26 Қараша, 2012 NEWS
"Тәңіршілдікті" насихаттау кімге керек?(Үндеу)
Президенті жанындағы
ҚР Президенті жанындағы
Адам құқықтары жөніндегі комиссия Төрағасы,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
Қ.С.Сұлтанов мырзаға
ҚР Парламенті Мәжілісінің
Әлеуметтік-мәдени даму
Комитетінің мүшелерінің назарына!
Құрметті Қуаныш Сұлтанұлы!
Құрметті депутаттар!
Тәуелсіздігіне жиырма жыл енді толған Қазақстанның бүгінгі бақытына, ата-бабаларымыз арман тұтқан тәуелсіздігіне әртүрлі тараптан ақпараттық шабуылдау жасалуда. Солардың бірі – қазақтың тарихи санасы, тарихи сабақтастығы, рухани, мәдени болмысына қатысты әртүрлі жалаң идеологиялар мен түсініктерді тықпалау жалғасуда.
«Түбіміз – түрік, дініміз – Ислам, кітабымыз – Құран» дейтін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі аузына алып, алқалы жиында сөйлеген дуалы тіркесі қазақтың шын рухани болмысын бейнелеп тұрғандай.
Алайда, соңғы уақыттары қазақты тәңіршілдікпен біте қайнастырып, осы бір түсінікке көз үйрету фактілерінің орын алып отырғанын айтуымыз керек. Атаулар – қайсыбір ұлттың, қоғамның тарихи кезең жайлы пікірін қалыптастыратын маңызды бір ұғым. Радиоға «Tengri FM», ақпараттық сайтқа «Tengrinews» деп ныспы қою, фестивальға «Tengri-2012» деп айдар тағу, әуедегі алып монополия «AirAstana» компаниясының корпоративті бортта тегін таратылатын журналына «Тенгри» есімін телуі, ішетін сусын мен қаладағы қонақ үйге «Тенгри», туристік компанияға «Тенгр тур» деген атауды жапсыру, қазақтың байырғы ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан мұсылмандық дініне, ұлттық сипатына деген қарсылықтың көрінісі сияқты.
Бұл атаулармен ың-шыңсыз, бірақ үздіксіз түрде сіңіріліп жатқан «тәңіршілдік синдромына» кино, өнер тілі арқылы да үлес қосылып жатыр. «Қазақфильмнің» режиссері Р. Әбдірашевтің «В поисках Тенгри» деген экспедция ұйымдастыруы, Алматыдағы арт-галереяға «Тенгри Умай» деп ат қою тәрізді қылықтарға соңғы уақыттары «Қазақфильм» бейнесінде мемлекеттің қаржысының өзі үлес қоса бастағанға ұқсайды. Біз аталған синдромның кино тілімен сіңірілуіне үлес қосып жатқан «Шал» фильмін айтып отырмыз. Бұл жөнінде кинотанушылардың өздері «тәңіршілдікті насхаттауда таптырмайтын үлгілі кино болды» деп жарыса бағалап жазып жатқаны белгілі.
Құқықтық ниглизмнен арылуға тырысқан елдің азаматтары ретінде Конституциялық құқықтарымызға сүйене отырып, келесі сауалдарға бұрмалаусыз нақты жауап алғымыз келеді:
1) Мұсылмандардың халықтың 70 пайыздан астам үлесін, олардың діни сенім бостандығын ескере отырып, аталған фильмге құқықтық, діни тұрғыдан азаматтардың, мемлекеттің, тарихи қалыптасу мүддесіне қайшы тұстары бар-жоқтығын анықтау мақсатында құзырлы органдарға сараптама жасауға ұсыныс берулеріңізді сұраймыз.
2) Мемлекеттің әрбіріміздің үлесіміз бар қазынасынан «Қазақфильм» түсірген тәңіршілік насихаттайтын киносына қаржының бөлінуі халықтың, оның ішінде жекелеген біздердің құқықтарымызға нұқсан келтірудің сипаты емес пе?
3) Адам құқықтары жөніндегі Халықаралық Пактілер мен Конвенцияларға сай, өзіміздің ар ождан бостандығымыз бен адам ретіндегі құқықтарымызға залал келді деп есептесек сотқа жүгіну мүмкіндігі қандай және Комиссия еліміздегі және шетелдегі халықаралық төрелік соттарына жүгінген жағдайда бізге қандай көмек көрсете алады?
«Өз құқыңды біл!» қоғамдық тобының
үйлестірушісі Г. Серікхан
«Таным» шығармашылық ұйымының
атқарушы директоры З. Қайрат
«Береке» ұлттық дәстүр негіздері» орталығының
жетекшісі А. Жанбосын
Сурет ғаламтордан алынды
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір