• USD 415.12

  • EUR 443.06

  • RUB 7.41

  • CNY 62.21

25 Мамыр, 23:13:09
Алматы
+18°

06 Наурыз, 2017 Алаш-Орда

АЛАШ ОРДА ҮКІМЕТІНІҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА «ҚАМШЫ» ПОРТАЛЫ АС БЕРДІ(ФОТО)

Бүгін, 5 наурыз күні Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде Алаш Арыстарына арналған ас өтті.

Бүгін, 5 наурыз күні Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде Алаш Арыстарына арналған ас өтті. Асты «Қамшы» ақпараттық агенттігі ұйымдастырды. Сондай-ақ астың өтуіне Ахмет Байтұрсынұлының өзі тұрған, қазақ интеллигенциясының ізі қалған Байтұрсынұлы үйі-музейінің директоры Райхан Сахыбекқызы қолдау білдірді. Айта кетсек, бүгін Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туған күні. Сондай-ақ биыл Алаш Арыстары атылған қанды «37»-ге де 80 жыл толды.

Асқа Президент Әкімшілігі жетекшісі орынбасары Марат Тәжин арнаулы құттықтау хатын жолдады. Асты танымал журналист, Алаш әскері туралы зерттеулер жасаған Болат Мүрсәлім жүргізді. Асқа жиналған қауым алдымен Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы бас мүфтиі Ержан Қажы Малғажар ұлы Майемеровпен бірге Алаш қайраткерлеріне, ғасыр бұрын Қазақстанның іргетасы Алаш Орда автономиялық мемлекетін құрған бабаларымызға құран бағыштады.

Құраннан соң Алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелді  Алаш интеллигенциясын ардақтап сөз сөйлеп, баяндамасын жасады. Ол өз сөзінде «Алаш қайраткерлеріне арнаулы музей салынуы қажет, оны билікке қарап отырмай қалың қазақ өзіміз жабылып салуымыз керек!» деп бастама көтерді. Сондай-ақ «Қамшы» порталы ұсыныс еткен «100 ағаш отырғызу» идеясын осы жаңа музеймен байланыстырып, «100 ағаш жаңа музей ауласында бой көтеруі тиіс» деді. Мәмбет Қожабайұлымен бірге сөз алған Президенттің Парламенттегі өкілі Сабыр Қасымов та құттықтауын оқыды.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов сөз алып, Алаш Арыстарына арналған астың Алаш Орданың 100 жылдығын тойлаудың бастамасы екенін еске салып, құтты болсын айтты.

Алаш Қайраткерлерінің жарқын өкілі Мұхтар Әуезовтің ұлы, ғалым Мұрат Әуезов те тебірене сөйлеп, әкесі Мұхтар Омарханұлының аузынан естіген естеліктерімен бөлісті.

Әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлы өз сөзінде Алаш Орданың жүз жылдығы бүгінгі Қазақстанның жүз жылдығы екенін жиналған жұрттың қаперіне салып, «Қазақстанның жүз жылдық мерейтойы құтты болсын!» деді. Сондай-ақ, Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мерейтойына арнап шығарған кітаптарын Байтұрсынұлы музей үйіне табыстады.

«Қазақстан РТРК» басқарма басшысының орынбасары Қайнар Олжай корпорация басшысы Ерлан Қаринның арнаулы хатын оқып, құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ ұлттық арнаның Алаш идеясын кең көлемде насихаттайтынын, алдағы уақытта бірнеше деректі және көркем фильмдерді халыққа ұсынатынын жеткізді.

Сөз алған Ақжол Партиясы төрағасы орынбасары, Қазақ үні газетінің бас редакторы Қазыбек Иса барша қазақты ұлтшыл болуға шақырды.

Сонымен қоса «Ақ орда» республикалық қозғалысы басшы Қайрат Сатыбалдының арнайы құттықтауын өкіл Қанат Мұсағұлов оқыды.

Асқа Торғай өңірінен, Шығыс Қазақстан облысынан, Оңтүстік Қазақстан облысынан ресми қонақтар келді. Әкімдерінің құттықтауын ала келген өкілдер Алаш арыстарына арнап беріліп жатқан асқа ризашылығын білдірді.  

Сондай-ақ сахнаға Қазақстан Жазушылар одағының басшысы орынбасары Маралтай Райымбек шығып, одақ басшысы Нұрлан Оразалинның құттықтауын жеткізді. Ал, астың өтуіне кеңесшілік еткен ақын Алмас Ахметбек «Әлихан монологы» өлеңін оқыды.

Айта кетер болсақ, сөз алғандардың барлығы Алаштың тойына бастама болып жатқан «Қамшы» порталына, порталдың жетекшісі Біләл Қуанышқа алғыстарын айтты.

Сөз соңында «Қамшы» порталының жетекшісі әрі жоба авторы Біләл Қуаныш «Әр қазақтың Алаш арыстарының алдында қарыздар екенін, Алаш қайраткерлеріне тағзым ету борышы» екенін айта келіп, асқа келген қонақтарға алғысын білдірді.

Асқа келген қонақтар арнаулы тігілген 7 киіз үйде дастарханға жайғасқан сәтте шағын концерттік бағдарлама қойылды. «Тұран тобы», «Алаш ұлы» тобы, Бибігүл Қилымхан, Тұрдыгүл Сейсенбек сияқты өнер иелері әннен шашу шашты.

Ауарайының қолайсыздығына қарамастан асқа 500-дей қонақ қатысты. Олардың ішінде ғалымдар, билік органдарының өкілдерімен қоса журналисттер, зиялы қауым өкілдері де болды.

Айта кетерлігі елдегі беделді БАҚ өкілдерінің басшылары дерлік Асқа келді. Олардың ішінде «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай, «Жетісу» телеарнасының бас директоры орынбасары Серік Әбікенұлы, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп,  «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры-редакторлар кеңесінің төрағасыЖұмабек Кенжалин, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибраим, «Асыл арна» телеарнасының басшы Мұхамеджан Тазабек, «Президент және Халық» газетінің Бас редакторы Марат Тоқашбаевтар,  сондай-ақ Танымал журналистер Серік Абас-шах, Арман Сқабылұлы, саясаттанушы Айдос Сарымдар бар. 

Тарихшы ғалымдар Бейбіт Қойшыбай, Қайрат Сақ, Нәбихан Мұхамеджан астың құрметті қонақтары болды.

«Қамшы» порталы астың өтуіне қолдау көрсеткен Алматы қаласы әкімдігіне айрықша алғысын білдіреді.

Асқа арнап жұма күні жылқы және қой сойылған еді. Құрбандық мал құранына Ахмет Байтұрсынұлының жиені Айман Байсалова, Алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелдиев, Нәбижан Мұхамедханов, Бейбіт Қойшыбай, Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов, Алматы қаласының Бас имамы Нұрбек Есмағамбет қатысқан болатын.

Айта кетсек, Ас өткізудің қаржылық мәселесін «Қамшы» порталының өзі көтерді. Астың өтуіне Қастер Әсембай, Думан Жақсыбек, Айбын Оразғали, Біржан Дәулетқазы, Құмар Жұмахан, Ерлан Төлеубай  бастаған азаматтар қолдау білдірді. Сондай-ақ Аманжол Қарабаев, Қайсар Тұрсынғожа, Абылай Сәрсенбаев, Рауан Бұғыбаев сияқты Алашшыл жастар киіз үй тігіп, астың дайындығына атсалысты.

Нұрғали Нұртай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір