24 Наурыз, 2024 NEWS
Фото автордікі
Алматы қаласы, Медеу ауданына қарасты "100 жалпы білім беретін мектеп" коммуналдық мемлекеттік мекемесінде "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы аясында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына арналған аудандық іс-шара өтті. Бұл – қатардағы көп шаралардың бірі емес, мазмұны, тәрбие-тәлімі өзгеше жиын болды. Таратып айтсақ…
Жер бетін мекендеген адамзат баласының дене мүшесі мен түр сипаты бір біріне келсе де, оның болмысы мен бекзат мінезінің айшықты көрінісі ретінде әуелі оның сан ғасырлық дәстүр салты көрік беріп, қоғамда бірден тануға мүмкіндік береді. Іңгәлаған сәби қалпынан есейгенге дейін бойына бабадан қалған мол мұраны сіңіріп, болашақ ұрпаққа қаз қалпында жеткізу пенденің де жазылмаған бір миссиясының бірі.
Әлемде қанша ұлт болса, сонша дәстүр бар десек артық айтқанымыз емес. Өйткені тіршілік ортасы мен бейімделген табиғи мекеніне сай ғұрып та жинақталып жан басынан білінеді. Осынау ұлттардың ұстанған салт дәстүрлері бір бірінен өзгеше болса да, өзгесін жат қылып, өзін шоқтығы биік қойған емес. Бұл ретте дәстүрдің де өзіндік бір заңы мен қағидасы көзге көрінбесе де тәрбиелік жағынан мол мұраны сақтайтынының куәсі. Осынау шар тарапты шарпыған дәстүрлер кейде бір орынға тоғысып, диірмендегі бидайдай бір иіріммен қосарланып кететіні тағы бар.
Мәселен, Медеу ауданында орналасқан "№100 жалпы білім беретін мектеп" дәл осындай ұйысқан әлемнің бір бөлшегі десек артық айтқанымыз емес. Жан жақтан жиналған өзге ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті күн кешуде. Мереке қарсаңында шоқтығы биік сонау салт-дәстүр мен бала тәрбиесін көрсету мақсатында әр халықты ғұрыптарын көрсетіп, келешек ұрпақтың жаңа дүниені жадында сақтауына үлкен септігін тигізді.
Қазақ, Орыс, Ұйғыр, Түрік, Тәжік пен Әзірбайжан одан қалды Шешен халқының сан ғасырлық мұрасын көрсету барысында ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар бірлесіп оның түп мағынасы мен мақсаты туралы түсіндіруге тырысты.
"Атадан бота қалғанша, бата қалсын" дегендей, қазақтың үлкеннен бата алу салты осы күнге дейін теңдесі жоқ жеткен дәстүрлердің бірі. Бір ғана сөздің түбінде ұлттық құндылықтардан бастап, тағылымды дүниелердің барлығы сыйып кеткен. Сол секілді, Ұйғыр халқының "Бедә чөшүрә" (Дәруменге толы шөптерден тұшпара) әзірлеуінің өзінде үлкен жауапкершілік жатыр. Оның дайындығы мен адам баласына берер қуаты туралы да шара барысында толыққанды айтылды. Орыс халқының мол қазынасынан баланы қалай еңбекке баулу керектігі туралы дәстүр көпшілікке таныстырылса, түрік халқының балаға арналған жасаудың қалай әзірленетіні және оның мақсаты қандай болатыны да осында көрініс тапты. Сол секілді, Әзірбайжан ұлтының қыз баласын асханаға қалай ерте жастан бастап үйрететіні, тәжік халқының "Гахвора бандон" салты саналы ұрпақ жадында шынтуайтында қалай болатыны туралы да көрініс тапты.
Ал "Түрік халқы" бала тәрбиесіне байланысты "Балаға арналған жасау" туралы, оның берілу реті мен мағынасын атап кетті. "Әжірбайжан халқы" қыз баласына ерте жастан асханадағы қызметі туралы айтып, ерте жастан шәй құюға үйрететіні туралы көрсетті. "Тәжік халқы" бесікке салу "Гахвора бандон" салты қалай өткізілетіні туралы көрініс көрсетті. "Шешен халқы" бала тәрбиесіне байланысты "Ғилак" салтын көрсетті, бұл дәстүр жас ұрпақты үлкенді сыйлау, құрметтеуге, үлкеннің жолын қимауға тәрбиелейтін салт екенін көрсетті.
Ұлы қазақ даласында басқа ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында ынтымағы жарасып, қоян-қолтық, тау-тәтті өмір сүрудің кепілі-тәрбиенің түп қазығы ұлттық құндылықтың арқасында деп білеміз. Әр этникалық қауым өкілінің өзіндік тарихы бар рухани мұрағаттарының жиынтығы ұлттық құндылығы екенін атай келіп, қазіргі мектеп, ата-ана, қоғам болып, тәрбие құндылықтары үшін еңбек етуде.
Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа дегендей, дүниетанымында өзге де дәстүрлердің қалай орындалатынын көрген жандар шыныменде таңғалысып, бір біріне алғыстарын жаудырды. Өйткені, адамзаттың өмір сүру кезеңі бір біріне келсе де, әркім әртүрлі дәстүр арқылы оны қанаттандырып, бала бойына сіңдіруге тырысады. Осындай шаралар арқылы, әрбір пенде ең әуелі өзінің адам екенін білуге құштар болады. Одан кейін ұлты мен салт-дәстүрінің шынымен де қуатты екеніне марқаяды. Ал салт дәстүрді білу, ол ұлттың өшпей ары қарай қарыштауына үлкен сеп болары сөзсіз.
Салтанат Айдынқызы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір