• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

10 Мамыр, 05:52:09
Алматы
+35°

10 Мамыр, 2017 Ұлы көш

Әлем таныған әскери әнші – Хамит Ысқақ

Хамит Ысқақ Әбілқасымұлы – Қытайдағы қандастар арасынан шыққан Қытай халық республикасының мемлекеттік 1 дәрежелі әншісі. Алты қырдың астынан естілетін...

Хамит Ысқақ Әбілқасымұлы – Қытайдағы қандастар арасынан шыққан Қытай халық республикасының мемлекеттік 1 дәрежелі әншісі. Алты қырдың астынан естілетін асқақ үні, кең даланы кернейтін керім әні миллиондардың жүрегіне жатталып қалған. Біреу білсе біреу білмес, 1962 жылы отбасы бергі бетке ауған елмен бірге көшкенде ол Қытай қазақтарындағы ән-мен күйді жинауды мақсат қойып, мүмкіндігі бола тұра қалып қалған.

1939 жылы 10 қазанда Шәуешек қаласында дүниеге келген. 1947-1958 жылдары Шәуешек қаласында мектепте оқыған. Оған қоса 1951 жылы қыркүйектен 1958 жылы ақпанға дейін әскери қосынға қабылданып, Алтай әскери районында жауынгер болған. 1959 жылы қаңтарда Шыңжаң әскери районының дене-тәрбие командасына ауысқан. 1961 жылы қазанда Шыңжаң әскери районының ойын-сауық үйірмесіне артист болып қабылданған.  Осы уақыттан бастап Хамит  Әбілқасымұлы 40 жылын әскери салаға арнады. Хамит Ысқақұлы ұзақ жылдар бойы Қытайдың батыс шекарасындағы әскери казармаларда тұрған жауынгерлерге ән айтып берді, Тянь-Шань, Күнлүн, Али қарлы тауларындағы казармалар мен заставаларды аралап ән шырқады. 1999 жылы маусым айында зейнетке шыққан. Әскери шені генерал-майор. 2011 жылы 30 қазанда дүние салды.

Хамит Ысқақ Қытай әскери күштері арасында жеке орындаушылықтан 1973, 1975, 1978, 1979, 1980, 1981 жылдары қатарынан 7 жыл ең жоғары сыйлықты иеленген. 1989 жылы ҚХР 40 жылдығында бүкілқытайлық әскер арасында өнер байқауынан бас жүлдеге ие болған.

Репертуарына 300-ден астам ән жиналған Хамит Ысқақ Қытайға қазақтың 200-ден астам әндерін танытты, халық арасында 5 үн таспасы тарады. Ол әскери қызметінде мемлекет атынан Франция, СССР(Кейіннен барлық ТМД мемлекеттері), Жапония, Швейцария, Иордания, Пәкістан, Аргентина,  Вьетнамда іссапарда болған. Қытайдағы мемлекет ішінде өткен түрлі өнербайқауында көп алтын медалдар алған әнші 1993 жылдан бастап Қытай орталық Үкіметінің ерекше сыйақысын алып отырған. Ол қай мемлекетке, қай өңірге барса да тым бомласа бір әнді міндетті түрде қазақша орындап отырған.

Хамит Ысқақ Шыңжаңдағы қазақтар арасынан шыққан тенор дауысты әйгілі әнші. Жұрт оны шынайы көңілдерімен алқап «Қазақтың ән патшасы» деп атап кетті. Хамиттың тынысы кең, дауысы зор, үні жағымды, сөзі ұғымды, орындауы қызықты да жалынды, сахна тартымдылығы қуатты болған. Ол қазақтың ғана емес ұйғырдың халық әндерін қазақ, ұйғыр, қытай тілдерінде тамылжыта шырқап, қалың елдің қалауын алған.    1965 жылы Қытай премьер-министрі Чжоу Эньлай Шыңжаңдағы ұлттармен кездесуге келеді. Осы кездесудегі сауықкеште Хамит Ысқақұлының өнеріне тәнті болған Қытайдың реформатор премьері Чжоу Эньлай Шыңжаң автономиялы ауданы басшысынан: «Мен Қазақтың жас әншісі Хамиттың қазақтың құлаққа жағымды халық әнін қайталай айтып беруін сұраймын » дейді. Хамит Ысқақ қазақтың халық әні «Бозторғайды» іркілмей айтып бергенде, Чжоу Эньлай сахнаға адымдай көтеріліп: «Біз енді «Біз келеміз даңғыл жолмен» әнін айтсақ қалай?» деп ілтипатын білдіріп, қазақтың әншісімен қосыла ән айтады.

    Осыдан он жылдан кейінгі мемлекет мерекесінде, Чжоу Эньлай шетелдік мамандарды қабылдап, салтанатты кеш өткізгенде, Мәдениет министрлігі мен армияның бас саяси басқармасындағы мәдениет бөлімі арқылы Хамит Ысқақты Бежіңге шақыртып алып, шетелдік мамандарға Шыңжаңның халық әндерін айтқызып береді. Оның өзіне тән ән айту стилі шетелдік қонақтардың қошаметіне бөленді.

Оқырман назарына "Шыңжаң 3" қазақ тілді телеарнасының әншінің қазасына орай арнаулы хабарын қоса ұсынамыз. Сондай-ақ, әншінің әндерін мына сілтемеден тыңдай аласыз. http://ankui.kz/

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір