• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
15 Қазан, 05:56:15
Ермекбаев: Жұмыс қауіпті, өмірлері үшін қауіп-қатер бар

09 Қараша, 2016 Әдебиет

Үш арыстың музасы — татар қызы Фатима (Фото, Видео)

Қазақтың үш бірдей арысы,  заманының заңғар тұлғалары қоғам қайраткері  Біләл Сүлеев,  Жетісудың дүлділ ақыны Ілияс Жансүгіров, қазаққа ғана...

Қазақтың үш бірдей арысы,  заманының заңғар тұлғалары қоғам қайраткері  Біләл Сүлеев,  Жетісудың дүлділ ақыны Ілияс Жансүгіров, қазаққа ғана емес, әлемге танымал Мұхтар Әуезовтың жары болған, татар қызы Фатиманы біреу білсе, біреу біле бермейді. «Қамшы» порталы бүгін заңғар тұлғаларымызды ақылымен, көркімен, жоғары мәдениетімен таңдандыра білген, олардың бар еңбегін шама-шарқынша жинаған Фатима Ғабитова жайлы материалды ұсынады. 

Фатима Ғабитқызы  1903 жылы Алматы облысы  Қапалдағы көпес отбасында дүниеге келген. Ұлты  татар. Қыздарға арналған орта орыс мектебін, татар қыздар мектебін, медресе және Қазақ университетінің филология факультетін бітірген.  Фатима еуропаша білім алған, неміс және француз тілдерін білген. Көзі ашық, сауатты әйел еуропаша киініп, солардың жоғарғы мәдениеттерін ұстана білуімен өзге әйелдерден ерекшеленіп тұрған.

Татарша  — Фатима, араб тілінде — Патима, қазақша — Бәтима. Араб сөздігінен – «ана омырауынан ажыратылған» деген мағынаны білдіреді. Бұл есімді иеленген әйелдер өмірде көңілді, адамдармен дауға келгенді ұнатпайды.

«Менің тағдырым – тұнған азап пен қасірет. Жазықсыз басыммен кімге, неге иілмедім мен? Менің бүкіл ғұмырым ұлы айрылысулардан тұрады. Менің өмірім күзгі жапырақ көмген түнгі далаға ұқсайды».

Фатима Ғабитова – қазақтың үш арыстай ұлдарының жүрегін жаулаған татар қызы. Ол өзін «қазақтың татарымын» деп атаған. Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін  сүйіп, жатқа  оқыған.

Қазақтың мүйізі қарағайдай ірі тұлғаларының өмірлік жары болған Фатима Ғабитова қандай адам болған? Ол - еңбек жолында мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, аңызға айналған әйел. Үлкен қызына ерте келген ажал, екі күйеуінің атылып кетуі, бес баламен жападан жалғыз қалған күндер, зұлмат заманның запыраны сындыра алмаған қажырлы әйелдің өмір жолы нағыз үлгі аларлықтай өнегелі жол. Биік парасатымен бірге асқан сұлулығымен ерекшеленген Фатимаға арнап Ахмет Байтұрсынов былай деп өлең жазған: «Тағдыр қалап егерде, жүз көз берсе құдірет, жүзі де сізге қарар еді...»,- деп жырласа, Міржақып Дулатов «Өз өмірімде көрген сүйкімді сұлу!» деп тамсанған.  Аты аңызға айналған аруды қазақ зиялылары еркелеткенмен, тағдыр шіркін еркелетпеді.

 

Біләл мен Фатима

1918 жылы Фатима 17 жасында жас ағартушы Біләл Сүлеевке қосылады. Біләлдан үш бала (Жәнібек, Фарида, Азат) сүйеді. Біләл Сүлеев бұл кездері Жетісу өңірінде қазақ балалары үшін мектеп интернаттар ашуға атсалысып жүрген. 1928 жылы Ораз Жандосов екеуі алғашқы қазақ университетінің негізін қалады.

Біләл Сүлеев 1893 жылы Жетісудағы Қапал қаласына таяу Баянжүрек мекенінде дүниеге келген. Әкесі Сүлей ел-жұртына сыйлы, адамдық қасиетімен беделді болған кісі екен. Жасынан зерек туған бала Біләлдің бойындағы қабілетін таныған Есенғұл болыс оны өз қаражатымен Уфадағы «Ғалия» медресесіне оқуға жібереді. Бірақ ондағы білім деңгейі ізденімпаз жастың талабын қанағаттандырмайды. Сондықтан ол Орынбордағы мұғалімдер семинариясына барып түседі. Ондағы «Қазақ» газетімен байланыс жасайды, сонда қосымша жұмыс атқарады. Семинария Біләлге білім нәрін сіңірсе, «Қазақ» жігерін жанып, білігін дамытады. Сол жылдары ол «Матай», «Қаптағай» деген бүркеншек аттармен бірнеше өлеңдерін, уытты мақалаларын жариялайды.

Бойжеткен Фатима жас педагог, ағартушы Біләл Сүлеевпен танысып, отбасын құрайды.  1929 жылы Біләл облыстық білім беру басқармасына басшы болып Ақтөбеге көшіп келеді. Фатима қазақ мектебіне жұмысқа тұрады.  1930 жылдың қаңтарында он жасар қызы Фарида қайтыс болады. Кейіннен қараша айында екеуінің ортақ үшінші  балалары Азат дүниеге келеді.  Он жылдай тату-тәтті отбасының тағдырына 1930 жылғы саясаттың салқыны тиеді. Күйеуі Сүлеевті тұтқындап, екі жыл жазықсыз түрмеде отырғызған. Бұдан кейін Біләл ақталып, Мәскеуге кеткен.

Ілияс пен Фатима

Алғаш рет Ілияс Фатимамен 1919 жылы Біләлдің жары болып жүрген кезде танысқан.  Содан бері Ілиястың махаббат лирикасының барлығы дерлік Фатимаға арналған.

Махаббатың ауруы

 Жүдетті де, жылатты.

Жан, жүректің толқыны

Жылатты да, жырлатты.

Жылау, жырлау сен үшін

Мен үшін сол тым тәтті...

Бұл дүниеге сәл ертерек келгенде қос ғашық халық жадында берік сақталған махаббат дастанының кейіпкері болар ма еді, кім біледі?!

От ауызды, орақ тілді ақынның шығармашылығына шабыт берген Фатима еді. Біләлдің жары болып жүргенде  Фатима Ілиястың өзіне арналған махаббат туралы өлеңдерін 10 жыл бойы үздіксіз алып тұрған, дегенмен абақтыға қамалған Біләлға барынша адал болған Фатима Ілиястың көңілін басқа арнаға бұрмақ болды.

« Сен асқан талантты, көркем сөздің асыл күмбезін орната алатын алғыр «ақынсың»... Енді мен сенің зарлы хаттарыңның орнына еліңнің тұтас тұлғасын көрсететін жалынды жырларыңды оқуды тілеймін.  Әдебиет майданында ел таңданатын табыспен көрінгенше, мен саған хат жазбаймын. Сен де маған хат жазба!»,- деген.

Кейіннен Біләлдән үмітін үзген Фатима 1932 жылы оның досы, ақын Ілияспен отбасын құрады.

Жансүгіров репрессияға ұшыраған досы Біләлдің балаларында өз балаларындай көреді.  1933 жылы Фатима мен Ілиястың қыздары – Үміт Жансүгірова дүниеге келеді. 1933-1936 жж. ҚазССР және Қазақ саяси әдебиетінің мемлекеттік баспа редакторы болып қызмет атқарады. Бұл уақытта Фатима Ғабитова Ілияс, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлиндармен бірге Мәскеудегі  жазушылар одағының І съездіне қатысады.  1935 жылы бесінші баласы Ильфаны өмірге әкеледі.  Фатима мен Ілияс бес жыл бірге ғұмыр кешкен.

1937 жылы  Ілиясты саяси астармен қамауға алады.  Осы жылы Фатиманың алтыншы баласы Болат өмірге келеді.  Артынан бәле болып жабыспасын деп Фатима Ілиястың балаларын өз атына жазады. Ілияс емшектегі баласын бір ақ рет  тергеушінің алдында көреді.  Құндақтағы баласын көрген Ілияс: «Бұл ұлымыз етікші болсын, етік тігуге үйрет бұл ұлды», – депті.

Тергеушінің: «Өзіңіздей жазушы болар», – дегеніне: «Жазушы болып жазықсыз жаза тартқанша, етікші болып еркін өмір сүрсін», – депті.

Анасы Болатқа өле-өлгенінше риза болып кеткен екен. Ол турасында: «Болат – менің мақтанатын мақтанышым да, қуанатын қуанышым да. Шын мағынасында жаным сүйген, жаныма жай таптыратын ұлым!» – деген екен.

Фатиманың Ілиясты іздеумен бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Оған бірде: Охотск, Магадан деп жауап береді. Ол Охотскқа, басқа да солтүстік қалаларға хат жазып, өтініштер білдірген.

  Екінші рет «халық жауының» әйелі атанған Фатима бауырындағы бес баласымен тағы да тірі жесір атанады.  

Илияс Жансүгіров 1937 жылы тамызда тұтқындалып, 1938 жылы ақпанда атылады. Фатима өзіне төнген қауіпке қарамастан Илиястың көптеген қолжазбаларын сақтап қалады. Фатима екінші рет "Халық жауының әйелі" ретінде Алматыдан Семейге жер аударылады. Фатима Илиястың көптеген шығармаларына редактор ретінде қызмет еткен.

Кей оқырман Фатиманы түрмедегі күйеуі Біләлді неге күтпестен, Ілиясқа тиіп кетті деп жазғырасың. Некелі жарын, баласын тастап, басқа ерге кетіп жатқан сәтін Фатима өзі былай сипаттайды:«Осы күнге шейін менің  кетуіме көңіл бөлмегенсіп жүрген Жәнібек төмен қарап, есікке сүйеніп тұр екен. Бетінен сүйдім, басын көтермеді. Есіктен шыға бастадым, аяғыма оралып бірге шықты да,арба жанына келген соң: «Кетпе, тәте, кетпеші!», – деді. Мен оны уәдемен алдапжатырмын. Жүрегім удай ашып барады…» Аяп отырасың. Бірақ «Рақымсыз Біләл Жәнібегімді бермеді» дегенде, тағы да Фатиманы іштей «соттап» жібересің. «Бала керек болса, басқаға кетіп нең бар дейсің. Әкесін баласынан, баласын анасынан, ағайынды Жәнібек пен Азатты екіге айырған өзі ғой», – деп кейисің. Бірақ, тағдырдың жазмышы – осы…»

Мұхтар мен Фатима

 Ілиясты алып кеткеннен кейін Фатима Ғабитова бес баласымен Алматыға келіп, түрлі жұмыс істейді. Балаларды оқытады, өлеңдер жазады, аударма ісімен айналысады, қазақ әліпбиінің латыннан кирилицаға ауысуына өз үлесін қосады.

Фатима Ғабитова өз естеліктерінің бірінде былай дейді: «Алматыда көп қиналдым. Бірде болымсыз қызметке орналасып, бірде қызметсіз жүрдім. Жәнібегім де Алматыға қайтқан. Бес бала. Тамақ керек, киім керек. Жаны ашып, жәрдемдесер жан жоқ. Жалғыз өзім. Соғыс басталды. Жәнібек 9-класс бітіріп, жасы әскер жасына жетпесе де, ерікті түрде соғысқа кетті. Қала халқы жабық дүкендерден тамақ алатын болды. Бізге жан басына 220 грамм қара наннан басқа ештеңе жоқ. Дене шынықтыру техникумында болымсыз сабақ беремін. Техникум күніне бір рет мұғалімдерге омаш көже береді. Мен сол көжені ішпей, үйге әкеліп балаларға ішкіземін.

Біздің осылай қатты қиналып жүргенімізді сыртымыздан білген Мұхтар бір күні маған келіп, өзінің мені ертеден (1927 жылдан) қатты сүйетінін, менің жанымда бірер сағат болуды өзіне бақыт санайтынын айтты». Осылайша, Фатима үшінші рет Мұхтар Әуезовпен бас қосады. Фатима Ғабитқызы Мұхтар Әуезовке Мұрат есімді ұл сыйлайды . Сол жылы Фатима мен Біләлдің ұлы Жәнібек майданда қаза болады.

Баланы жастайынан тәлкекке салған тағдыр маңдайына өмір бойы «халық жауының баласы» болуды жазған. Өз әкесі – Біләл Сүлеев те, өгей әкесі –Ілияс Жансүгіров те «халық жауы» дегенге іштей сенбей, шындықты білмей өмірден өтіп кетті. Бес баласын құшақтап қу бас қалған анасына жайсыз жылдар салған жапада Жәнібек үлкен үміт, демеу еді. Еңсегей бойлы, шымыр денелі, отты көзді ол соңынан ерген іні-қарындастарына үлгі болды. Оны қимастықпен еске алғандар өмірге құштар, өлең жазуға құмар болғанын айтады. Жәнібектің бала кездегі балаң арманы – ұшқыш болу.

Қазақтың үш арысының жары болған Фатима өмірге текті ұрпақтар әкеліп қана қоймай, әр баласының адам болуына, әкелерінің жолын жалғастыруларына барынша үлес қосқан. Педагогшы, аудармашы, редактор қызметін атқарып, қазақтың сауатын ашуына барынша үлес қосқан.

Қиын-қыстау кезеңде алыптардың еңбектерін аман алып қалып, ұрпаққа жеткізуге Фатима Ғабитова аз үлес қосқан жоқ. Осындай оқиғалардың бірін Ілияс Жансүгіровтың қызы Ильфа былай деп жазады: «Оның (Фатима Ғабитованың) 1957 жылғы Қазақстан жазушылар одағындағы партия жиналысында айтқан сөзі есімнен кетпейді. Ол сөзі үш адамды – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлинді ақтауға арналған еді. Сәнді киінген, маңғаз, асқақ келбетімен шыға келгенде, бәрі тына қалды. Оттай жанған қара көзінің әсерінен у-шу болған зал лезде басылды. Оның сөзі өзіне дейін сөйлегендердің сөзінен ерекше болды. Хрущев пен қазақстандық үкіметке атүсті алғысын айтқан соң қолын залға созып, бірінші қатарда отырғандардың нұсқап, бірінен соң бірінің айыбын айта бастады: «Сен Ілиястың үстінен арыз жазғансың!», «Сен оның еңбектерін иемденіп алғансың!», «Ал сен Ілиястың отбасын қуып шығарып, пәтеріне кіргенсің!». Бұл бір құлақ естіп, көз көрмеген, ғаламат нәрсе болды. Мен оның сөзінің жарым-жартысын да ұқпай, қатты масаттанып отырдым. Ол қолын нұсқап көрсеткендердің ішінде Мұхамеджан Қаратаев, Сәбит Мұқанов болған»,- дейді.

ФАТИМАНЫҢ БАЛАЛАРЫНА ҚАЛДЫРҒАН ӨСИЕТНАМАСЫ:

«Мен – Ғабитова Фатима Зайнуллақызы, жазылмас науқасымды байқап, өлім сағатының жақындағанын ескеріп, артымда қалған ұрпағыма арнап, осы өсиетнамамды жаздым.

Ожданым алдында баршаңызды адам қылдым. Қара басымның қайғысын ешуақытта қайғыртпай, сендер жайлы ғана ойладым. Сендер маған өз тіршілігімнен артық, жанымнан ғазиз едіңдер. Енді мына табиғаттың қатал заңы бойынша, мен кетіп, сендер қалып барасыңдар. Өлімім өкінішті емес, тек соңғы минутына шейін жолы ауыр, азапты көрінеді.

Бәрің де білімді, ақылдысыңдар: тату-тәтті өмір сүріңдер!

Менен қалған дүние мүлікті төмендегіше бөлісіп алыңдар:

1. Библиотекам, қызыл альбомым, Космонавтар көшесі, 43-үйдегі 16-квартирам, қара пианино – Мұратқа. Және Фонвизин көшесіндегі 17-үйдің астыңғы қабатына квартирші жіберіліп, квартира хақы аспирантураны тауысқанша Мұратқа тапсырылып тұрсын!

2. Барлық киімдерім, қызыл пианино, іс тігетін машинам, қытай қатындары әшекейлеген қара шкатулкам ішіндегі барлық заттарымен – Ильфаға.

3. Жазу машинам, кішкене телевизор – Азатқа.

4. Қалған дүниелігімнің баршасы, архивім – Болатқа.

Ескерту: 1966 жылы, 22 июньде жазылған өсиетнамам іске аспасын.

Сүйегімді Қапалға алып барып қойыңдар! Қабірге түсірерде 10 минуттай бетімді ашып, Қапалдың салқын желін тигізіңдер!

Діни ырымдарды істемеңдер!

Аналарың – Ғабитова Фатима.

31/1-1967 жыл, Алматы».

Фатима жайлы естеліктерді ақтарып отырып шынымен де қазақтың үш бірдей арысының жары болған татар қызына қызғанышпен қарап кетесің. Бірақ, ол заманда көзі ашық, көкірегі ояу, сәнді киініп, таранып жүрген орыс пен татардың қыздары болатын. Қазақтың талай арыстарының жарлары орыс пен татардың қыздары болғанын бәріміз білеміз. Кейде оны саяси қуғын-сүргіннен құтылу үшін солай болған деп ақтап алғымыз келеді. Өзге ұлттың қыздарына үйленіп ақталып кеткен зиялы кемде-кем шығар. Дегенмен, үш ұлы тұлғадан ұрпақ сүйіп, тарих беттерінде қалған татар қызының қазақ руханиятындағы үлесін ешкім жоққа шығармас. 

Материалды дайындаған: Айжан Қалиева 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір