14 Наурыз, 2017 NEWS
МҰХТАР МАҒАУИН. ҚАЗАҚСЫЗ ҚАЗАҚСТАН
Қазақстан қазақ тарихынан, қазақ тілінен бас тарта бастады... Оған білім министрлігінің реформалары дәлел. Осы орайда «Қамшы» порталы оқыран...
Қазақстан қазақ тарихынан, қазақ тілінен бас тарта бастады... Оған білім министрлігінің реформалары дәлел. Осы орайда «Қамшы» порталы оқырман назарына жазушы Мұхтар Мағауиннің «Қазақсыз Қазақстан» мақаласын ұсынады.
***
Баяғыда, бала кезiмде естiген өзгеше бiр сөз қайта-қайта ойыма орала беретiн болды. 1951 – бұдан алпыс екi жыл бұрынғы кеп. Мен он бiр жастамын, 5-класта оқимын. Кезектi география сабағында мұғалiм Америка құрылығын еуропалықтардың ашуы, жаулауы, игеруi және ондағы құлдық тәртiп туралы әңгiмеледi. Менiң (болашақ пәленбай деген жазушы) тарихи танымым, әдеби бiлiгiм өз жасым ғана емес, өз тұсымнан да бiршама жоғары едi – орта мектеп оқулықтары бойынша адамзат тарихынан жалпылай дәрiс алғам және әлем әдебиетiнiң қазақ тiлiне аударылған елеулi шығармаларын түгелдей дерлiк оқып тауысқам, оның iшiнде Америкадағы нәсiлдiк жағдай туралы Гарриет Бичер-Стоудың романы да бар. Ендi, мұғалiм қара түстi зәңгiлердi Африкадан тұтқындап, кемелерге салып, жолай қырылғаннан қалғанын жаппай құлдыққа түсiретiнi туралы айтқанда, мен ерiксiз бiр сұрақ қойып едiм. “Зәңгiлердi соншама жерден тасығанша, неге жергiлiктi халық – үндiстердi құлдыққа жекпейдi?” – деп. Сонда мұғалiм айтты: “Отаршылдар үндiстердi бiржола қырып тастағанды тиiмдi санады. Егер оларды аман сақтап, құлдықта қалдырса, заманнан заман өткенде өсiп-өнедi, теңдiкке ұмтылады, содан соң мына жер – бiздiң ата-мекенiмiз деп күреске шығады, ал келгiншi құлдар қаншама жетiссе де, бұл жер менiң ежелгi жұртым деп дауласа алмайды. Сондықтан отаршылдар ел иесi байырғы халықты түп-тұяғымен жойып жiберу қажет деп санады”.
Әлi күнге қайран қалам. Советтiк заман идеологиясына мүлде қайшы, осыншама терең ұғымның тамыры неде? Өзi ойлап тапты ма, әлде кейiнде жоққа сайған ұлттық сананың арыдан жеткен жаңғырығы ма? География мұғалiмi Төлеуқан Жақыпов – ол кездегi ең басты жоғарғы оқу орны ҚазПИ-дiң алғашқы толқын түлектерiнiң қатарынан екен. Алаш-Орда идеалдары әлi көмескi тарта қоймаған кезеңде қалыптасқан. Дайын тезистi санаға сiңiру үшiн де үлкен пайым, парасат керек. Қайткенде де, қарапайым ауыл мұғалiмiнiң көкiрегiнде тұнған мұң мен зiлдiң салмағын кiм бiлген. Ақыры өзi де отаршыл алапаттың құрбаны болды – арада екi жыл өткенде, дәл iргеде жарылған қуатты, ең алғашқы сутегi бомбасының зардабынан айықпас сырқатқа ұшыраған ағайындар қатарында шәйiт кеткен едi.
Ол – Совет (Кеңес емес!) өкiметiнiң заманы. Ендi – Тәуелсiздiк аталатын жаңа дәуiр. Бiрақ бүгiнгi Қазақстан өкiметiнiң (қазiр “билiк” дейтiн болыпты) осындағы байырғы жұрт – қазақ халқына қатысты жүргiзiп отырған барлық шаруасы, нақты саясаты мен көпе-көрнеу iшкi пиғылы бұдан екi ғасыр бұрынғы Америка құрлығындағы отаршылардың жергiлiктi үндiс халқына қатысты төтенше шараларын еске түсiредi. Әлбетте, тiкелей, жаппай қырып-жою жоқ, оған мүмкiндiк те табылмас едi, әйткенмен, тереңнен, нақты ойластырған және iшiнара жүзеге асып та жатқан жүйелi қарекетi ешқандай күмәнсiз, ақиқат байламдар жасауға негiз бередi – қазiргi Қазақстан өкiметi осы ел мен жердi мың жылдар бойы мекендеп келген қазақ халқына қарсы түбегейлi, пәрмендi жұмыс жасап жатыр. “Егемендiктiң” алғашқы бес-он жылында еппен, жымысқы қимылдап едi, соңғы он жылдықта, оның iшiнде кейiнгi екi-үш жылда ашық соғыс жариялады.
Ендi жалпы жұртқа белгiлi, аз-мұз сауаты бар, тым құрыса жарым-жартылай көзi ашық кез келген қазаққа мағлұм бүгiнгi ахуалдың ең көрнекi, негiзгi жағдаяттарын еске түсiре кетейiк.
Осы “Егемендiк” аталатын жиырма екi жыл iшiнде:
– ежелгi қазақ жерiнiң асты мен үстiндегi барлық қазына мен байлық талауға түстi;
– адал еңбек емес, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, заңсыз иелiк нәтижесiнде жемiт байлар тобы және бар мүмкiндiгi шектелген, күнкөрiс жағдайының өзi қиындаған тақыр кедейлер табы қалыптасты;
– қазақ ауылы қирап, тозып бiттi, үлкен шаһарлар төңiрегiне қайыршылық пен шарасыздық жайлаған, тұрмыстық қызметi тапшы, кембағал, қотыраш қалашықтар өсiп шықты;
– белгiлi бiр әулет, ұйымдасқан топ, билеушi тап азғана уақыт iшiнде қисапсыз байлық, барлық игiлiкке жеткен жағдайда, ел иесi, жер иесi жалпы жұрттың тұрмыс-ахуалы күн озған сайын төмендеп барады;
– ел iшiнде жаппай коррупция, жойдасыз жемқорлық етек алды;
– аса зор көлемдегi және ұсақ-түйекке дейiнгi парақорлық үйреншiктi, дағдылы тұрмыс кебi ретiнде қалыптасты;
– мемлекеттiк қызмет, кез келген мансап – мiндеттi парыз емес, тек қана iшiп-жеу, байлық құрау, жеке бастың қажетiн ғана өтейтiн тиiмдi тетiк деген түсiнiк орнықты;
– сот, прокуратура, құқық қорғау, заң мекемелерi әдiлет атаулыны аяққа басып, тек жоғарыдан түскен нұсқау, немесе жеке бас пайдасы тұрғысынан ғана жұмыс жасайтын болды;
– қылмыскердiң жазадан құтылуы, кiнәсiз кiсiлердiң бас еркiнен айрылуы – үйреншiктi құбылысқа айналды;
– күдiктiнi жауапқа тарту кезiнде, сотталғанның жазасын өтеу мезгiлiнде адамгершiлiкке қайшы әрекетпен азаптау, жанын қинау, тiптi ұрып өлтiру – совет тұсындағыдан да қатал, гестаполық тәсiлдермен үйлес тұтқын тәртiбi – әдепкi жағдайға саналды;
– ауыр тұрмыс, заңсыздық пен ұрлық-қарлық, адал еңбекпен мал табу мүмкiндiгiнiң қиындығы, бейсауат жүрген кiсiнiң өзiнiң жеке басының қатерлi жағдайы, арам байлар мен әкiм-қаралардың жүгенсiз мiнезi – жалпы жұртты аздырып, әдiлет, адалдық, кiсiлiк туралы ұғымдар аяқ-асты болды;
– үлкендер дүниеден түңiлсе, жастар үмiтсiз торығу дертiне шалдықты, ақыры кәмелет жасына жаңа толған, тiптi толмаған өрендердiң өзiне-өзi қол жұмсауы – әлемде жоқ деңгейде өрiс алып отыр;
– мүлде бейкүнә, немесе көлденеңнен күдiктi жеке кiсiлерге, халықаралық деңгейде ешбiр терiс тiзiмде жоқ дiни, рухани топтарға қарсы, олардың отбасын, жақын туыстарын қоса қамтитын мемлекеттiк террор заң аясына сыйғызылды;
– үлп еткен наразылық, қарсылық атаулы аяусыз жанышталып жатыр;
– оппозиция қуғынмен, қудалаумен тозып бiттi;
– баспасөз еркiндiгi, жиын, ереуiл құқығы шектелген;
– үлкендi-кiшiлi әдiлеттi сайлау атаулының елесi де жоқ, демократиялық құндылықтар құрғақ сөзбен алмасты;
– үстем тап – бұрынғы компартиялық номенклатураның әдiс-амалы, iсi мен күшiнiң екпiнiмен Қазақстан шегiнде бiр ғана кiсiнiң өкiмi – сырттан сыпайылап айтылып жүргендей, авторитарлық билiк емес, тежеусiз диктатура орнады;
– осында айтылған және айтылмаған қаншама сорақы себептер нәтижесiнде Қазақ елi бүгiнде бүкiләлемдiк шикiзат отарына, ал Ресейдiң еркi кем, бұйдалы, шын мәнiсiндегi басыбайлы иелiгiне айналды.
Әйтсе де, бұл арада бiздiң айтпағымыз – мүлде басқа мәселе. Отар елдiң де шектеулi, азды-көптi құқығы болады. Отар елдiң өзiндегi халық қадарынша тiршiлiк жасап, өсiп-өнiп жатады. Оның үстiне манадан берi тiзбеленiп отырған мәселелер бiржақты көрiнуi де мүмкiн. Дау айтушылар табылады. Ұлан-ғайыр жетiстiгiмiз бар, бiзде керемет, бәрi тамаша демек. Өз тарабымыздан үстесек, жалғыз қазақ емес, кез келген, кiрiптар кептегi, немесе мемлекеттiк құрылым өркендеп дамудың оңды жолын таңдай алмаған, артта қалған елге тән сыпат. Әлемде бұдан бiршама бұрын еркiндiк алғанымен, отарлық, жартылай отарлық бұғаудан шыға алмай отырған, кембағал қалыптағы қаншама жұрт бар. Қорқау өкiмет, парақор шенеунiк, заңсыздық пен зорлық-зомбылық, ауыр тұрмыс пен шарасыз тығырық – жалғыз бiздiң ғана еншiмiз емес. Халқының әл-ауқаты бiзден әлдеқайда төмен жағдайлар да ұшырасады. Алысқа тартпай, көршiлес республикалар – еңбекке жарамды азаматтары ел ақтап кеткен туыстас ағайындарды еске салайық.
Бiрақ бiздiң не Африкада, не Азияда болмаған және болуы да мүмкiн емес, атойлап тұрған айрықша бiр сыпатымыз бар. Ол – билеушi таптың өз халқына қатысты арам пиғылы және терiс әрекетi. Нақтылап айтсақ, жер иесi, соған орай ел иесi де болуға тиiс жергiлiктi, байырғы жұртқа қарсы күресi. Одан әрмен анықтап айтсақ – бүгiнгi Қазақстан өкiметiнiң қазақ халқына қарсы, жоспарлы түрде, табанды, әрi дәйектi жағдайда жүзеге асыруға кiрiскен ең басты жұмысы – әлем тарихы, халықтар шеруiнде ұшыраспаған өзгеше құбылыс. Бiрақ ақылға сыймас iс емес. Түп-тамырына бойласақ, заңды, табиғи жағдаят деп таныр едiк.
Бұл арада қазiргi Қазақстан билiгi – кешегi Советтiк өкiмнiң жалғасы деп бiлу – мәселенiң бiр ғана жағы. Қашанда отаршыл тәртiптiң ең негiзгi тұрғысы – жер иесi болып табылатын халықты бiржола құрту едi ғой. Патшалық Ресей, әсiресе Қызыл Ресей қазақ халқына зәбiр мен қиянаттың барлық түрiн қолданды, ақыры 1932-33 жылдарғы ғаламат ашаршылық нәтижесiнде ұлы халықтың сағын сындырды, бiрақ қанша қырылса да, қазақ жер бетiнен бiржола өшпей қалды, сондықтан “Тың көтеру” науқаны ұйымдастырылды, байырғы жұрттың үстiне орысы бар, орманы бар, тағы қаншама халықты әкелiп төктi, сөйтiп, жер иесiн елеусiз азшылыққа айналдырды. Алайда ақыр түбiнде дүние керi төңкерiлдi, бәрi өзгердi, тек бұрнағы коммунистiк билiк өз орнында қалыпты. Әуелден-ақ қазақты кемшiн санаған, отаршылдың қызметiндегi, қарғылы қауым. Өкiм атауы өзгерсе де, ұғым мен таным бұрынғыша. Оның үстiне, жаңа, төтенше бiр түсiнiк қалыптасыпты. Ұлттық санадан тыс өкiметте жеке бастың пайдасы бiрiншi орынға шықпақ. Ел мүддесi есеп емес, мемлекеттiк тұрғы – осы жеке басқа ғана қызмет ететiн, сатуға, пайдалануға қолайлы, қажеттi тетiк қана. Бұл жолда сыртқы қиындықтарды жеңу оңай – күштi көршiнiң қалаған, сұрағанын бере беру, тiптi алыстағы алпауыттың өзiнiң қолын қақпау. Атың абырой тауып, билiгiң беки түседi, сырттағы жұртқа сенен жақсы кiсi жоқ. Ал iшкi қиындық, соншама елеусiз болса да бар, немесе әжептәуiр болып шығуы мүмкiн. Оның аты – қазақ дейтiн халық.
Осы қазақты жуасытса, даусынан айырып, жiгерiн жасытып, күшiн қайтарса, бар мұраты орнына келмек. Сөйтiп, “Егемен” өкiметтiң, атаулы, жалғыз кiсi емес, компартияның жәдiгөй мектебiнен өткен тұтас бiр қауымның қазақ халқына қарсы қауiп-қатерсiз, бейбiт, бiрақ қатаң, әрi аяусыз соғысы басталып кеттi.
Осы iшкi майданның жалпы жұртқа мағлұм негiзгi бiр тұрғыларын атап өтейiк.
Бүгiнде билiк басында отырған парт-номенклатураның қазақ тәуелсiздiгiн қажетсiмеген, бұрнағы отарлық кепте қалуға жанын салған, алыс-жақын төңiрегiнен мүлде бөтен, құлдық санасы – Орыс-Совет империясы ыдырай бастаған кезде айрықша көрiнiс бердi. Туған халқының қаншама қан төккен, жүз елу жылдық мұраты сөз емес. Өз бастары ноқталы болса да, алдында астау, жеке жағдайы тым жақсы. Ақыры Балтық пен Украина тұрыпты, iргелес Орта-Азиялық елдер, оны айтасыз, империя ұйытқысы Ресейге дейiн өз тәуелсiздiгiн жариялап бiткен кезде, қақаған қыс, иен жұртта қалған Қазақ ССР-ының сатымсақ өкiметi мен қуыршақ Жоғарғы Кеңесi амалсыздың күнiнен “Егемендiк” алуға мәжбүр болды. Бұл екi ортада Мәскеумен аралықта қандай келiссөз атқарылғаны әзiрше жабық тұр, кейiн архивтен “Бiз Ресей құрамында қалғымыз келедi” деген ғарызнама-өтiнiш шығып жатуы да ғажап емес, оның айқын мысалы – жаңадан туған республиканың қаншама ай бойы рубль аймағынан кеткiсi келмеуi, яғни, Ресейге тәуелдi қылатын экономикалық бiрлiктен айнымауы дер едiк. Ақыры бұл кiрiптарлық талап та қабыл алынбады, Ресей бiздiң жандайшаптарды рубль аймағынан теуiп шығарды, бұдан соң, төл теңгемiз айналымға түскенше, бұл кезде қолданудан шығып кеткен Ресей рублi вагонымен, составымен келiп, бүкiл Қазақстан ахуалына қаншама зиян тигiзгенi мәлiм.
Өз ақшамыз шықты, бұл – тәуелсiздiктiң ең көрнекi, нақты белгiсi деп, қуанышымыз қойнымызға сыймады. Бiрақ арада бес-он жыл өтер-өтпесте осы ұлттық теңге Егемен өкiметiмiздiң көзiне жын болып көрiне бастады. Банкноттар бетiндегi Абылайдың, Абайдың, Шоқанның, Құрманғазы мен Сүйiнбайдың суреттерi жоғалып, барлық жаңа ақша бұрынғы бiр теңгелiкте бедерленген Фараби бейнесiмен алмастырылды. Бұл жағдай – әуелдегi үш теңгелiктен жүз теңгелiкке дейiнгi банкнот құнсызданып, айналымнан түскен себептi деп түсiндiрiлдi. Әлбетте, Фараби де қазақтан алыс емес, ортағасырлық Отырардан шыққан түрiк, сонымен қатар әлемдiк тұлға, араб мемлекеттерiнiң ақшаларынан да көрiнiс тапқан, ендiгi қазақ теңгесiне де жарасып тұр, бiрақ Абайдың және басқа алыптарымыздың бейнелерi де таңбаланса қайтер едi? Болмайды екен. Мұны аз десеңiз, жаңа ғасыр шегiнде қазақ теңгесiнiң бетiнде сандық бағасын айғақтаған жазу орыс тiлiнде де жазыла бастады. Яғни, бүкiләлемдiк отар, оның iшiнде Ресейдiң атаусыз боданы мәртебесiне жеткен елдiң шартты ақшасында айқын ұлттық нысан болмауы қажет екен. Тәуелсiз ел емессiң, асып кеткенде Ресейдiң бiр бөлшегiсiң! – деген қағида, қатаң ескертудiң әуелгi бiр, нақты, көрнекi айғағы.
Осы теңгенiң ұлтсыздануымен қатар, өмiрдiң барлық саласында да Қазақ елiн тұтасымен ұлтсыздық кебiне түсiру – пәрмендi, жоспарлы науқанға айналды. Сыпайылап айтқанда. Бәрiн түгел таратып, бажайлап тiзбелесек, тұтас бiр кiтап, әлденеше кiтап жазылар едi.
“Егемендiк” заманның алғашқы күндерiнен бастап-ақ халықтың ақыл-ойы, жан-жүйесi, қорғанышы мен қамқоры саналатын ұлт зиялыларына қарсы күнi бүгiнге жалғасып келе жатқан былғаныш науқан басталды. Бұл кезде баяғы Колчак айтқан бас көтерер бес жүз қазақтың саны еселеп өсiп, әлденеше мыңға жеткен. Тайлы-таяғы, түп-тамырымен түгелдей құртып жiбере алмайсың, сондықтан өрiсiн тарылтып, тұқыртып ұстау саясаты iске қосылды. “Зиялы қауым дегенiмiз – зиянды қауым!” – деген жәдiгөй ұран шығып, оған жалбағайлар мен далбақайлар қосылып, баспасөз бетiнде тура жиырма жылдық науқан ұйымдастырылды. Бұл, бүгiнгi сатымсақ өкiмет үшiн шынында да зиянды қауымның ең қомақты бөлiгiн – ғылыми интеллигенция құрайтын. Ендi университет профессорының айлық ақысы апталық көжесiне жетпейтiн болды. Қатардағы ғылым кандидаттары мүлде тапшылық жағдайда қалды, кейiнгi талапкер жастардың бары – ғылымнан кетiп, жоғы – бұл жаққа жуымайтын болды. Көп ұзамай-ақ Ғылым академиясы таратылды. Құрметтi академиктерге алданыш стипендия тағайындалды. Осы екi жағдай – Жоғарғы оқу мен Ғылым академиясының жұтқа ұшырауы – Қазақстандағы ғылым атаулының дағдарыс, тоқырауы ғана емес, керi кетуi, уақыт оза келе мүлде дерлiк жойылуына ұласты. Бұл – бiр оқпен атылған екi қоянның алғашқысы ғана. Екiншi қоян – ғылым төңiрегiндегi танымы кең, кеудесi зор, қашанда үлкен құрметте болған оқымысты қауымның ұжымдық құрылымы жойылып, бар тiршiлiгi сұрықсыз, қораш жағдайға түсiп, ғылым ғана емес, саясаттан да аулақтап, халқының сөзiн сөйлеуден қалуы, үлкендерi шаршап, өлiп-жiтiп, кiшiлерi қажып, түңiлiп, қоғам өмiрiнен шеттеуi деп бiлейiк.
Советтiк заманда ұлттық партия қызметiн атқарған, қаһарлы желтоқсан оқиғаларының кезiнде де халқының мұң-зары мен ашу-ызасын бiлдiрген Жазушылар одағы да осы кепке ұшырады. Аты бар да, заты жоқ. Бұрын жазушылар кiтап шығарып ақша алса, ендi кiтабын шығару үшiн ақша төлейтiн болды. Осы әрең-пәрең кiтаптың өзiнiң таралымы жоққа жақын – бiр мың, екi, үш мың. Қаламақы туралы айтудың өзi әдепсiздiк саналады. Қазақ кiтабы ешқандай қосымша пайда түсiрмейдi екен. Бұл кiтап Совет өкiметiнiң алғашқы елу жылында да ешқандай пайда түсiрмеген, бiрақ сол замандағы аға жазушылар қап-қабымен ақша алған. Бiз көрген соңғы жиырма бес жылда да қаламақы бұрынғыға жетпегенiмен, әжептәуiр болды, бiрақ тақыр-таза зиян, яғни басып шығару үшiн қыруар төлемi бар өлең кiтаптарына тоқтау қойылмады, прозаның есебiнен жабылатын, осындай, шығыны мол жинақтар шығарып жатқан ақындардың қаламақысы – түсiмi көп прозашылардан артып та кететiн. Егер баяғыдай елу-алпыс мыңмен шығарса, бүгiнгi кiтап та көп түсiм берер едi. Ұлттық мәдениет, оның iшiнде рухани қазына санатындағы көркем әдебиеттiң мән-маңызы ақшамен есептелмейтiнiн айтып жатудың өзi артық. Аз ба, көп пе шығын жұмсалып отырған оқу, тәрбие жұмысы, сот пен полиция, тiптi әкiмшiлiк, басқару мекемелерi, ең аяғы бүгiнгi қолжаулық парламентiңiз мемлекет қорына көпе-көрнеу санап беретiн қандай қаражат құйып отыр екен. Мұның бәрi есеп емес. Ең бастысы – жазушылар қауымын жаныштау, бар даусынан айыру, алаш жұртына ықпалын жою болатын.
Сонымен, жиырма жыл орайында алдыңғы ақсақалдар кеттi, оған жалғас қарасақалдар қожырады, кейiнгi жастар үйсiз, күйсiз, кiтапсыз, жалаңаяқ жағдайға түстi, күн көсемдi мадақтап өлең-жыр жазған, өкiметтiң барлық саясатын қолдаған бес-алты сатымсақ жазарман болмаса, қалған қауымның бар дертi ғана емес, көпшiлiк жазуы да iшке түскен, күңкiл әңгiмесi кухнядан аспайтын жағдайға жеткен.
Оқымысты, шығармашы жұрт – бүкiл зиялы қауымның дүниеден түңiлмес қисыны жоқ. Халқына даусы жетпейдi, беделi кем, абыройы шамалы. Бүгiнгi өкiмет ақылын алмайды, айқайын естiмейдi, бәрiн керiсiнше, өз қалауымен жасап келедi.
Бiз зиялы қауымның әрқилы ахуалын, қоғам өмiрiнен қалай шеттегенiн айтып отырмыз. Мұның бәрi туған халқыңның кембағал жағдайдағы ауыр тұрмысымен салыстырғанда түк те емес. Ауылдағы жаппай жұмыссыздық, қалалы жерге жеткен жастардың жүкшi, арбашы, күнделiктi жалдамалы кебiндегi сұрықсыз өмiрi, қажымас қазақ әйелдерiнiң қара базарды жағалаған қалт-құлт тiршiлiгi – барды саусақпен санап, жоқты түгендеп бiте алмайсыз. Жиырма екi жылдық жаңа отар жағдайында бүкiл қазақ жұртының мiнез-құлқы өзгерген, дүние танымы басқа бiр арнаға түскен, ниет-пиғылы бұзылып, бар мұраты тек қана күнкөрiс қамына тiрелген. Мұны аз десеңiз, “тәуелсiздiк таңының” дүние тарыла бастаған алғашқы жылдарының өзiнде “Қазақтың жауы – қазақ!” – деген ұран көтерiлдi. Театр сахнасынан баспасөз бетiне көшiп, күнделiктi, жалпы жұрт аузындағы лепеске айналды. Бұл ретте бiздiң шалағай артистерiмiз бен шаласауат журналист, жалбағай жазушыларымыздың еңбегi айрықша болды. 90-жылдардағы “Ана тiлi”, “Жас Алаш” газеттерiнде және “Жұлдыз” журналынан басқа барлық басылымдарда ең басты ұран болған, бұралқы ғана емес, ұлт тағдыры үшiн мейлiнше қатерлi қағиданы әуел баста жеке бiр кiсi ойлап тапты дегенге күмән келтiрем. Жоғарыдан түскен нұсқау – жандайшаптар көтерiп жiберген, санасыз тобыр одан әрмен қоздатып әкеткен. Қайткенде де, қазақ қоғамының iрiп бара жатқан, азып, тоза бастаған өтпелi кезеңiне тән көрiнiс болатын. Ойлап қарағанда, бұл ұраннан жалғыз-ақ қорытынды шығар едi. Қара қазақ бiрiне-бiрi жау болғанда, биiк мәртебелi өкiметiң неге қарауындағы халқына дос болуы керек?! Сендер бiрiңдi-бiрiң түтiп жеңдер, бәрiңдi қосып, тәбетi тәуiр өкiметiң жәукемдесiн. Шынында да солай болып шықты.
Егемендiк межесi бес-алты жылға толар-толмаста қазақтың атамекен жерiн сату туралы мәселе күн тәртiбiне қойылды. Халықты жаңа бiр игiлiктiң артықшылығына үндеп, әр тараптан пiкiр тартқан дүдәмал оспақтан соң, сырттай, тезiнен дайындалып, үкiмет қостап, алғашқы оқылымы парламентте мақұлданып та үлгердi. Осындай сұмдық хабар естiлiсiмен, қазақ зиялылары түгел көтерiлген едi. 1999 жыл, шiлде айы болатын. Жазушылар одағының мәжiлiс залында бүкiл шығармашылық ұйымдардың, ғылыми интеллигенцияның ең беделдi өкiлдерi бас қосып, бiр ауыздан қатаң қарсылық айтылды, сөйленген сөздiң бiразы және арнайы қарар республикалық баспасөз бетiнде жарияланды. Сонымен тоқтау болып едi. Әйткенмен, арада үш жыл өтер-өтпесте парламент жер сату туралы мәселенi төтесiнен, қайта көтерiп, бүкiлхалықтық талқыға салмастан, қайрылмас шешiм қабылдапты. Жер сатылды.
Қазақ халқының арғы ата-бабадан берi, мыңдаған жыл бойы иеленген, төңiректiң төрт бұрышынан анталаған жаумен қайтпай қаржысып, қисапсыз қан төгiп, кейiнгi ұрпағына мирас еткен жерi. Жер сатылды. Табанымыздың астындағы жалғыз тиянақ. Кiм алды, не қалды? Қазiр бiзге шет жағасы ғана мағлұм. Ежелгi қазақ топырағы қолы жеткен, нақтылап айтсақ, өктем өкiметiмiзге көмектес, сыбайлас, жаны жақын, жат жұрттық қорқаулардың талапайына түстi. Ежелгi Қазақ елiнiң ең құнарлы өңiр, ең құйқалы қоныстарының қаншасы атаңның өзi атын естiп бiлмеген жалмауыздардың иелiгiне кесiлгенiн бүгiнгi бiз бiлмесек те, кейiнгi заман айқындап бередi.
- .Адамзат тарихында неше түрлi дарынсыз, ақымақ, жалтақ, тауансыз, тiптi ақыл-есi кемiс, есалаң патшалар болған, алайда елiмен қоса жерiн де сатып жiберген ғажайып кемеңгер патша бiздiң қазақтың ғана еншiсiне бұйырыпты.
Таңғаларлық ештеңе де жоқ. Жер сатылып, оның асты мен үстiндегi бар байлық жат жұрттардың үлесiне берiлiп, яғни түгел төңiрегiнiң көңiлiн тауып, әбден күшейген соң, Қазақстан аталатын республиканың президентi болып отырған Елбасы және Ғасыр ғұламасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақта бұдан бұрын мемлекет болған жоқ!” – деп жариялады. Әуелде қақас естiдiк пе деп едiк. Жетi-сегiз жыл орайында, ең биiк мiнберден әлденеше рет қайталап пысықтады. “Мемлекет болған жоқ, шекарасы да болмады”. Жаңалық емес едi. Одан көп бұрын Солженицын айтқан. Солженицыннан соң Жириновский неше мәрте шегелеген. Бiздiң жаңалық – мұндай сорақы сөздiң осы елдi басқарып отырған кiсiнiң аузынан шығуы болатын. Бiр қызығы – бұрнадан белгiлi кеп болғанымен, ешкiм де Назарбаев Солженицынды қайталап, Жириновскийге үн қосып отыр деп ойламады. “Осы тәуелсiздiктi бiзге өз қолымен алып берген” күн көсем: “Бәрiн де мен жасадым”, – деп тұр, қайткенде де артық кеттi деп түйдiк. Алайда Ғасыр ғұламасының атаулы лепесiнiң мән-мағынасы мүлде басқаша болатын. Алаңғасарлық та, аңқаулық та емес, тереңнен толғаған, алды-артын байыптаған нақты тұжырым. “Қазақта мемлекет болған жоқ, яғни алдағы заманда болуы да шарт емес; өзiм құрған мемлекеттi өзiм тарата алам, патшалық заманымда не қылсам да орынды, заңды”, – деген кеп.
Ал ендi мемлекетi болмаған елдiң тарихы бола ма? Тақау көршiлермен шекарасы болмаған жұрттың өзiне тиесiлi қоныс, мекенi бола ма? Тарихты, жер иелiгiн айтасыз, өзiндiк халқы бола ма? Жоқ, жоқ және жоқ! Қазақ деген халық жоқ. Атап айтылмаса да, дәп осындай қорытынды шығады. Бар болса да, құнсыз, елеусiз тобыр.
Болмаған мемлекеттiң өткенiн, жоқ тарихты тексеру, зерттеу қажет пе? Қажет емес, мүмкiн де емес. Атаулы қағидадан кейiн, тiптi одан көп бұрын қазақ тарихын тануға бейресми түрде тыйым салынды. Жоқ мемлекеттiң алғашқы екi ханына Астанада орнатылуға тиiс және дайын тұрған, жап-жақсы, көрнекi кейiптi ескерткiш, төңiрегiндегi жауынгер серiк бейнелерiмен қоса, әлдебiр қоқысқа тасталып, оның орнына жаңа, шынайы тарихты бастаушы Алып Тұлғаның мүсiнi қойылды. Ал Алматыда бұдан жиырма жыл бұрын белгiленген, 1932-33 жылдарғы алапат ашаршылық құрбандарына арналмақ ескерткiш баяғы жатаған, мұқыл құлпытас қалпында тұр. Оны айтасыз, қазақ халқын орны толмас апатқа ұшыратып, әлемдегi ең үлкен халықтар қатарынан шығарған коммунистiк геноцид, оның себеп, салдары жөнiнде айтудың өзi орынсыз саналатын болды. Жүз елу жылдық орыс және орыс-совет отаршылдығы туралы сөз қылуға рұқсат жоқ. Коммунистiк басқыншылықтың жаңа кезеңi – “Тың көтеру” науқаны әлi күнге мадақталып жатыр және өткенде пәленбай жылдығы өкiметтiк тұрғыдан арнайы аталды.
- Қазақтың есептен шығарылуының, бұрын болмаған мемлекетiнiң қазiр де елесi жоғының ең айқын мысалы – “Бiр жүз қырық ұлт” теориясы. Мән-мағынасы: қазақ – атаулы республика шегiндегi жеке-дара жұрт емес, осы елде “шат-шадыман тұрмыс кешiп, ынтымағы жарасқан” 140 халықтың қатарындағы қауым деген ұстаным. Қазақ – өз ата-жұртында мемлекет құрушы, жетекшi халық емес, көптiң бiрi деген сөз.
Әлбетте, Қазақстан азаматы саналатын адам атаулы ұлтына, нәсiлiне қарамастан, тең құқықты. Және бұл теңдiк қазаққа да тиесiлi. Азаматтық тұрғыда кiсiнiң кiсiден артықшылығы жоқ. Бiрақ бұл арадағы кiлтипан – байырғы жұрттың ұлттық статусы туралы. Сен – жер иесiсiң, әрi басқалармен салыстырғанда, өлшеусiз көпсiң. Алайда ата-баба мекенiнде тұрғаның есеп емес, ал көптiгiң – елеусiз жағдай екен. Елеусiз ғана емес, қажетсiз, тiптi қатерлi кiлтипан. Егемен өкiметiмнiң ұғымынша, қазақ өзiнiң өгей отанында көпшiлiк болмауға тиiс.
Осыған орай, егемен саясатымыз 2009 жылғы ресми соңғы санақ көрсеткiшi – республика шегiндегi қазақ халқының үлес салмағы 67 пайыздан астам дейтiн, жалпы жұртқа хабарланып қойған бастапқы деректi әуелде Назарбаевтың аузымен 65 пайызға түсiрдi, осыдан соң 65-тiң өзi көп көрiнiп, 63 пайызға дейiн төмендеттi. Шындығында, осы “алпыс үштiң” өзi – қыруар сан, қазақ – республика көлемiндегi саны басым, жетекшi ұлт деген сөз. Балтық бойындағы, алғашқы күндерiнен бастап шын мәнiсiндегi тәуелсiздiк орнатқан үш елдегi байырғы халықтың үлес салмағы да әзiрше осы 63 пайызға жетiп, жетпей жатыр. Алайда бiздiң отансыз, ұлтсыз өкiметке елдегi жалпы жұрттың үштен екiсiне жуығын құрап отырған 10 миллионнан астам халықтың өзi бәкене көрiнедi. Бәкене көрiнбесе де, солай деп саналуға тиiс екен. Қалған қуысты 129 ұлт және “ұлыспен” тығындапты. Жиыны – 130 халық деп қойыңыз. Оған да тәубе, бұл 130-дың iшiнде қазақ та бар, қапелiмде ұмытып кетпеген. Содан берi төрт жыл өттi. Манағы ұлттар мен “ұлыстар” өз iшiнен балалап көбейiп, 140 деген жуан санға жетiптi. Яғни, қазақтан басқа тағы да 139 ұлт пен “ұлыс”. Ендi есептеп қараңыз. Ең соңғы, жаңа дерек бойынша, биылғы 2013 жылдың орта шенiнде республика халқының жиын саны 17 миллионнан асқан. Оның тура 11 миллионы – қазақ, жалпы жұрттың 65,2 пайызы. Бұдан соңғы ең iрi халық – орыс, 21,8 пайыз, одан кейiнгi өзбек – 3, украин – 1,8, ұйғыр – 1,4, татар – 1,2, немiс – 1,1 пайыздан. Бұларға жалғас кәрiс – 0,6, түрiк – 0,6 пайыз тартады екен. Қазақпен қоса жинақтап келгенде, осы азды-көптi үлесi бар он халық – бүкiл республика жұртының 96,7 пайызын құрайды. Сонда қалған 130 ұлт пен “ұлыстың” үлесi – 3,3 пайыз ғана болып шықпақ. Бұлардың iшiнде бес-он мың, бiрер мыңы тұрыпты, бес-алты, тiптi екi-үш-ақ кiсiден тұратын “ұлттар” мен “ұлыстар” бар. Өкiметтiк ұйымдар iздеп бармаса, тiрi жан түрiн көрмеген 5 чукча, 4 нивх, 3 нганасан, 2 юкагир, 1 айн деген сияқты. Ендi Тынық мұхит аралдарынан, Орталық Африка мен Амазонка жыңғылдарынан жалғыз-жарымдап тағы он, жиырма, тiптi, арам ақшамыз жетiп тұр, қырық-елу көз әкелсек, бүгiнгi Қазақстан 200 ұлт пен “ұлыс” тату-тәттi, береке-байлықты, шат-шадыман тiршiлiк кешiп жатқан ұжмақ өлкесiне айналар едi. Осындай, күлкiлi емес, сорақы жағдайларға қарап тұрып, бүгiнгi Қазақстан өкiметiн ұстап отырған алыптардың ақыл-есiнiң түзулiгiне күмән келтiресiң. Әлгiндей есепке салсақ, бұрнағы әлемдiк империяның ұйытқысы болған Ұлыбританияда кем дегенде бiр, екi мың, бәлкiм, жер бетiн жайлаған әлде үш, әлде бес мың халық түгел бар болып шығар едi. Ал Франция мен Германияда бес-алты жүз бен мың-мың жарымның аралығында. (Осы үш елдегi соншама жұрттың iшiнде бiреу, екеу, үшеу емес, әлденеше жүз, бәлкiм, бiрер мыңнан астам қазақ та бар.) Осыған орай, Ұлыбритания – әлемдегi барлық жұрттың отаны, Франция – бес жүз халықтың мекенi, Германия – жетi жүз “ұлыстың” иелiгi деп дабырлаған мақтан естiлмейдi. Алайда жаңа ғана айтқан, ақыл-естiң бүтiндiгiне күмән – орынсыз. Дәл осы мәселеде өкiметiмнiң миы шылқып тұр. Есеп те нақты: Қазақстан – қазақтың емес, осындағы 140 жұрттың ортақ қожалығы, қазақ мұндағы барлық байлық пен игiлiктiң жүзден бiрдеңе бөлшегiне ғана еншiлi дейтiн сұрқия қағида. Бұл – берiдегi, сыртқы перде. Шын мәнiсiнде Қазақстан – қазақ үшiн құт мекен, туған отан болудан қалған.
Осы “ынтымағы жарасқан 140 ұлт пен ұлыс” қағидасының негiзiнде құрылған “Қазақстан халықтарының ассамблеясы” шын мәнiсiнде үй iшiнен үй тiгуге, осы халықтардың бiрлiгiне емес, айырымына қызмет қылып отыр. Жергiлiктi жұртқа бөтенсiң, өз бетiңше тiршiлiк жаса деген сарын. Осы уақытқа дейiн Ассамблея қазақ мүддесiне, қазақ тiлiне қатысты ешқандай мәселе көтерiп, мәлiмдеме жасап көрмептi. Керiсiнше, атаулы ұйымда басшылық қызметте болған кейбiр азаматтардың қара-қасқа шовинистер тобынан табылған мысалдары бар. Сонымен қатар қазақ мұратына жат, өкiметтiк ұстаным қалған барлық ұлтта байырғы жұртқа қарсылық, жек көру ыңғайындағы түсiнiк туғызып жатыр. Назарбаев болмаса, қазiргi қатаң тәртiп болмаса, бұл қазақтар орыстан бастап сойқан салып, ұйғыр мен кәрiс, күрд пен әрмен – тағы қаншама жұртты түгел қырғынға ұшыратпақ екен. Сондықтан да қазақты басып ұстау керек дейтiн қисын.
Мiне, қараңыз. Осы он жетi миллионның iшiндегi ең хақысы кем жұрт кiм? Қазақ. Бұл жағдай өмiрдiң барлық саласында атой салып тұр. Күнделiктi көрiнiс қана емес, бұлжымас заң. Мәселен, екi жас – қазақ пен ұйғыр (шешен, күрд, кәрiс, чукча...) төбелесiп қалсын. Мұндай жағдай тұрмыста болып тұрады. Орыс пен орыс, ұйғыр мен ұйғыр, кәрiс пен кәрiс, тiптi қазақ пен қазақ та жанжалдасып жатуы мүмкiн. Әсiресе қазiргi жұрттың бәрiнiң терiсi тарылған заманда. Бiреуi кiнәлi, немесе екеуi де жазықты. Ал бiзде ғажайып әдiлдiк орнады. Қандай жағдайда да қазақ кiнәлi деп танылады. Әлгi қожайын ұлттың қолынан кiсi өлсе де, есеп емес. Жанжалды кiм бастаса да, қазақ айыпты. Оның iшiнде манағы атылып, пышақ салынып, тепкiленiп өлген марқұмның өзi қылмыскер танылуы мүмкiн. Ал тiрiлер – таяқ жеген, көзi шығып, қолы сынған қазақтар әдiл соттың алдында жеңiл-желпi емес, қатаң жазаға – пәленбай жылдық түрмеге кесiледi. Бұл қалай деп ара түскен көлденең жұрт түгiлi, ақиқатын жазған баспасөз өкiлдерiнiң өзi қолма-қол жауапқа тартылмақ. Нәтижесiнде жергiлiктi қазақ өзiнiң адамдық құқығын қорғай алмайтын мүсәпiр халге жеттi. Тек қылмыстық iстерде ғана емес. Күнделiктi өмiрдiң, тұрмыстың барлық саласында. Қазақстанда тұрып жатқан, азаматтық хақысы артық кез келген ұлт пен “ұлыс” өкiлi байырғы қазақты қалай қорласа да айыбы жоқ. Ал қазақ қыбыр етiп көрсiн, тiптi қара күш емес, сыпайы сөзге жүгiнсiн – ұлт араздығын қоздырған қылмыскер болып шығады. Қазақты жәбiрлеу, оның ұлттық намысын аяққа таптау, өткен тарихын, тiлiн, мың жылдық мәдениетiн, ұлттық құндылықтарын жоққа санап және былғап, былапыттау – Қазақстан шегiнде шығып жатқан, дәйексiз электрондық құралдарды айтпайық, тасқа басылған газет-журналдар бетiнде үйреншiктi құбылысқа айналған. Қой деп айтатын, тыйым салатын өкiметiң жоқ. Қайта, керiсiнше, тарихы жоқ, мемлекетi болмаған, яғни екi аяқты адам атаулыға тән жетiстiк пен игiлiк атаулыдан жұрдай деп, бәрiн қоздырып отырған осы “Егемен” өкiметiң, оның Күн көсемi мен жандайшап қосшылары емес пе?! Жат жұрттық отандастар сенiң қазiр де жетiсiп кетпегенiңдi көзiмен көрiп отыр. Егемен Қазақстан республикасында қазақ тiлiнде толық хабар беретiн жалғыз телеарна жиырма жыл өткенде әрең ашылды, әйтеуiр өз тiлiңде сөйлеп тұр демесең, аузы қисық, көзi қитар.
Қазақ рухани тұрғыда, тұрмыс ахуалында ғана емес, заң алдында да кемшiн жағдайға түсiрiлдi. Көбiне-көп қазақтығынан басқа жазығы жоқ. Сонау 1918-20 жылдардағы сияқты, ешқандай тергеу, тексерусiз, жекелеп те, тобымен де атып тастауға болады, бала-шағасы, үй-жайымен қоса, түгелдей өртеп жiберуге, iргетасымен бiрге жарып, қопарып, аспанға ұшыруға болады; террорист екен дейдi, бiрақ айғағы да, дәлелi де жоқ, және бұл қарусыз азамат, қорғансыз бала-шаға, қатын-қалаштың жөн-жобасы мүлде айтылмаған күйiнде қалады. Бар кiнәсi мешiтке барып, намаз оқитын, тiптi бейсауат, өз бетiнше жүрген мұндай террористердi кейде тобымен ұстап, отыз-қырық, он бес-жиырмадан соттап жатады, сот мәжiлiстерi жабық өтедi, үкiмi қатал – он жылдан жиырма бес жылға дейiн, баяғы Советтiк Үлкен террор кезiндегi “жапон шпиондары” тәрiздi. Соңғы үш-төрт жыл орайында әлденеше отбасы үй-жайымен қоса жарылып, кем дегенде екi жүзден астам “террорист” қатаң тәртiптi түрмеге тығылды.
Ең ғажабы, осыншама содырлар жайлаған Қазақстанда әлi күнге бiрде-бiр атаулы террористiк шабуыл болмапты. Түсiнiктi жағдай, бiздiң қырағы чекистер алдын алып жатыр ғой. Өкiметiм солай деп сендiргiсi келедi. Алайда ақымақтың өзiне түсiнiктi жағдай. Мұның бәрi – қазақты жаныштау, үркiтiп, қорқытып қою, бар еркiнен айрылған көнбiс, исалмас тобырға айналдыру әрекетi ғана. Ақыры – Жаңаөзен. Мiне, бiздiң қаһарман қорғаушыларымыздың бауыры жазылып, бусана атқан күнi. Алайда бар арманын түгесе алмаған сияқты. Кез келген сәтте әлденендей наразылық бiлдiрiп, бас көтерген жұртты жамсатып салуға дайын отыр. Жұрт болғанда – тек қазақты ғана.
- Ақтөбеде, немесе Атырауда бiр орысты атып көрсiн. Алматыда әлдебiр ұйғырдың, Шымкентте қайсыбiр күрдтiң мұрны қанап көрсiн. Егер Маңғыстауда ереуiлге шыққан, тiптi шықпаған, көшеде жай ғана серуендеп жүрген бес орыс болса, бiздiң сүйiктi өкiметiмiз мылтық атпақ түгiлi, таяғын көтермес едi. Егемен билiк үшiн ең қатерлi жау – қазақ болып тұр. Заңнан тыс, сондықтан да қорғансыз, не iстесең де, қарымтасы, қайтарымы жоқ деп бiледi.
Жердi сату, қазақтың бар байлығын талапайға түсiру – қаншама ауыр ахуал болса да, ел-жұртымыз – қазақ аталатын халықтың iргесi бүтiн ғой дедiк. Өкiмет жаулық райынан қайтпаса да, халқымыз ес жияр, өсiп-өнiп, көбейiп, ақыр түбiнде өзiнiң еншiлi сыбағасына қол созар дедiк. Сөйтсек, туған халқынан егемен, төңiрегiне түгел тәуелдi өкiметiмiз бұл жағын бiзден бұрынырақ ойлап қойыпты. Қазақ халқы кембағал жағдай, қайыршылық тұрмыс үстiнде ұрпақ өсiрмеуi, өнбеуi, өз жұртында басым көпшiлiкке айналмауы қажет екен. Халық санағының әуелгi, ресми нәтижесiн бұрмалау, яғни өз республикасының шегiндегi қазақтың жиын санын мүмкiн болғанынша кемiтiп көрсету – бұл саясаттың аңдаусызда сыртқа шығып қалған бiр ғана белгiсi екен. Ендi анық қатер қаупiн аңдаған соң, егемен өкiметiм ашық, пәрмендi әрекетке көштi. Қайткенде де Қазақстан шегiндегi қазақ көбеймеуi керек!
Бұл зұлымдық пиғыл осыдан жиырма жыл бұрын көрiнiс берген. Қазақ халқы тәуелсiздiк алыпты, өзiнiң ұлттық туын көтерiп, байырғы мемлекетiн жаңғыртып, қайтадан еңселi ел болыпты деген қуанышты хабар, бүкiл әлемге таралған нақты айғақтан соң, шеттегi қазақ атаулы тарихи отанына оралуға асықты. Алғашқы қуатты толқын – ұлы көш Моңғол ұлысының тарабынан басталды. Келесi кезекте Қытай халық республикасындағы байырғы қазақтар тұрды. Бұрнағы советтiк республикалар – жақын көршi Өзбекстан, оның iшiнде автономиялық Қарақалпақ және Түрiкменстан, тiптi Ресей Федерациясындағы қандастар түгелдей дерлiк елеңдеп отырды және бiрталай жұрт алды-артына қарамай, ата-жұртқа көше бастады. Егемен өкiметiмiз ауыр жағдайда қалған едi. Жақтырмаса да, тоқтау сала алмайды, өздерiнiң өкiмi әлi де берiк бекiп болған жоқ.
Бiрақ ұлы көштi тоқтатпаса да, тасырқатып, бөгеп, кесел келтiруге бет бұрды. Көшiп келген оралман жұрттың алдына жүз сан тосқауыл қойылды. Уақыт озған сайын жағдай жеңiлдеу орнына қиындай бердi. Өкiметiңнiң өзi ұнатпай отырған панасызды кiм басынбас. Сүйретпе сылтаулар, көпе-көрнеу зорлық, ар-ұят, адамдық намысты қорлайтын әрқилы әрекет үстiне қисынсыз парақорлық қосылды. Қазақстаннның азаматтығын алу – қияметтiң қыл көпiрiнен өткенмен бiрдей жағдайға жеттi. Соған қарамастан, оралмандар тасқыны арта түстi. Ежелгi ата-жұртына орнығып, болашақ ұрпағын өз елiнiң тағдырымен қосуға ниет еткен жанкештi қазақтардың көрген қиындығы, естiген балағаты, ауыр тұрмысы жалпыға мәлiм, қайсыбiрiн санап бiтерсiз. Өкiметтiң ресми, жауапкер тұлғаларының әр кездегi аңдаусыз, немесе есеппен айтылған, қазаққа ғана қарсы емес, адамгершiлiкке қайшы сөздерi мен былғаныш iстерi тарих бетiнде таңбаланып тұр.
Осының бәрiне қарамастан, ұлы көш саябыр тартса да тоқталмады. Ендi, мiне, 2009 жылғы санақтың жан шошырлық қорытындысы – қазақ 67 пайызға жетiптi!.. Сұмдық қой. Егемен өкiметiм жандәрмен төтенше амалдар ойластыра бастады. Бiрақ қазаққа қандай қысас жасаса да, айтарлықтай нәтиже бермей жатыр. Ақыры... мiне, алақай, Жаңаөзен көмекке келiптi. Өкiметiмнiң көктен тiлегенi аяқ астынан шықты. Атты, азаптады, түрмеге тықты. Қорқытып, үркiтiп, қазақ рухын бiржола жаныштағанд
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір