09 Ақпан, 2017 NEWS
ҚЫТАЙДАҒЫ ІЛЕ ҚАЗАҚ АВТОНОМИЯЛЫ ОБЛЫСЫН БАСҚАРҒАНДАР
Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесінде 5 ұлтқа автономиялы облыс бар. Соның бірі Іле қазақ автономиялы облысы. Бұл әкімшілік аумақ Алтау сілемдерінен...
Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесінде 5 ұлтқа автономиялы облыс бар. Соның бірі Іле қазақ автономиялы облысы. Бұл әкімшілік аумақ Алтау сілемдерінен Алтай тау сілемдеріне дейінгі алып аймақты қамтиды. Тұтастай Қазақстанмен шектеседі.
Іле Қазақ автономиялы обылысы Қытай Республика ретінде өзін жариялағаннан кейін, 5 жылдан соң 1954 жылы 22 қарашада ресми түрде құрылған. Табиғаты бай минералдарға, мол ресурстарға толы. Таулы, қыратты аймақ болып келетіндіктен, ауылды жерлерде негізінен қазақ шаруалары мал шаруашылығымен және дихандықпен айналысады. Қытайдағы этникалық қазақтардың басым бөлігі осы облыста, қалған бөлігі Шыңжаңның әкімшілік орталығы Үркімжі мен Гансу өлкесінің Ақсай қаласында орналасқан.
Облыс - Қытайдың автономия ішіндегі автономиялық әкімшілік-аумақтық бірлігі. Облыс орталығы - Құлжа қаласы бірмезгілде Іле аймағының да орталығы болып табылады. Қытайдағы бірден бір орынбасар өлке дәрежелі автономиялы облыс. Облысқа Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтары қарайды.
Іле облысын басқарған тұлғалар:
1. Пәтіқан Сүгірбаев – 1926 жылы Алтай аймағының Алтай қаласында дүниеге келген. Орташа білімді болған ол Шыңжаңдағы ішкі соғыстарда «Үш аймақ төңкерісі» аталған соғысқа қатысқан. Алтай әскери шаруашылық бөлімінің бастығы, Алтай әкімшілік үгіт бөлімінің бастығы, Қазына басқармасының бастығы, Алтай аймақтық әкімшілік мекемесінің Уәлиі(1949 жыл, желтоқсан – 1954 жыл, қараша) болып қызметтер атқарған.
Пәтіқан Сүгірбаев – Іле қазақ автономиялы облыстық халық комитетінің тұңғыш төрағасы(1954 жылдың қарашасы – 1955 жыл, маусым) болды. Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесінің орынбасар төрағасы сынды маңызды басшылық қызметтер атқарған. Араға он жыл салып, Шыңжаң саяси мәслихат кеңесінің (5, 6, 7 шақырылымдарда) тұрақты мүшесі болған. Ол, 1996 жылы Үрімжіде бақилық болды.
2. Жағда Бабалық – 1922 жылы(Кей деректе 1917 жыл) Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Ол да Үш аймақ төңкерісіне қатысқан. 1950 жылы Қытай коммунистік партиясына мүше болған. Ол Шыңжаңдағы ішкі соғыста жауынгер, Шағантоғай ауданы партизандар қосынының бастығы, Дүрбілжіндегі Қобық 2-інші атты әскер полк командирінің орынбасары, ұлттық армияның атты әскерлер полкінің саяси комиссары болған. Подполковник шенін алып,Қытай мемлекеттік армиясында түрлі басшылық қызметтер атқарған.
Жағда Бабалық – Қытай республика болып құрылған соң, Тарбағатай аймағының уәлиі, 1955 жылдың маусым айынан 1957 жылдың ақпанына дейін Іле қазақ автономиялы облысының уақытша бастығы, 1958 жылдың мамырына дейін төрағасы болды. Сонымен қоса, 1955 жылдың ақпанынан, 1959 жылдың қыркүйек айына дейін Шыңжаң өлкелік саяси мәслихат кеңесінің 1-інші шақырылымында орынбасар төраға міндетін қоса атқарған. 1959 жылы Қазақстанға қоныс аударған.
Жағда Бабалықұлы – Қазақтың салт-дәстүрі, ырымдары туралы мол дерек жинақтаған ғалым-зерттеуші. Қазақ тұрмыс-тіршілігіндегі жеке атаулар мен ұмыт болып бара жатқан сөздердің мағынасы туралы ой толғаған зерттеу мақалалар мен "Қырандар" атты кітаптың авторы. Қажығұмар Шабданұлы өзінің алты томдық «Қылмыс» романында Жағда Бабалықұлын адал азамат, білімдар тұлға, нағыз қазақ зиялысы ретінде суреттейді. Бір «қызығы», кейіпкерлерінің аты-жөнін түгел өзгерткен (мәселен, Бұхара Тышқанбаевты Халық Қасқырбаев деп өзгертеді және т.б.) автор Жағда Бабалықұлының аты-жөнін сол қалпында, өзгеріссіз қалдырған. Шамасы, романдағы Жағда Бабалықұлының жағымды бейнесіне ешкімнің де дау айта алмасына сенімді болған секілді.2010 жылы дүниеден өтті.
3. Құрманәлі Оспанұлы – 1924 жылы Қазақстанның Алматы обылысы, Кеген ауданы, Тоғызбұлақ елдімекенінде дүниеге келген. Отбасы 1930 жылдары әсіресе солшылдықтың қарабораны үйіріліп, аштық пен ұлы жұт қабаттасқан тұста үріккен елмен бірге Құлжаға өтеді. Құлжада оқыған Құрманәлі «Қызжібек», «Ләйлі-мәжнүн» қатарлы ондаған дастанды 15 жасында жатқа айтатын болған. 1943 жылы гимназияны тамамдағаннан кейін алғашқы еңбегін Нылқы ауданында оқытушылықпен бастаған. 1945 жыл мамыр айында құлжа қаласынан шығатын «Төңкеріс таңы» газетіне бас редактор болған. 1950 жылы шілдеде Қытай Коммунистік партиясына мүше болған. Іле газетінде редактор, редакция меңгерушісі, бас редактор қызметтерін атқарды.
1958 жылы маусым айынан, 1963 жылы қыркүйекке дейін Іле қазақ автономиялы облысының төрағасы болды. Сондай-ақ, Шыңжаң өлкелік әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің төрағасы, 7 кезекті өлкелік халық құрылтайының орынбасар меңгерушісі, партгруппа мүшесі болған. Қытай жазушылар қоғамы, Шыңжаң жазушылар қоғамының мүшесі болған. Қоғам қайраткерінің артында 6 том шығармалары қалған. 1999 жылы 11 наурызда дүниеден озды.
4. Ерғали Әбілқайырұлы – 1926 жылы сәуірде Текес ауданында туған. 1942-1944 жылдары Іле гимназиясында білім алған. Алғашқы қызметін ағартушылықпен бастаған ол 1952-1963 жылдар арасында Шыңжаң өлкелік халық прокуратурасының орынбасар бастығы, Шыңжаң әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің орынбасар бас хатшысы, бас хатшысы, Шыңжаң өлкелік мәдениет мекемесінің бастығы болып қызмет атқарған.
Ол, 1963 жылдың қыркүйек айынан 1969 жылғы мамырға дейін Іле қазақ автономиялы облысының төрағасы қызметінде болды. Ерғали Әбілқайырұлы да шығармашылықпен айналысқан, Қытай жазушылар қоғамының мүшесі болды. 1982 жылы 1 шілдеде қайтыс болды.
1966 жылдың мамыр айында Қытайда ішкі алауыздық орнап, «Мәдениет» төңкерісі деп аталған аласапран басталды. 1976 жылғы мамыр айына дейін Қытай 10 жыл әскери түзіммен басқарылды.
5. Чұң Лияң Шо – 1917 жылы Қытайдың Жияң Чи өлкесінде туған. Әскери қызмет атқарған ол 1969 жылы Ілеге әскери саланың саяси комиссары болып келген. 1969 жылдың мамырынан, 1970 жылдың мамырына дейін Іле қазақ автономиялы облысының төңкерістік комитет басқарушысы болды.
6. Уаң Жын Жұң – 1927 жылы Шан Дұң өлкесінде туған. Әскери салада қызмет атқарған ол 1970 жылы мамыр айынан 1975 жылдың шілдесіне Қазақ статусы бар автономияны басқарды.
7. Шие Гау Жұң – 1975 жылы шілдеден 1975 жылғы қыркүйекке дейін екі ай Іле қазақ автономиялы облысын басқарды. 1921 жылы Сан Шиде туған.
8. Жәнәбіл Смағұлұлы – 1934 жылы Алтай аймағының Қаба ауданында дүниеге келген. Қытайдың Партия мектебінде оқып, түрлі қызметтерде болған. 1974 жылдан 1978 жылға дейін Шыңжаң парткомның тұрақты мүшесі, Шыңжаң төңкерістік комитет мүшесі болды.
1975 жылдың қыркүйегінен, 1978 жылғы Ақпанға дейін Іле қазақ автономиялы облыстық парткомның бірінші секретары болды. Одан соң бір жыл Шыңжаң өлкелік халық үкіметінің орынбасар төрағасы, 2005 жылға дейін Шыңжаңда жоғары басшылық қызметтер атқарды. Ол Қытайдағы ірі мемлекет және қоғам қайраткері.
9. Қасымбек Сейітжанұлы – 1927 жылы Дүрбілжінде туған. Алғашқы қызметін ағартушылықпен бастаған ол 1949 жылы Желтоқсаннан 1956 жылы Сәуірге дейін Шиху аудандық мәдениет, оқу-ағарту бөлімінің бастығы болған. 1962 жылдан 1975 жылғы тамызға дейін Тарбағатай аймақтық парткомның хатшысы, аймақ уәлиі болған. 1978 жылдан 1979 жылғы наурызға дейін Шыңжаң өлкелік халық прокуратурасының бас прокуроры, 1979 жылғы наурыздан 1983 жылғы сәуірге дейін Іле облысын басқарды. 2008 жылы дүниеден өтті.
(Жалғасы бар)
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір