• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 10:26:36
Алматы
+12°

19 Қаңтар, 2019 Әлеумет

Көпбалалы ана: Жерге түсіңіз, Әбілқасымова ханым!

Байлығы тасып тұрған мемлекетіме мен, көпбалалы ана 841 112 теңге қарызбын.

2019 жылдың 15 қаңтарында ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова Total.kz тілшісіне берген сұхбатында Қазақстандағы көпбалалы ата-аналардың алып жүрген жәрдемақысын «өте көп» деген еді.

Айтуынша, қазақстандық аналар мемлекет бюджетінен миллиондаған ақша алады екен. Министрдің айтқанына шамданбаған, ашуға мінбеген халық жоқ, бәрі дерлік өре түрегелді. Олар  министрге реніштерін білдіріп, алып жатқан жәрдемақыларының мөлшерін мысалға келтіріді. Әлеуметтік желі қолданушысы 5 баланың анасы Ақмарал Басирова 2009 жылдан бері мемлекеттің берген жәрдемақысын тәптіштеп санап, соның бәрін министрдің өзіне қайтармақ. Ақмарал Басированың Facebook-тегі жазбасы төмендегідей:

«Көпбалалы ана ретінде мынаны айтайын: әлгі Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Әбілқасымова қатты қателесіп отыр немесе өзге ғаламшарда өмір сүретін секілді ме?! Қолына билік тиіп, көкте самғап жүр-ау шамасы. Тіпті өз еліндегі көпбалалы ата-аналардың қалай, қандай жағдайда өмір сүретінін білмейді де. Жерге түсіңіз, Әбілқасымова ханым!

Ондай отбасыларға мемлекет қалай қамқорлық жасап жатқанын жақсы білемін.

5 баланы дүниеге әкеліп, өсіріп отырған мен 10 000 тгеңге алатынмын. Яғни, әр балама шаққанда 2000 теңге.

2018 жылдың шілдесінде жәрдемақыны алып тастапты, жеке компаниям барын көрген болу керек.

Алайда бұған қабақ шытқан мен жоқ. 10 000 теңге алып, байып кеткен жоқпын немесе алмай кедейленіп кетпедім. Алайда тіпті бір нан мен сүтке ақша таппай қалған сәттер болушы еді, ондайда мемлекеттің берген тиын-тебені көмектесетін. Жарайды, бізді қойшы, ауыл аймақтардағы көп балалы аналардың хәлі не болып жатыр? Бұл сұрақ Мәдина Әбілқасымованы тым болмағанда бір рет алаңдатты ма екен? Олардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқандарын өз басым жақсы білемін. Әбілқасымова ханым, менімен бірге ауыл мен аудандарды аралап шығуға қалай қарайсыз? Көзіңізді ашайын!

Тек «тусаңдар, өздерің үшін, мемлекет сендерге міндетті емес» деп айтудың қажеті жоқ. Ал егер сол көпбалалы отбасынан шыққан бір балақай чемпион болып, қазақтың атын шығарса, айналып-толғанып кетесіңдер ғой.

«Бұл біздің Қазақстанның азаматы! Жарайсың!» деген құр мақтаудан ауыздарыңыз босамай жатады.

Құдды бір мемлекетімізге жеңіс сыйлаған балаға өздеріңіз қораптап алтын бергендей... Сыйламайсыздар, әсіресе, аналарды құрметтемейсіздер! Сіздер көпбалалы аналарға «туып алып, баласын баға алмай отырған бір бейбақ» деп қарайсыздар.

Ұят! Масқара!» - деп жазған ана келесі күні-ақ мемлекеттен алған жәрдемақы көлемін шығарып берді. Мақсаты – соның бәрін мемлекетке қайтарып беру!

«2009 жылы дүниеге төртінші балам – Сұлтан келді де, мен көпбалалы ана атанып шыға келдім.

Сол сәттен бастап ай сайын жәрдемақы алып тұрдым. Әр айдың 5-і карточкама ақша түсетін.

2011 жылы дүниеге Кәусар атты тәтті қыз алып келдім.

Ал енді 2009 жылдан бастап мемлекеттен алған жәрдемақы мөлшерін санап берейін сіздерге.

2009 жылы төрт балам үшін – 5472 тг = жылына 60 660 тг;

2010 жылы – 5940 тг = 66 132 тг;

2011 жылы бес балам үшін – 6006 тг = 72 072 тг;

2012 жылы – 6428 тг = 77 136 тг;

2013 жылы – 6876 = 82 512 тг;

2014 жылы – 8246 тг = 98 952 тг;

2015 жылы – 8705 тг = 104 460 тг;

2016 жылы – 8824 тг = 105 888 тг;

2017 жылы – 9440 тг = 113 280 тг;

2018 жылы – 10 005 тг = маусымнан бастап тоқтағанына байланысты жалпы 60 030 тг алыппын.

Сонымен байлығы тасып тұрған мемлекетіме мен, көпбалалы ана 841 112 теңге қарызбын. Әрі сол қарызды Мәдина Әбілқасымоваға қайтарып беретінімді ашық түрде және мақтанышпен мәлімдеймін. Ол 1 000 000 тг айлығын аздық ететін секілді».

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір