30 Қазан, 2017 Айтты-ей, бауырың!
Автобустағы қария: бізден жуас халық жоқ
Қарияларың батаның орнына карта ойнамас еді. Әжелерің шашын қиып, жиырма бесіне оралмас еді.
Кешегі болған оқиға есімнен кетер емес. Нөмірі 16-шы автобустың ішінде күндегідей лық толған адам жоқ. Қала тұрғындарының сөзімен айтсақ, «тұрып тұрған ешкім жоқ». Сексеннің маңайына жақындап қалған қарияның жанына отыра кеттім. Бір-екі аялдамадан соң, көрші атам сөйлей бастады. Сондағы қарияның айтқан әңгімесі:
–...Біз, қазақ, өзіміздің қандай халық екенімізді әлі жете түсіне алмаған ұлтпыз. Кім екенімізді білмейміз... Бәлкім, өз бағамызды асырғымыз келмейтін болар. Біз жер мен елдің басына күн туғанда ғана бас көтереміз. Қалған уақытта бізден жуас халық жоқ. Өз-өзіміздің қадір-қасиетімізді біреуге дәлелдеп, әуре болмаймыз. Білер адам жан дүниемізге үңіліп көрсін. Сонда ғана көзі жетер еді: қазақ деген ұлттың жәй ғана мал баққан ел емес екендігін. Ал, енді қазір қоғамға қарап жағамды ұстаймын. Сендер ата-бабаларыңның қандай болғанын білмейсіңдер. Білсеңдер, қазір түрлерің – қазақ, тілдерің – басқа болып жүрмейтін едіңдер. Шетелге шыққанда «Сендер қытайсыңдар ма?» деген сауалды естімейтін едіңдер. Қыздарың өзге ұлттың санын көбейтпес еді. Төрлеріңдегі домбыра құламас еді. Келіннің басынан ақ жаулығы түспес еді. Қарияларың батаның орнына карта ойнамас еді. Әжелерің шашын қиып, жиырма бесіне оралмас еді. Мұның бәрі біздің қазақтығымызда жоқ нәрсе, білемісің?! Сендердің саналарыңды не жаулап алғанын білмеймін, бірақ ояну керек. Сендер өзбек емессіңдер. Сендер орыс емессіңдер. Қазақсыңдар! Қаны таза қазақсыңдар! Неге осыны сезінбейсіңдер, түсінбеймін. Өмір сүру дағдыларың батысқа ауып барады. Қазір, тіпті, орыс тілін менсінбейсіңдер ғой. Қазақ тілін сұрасам, ұят болатын шығар. Сендер қазақтықтан алыстағалы қашан?! Өз туған жерлеріңде отырып, сендер қасиеттеріңді жоғалтып жүрсіңдер. Елден жырақтағы қазақтардан не сұрайсың?! Қазақтыққа оралыңдар! Болашақ ұрпақтың алдында қарыздарсыңдар. Қарыз деген өте ауыр дүние. Ертеңгі ұрпаққа қазақтың қадірі мен қасиетін аман-сау қалдырыңдар. Қай жерде жүрсеңдер де кім екендеріңді ұмытпаңдар, қарақтарым. Мейлі, Париж, мейлі, Прага, мейлі, теңізде жүрсеңдер де қазақ екендеріңді естен шығармаңдар! Ата-баба аманатына қиянат жасамаңдар! Келер ұрпаққа обал болады...
P.S: Қария сөзін аяқтап түсуге ыңғайланғанда сасқанымнан "мақұл, ата!" дей беріппін. Қазір ойласам, қарияға барша қазақтың атынан жауап бергендей уәде беріппін. Ал уәдені орындау керек.
Маржан ӘБІШ
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір