• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Қараша, 04:47:42
Алматы
+12°

01 Сәуір, 2014 NEWS

Бұл жер қазаққа толмаса, басқаға толады

Мақсат Ерболат : -  Тағы бір сұрак, қазақ көші туралы не айтасыз? Елімізде өз қандастарымыздын азаматтық алу қиын, ал сырттан келген спортшылардың азаматтық алу оңай,тіпті оны өз басшыларымыз артынан жүгіріп жүріп алып береді. Қазір мұны спорт жане туризм агенттігі азаматтық алып беруде қарқынды жұмыс жасап жүр!

- Қазақ көші қаңтарылып тұрғаны рас. Және бұл өте дұрыс емес деп есептеймін. Бұл жер қазаққа толмаса, басқаға толады. Осыны қаперге мықтап түйіп алып, шеттегі қазақты атамекенге оралтпай, ісіміз оңалмайын деп тұр. Халықтың көптігі көптеген оң өзгерістер әкелер еді.

Біріншіден, айбынымыз артады.

Екіншіден, бәсекелестік пайда болып, қоғамның әр саласында  халықтың белсенділігі күшейеді. Бәсеке күшейген жерде сапа пайда болады, т.т.

Мен жақында көші-қон полициясына арнайы барып, шеттен келген қандастарымның қандай жағдайда душар болатын өз көзіммен көрдім. Орыс тілін білмейтін қазақтардың құжаттарын қабылдап отырған мамандар шүлдірлеп, жекіп, оның үстіне өте мәдениетсіз сөйлеседі екен. Тіпті адам деп есептемейді. Соған көзім жетті. Қатты ызаландым. Жатқан да қатқан бюрократия! Ана қағазды әкел, мына қағазды апар, ары тұр, бері тұр, келе берме, пәлен-түген деген қожаңдаған қызметкерлерді көріп-естіп тұрып, осы елдің азаматы бола тұра қатты қорландым және сұмдық ұялдым.

Оу, Атамекеніне өз күшімен келіп жатқан бауырыңды құшақ жая қарсы алып, кері қайтып кетпесін деп барын салып, бәрін істеу керек қой! Демек сондай органдарда ұлтқа жаны ашымайтын, тіпті мемлекетіміздің алдында тұрған қауіп-қатерден бейхабар, стратегиялық ойлау қабілеті жоқ басшылар отыр деген сөз! Мен тіпті, шеттен келген қазақтың құжатын дер кезінде жасап бермей, керісінше кедергі келтіретін мұндай қызметкерлерді Отанына опасыздық жасап отырған адам деп білемін.

Оралман : -  “Оралман” сіздің кіміңіз?

- Менде оралман деген ұғым жоқ. Менде бауырым деген ғана түсінік бар.

Брат:  -  Әбеке қалайсыз? Бәрі жақсы, үй-іші қалай, аман-есен бе?

- Құдайға шүкір, бауырым, жаман емеспіз! Өзің де аман жүр!

Қазақ елі ұланы: -   Ақберен аға, соңғы уақытта журналистикамен айналысып жүрсіз. Бұл ісіңіздің поэзияңызға салқыны тиіп жүрген жоқ па? Себебі, әдебиет ұзақ ойланыс-толғаныстың жемісі болса, журналистика күнделікті күйбең тіршіліктен арыла алмайтын нәрсе ғой.

- Біріншіден, мен журналист емеспін. Және бұлай айтуға да хақым жоқ. Нағыз журналист болатын менде қабілет те, тәжірибе де жоқ. Менің бар тындырған шаруам – ол Ұлт.kz сайтын ашып, мәселе көтеретін азаматтарға сапалы алаң жасап беру ғана болды. Ал, енді сайттарда, әлеуметтік желілердегі пікір білдіріп жатсам, оны публицистика деп атауға болатын шығар. Ал, шығармашылыққа салқын тиетіндей, мен күні-түні мақала жазып, кодировка, монтаж жасап жатқам жоқ.

Асқар: -  бүгін Елбасы егемендігімізді ешкімге бермейміз деген мәлімдеме жасады. Мұның астарында не жатуы мүмкін? Шынымды айтсам, елбасының мұндай тосын мәлімдемелерінен қорқатын болдым. Ақпанда «Қазақ елі» дегенді шығарып, артынша девальвацияны бұрқ еткізді… Сол секілді қайталанып жүрмес па екен?

- Елбасы «тәуелсіздігіміздің бір түйірін де ешкімге бермейміз» деп айтпағанда, кім айту керек?! Бәріміз айтамыз ғой. Бірақ елдің басшысының мұндай сөзі сыртқа сес, жауға айбар боп қабылданады. «Қазақ елі» деген атауды да қабылдаймыз дегені де жаман сөз деп айтуға келмес. Бәріміз балаша қуанғанымыз есімізде шығар. Артынан не болғаны, ол басқа мәселе. Саясат деген сан қатпарлы, калейдоскоп секілді дүние ғой. Бір шешімнің бір зияны болары заңды, ең бастысы он пайдасы болса, болғаны... Не жасалса да, Жаратқан қайырын берсін деп тілек тілеуден жаңылмасақ деймін.

Еркебұлан Толқын: -  Ассалаумағалейкум, Ақберен аға! Сізге қояр сауалым: қазіргі жастар саясаты хақында не айтарыңыз бар? Жастар ауылдан жаппай ауып жатыр. Не жұмыс жоқ, не ауылдың жағдайы мәз емес. Неге бір кездері гүлденіп тұрған алтын бесігімізді “қаңыратып” алдық? Сіздің осы салада да біраз айтар ұсыныстарыңыз бен қосар үлестеріңіз бар екенін білем. Әлде біздің билікте өзіңіз айтқандай, жастар саясатының философиясын ұғынатындай жан қалмады ма? Қазақ елінің білім беру жүйесіндегі мәселелер де шаш етектен. Қуатты Қазақстан құру үшін де сапалы білім қажет емес пе? Сапалы білім қазіргі таңда қағаз бетінде ғана. Шын мәнінде бес ешкіні айдап, ысқырықтары жер жарып тұр.

- Еркебұлан,  жастар саясаты жөнінде әңгіме қозғасақ, бұл сұрағына жауапты оқырман екі күн оқиды. Сондықтан қысқаша айтқанда, ең алдымен жастардың проблемасын нақтылап анықтап алып, соған қатысты нақты шешімдер қабылданбайынша, ештеңе өнбейді. Екі рет заң жобасының қайтарылуынан жастармен жұмыс жасап отырған құзырлы органдар шын мәнінде жастар арасындағы проблемаларды білмейді, білсе де, оларды шешудің жолдарын нақтылай алмай жатқандығы білініп қалды. Әрине, оған көптеген факторлар әсер етеді. Жастар саясатымен тек бір ғана министрлік немесе комитет емес, барлық мемлекеттік органдар айналысу керек. Себебі, жастың өмірі барлық салаға қатысы бар. Жас адамның білім алуынан бастап, оның денсаулығы, құқығы, жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етілуі, бизнеспен айналысуы тағысын тағы толып жатқан мәселелер қамтылуы тиіс. Жастар саясатының табысты нәтижелері тек флэшмоб, акциялар, шуылдақ форумдарда ғана емес, ең алдымен, әлеуметтік мәселелерде, күнделікті өмірде көрініс табуы тиіс.

Мен Ерлан Жүністі қазақ поэзиясының үлкен олжасы деп білемін

Аскар: -   Ерлан Жүністің шығармашылығы туралы ойыңыз қандай? Сіз Ерланды “көре” алмайды деп естіп қаламыз.

- Бұл Ерлан екеуміздің достығымыз, ерекше қарым-қатынасымыз жайлы білмеген адамның әңгімесі немесе сол үлкен достықты «көре алмай» жүрген мысықтілеу ағайынның өзі секілді таратып жүрген сасық әңгімесі деп ойлаймын. Мен Ерлан Жүністі қазақ поэзиясының үлкен олжасы деп білемін. 2000-шы жылдардың басында келген үркердей буынның ішінде Ерланның жұлдызы алабөтен жарқырады, аяқ алысы көбінен ерек болды, қолтаңбасы ерте қалыптасқан еді. Ерланды мен мақтағаннан оған келіп кетері жоқ, мен онымен мақтанамын деп айтқым келеді. Себебі, ол тек менің әдебиеттегі және өмірдегі досым әрі інім ғана емес, ол менің рухани сыңарым. Ешкім білмейтін сырымды Ерлан ғана біледі. Оның ешкім білмейтін сырын мен ғана білемін. Оның анасы - менің анам, менің анам – оның анасы. Бізді бөлетін бір ғана дүние бар – ол поэзиядағы бағытымыз, дүние құбылыстарын көре алатын айырмашылықтарымыз ғана. Басқа бөліп аларымыз жоқ.

Болашақ: -  Ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азаматтар мынау деп кімдерді атай аласыз? Ұлтшылдардың билікке жетуі мүмкін бе?

- Екінші сұрақтан бастайын. Ең алдымен, ұлтшылдар дегеніміз аспаннан салбырап түскен азаматтар емес, олар осы елдің отаншыл оғландары, осы елдің сайдың тасындай сапта жүрген сарбаздары. Олар билікке келуі мүмкін бе деген сұрақтың өзі қызық оқылады екен. Әсілінде, қоғамдағы белгілі бір күштер емес, қашанда биліктің өзі ұлтшыл болу керек деп есептеймін. Өз ұлтына жаны ашымаған мемлекет кімнің мемлекеті? Ел тізгінін ұстайтын азаматтар жетерлік. Бірсыпырасы қоғамда белсенділік танытып жүр, билікте қызмет етіп жүргендер де бар.

Дәнішпан: -  5 жылдан кейінгі Ақберенның армандған Қазақстаны….

-Қазақтың еңсесі көтерілген, қазақпен қоса даланың еңсесі көтерілген Қазақ Елі...

Абай: -  Бүгінгі қазақ поэзиясы жайлы не айтасыз? Кешегіден алары қайсы? асқаны қайсы?

- Қазақ поэзиясы әрі дамыды әрі тоқырады. Дамығаны – жаңа ой, тың теңеу келді. Тоқырағаны – тіл жұтаңдады. Поэзия – замандар жарысы емес, әр кезеңнің ойлар жиынтығы.

Алматы азаматы: - Біз сұхбатыңызда «Поэзия қоғамдық проблемаларды көтеруге міндетті емес» деген екенсіз. Сонда журналистикаға поэзия тілімен айта алмаған мәселелерді айтуға келдіңіз бе? әлде нарық заманы ғой, не десек те, нәпақыны өлең емес, журналистікпен табу үшін келдіңіз бе журналистикаға?

- Мен әлі де сол ойдамын. Азаматтық лирика деген бағыт бар. Бірақ ол күнделікті оқиғаларды лента қылып жаза беру деген сөз емес. Ал, нәпақаны журналистикадан тауып жүргенім жоқ. Жұмыс істеймін деген адамға Алла Өзі мүмкіндіктер ашып береді.

Жармахан: -   Өзіңізге қайсы жақынырақ, поэзия немесе журналистика?

- Поэзия.

Жазира: -   Сынға қалай қарайсыз? кейбір ақындар сын естісе, шарт сынып жатады. ал, сіз ше?

- Әділ сынды қабылдаймын, әділетсіз сын болса, нәресте-өлеңімді өлердей қорғаймын.

Алаңға шығып, елді бүлікке итермелеу – саясат емес 

Қыр баласы: -   Сіз саясатқа келдім деп мәлімдей аласыз ба? Келмесеңіз, келем деген ойыңыз бар ма? Сіздің жазғандарыңызды оқып жүріп, сіздей адамның саясатқа араласқанын қалар едім. Қазаққа тұлғалар жетіспей жатыр.

- Мен үшін қазақ тілінде сөйлеу – саясат. Мен үшін қазақтың болашағына алаңдау – саясат. Мен үшін елге пайдамды тигізу – саясат. Тіпті, басқа ұлт жазбаған өлеңді жазу – саясат.

Саясат деген арыз жазып жұмысқа тұрып, саясаттан кеттім деп арыз жазып кете салатын қызмет емес қой. Сосын өкінішке орай, біраз жігіттер пикет, митингтерге барып, айқай салып, шулап жатуды саясат деп біледі екен. Әсте олай емес. Алаңға шығып, елді бүлікке итермелеу – саясат емес. Саясат деген менің ұғымымда – халқына қалтқысыз қызмет ету: білімің болса бөлісу, тәжірибең болса үйрету, байқағаның болса, жасырмай айту. Қалай болған күнде де әр қимылың, әр сөзің ұлтыңның дамуына оң әсерін тигізсе - саясат деген сол. Ол партия құрып, алаулатып-жалаулатып, қиратып-бүлдіру емес. Және ең бастысы билікке ұмтылу емес. Ең бастысы халықтың тілеуін тілеу, өзіңнің салаңда сапалы қызмет қылу, керек кезде Отаныңды қорғау. Болды.

Сырым: -  Біреуге қиянат жасап көрдіңіз бе?

- Күнәсіз, кінәсіз адам болмайды. Өзім білмейтін талай қиянатым бар шығар, оны солай қабылдаған сол адам мен Алла ғана біледі. Кейде көңіл-күйдің әсерімен айтып қалған ауыр сөз, кейде жақсы болсын деп зиян жасап қойған іс, оның бәрі адам өзінің еркінен тыс жасайды. Ал, жалпы ешкімнің ала жібін аттап, зиян тигізгім келмейді, себебі, Құдайдан қорқам. Адамнан жасырғанды Алладан жасыра алмайсың.

Мадина: -   Қазақтың жас буыны ретінде айтыңызшы: Бүгінгі биліктің тарих бетінен өшіре алмас “қара таңбасы” қайсы? Құдай назар салса алдағы 5-10 жылда жіберген қателіктерін түзете ала ма? Қандай қателіктерін мысалы….

- Мемлекет те адам сияқты, қателіктерін түземесе, деградацияға ұшырай береді. Басында білмеуі мүмкін, бірақ оның салдары бәрібір шығады. Менің ойымша, алдағы 5-10 жылда қазақтың көшін қайта жандандырып, барша қазақты бір шаңырақтың астына жинаса, Алла да риза, Алаш та риза болар еді деп ойлаймын. Қалған қателіктер көш жүре түзеле береді.

Бұқар: -   Тоқтарәлі Таңжарық қазақ поэзиясына құбылыс болып келді дегенге қалай қарайсыз?

- Кім айтса да, келісем. Біздің жігіттердің ішінде осалы жоқ.

Бекең: -   Дінге қалай қарайсың,  қарағым? Баяғыда өзіңді тәңіршіл деп жүретін біраз жұрт. Кейін исламға бет бұрды деп естідік…

- Мені Тәңіршіл деп айтатынын білемін. Тіпті, осындай адасудың арқасында бір арнайы репортаж да түсіріліп, мені «қоғамды апатқа апара жатыр» деп те айыптаған. Енді неше түрлі жағдайлар бола беретін өмір емес пе! Оған себеп – менің өлеңдерімдегі ең жиі кездесетін сөз – «Тәңір» сөзі. Ол қазақтың сөзі, ол Абайдың сөзі. Соған қарағанда «Алла» деген сөз де кездесетінін ешкім көп байқай бермейтін болу керек. Ал, өзім әлхамдулиллах мұсылманмын. Бірақ қазақы мұсылманмын. Ата-бабам ұстанған жолдағы мұсылманмын.

Дара: -  1. Қазақстанның болашағын қазіргі жүйемен қалай елестетесіз?

Менің арманымдағы Қазақ Елі әр қазаққа ұнайды деп ойлаймын. Себебі, ол әр қазақтың арманы. Ол дамыған, гүлденген, қазақ тілі шын мәнінде мемлекеттің тілі болған, көршілерінен тәуелсіз, жемқорлығы жойылмаса да азайған, қоғамда рухани құндылықтар салтанат құрған Қазақ елі.

2. Өзіңізге сенімді адал достарыңыз бар ма?

Аллаға шүкір, бар.

3. Қазақстандық ұлт идеясы көтерілгені баршамызға мәлім, сол қазақстандықтар мекен еткен елдің қатынас тілі орыс тілі екені анық. енді Американы ағылшындар отарлап алды, атын өзгертті, сол жерді мекен еткен ұлтты жойды деуге болады. қазақстандық ұлт деген осы саясаттың русский көрінісі емес пе?

Қазақты қазақ қылмау, украинды украин қылмау, барлық ұлтты орыстандыру деген зымияндық – жалпы орыс халқына топырақ шашпайық, Путиндік Ресейдің саясаты екені рас. Ол тіпті, Құдай мына қазақтарды бекер қазақ қып жаратыпты, оларға арнайы тіл сыйлапты, осы негізі қате болды деп ойлайтын сияқты. Алайда, Құдайдан күшті кім бар? Бәрібір қазақ тілі жасайды, қазақ ұлты өркендейді, Алашымыз әлі Еуразия кеңістігінде байрағы сенімді желбіреген супермемлекет болады. Мен соған сенемін. Және осыған қасық қаным қалғанша қызмет етемін.

4. М. Шаханов бір кезде тамаша ақын еді, бірақ ол мықты саясаткер бола алмағаны ащы болса да шындық. сізді де саясат сахынасынан көп көріп жүрміз, шығармашылығыңыз шетке ысырылып қалмай ма, қазірдің өзінде ақын Ақбереннің сайты жабық?

- Мұхтар ағамыз қазақтың жоғын жоқтап, қасқайып шындықты айтқан батыр ағаларымыздың бірі. Ол кісінің қоғамдағы ұлтшылдық сананың қалыптасуына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Мұхтар ағаның ұлт үшін жасаған еңбегі де, поэзиядағы орны да тарихта қалатыны шүбәсіз. Ал, мен саясатпен жырғап айналысып жүргенім жоқ. Сондықтан өлеңді келген уақытында әдемілеп күтіп алып, қонақ қылып, үйіме түсіріп ап жүрмін. Сайтымның жабылып қалғаны – өзімнің немқұрайдылығымнан болды. Доменнің ақшасын төлей салуға мойыным жар бермей жүр. Оның үстіне интернетте өлеңдерім бар.

5. “Абай жолында” замананың тезімен көп бұрмаланушылық орын алған, тіпті Абайды дінсіз етіпте көрсеткен жерлері бар, тек соңында Әбдірахман қатты ауырғанда ғана құдайшыл бола қалады, бұл ұлы ақынның бейнесіне көлеңке түсіретіні анық, Абай жайлы тың деректермен тәулесіз елдің жазушысының тілімен қайта жазуға қалай қарайсыз?

- Мұхтар Әуезов қазаққа Абайды таныстырып, табыстап кеткені үшін біз шексіз риза болуымыз керек. Ол кезде заман басқа болды. Ұлы суреткер солай жазуға мәжбүр болды. Ал, Абайдың Құдайшылдығы өлеңдерінде тұр емес пе. Тіпті, Абайдай Құдайды таныған қазақ, әй, адам баласы жоқ-ау әлі...

Мен ондай үлкен жауапкершілікті ала алам деп айта алмаймын. Ол үшін кем дегенде Мұхтар Әуезовтың жарты таланты мен еңбекқорлығы болу керек бойымда.

6. Егер сізді бір үлкен мемлекеттік мекемеге басшы етіп тағйындаса алғашқы әрекетті неден бастар едіңіз?

- Тәртіптен, жемқорлықпен күресуден, стратегиялық жоспарлаудан, жоспардың іске асырылуын қадағалаудан.

Асқар: -   Сізге Ербол Бейілхан хат жазыпты, Сіз жауап бердіңіз бе? Әлде мен жіберіп алдым ба екен?

- Мен Ерекеңнен: «бұл айтыс па?» деп сұрадым. Ол жоқ бұл жалпы ұлтқа тасталған үндеу деді. Біріншіден, мен айтыса алмаймын, екіншіден ол өлеңге жауап беру – қисынсыз шаруа деп таптық.

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір