• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Қараша, 04:21:57
Алматы
+12°

 Туған жерге бармағалы 13 жыл өтіпті

Сұрақ: Біреу сізге көбірек ақша ұсынып, билікті мақтап жаз десе, қандай шешім қабылдайсыз? (Жай қазақ)

Жауап: Қазақ билігі – қазақтың жауы деп тұжыруға болмайды және билік өтпелі екенін ұмытпаған жөн. Мақтар, қолдар тұсы болса, неге жазбасқа? Тәуелсіздіктің қадірін халыққа теерңірек сезіндіру үшін толғамды мақалалар жазғанның айыбы жоқ. Билікті мақтағанның бәрі – батыр емес, жақтағанның бәрі – жағымпаз емес. Кемшілігін айту – тағы да биліктің жауы дегенді білдірмейді. Өзінің ұстанымы болмаған адамнан қорыққан жөн. Бүгінгі биліктің қазақ танымына, оның Тәуелсіздігіне қиғаш әрекеттерін батыл түрде айту, жазу журналистік те, азаматтық та міндетіміз. Бірақ ниеттің түзулігі керек. Жалған атақ, арзан абырой үшін айтқан сөз де не дауа болсын. Бірақ өлеңді, асыл сөзді мадаққа, одаға қор қылуды ойлаған емеспін.

Сұрақ: Күнес туралы айтыңызшы... (Нарат)

Жауап: Е, есіл де менің Күнесім туралы айтар әңгімем көп. Бірақ не айтарымды білмей, дағдаратыным тағы рас. Туған жерге бармағалы 13 жыл өтіпті. Бір мүшел. Барғым келеді-ақ. Бірақ осы мен не бітірдім, осынша жыл жырақта жүргенде не істей алдым деген сұрақтарды да қоямын өзіме... Сосын... менің балалық шағым өткен Күнес пен бүгінгі Күнес, менің апыл-тапыл ізім қалған Қарағайлысу, Сарыжазық, Көлденеңсай, Қарақуыс, Жаңажайлаудың бүгінгі тіршілігін көруге жүрегім дауаламайтындай сезінемін. Мен көрген Нарат пен қазіргі Нараттың өзгеше екенін де ішім сезеді. Бәрібір туған жерім – Мысыр шәрі. Марқұм Ермұрат Зейіпқандай Күнес жайлы жеріне жеткізіп айту қиын. «Ботасымен, бозымен, көне зират көзімен, тік көтеріп төбеге» әкете алмайтының анық. Жүректі езер сұрақ қойып сен де бір... Не дей алам?! Күнес – Іле – Тарбағатай – Алтай – Баркөл – Бұратала – аман болсын. Бәрін де аралап қайтқым келеді.

Бір кісілердің жүрегі тоқтар, бірақ көш тоқтамайды

 Сұрақ: Шетелдегі қазақтар жайы алаңдатама Сізді? Тоқтаған көш қайта жалғасады деп ойлайсыз ба? (Еркінбек)

Жауап: Бұл сұрағың қазақты жақсы көресіз бе дегендей екен. Ұлтын сүйген әр қазақты шетелдегі қандастардың тағдыры алаңдатуға тиіс. Көш тоқтамайды, бір кісілердің жүрегі тоқтар, бір кезеңнің керуені тоқтар, бірақ көш тоқтамайды. Соған сенем. Құжат бермейді, тіркелу қиын, азаматтық алу қасірет демей-ақ келе беру керек, келе беру керек. Сен – қазаққа керексің! Отан – өзіміз үшін керек.

Сұрақ: Қаптаған “измдер” көп. Қайсысымен ауырасыз өзіңіз? Қазақ поэзиясындағы жаңашылдық не? Түсінбейтін өлеңдер қаптап кетті. Әлде оқырманның өресі төмендеді ме? (Нұргүл)

Жауап: "Измнен" қорықпау керек, қайта әрбірінің эстетикалық тұжырымын анықтау қажет. Онсыз айран да айран, су да айран. Заманға ілескенге не жетсін. Қазақта түсінбейтін өлең бар дегенге сенбеймін. Сәл ойланыңыз, түсінбесеңіз қайта оқыңыз, бәлкім өте түсінікті өлең шығар. Оқырман мен қаламгердің ортасына шек қойғаннан гөрі, талғам дүниесін жетілдіруге күш салған абзал. Себебі, кейбір оқырмандар қаламгерді алға сүйресе, енді бірі адастырады. Адастыру – құрғақ мақтаудан, өрге сүйреу – шығармашылық қуатты дұрыс бағытта жұмсауға дағдыландырудан.

Сұрақ: Сіздің алдыңызда сұхбат берген Ақберен “Тоқтарәлі Таңжарық қазақ поэзиясына құбылыс болып келді дегенге қалай қарайсыз?” деген сұраққа “Кім айтса да, келісем. Біздің жігіттердің ішінде осалы жоқ” деп жауап беріпті. Сіз ше қалай?

Жауап: Шеттерінен дүрлер. Ең осалы менмін.

Сұрақ: Аға, ең алдымен өзіңізді шетелге аман-есен барып келуіңізбен құттықтаймын!! Көпшілік сіздің поэзияңызда ерекше өрнектер бар екенін айтады. Ол жұрттың пікірі. ал сіздің ойыңызша, сіздің өлеңдеріңіздің қандай ерекшеліктері бар? Өлең ақынның өз баласындай дейді ғой. Сол “өз балаңыздың” сырын айтып бересіз бе ?

Жауап: Елдікі жылы тілек қой. Мен соншалықты төңкеріс жасаған жоқпын, қара өлеңге жапқан шекпенім жоқ әлі. Бірақ ішімде төңкеріс үнемі жүріп келеді. Өзімдегі «қалыптасқан үрдістерді» жеңген күні ғана өзім жайлы айтсам болады. Қазірше ертерек.

 Сұрақ: Шетелдегі қазақ бауырлаңызға бір ауыз жылы лебізіңіз… (ол – қазақ).

Жауап: «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі – бос».

Сұрақ: Еуропа халқының өмірінен, өнерінен не түйдіңіз? Бізге нені үйреніп, неден жирену керек? (Асыл)

Жауап: Бас-аяғы бір аптада не түйе қояды дейсіз. Десе де, өзгешеліктер, әсерлер бар. Бізде батысты құбыжық етіп көрсету тенденциясы басым. Діннен безген, руханияттан жұрдай, азған жұрт деп суреттеледі. Ондай ештеңені көрмедім. Мәдениетті, сыпайы, ікшпейіл. Жөн сұрасаң, иығын қиқаң еткізбейді. Шетелдік екен ғой деп таңырқап та жатпайды. Көмектескісі келіп тұрады. Бірақ мысал айтайын. Украинаның, Киевтің әуежайында бізден: «Қайда барасыңдар? Не мақсатпен барасыңдар? Деген сұрақтарды қойды. Сұрықтары қатулы. Жеккөрінішпен қарайды. Сол жұмысы үшін ақы алатынын ұмытып, еңбекті бәлсініп істейді. Бұл бізде де бар көрініс. Кеңестік, социалистік режимнің дақтары. Варшавада да сол сұрақтарды қойды. «Кім шақырды? Қай қалаға барасыз? Қалтаңызда ақша бар ма? Қайтарға ұшаққа билет алдыңыз ба?», – дейді. Міндетсу, орынсыз тексеру емес. Еліне келген шетелдіктің ақшасыз, билетсіз далада қалмауын сұрап отыр. Қызмет көрсетудің екі түрлі тәсілі. Бірі міндетсу, зорлықпен жұмыс істеу, өзін өзі қинап, әзер еңбек ету. Екіншісі, өзінің жауапкершілігін, міндетін орнымен атқару. Үйренер тұсымыз осы шығар деймін.

Сұрақ: Азаматтың позицияңызды білгім келеді: Қазақстанның болашағы қандай және қазіргі қазақтар жаңа ғасырда қандай болуы керек? (Билікқұмар)

Жауап: Қазақстанның болашағы жоқ дегендерді түсінбеймін. Бізді бүгінгі жемқорлық, ұлтсыздану, тілден безу ғана емес, осындай психология құртады. Жемқорлық барлық елде бар, шын күрессең жеңуге болады. Ұлтсыздануды әр қазақ өзінен бастаса, 5 жылда-ақ жоғалтуға болады. Түңілмеу керек. Бұдан қиын күнде де өмір сүргенбіз. Күресе білгенге не жетсін. Өзіңмен күрес әуелі. Өзіңнен, бүгіннен, кішкенеден баста!

Әр қазақ өзіне жүктелген міндетті жақсы атқарсын. Білімді, иманды, мінезді болсын.

жылаңқылық көптеген түйткілдерге байланысты

Сұрақ: Бүгінде академиялық театрда жұмыс істейсіз? Бұл жұмысқа қалай келдіңіз? Несімен ұнайды? (Ақылбек)

 Жауап: М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының баспасөз бөлімінде жұмыс істегеніме екі айдай ғана уақыт болды. Жұмысқа осы бөлімнің жетекшісі Маржан Тұрысбекқызы шақырды. Маған театр ұнайды. Қарашаңырақта қызмет істеу талайдың арманы екені шын. Қазақтың маңдайалды театр майталмандары – геройлары мен корифейлері қызмет еткен орда. Қазірде Асанәлі Әшімов, Хабиба Елебекова, Тұңғышбай Жаманқұлов, Торғын Тасыбекова, Шәмшагүл Меңдиярова, Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова, Сәбит Оразбай бастаған кіл марғасқалар қызмет етеді. Олардың ізін қуған қаншама мықты актерлер мен актрисалар бар. Драматургия бөлімін басқарып отырған Әлия Бөпежанованың өзі ірі мектеп. Үйренерім көп. Берерлері де мол.

Сұрақ: Қазіріг ақындардың аяқ алысы қандай? Неліктен поэзия жылаңқы? Поэзиядан күш алғың келіп, оқысыңыз еңсең басылып, шаршап қаласың. Неліктен? (Жасын)

Жауап: Қазіргі поэзия ізденудің, шарқ ұрудың дәуірінде тұр. Өтпелі кезең десек те болады. Асылы да, жасығы да бар. Жоғарыда айтқанымдай, әдебиеттанудың бекемдігі, көрегендігі, шыншылдығы керек. Бағыт-бағдарсыз кетуден сақтасын. Ал жылаңқылық көптеген түйткілдерге байланысты. Қоғамда болып жатқан әртүрлі оқиғалар, келеңсіздіктер, қаптаған ақпарат, толассыз пікірлер ақын жүрегінен де өтеді. Бірі қорытады, бірі айғайға басып, ұранға ұрынады. Сондықтан, өлең оқып еңсеңіз түспесін, ұйқасқанның бәрін оқи бермеңіз, талдап, таразылап қараңыз.

Сұрақ: Менің замандастырым деп кімді айта аласыз? (Әлия Байкеева)

Жауап: Менің замандастарым деп менімен бірге өмір сүріп жатқанның бәрін айтамын. Бірақ, өзі бүгінде өмір сүргенмен, ойы кешеде, өткен дәуірде жүргендер де бар. Оза туғандар да, тоза туғандар да жеткілікті.

Янковский Темірхан Медетбекті,Ұлықбек Есдәулетті атады

Тоқаш, Европа ақындары сені білді, таныды. Бұл үлкен жетістік. Бұдан былайғы жерде қазақ өлеңің деңгейін енді бір ақын барғанға дейін сенімен өлшеуі мүмкін. Ал, саған дейін біздің қазақ каламгерлерынен кімдерді біледі екен олар? Мысалы, Шахановты, Маралтайды, Дидарлы не Әмірханды сұраған ел кезікті ме саған? (Ағаң)

Жауап: Мені күллі Еуропа таныды деуге болмайды. Бұл Польшада өткен ірі фестивальдің бірі. Алайда күллі халық тану үшін әлі талай белесті асу ләзім. Мені аударған Хенрик Янковски мырза барша қазақ ақындарын жақсы таниды екен. Менен бөле-жара Темірхан Медетбек ағамызды сұрады. Қуанып қалдым. Ұлыағаны – Ұлықбек Есдәулетті де сырттай білемін деді. Жастар поэзиясын оқитынын, ізденістің бар екенін жеткізді. Алайда, тақырыптарың тым жұтаң дегенді де айтты. Басқа нақты адамдардың атын атамады.

Сұрақ: Аға, ақын деген кім? Өлең деген не? (біреу)

Жауап: Ақын – Жаратқанның қатардағы пендесі. Әр адамның өзіндік қасиеті, ерекшелігі болады. Ал өлең... қиын. Бірдеңе деп айтуға болады, бәрібір нақты анықтамасын бере алмайсың. Бірін айтсаң, бірі қалып кетеді. Нақты ұғым берген ешкім жоқ.

Сұрақ: Тоқтарәлі аға, жетістіктеріңізбен құттықтаймын! Сіздің құрдасыңыз, өзіңізбен үнемі қалжыңдасып жүретін ақын Бауыржан Қарағызұлының шығармашылығы туралы не айтасыз?!

Жауап: Сәл қырттығы болмаса, жақсы ақын))) Құрдасым ғой. Алар асуы алда бұ баланың. Ізденгіш, поэзияның мөлдір тамшысын көре білетін ақын. Өзгеше бір қуаты бар. Сол қуаты кейде ырық бермей, лапылдап кетеді.

Сұрақ: “Әке таяғыңды берші,қойшы болайын” деген сарында бір өлеңіңіз бар еді… Сол “ұсыныс” не болды? (Ермек).

Жауап: Ермектен туған жыр ғой. Ұмытып қалыппын.

Сұрақ: Тоқтарәлі баурым, рахмет! Керемет еңбек жасапсың, құтты болсын! Алаш ақыны Таңжарық Жолдыұлы атаң жөніндеі жазып сызғандарың бар ма? Ақиық ақынның қыяметті тағдырын Еуропа жұртына таныстыруды ойлап жүрген шығарсың? (Ә. Қапанұлы)

Жауап: Жазғанмын, бірнеше рет. Поэма да жазғанмын баяғыда. Ұнамады. Шер күйіне жеткізе алмадым. Осы жолы оқырманмен кездесуде фамилияма байланысты қойылған сұраққа әкемнің аты осы Таңжарық Жолдыұлының құрметіне қойылғанын жеткіздім. Атамыз Данабек ақынмен дәмдес әрі замандас болыпты. 1946 жылы Тәкең түрмеден шыққанда, сол кісінің есімін берген екен қуанып туған ұлына. Төмендегі сұраққа да айтарым осы. Әйгілі текті арқалап жүру де оңай емес. Бұл да Алланың берген бағы болар, бәлкім. Азды-көпті жетістігім болса, осы кісінің атының өзі себепкер болып жүрген шығар...

Сұрақ: Тоқтарәлі аға, қазір қандай жерде жұмыс істейсіз? Жұмысыңызға көңіліңіз тола ма? (Жансая)

Жауап: Жоғарыда жауап беріп кеттім.

Сұрақ: Қазіргі қазақ қоғамының ұлттық мінезі жайлы не айтасыз? (Қасен)

Жауап: Ала-құла,  дүбәра. Ортақ мінез жоқ. Әртүрлі. Бәлкім, осы «артықшылығымызды» оңымен пайдалана білсек, ең озық ұлт болуымыз ғажап емес-ау деп қиялдаймын кейде.

Сұрақ: Ұлттық поэзия, Ұлттық ақын деген ұғымдар төңірегінде тарқата сөйлей отырсаңыз? (Қарқын)

Жауап: Бұл сұраққа жауап беру қиын. Десе де, түсінігімізді айта кетейін. Ұлттық поэзия – өзіңнің тамырыңды, түп тегіңді, далалық аңсар арманыңды шүпілдетіп, бүгінгі тілде жаза білу. Ол қара өлең ұйқасы бола ма, әлде еркін өлең формасында жазыла ма – бәрібір. Бізде ұйқаспен, төрт жолмен жазылған өлеңдер ғана қазақы өлең деген шартты ұғым бар. Қазақ жырын бір қапасқа байлап қойып, қазақ поэзиясы осы, бұдан өзгенің бәрі бізге жат деген пікір басым. Сол штампатн шығу керек. Көкжиекті қаншалықты кеңірек көре білсең, әлемнің шексіз екенін байқайсың. Қазақ поэзиясы да сол секілді. Ашылмаған, айтылмаған сыры көп. Игерер тақырыбы мол. Бір қарасаңыз, бәрі жазылған секілді, айтылған секілді. Онда несін қолыңа қалам аласың. Ел жазғанды жазба деген түсінік жоқ әдебиетте. Әркім өз биігінде, өз түйсінуінің шеңберінде өрнектейді. Мұзтаудың қанша қыры бар екенін дәл айтып беру қиын. Біреу су үстіндені бөлігін айтады, енді біреу су астындағы бөлегін көре біледі.

Өз ұлтының танымын терең жаза білген ақын – ұлттық ақын.

ТҮЙІН: Баршаңызға рахмет. Тілеулестіктеріңіздің алдында қарыздармын!

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір