• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Қараша, 04:47:07
Алматы
+12°

04 Сәуір, 2014 NEWS

Тоқтарәлі Таңжарық: Интернет-конференция (ІІ жауап)

Сұрақ: Тоқтарәлі аға, сізде алдыға қойған мақсаттарыңыз болды ма? Сіз оған жеттіңіз бе? Мақсатқа қалай жетуге болады? Қазіргі мақсатыңыз қандай? Мақсат пен...

Сұрақ: Тоқтарәлі аға, сізде алдыға қойған мақсаттарыңыз болды ма? Сіз оған жеттіңіз бе? Мақсатқа қалай жетуге болады? Қазіргі мақсатыңыз қандай? Мақсат пен арманның айырмашылығын қалай түсінесіз? (Замира).

Жауап: Мен бала жасымнан қиялшыл едім, топ баланың ортасында жүргеннен гөрі, өзіммен өзім «әңгімелесіп», жеке ойнағанды жақсы көретінмін. Сол ғадетім әлі бар. Көшелерде жалғыз, жаяу жүргенді ұнатамын. Бала кезімде Отырар туралы, ондағы өртелген кітаптар хақында жиі армандайтынмын. Әйтеуір бір күні сол кітапхананы өзім тауып алатындай көрінетінмін. Тіпті, сізге өтірік, маған шын, құм астындағы кітапхана түсіме де енетін. Есейе келе, ол орындалмас арман екенін ұқтым. Соның кегін алу үшін кітап жинаймын дедім. Қазір азын-аулақ кітапханам бар, бірақ тым жұтаң. Көңілім толмайды. Алматының бұрыш-бұрышына көшіп-қонып жүріп, жинағаныңды да жоғалтып аласың. Әрі, кітаптай ауыр, кітаптай салмақты не бар?.. Бұрын кітаптың көп болуы маңызды еді, қазір көп оқудан гөрі, нені оқу, қалай оқу, қай уақытта оқу маңызды секілді. Электронды кітаптар шықты, іздегеніңді табуға мүмкіндік мол. Дейтұрғанмен, Борхес секілді ұлы мұхиттардың кітап туралы ойларын оқығанда, өзіміздің қайда жүргенімізге таңырқай қараймыз. Ал мақсаттарым көп еді, соның көбіне жете алғам жоқ, жете алмайтын да шығармын. Бірақ жете алмайды екем деп, орта жолдан қайтуға болмайды. Құмырсқаның Меккеге сапарын оқыған шығарсыз. Орындалмаса да, шын ниеттің түзулігі ең бірінші орында.

Мақсатқа жету үшін Абайдың қара сөздерін күн аралатып оқып тұрған дұрыс шығар. Өзіңді сынағың келсе, Абайды оқы. Өзіңе өзің есеп бер. Біздің бір қателігіміз есепсіз, жоспарсыз, жүйесіз өмір сүруге дағдыланғанымыз. Содан арылудың қамын күнделікті ойлау, жоспарсыз жұмыс істемеу ләзім-ақ, қолдан келсе.

Мақсат – айқын меже, нақтылы жоспар, арман – сол межеге бастар жол. Арманның бәрі ұстатпас, бірақ мақстақа жетуге мүмкіндік мол. Ұлы мақсаттардың ұлы қиындығы боларын да ұмытпаған жөн.

Сұрақ:  Белесіңіз белестерге ұласа берсін Тоқтаралі аға! Өткен замандарда жыраулармен ақындар елдің тұтастай тағдырына араласып отырған, Үмбетей, Сыпра, Қазтуған, Ақтамберді жыраулар солардың айғағы. Бүгінгі таңда жырдың құдыреті қандай деп санайсыз? Көмейіңізге келген сөздің бәрін толық жазып жүрсізбе, әлде іркілетін тұстарыңыз барма?  (Ақбура).

– Пікіріңе рахмет, Ақбура. Ең бірінші қазір өткен заман емес. Әр заманның өзіндік поэтикалық ұстындары болады. Қазір Сыпыра, Қазтуған, Ақтамберділердің көсіліп, ханға тіке қойған сұрағын журналистика атқаруға тиіс. Ал ақындар өздерінің ойларын мақалалары мен сұхбаттарында айтып та, жазып та жүр. Қазіргі жырдың бағыты, көтерер жүгі мүлдем басқа. Іштегіні, түйсіктегіні, болмыстағыны ақтара білу, болмыстың тілін шығара білуі қажет деп ойлаймын. Ашық, айқын тақырыптар онсызда айтылады, жазылады. Көмейге келген сөзі айту – парыз. Бірақ оны да екшеп, елеп, орнымен, мәдениетімен, елдің нәпсісін оятпайтындай, намысын қорламайтындай айтқанға не жетсін. Ауыз өзімдікі екен деп, жел сөздің бәрін сапыра берсең, не дуа қалады? «Іріген ауыздан шіріген сөз шығарын» ұмытпаған мақұл.

Сұрақ: Ұлы ақындардың бәрі де өлеңін табиғатпен байланыстырады, сөйте тұра адамзатты жырлайды, сіздің табиғатпен байланысыңыз қандай, өлең күннен көп туама? әлде қараңғы түннен көп туама? (Шүкіман)

Жауап: Өзім қатты қадірлейтін Еркін Шүкіман ағамда сіздің сұрағыңызды қолдапты. Пейілдеріңізге рахмет. Табиғатты жырлау, сұлулығына тамсану, тылсымдарына  үңілу – өзіңді, Жаратушыны, ғаламды танудың кілті. Бірақ құрғақ суреттеуден пайда аз, көркем образдардың қат-қабат қатпарында «Біз кімбіз?» деген сұраққа жауап берерлік тығыршық болғаны жөн. Әйтпес, көктемнің көктем, жаздың жаз екенін, қыста қардың жауатынын, ағаштың жапырағы күзде түсетінін ақындарсыз да бәрі біледі... Өлең толғағы келген кезде уақыт таңдамайды. Толғағы келмеген өлеңнің шалалығы үшін ұялатын кезіміз көп...

– Өлеңдеріңіз қанша тілге аударылды? (Жанар)

Жауап: Толықтай, кітап болып аударылғаны осы. 2011 жылы Түркияда өткен «Хазар ақшамдары» атты түркі дүниесінің ақындары бас қосқан фестивальге барғанмын. Сол кезде белгілі аудармашы, сыйлас досым Мәлік Отарбаев 5-6 жырымды түрік тіліне аударды. Әзірбайжан тіліне де бірер жырым тәржімаланған. Бүгінгі поэзияның өкілі, қазақ өлеңінің көкжиегін өзге мәнерде көретін ағам Жүкел Хамай бірер жырымды моңғолша сөйлетті. Бәріне рахметтен басқа айтарым жоқ.

Сұрақ: Бүгінгі күннің жыры ұшқары ақындарының бірі ретінде жастардың әдебиетке деген көзқарасын қалай бағалайсыз? Өлеңді жатқа оқып, ізденіп кітап ақтаратындардың қатары азайып кеткені рас қой. (Дастан).

Жауап: Кітап оқылмайды дегенге келіспеймін. Әдетте осы біз Еуропада поэзия оқылмайды екен, кітап сатылмайды екен дегенді көп айтамыз. Мүлдем қате пікір. Миллиондаған таралыммен кітаптары жарық көретін жазушылар көп. Ал біздеде кітап оқитын орта бар. Тек кітап таралымы, насихаты, саудасы жолға қойылмаған. Сол жағын реттеп, кітаптың қолжетімділігін арттырып, сосын «неге оқымайсың?» десек, жарасады. Тағы бір айтарым, өлеңді бәрі оқуға міндетті емес!

Сұрақ:Ақындардың бақыты деген не сіздің ойыңызша? Оқырман сізге көбірек керек болғанда ма әлде сіз оқырманға көбірек керек болғанда ма? (Айжамал)

– Ақындардың бақыты деп бөлектеуге болмас. Қарапайым адамның бақыты қандай болса, ақындардың бақыты да сондай. Ал қуанышым мен жұбанышы сәл өзге болса болар... Оқырманы көптің де, оқырманы жоқтың да өзіндік шешілмеген қиындығы бар. Сауатты, саналы оқырман болмайынша, жел кеулетіп, елдің мақтауына масаттану... маған қажетсіз. Бұрын бәрі оқыса екен дедік, енді өз кайфіміз өзімізде. Егер менің бір жырым, тым құрыса өлеңдегі бір жолым, бір сөзім әлдебір оқырманның арғы танымына ши жүгіртсе, онда менің қуанышым сол.

(жалғасы бар)

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір