• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 10:26:32
Алматы
+12°

04 Қыркүйек, 2018 Әлеумет

«Арбаға таңылған балаларымызды Елбасы көрмесін деп сахнаға шығармады»

Олар фотокамера объективіне күлімдеп тұрғанымен, анасының жүрегі қан жылап тұрған сәт.

Аида Колпакова есімді фейсбук қолданушысының өзінің жеке парақшасында жариялаған жазбасы оқыған адамды бейжай қалдырмасы анық. Себебі фотосынан көздері күлімдеп тұрған, түрлі-түсті көйлек киіп алып, бақыттан бал-бұл жайнаған мүмкіндігі шектеулі үш кішкентай қызды көре аласыз. Олар фотокамера объективіне күлімдеп тұрғанымен, анасының жүрегі қан жылап тұрған сәт. Мәселенің мән-жайын тарқатып айтсақ, 29 тамызда Астана қаласында Ақтөбе облысының күні өткізіліпті. Елбасы мен астаналық әкімият тамашалайтын аталмыш мерекелік іс-шарада Аиданың баласы да би билеуі керек еді. Алайда арбаға таңылған биші қыздарды концерт ұйымдастырушылары сахнаға шақырмаған. Кейіннен белгілі болғандай, тіпті репетиция кезінде де мүмкіндігі шектеулі балаларды алдыңғы шептен алып, көзге түспейтін жерлерге отырғызған. «Біз бәріміз әртүрліміз, бірақ теңбіз» деген ұранмен өткен іс-шараны бұл қыздар асыға күтті деп жазады Аида Колпакова. «Таңертең тұрып, боянып-сыланып, әдемі көйлектерін киіп, уайымдап, толқып, концертке кеткен болатын, мына жағдай олардың көңілдеріне кірбің ұялатты. Мен өзімді патриот деп санайтынмын. Шетелде 13 жыл тұрғанда да елім, жерім туралы бір ауыз жаман сөз айтпайтынмын. Сөйтсем, мен мақтан тұтқан Қазақстан пара би чемпионатынан алғашқы алтын жеңіп алған кішкентай қыздарды сахнадан көрсетуге ұялып, Шабыт университетінде тығып ұстады. Бұл неткен сорақылық? Неткен масқара?» дейді ашулана Аида. «Қазақстанның басты қазынасы, байлығы – адам» деп тайға таңба басқандай Ата заңда жазылып тұрса да, билік, ашығын айтқанда, билік жағымпаздары «жақсы көрінемін, жағамын» деген ой-мақсатпен осындай сорақы тірлікке барды. Ең қызығы, Ақтөбе ақпарат орталығы былай деп жауап қатыпты: Мүмкіндігі шектеулі балалар 29 тамызда өтетін концертке шақырылған болатын. Концерт басталмас бұрын ауа райының нашарлауына байланысты балаларды ата-аналарымен қоса көрші ғимаратқа көшірген болатынбыз. Сол жерде олар сахнаға шығар уақытты күтіп отыруы тиіс еді. Алайда концерттік бағдарламаның қысқартылуына байланысты балалалар қорытынды нөмірге кешігіп шықты. Балалар мен ата-аналарға белсенділік танытқандары үшін алғыс айта отырып, орын алған жайт үшін кешірім сұраймыз». Бір нәрсе ақылға сыймайды, Ақтөбе ақпарат орталығының айтуы бойынша, балалар сахнаға шығыпты, ал анасы теріске шығарып отыр.

Аида ақтөбелік биліктің кешірім сұрауынан кейін тағы бір жазба жариялады. «Маған ешкімнің кешірім сұрағаны қажет емес. Менің балаларымды да аяғандарыңызды қаламаймын. Ауа райы бұзылды дейді... Ешкім шындықты айтқысы келмейді. Әркім өзінің креслосы үшін қорқып отыр. Осымен бұл әңгіме тәмам болсыншы. Тек бір-ақ нәрсе өтініп сұраймын: дискриминацияға іс жүзінде жол бермесеңіздер! Менен ақталғандай болып кешірім сұрағанша мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына, өмір сүруіне қолайлы жағдай жасасаңыздар, лифт орнатсаңыздар, баспалдақтармен қоса «пандустар» орнатсаңыздар, мен қуанамын. Ақтөбеде ішінде лифтісі бар мектеп болса, қандай ғанибет болар еді. Қаншама арбаға таңылған бала мектепке баруды, білім алуды, ең бастысы барлық баламен тең болуды армандайды. Негізі, шын жүректеріңізбен қаласаңыздар, атқарар шаруа көп, әкімият! Біздің балаларға қолдау білдірген, жазбаны оқып, бейжай қалмаған баршаңызға алғыс білдіремін» деп жазады сөз соңында Аида.

Аида әрі қарай әкімиятпен болсын, ұйымдастырушылармен болсын күресуді доғаруды дұрыс деп санаған сияқты. Біз де өз кезегімізде ұйымдастырушыларға қоңырау шалып, қайтадан кешірім естігенше, уақытты зая кетірмей осындай ерекше балалардың батыл аналарын, әкелерін сұхбатқа тартып, оқырман назарына ұсынуды пайдалырақ деп шештік. Мейірімді болайық, замандастар! Адамдық қалпымыздан айнымайық!

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір