• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Қараша, 09:38:37
Алматы
+12°
Almaty TV арнасына 25 жыл. 200-ден астам адам қызмет ететін ұжым ұүпылған 1999 жылдан бері ширек ғасыр бойы отандық медиаиндустрияның дамуына өзіндік үлесін қосып келеді, деп хабарлады Almaty.tv арнасы.

Сол кездегі аймақтық ресурстың алғашқы эфирі небәрі 3-ақ сағат болған еді. Алғашында спектакльдер, фильмдер, сондай-ақ жаңалықтар эксперимент ретінде таратылды. Кейіннен шығармашылық топтың күш-жігері мен ерен еңбегінің арқасында телеарна көрермендердің көңілінен шығып, ыстық ықыласына бөлене бастады.

Өндіріс барысында ақпараттық-сараптамалық, мәдени, танымдық жобаларға басымдық берілген соңғы жылы 10 000-нан астам жаңалықтар сюжеті, арнайы репортаж бен деректі фильм, сондай-ақ 30-дан астам бағдарлама мен телехикая жарыққа шықты.

Телеарнаның бас директоры Тимур Базарбаевтың айтуынша, Almaty TV 25 жылдық мерейтойында көрермендерін екі жаңа маусымымен қуантпақ. Олардың бірі көктемде көрерменге жол тартқан еді. Күзгі маусымға тағы да бірнеше ғажайып, рухты шоу және телеарнада өндірілген 7 телехикая дайындалып жатыр.

«Мерейлі жылы біздің ұжым әлеуметтік және қайырымдылық бағытында 40-қа жуық шара өткізбек. Мысалы, жаңалықтар эфирінде «25 қайырымды іс» айдары, ал digital-платформамызда балаларға арналған «Арманыңа жет» жобасы жарыққа шығады. Осы сәтті пайдаланып, сөз соңында көрермендерімізге ризашылық білдіргім келеді. Сіздердің қолдауларыңызбен телеарнамыз жаңа жетістіктерге жете береді деп сенемін», - деді Тимур Базарбаев.

Атап айтарлық жайт, 2022 жылдың тамызынан бастап Almaty TV республикалық мәртебе алып, Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын арналар тізіміне енді, ал оның аудиторияны техникалық қамтуы 47 пайыздан 89 пайызға өсті. 

Сол жылы телеарнаның ребрендингі жасалды. Брендтің ашық жасыл түсте жаңғыртылуы Almaty TV арнасының жаңа кезеңін - дәстүрлі эфирлік және цифрлық интернет-ортаның синергиясын бейнеледі. Бұл орайда «заманауи классикаға» басымдық берілді. Бұл телевидениенің ересектер аудиториясы мен әлеуметтік желі контентін, стримингтік онлайн-ресурстарды қолданатын жас ұрпақтың басын біріктірері сөзсіз.

Салынғанына 7 жыл болғанда, яғни, 2023 жылы телеарнаның бас студиялық павильоны жаңартылды. Жаңғырту аясында заманауи бейімделгіш декорациялар жасалып, алғаш рет полимерлік құймалы жабын пайдаланылды. Студияның пайдалы аумағы 2 есе үлкейтілді. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жаңадан түсіру және монтаждау құрылғысы сатып алынды.  

Эфирлік саясатты жетілдіру шараларының нәтижесінде Almaty TV арнасының телеқаралым көрсеткіштері тұрақты түрде жақсарып келеді. «K Research Central Asia» мәліметтері бойынша былтыр көрермен саны 4,2 млн болды. Ал мемлекеттік тілдегі өзіндік өндіріс үлесі 83 пайызға жетті.

Жаңа ақпараттық стратегияны жүзеге асыру нәтижесінде телеарнаның интернеттегі орны да айтарлықтай нығайды. Сайт көрсеткіштері 5 есе – 9 млн-нан 45 млн қаралымға дейін артты. YouTube жазылушыларының саны 1,2 млн-нан асты. Жақын уақытта жаңартылған веб-сайт пен оның мобильдік нұсқасы да ұсынылады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір