билікті басып алу мақсатында жасалған кең көлемді мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттену оқиғасы ретінде тарихқа енеді. Оған дайындық алдын ала жасалды. Оның басында жоғары шенді тұлғалар, күш құрылымдары басшылары, қылмыс әлемінің өкілдері тұрды. Жоспар жасалып, сызбасы да алдын ала әзірленді. Арандатушылар, жандайшаптар, ұйымдастырушылар, шабуылдаушылар жаттығу алаңында дайындалып, арнайы жасақталды. Алдын ала қару-жарақтар, көлік және байланыс құралдары да сатып алынды. Сонымен сындарлы уақыт та келіп жетті...
1 қаңтар, сенбі. 2022 жылдың басы. Маңғыстау облысында сағат 17.20-да Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдына бейбіт наразылық акциясы басталды. Оған себеп көлік отыны – газ бағасының 60-тан 120 теңгеге бір-ақ қымбаттауы. Өңір үшін бұл - өте шетін мәселе. Өйткені мұндағы көліктердің басым бөлігі газбен жүреді. Жарияланған нұсқалардың бірі бойынша, бұл күні әлеуметтік шиеленісті тұтату үшін газ құны қасақана қолдан өсірілген. Наразылыққа шыққан адамдар бұл күні сағат 18-00-де үй-үйлеріне тыныш қана тарқасқан.
2 қаңтар, жексенбі. 2022 жылдың басы. Маңғыстауда наразылық акциясы кең масштабты бейбіт митингке ұласты. Жергілікті билік өкілдері митингке қатысушылармен сөйлесіп, бір байламға келуге тырысуда. Ақтауда, Жаңаөзенде митингке шыққандар жолдарды жауып, көлік қозғалысына кедергі келтірді. Қаланың бас алаңында шатырлар, киіз үйлер құрылып, жиналған адамдар тарқаспауда. Жағдай шиеленісе түсуде. Полиция жағдайды сырттан бақылап, қоғамдық тәртіпті қадағалауда, бірақ күш қолданбайды.
3 қаңтар. Наразылық акциялары Қазақстанның басқа қалаларында да бұрқ ете түсті: Атырау, Ақтөбе облыстары, БҚО, ШҚО, Алматы облысы және Алматы қаласы. Бұл кезде де полиция бейбіт митингке шыққандарға қарсы күш қолданбайды. Тек қоғамдық тәртіпті қадағалауда. Президент Үкіметке туындаған мәселені дереу шешуге тапсырма береді. Ал арнайы құрылған комиссия өкілдері митингке қатысушылармен бетпе-бет кездесіп, авто газ құны мәселесін талқылап, белгілі бір шешім қабылдау үшін бірден Маңғыстау облысына ұшып барды.
4 қаңтар, 2022 жыл. Үкіметтік комиссия наразылық білдірушілермен бірге өзара мәмілеге келіп, біріккен шешім қабылдады. Сөйтіп газ бағасы төмендетілді. «Газ бағасы 50-ге төмендетілді. Құрметті азаматтар, негізгі мәселе шешілді» деп комиссия өкілі қалың қараша алдында мәлімдеме жасады. Осылайша мәселе шешілгендей болған. Алайда...
Өзге өңірлерде арандатушылар көпті мәмілеге келмеу акциясына шақырды. Радикальды ұрандар пайда болды. «Босат, босат, босат!» деп адамдар ұрандады. Полиция мен мемлекеттік қызметкерлерге шабуыл жасалды. Митинг ұйымдастырылған өңірлердің саны 11-ге жетті. Осы облыстар мен қалалардағы бейбіт митингілер бір уақытта бей-берекетсіздікке ұласты.
Осылайша аласапыран басталып кетті. Мемлекеттік билікті құлату жөніндегі экстремистік талап қылаң берді. Тасадағылар шиеленсті зорайта түсуге күш салды. Алматыда бейбіт митинг аяқталды. Халықтың басым бөлігі үйлеріне қайтты. Осы кезде бүлікті ұйымдастырушылар өз сценариін іске қосты. Арасында ұйымдасқан қылмыстық топтың өкілдері бар бірнеше мың адам Алматы қаласы әкімдігінің алдына жиналып, полициямен бетпе-бет келді. Қарусыз полицейлер ашулы топты таратуға тырысуда. Түнге қарай арнайы құрылғылар пайдаланыла бастады: кісі өліміне әкеліп соқтырмайтын көзді ашытатын газ, отты-шулы гранаталар, резеңке оқтар. Алайда қылмыскерлер басқаруға көнбеген топқа келіп қосылып, бас-көзге қарамай алдына келгендері жапырып-жайпай бастады. Әбден дайындалып, арнайы ұйымдастырылған топтар көліктерді өртеп, полицейлер мен Ұлттық ұлан сарбаздарын сабады. Қала көшелерінде хаос орын алды.
5 қаңтар, 2022 жыл. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметті отставкаға жіберді. Ол елде жаппай белең алған бейберекетсіздіктердің себебін анықтауды тапсырады. Осы сәтте бүлікті ұйымдастырушылар бетперлері ашылатынын жақсы түсінді. Сөйтіп олар жауап қатушы қадамға барды. Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл облыстарындағы әкімшілік ғимараттарға қарулы шабуыл жасалды. Талдықорғанда қаруланған бандиттер тобы әкімдікті, полиция және облыстық ҰҚҚ ғимараттарын басып алды. Алайда, негізінінен, бүлікшілер қылмыстық әрекеттеріне оңтүстік астананы арнайы таңдады. Мұнда әлдеқайда ауқымды террористік актілер орын алды. Мықтап әзірленген қарулы адамдар тобы түнде Алматы қаласы әкімдігінің және Алматы халалықаралық әуежайының ғимараттарын басып алды. Сондай-ақ прокуратура мен телеарналардың және өзге де БАҚ нысандары нысанаға алынды. Қала көшелерінде хаос пен анархия болып жатты. Барлығы араласып кетті: радикальды діндарлардан бастап, саяси экстремистер, қанды қол бандиттер, криминальды элементтер, мородерлар және ұсақ басбұзар бұзақыларға дейін жүр. Қолға түскен полицейлер мен Ұлттық ұлан сарбаздарын өлімші етіп сабалды. Ал аман қалғандарын шешіндіріп, әкімшілік ғимарттарды басып алу кезінде тірі қалқан ретінде пайдаланды. Алматы қаласының ауруханалары тәулік бойындағы жұмысқа көшті. 5 қаңтардан бастап оларға адамдар пышақ және оқ жарақаттарымен келіп түсе бастады. Ең бірінші кезекте, мородерлар мен террористер полиция учаскелері мен қару-жарақ дүкендеріне шабуыл жасады. Тергеу барысында 3 мыңға жуық түрлі қару ұрланғаны анықталды. Видеоматериалдардан бетін тұмшалаған, қызыл курткадағы бейтаныс адамдар ары-бері жосылған топты қайда бару керектігіне нұсқау беріп, оларға бас болып жүргенін көруге болады. Шабуылдаушылар, ең бірінші кезекте сыртқы бақылау камераларын бүлдіріп, сындыруда. Ерік білдіргендердің қолына қару, арматура, таяқ, балта берілуде. 10 шақты бизнес нысаны тоналып, талқандалды. Алматы қаласы әкімдігі және Алматыдағы Президент резиденциясының ғимараты отқа оранды. Алматыдағы полиция департаменттеріне 6 қарулы шабуыл жасалды. Көктөбе телемұнарасын басып алу әрекеті орын алды. Қазақстан телерадиокорпорациясының ғимараты да өртенді. Айналадағылардың барлығы бүлініп, өртеніп, тоналып, жаппай бейберектсіздікке орын берілді. Мұның барлығы Қасым-Жомарт Тоқаевты биліктен кетіру үшін жасалды. Оның алдын ала әзірленіп, қасақана ұйымдастырылғанын білу түк қиын емес, делінеді 24 минуттық деректі фильмнің 10 минутында.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір