• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Қараша, 04:42:12
Алматы
+12°

03 Сәуір, 2014 NEWS

"Мәңгілік" Мәсімов. Жұрт не дейді? (сауалнама)

Бүгін айдың-күннің аманында бұрынғы  үкімет басшысы  Серік Ахметов отставкаға кетті. Елбасы оның өтінішін  қабылдап, лауазымынан  босатты.  Аз ба, көп пе,...

Бүгін айдың-күннің аманында бұрынғы  үкімет басшысы  Серік Ахметов отставкаға кетті. Елбасы оның өтінішін  қабылдап, лауазымынан  босатты.  Аз ба, көп пе, Серік Ахметов 1 жыл 7 ай (ол 2012 жылы 24 қыркүйекте Прмеьер-министрлікке тағайындалған болатын) ҚР Үкіметін басқарды.  Өз кезеңіне «Үндемейтін үкімет»  деген атақ  алып, еш жаманатын шығармай биліктен кетті. Іле-шала ҚР Премьер-министрі  лауазымына Кәрім  Мәсімовтың кандидатурасы ұсынылып, халық қалаулылары бір  ауыздан қолдап, премьерлік орынтақтың иегерін таңдап тастады. Мәсімов  бұған дейін 5 жыл бойы (2007 — 2012) ел үкіметін  басқарған-тын. Тәжірибесі мол демесек,  Кәрімов кезеңінде  елең еткізерлік ештеңе есте қала  қоймапты.  Десек те, биліктегі ауыс-түйіске азаматтық белсенділер әр түрлі пікірде. 

Әміржан Қосанов, тәуелсіз саясаткер :

Шешім қабылдайтын Үкімет емес Президент

 - Еуразиялық Одақ, Қазақ көші, ұлттық мәселелер біздің елде Үкіметтің емес, Ақорданың, нақтылап айтсақ, президенттің құзырындағы мәселелер. Сондықтан да, бір премьер кетіп, екіншісі келген соң дәл осы маңызды проблемаларға деген мемлекеттің көзқарасы өзгере салады дегенге мен сенбеймін! Әрине, атқарушы орган ретінде Үкімет белгілі бір бастамалар көтеріп, не болмаса бір ұсыныстарға қарсы пікірін білдіруі мүмкін. Онда да ол ойларын Үкімет баршаға жария етпей, жұмыс жағдайында ғана айта алады. Бірақ қайткенмен де соңғы шешімді қабылдайтын Үкімет емес, президенттің өзі.

Дәурен Бабамұрат, саясаттанушы: 

Өз басым әрине жаңа адамның болғанын қалар едім

-  Үкімет басы қай замандада тек қана тактикалық сұрақтарға жауап берген. Тәуелсіз Қазақстанда, ал негізгі стратегиялық дүниелерді Елбасы ешқашан өз уысынан шығарған емес. Осы жолы да солай болады деп сенемін. Сыртқы саясат тек қана Елбасының құзырында бар және болады. Ал Мәсімов мырзаның келуіне байланысты айтарым, өз басым әрине жаңа адамның болғанын қалар едім. Мәсімовтың өткен үкімет басшылығында біз ап-аз уақытта Кедендік Одақтың ортасынан шыға келдік, осы жолы енді Еуразиялық одаққа оңай кіретін болдық. Бұл кісінің аталмыш одақтар аясында Ресеймен жақындықты қатты ұнататыны сырт көзге айтпасада белгілі. Ар Ресей болса күні кеше ғана әлемнің барлық орыстарын қорғаймыз деп мәлімдеме жасады. Сондықтан ұлттық мәселенің мәселесі түсінікті шығар.

Жанболат Мамай, журналист- :

Халық арасында мемлекет басқаруға лайық азаматтар көп!

-          Халық арасында мемлекет басқаруға лайық азаматтар көп! Бірақ Ақорда үшін шенеунік қызметіне тағайындаудың бір ғана критериийі бар: Елбасыға  жақындық.  Бұған мойынұсынбайтын, көнбейтін азаматтар мемлекеттік биліктен аластатылды. Дені дұрыс, өркениетті елде "бұл басшының орнына кім келеді?"деген сұрақ елдің басында да болмайды. Тек қана тоталитарлы, артта калған, дамымаған елдің халқы ғана Сталин мен Ким Чен Ир өлгенде өкіріп тұрып жылайды. Ал,  енді елімізді мәңгілік президенті мен мәңгілік көмекшісі- премьері бар елдің қайсына жатқызамыз?

Мұқан Керей:

Мәселе кімнің премьер-министр болуында емес

- Мәселе кімнің премьер-министр болуында емес. Бізде президенттік басқару жүйесі. Сондықтан Кедендік одақ, Еуразиялық одақ мәселесі ең алдымен Президенттің қалай шешім қабылдауына байланысты. Ал, одан кейін Ресейдің позициясына тәуелді. Мәсімов үкімет басшысы ретінде тапсырмадарды орындап, Экспоға дайындық, индустриялды-инновацияладың орындалуы секілді экономикалық мәселелер жөнінде күш салады. Ал, қазақ тілі, мәдениет, руханият сол бұрынғы деңгейімен қала бермек Ал, қазақ көші де Мәсімовке тәуелді емес. Қазақ көші Президенттің қалай қадам жасайтынына, одан кейін қазақ қоғамының талап қойып, шеттегі қазақтарды елге шақырту үрдісін жалғастыртуына байланысты.

Қоғам белсенділерінің пікірі осындай, Ал, сіз не дейсіз, құрметті оқырман?!

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір