• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 18:39:42
Алматы
+12°

19 Желтоқсан, 2012 NEWS

Қайрат Жолдыбай: Мен мүфтилік қызметті армандаған емеспін...

Қайрат мырза, кеше ғана Елбасымыз мемлекеттің жаңа саяси бағыты – «Қазақстан-2050» стратегиясын белгілеп берді. Мемлекетіміздегі барлық саланы қамтыған...

  Қайрат мырза, кеше ғана Елбасымыз мемлекеттің жаңа саяси бағыты – «Қазақстан-2050» стратегиясын белгілеп берді. Мемлекетіміздегі барлық саланы қамтыған стратегияда дінге де арнайы жеке бөлім арналған. Осыған байланысты ҚМДБ-ның алдағы міндеттері тұрғысынан бірінші найб-мүфтиі ретінде ой бөлісе кетсеңіз.

 – Кешегі 2050 жылға дейін бағытталған стратегиясында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы дініміздің айналасында қордаланған мәселелердің тамырын дөп басты. «Бүгінде халқымыз үшін дәстүрлі емес және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр» деген Президент шеттен келген жалған діни әсерлерге жастарымыздың иммунитеті әлсіз екеніне баса назар аударды. Сондықтан да, біздің міндетіміз – елдің ұлттық иммунитетін күшейту. Ал ол иммунитет әдет-ғұрпымызбен біте қайнасып кеткен дәстүрлі дінімізде жатыр. Осы орайда Президент дәстүрлі дінімізді тайға таңба басқандай етіп көрсетіп: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз», – деді. Рас, халқымыз мұсылман болғалы он екі ғасырдан аса уақыттан бері осы ханафи мәзһабын ұстанып келеді. Осының себебінен ел арасында діни дүрдараздық туған емес. Ендеше елдің ұйытқысына айналған ханафи мәзһабы – бұдан кейін де мызғымас тұтастықтың, ыдырамас ынтымақтастықтың, берік бірліктің кепілі бола бермек. Олай болса, кімде кім ханафи мәзһабына қарсы жұмыс жасаса, Елбасының ұстанып отырған саясатына, қазақтың тарихына да қарсы деген сөз. Сондықтан да, біздің мұратымыз – бабамыздан мирас боп келе жатқан осы жолды насихаттау. Бұдан басқа Елбасы өзінің Жолдауында «елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыру қажеттігін» де тілге тиек ете кетті. Мұны да Президенттің ҚМДБ-ға жүктеген міндеттерінің бірі деп білеміз.

 – Жаһандық дамудың жылдамдығын ескерсек, уақыт діни қызметкерлердің сапасы мақсатқа сай болуын талап етеді. Сіздіңше, бүгінгі діни қызметкерлердің имиджі, бет келбеті қандай болуы қажет?

 – Бүгінгі діни қызметкер, ең әуелі, жан-жақты болуға тиіс. Былайша айтқанда, бүгінгінің молдасы ақпараттық технологиядан мақұрым қалмаған, ғаламторды жақсы меңгерген, қоғаммен етене жақын, кез-келген саладан хабардар, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, өте білімді, мемлекетшіл, заманға сай икемделген болуы керек. Тіпті, дін адамы спортпен шұғылдануды да өмірінің салауатты салтына айналдыруы керек.

 – Өзіңіз спортпен айналысасыз ба?

 – Біреу «имамдар осы футбол ойнай ма?» деп сұрағаны бар еді. Біз де адамбыз. Бізге де денсаулық керек. Сондықтан, имамдар да қоғамның басқа мүшелері секілді, футбол ойнап, спортпен шұғылданады. Мешіт қызметкерлерімен аптасына бір рет футбол ойнаймыз. Бұл әрі күнделікті жұмыстарынан бас алмайтын қызметкерлердің арасындағы адами қарым-қатынасты да нығайтады. Өз басым бұдан бөлек аптасына үш күн тұрақты түрде бассейнге барып тұрамын. Қазір кәсіби жүзудің төрт-бес түрін үйрендім. Оның үстіне суда жүзу – пайғамбардың сүннеті.

 – «Дін адамы ақпараттық технологиядан мақұрым қалмауы керек» деп қалдыңыз, өзіңіз де осы имидждерге сай жүретін секілдісіз. Оны айтып отырған себебіміз, ғаламтордағы «Facebook» әлеуметтік желісінде 4 мыңға жуық, «Мой Мир»-де де сондай мөлшерде виртуалды достарыңыз бар екен. Әлеуметтік желілерде отыруға қалайша уақыт тауып үлгересіз?

 – Әлеуметтік желілердегі жұмыс қызметімді дұрыс ұйымдастырудың бір бөлігі деп есептеймін. Себебі, мен үшін бұлар дінді насихаттаудың бір құралы іспетті. Жастардың көбі интернет жағалайтындықтан, қаншама сұрақтар осы әлеуметтік желілер арқылы қойылып жатады. Соның бәріне жауап беру – менің міндетім.

 Интернет бүгінгі таңда халықтың ажырамас өмір салтына айналып отыр. Мұны кейбір адасқан ағымдар өздерінің мүдделеріне тиімді пайдаланып, ғаламторлардан сайттарын ашып, әлеуметтік желілер арқылы жат идеологияларын насихаттауда. Сондықтан да, «мұндай кеңістікті олардың қолына беріп қойған болмас» деп, ғаламтор мен әлеуметтік желілерге шығуды мақсат еттім.

 Бұдан басқа мешітімізге қарасты «muslim.kz» сайтына шыққан дүниелерді де қалың оқырманмен осы әлеуметтік желілер арқылы бөлісемін. Бірақ кейбір жастар тәрізді әлеуметтік желілерде не болса соны жазбаймын. Өзгенің уақытын босқа алатын арзан дүниелерді жазудың қажеті қанша? Әлеуметтік желілердегі кейбір бос нәрселерді оқуға да уақытымды қызғанамын.

 – Ғаламтор демекші, соңғы уақыттары кейбір сайттарда сізді және Діни басқармадағы өзге де дәстүрлі дін мамандарын қаралаған материалдарды көзіміз шалды. Бұларға қандай уәж айтасыз?

 – Оныңыз рас. Жоғарыда айтып өткендей қоғамымызда дәстүрімізге жат небір діни ағымдар бар. Олар Ханафи мәзһабының қоғамда салтанат құрғанын қаламайды. Дәстүрлі дініміздің тереңнен тартқан тамырына балта шауып, өздерінің идеологиясын тықпалағысы келеді. Сондықтан да, олардың мақсаты – ханафи мәзһабын жіті меңгерген сауатты мамандарды қаралап, беделін түсіру. Дәстүрлі діннің беделді тұлғалары жойылса, онда сол бос кеңістікті түрлі ағым өз идеологтарымен толтырады. Яғни, дәстүрлі діннің беделді тұлғасын таба алмаған бұқара халық кім-көрінгеннің артына ілесіп кете беретінін білесіз. Тіпті олар болашақта діни басқарма билігін қолға алып, сол арқылы барлық аймақтарда өз идеологияларын насихаттайтын адамдарын қоюды да мақсат етеді. Бұл өте қауіпті жағдай.

 – Мұндай мақалалардың артында кімдер тұр деп ойлайсыз? Білсеңіз, есімдерін атап, түстерін түстеп бере аласыз ба?

 – Жаланың желі қай ауылдан есіп, қандай мақсатпен айтылып тұрғанын біліп отырмын. Маған қарсы жазылған мақалардың авторлары лақап атпен жасырынса да, сол мақалалардың шығуына және кең таралуына кімдер мүдделі екенін де білемін. Ұлтшылдықты бетперде етіп отырған 3-4 интернет ресурстарының төңірегінде топтасқан бір топ жігіттер осы секілді мақаларды жазып, әлеуметтік желілер арқылы бөлісіп, пікір қалдырып отырады. Тіпті кейде олар zona.kz секілді сайттарға да бүркеншік атпен орыс тілінде осы тектес мақалалар жариялап тұрады. Сол 3-4 сайттың мазмұны да бір-біріне ұқсас келеді. Жалпылама мәселелерде авторлар шынайы есімдерін жасырмайды. Ал осындай жеке тұлғаға немесе өздерінің шынайы бетпердесін, діни ұстанымын айғақтайтын мақалаға келген кезде бүркеншік атқа жүгінеді. Арасындағылардың кейбіреуімен былайғы өмірде бетпе-бет кездесіп те жүреміз. Жүзіңе күліп келіп амандасып кететіндер де бар.

 Менің айтқан сөздеріме көз жеткізу үшін Шерлок Холмстың дедукция әдісін білуіңіз шарт емес, тек қырағы көзіңізді онсыз да көп емес қазақ сайттарына, соның ішінде дін жайында жазатын сайттарға жүгіртіп шықсаңыз жеткілікті. Түстері осы, ал есімдерін атамай-ақ қояйын.

 Осы жерде тиісті органдар мына мәселені анықтағаны жөн. Діни басқарма өзінің сайтын ұстап тұруы үшін жыл бойына әжептәуір қаржы жұмсайды. Осындай діни дүрдараздықты көксейтін бірнеше сайтты ұстап тұруға, дәстүрлі діни басқарма басшылығын қаралауға арналған мақалаларды ұйымдастыруға қаржыны кімдер, қайдан бөліп отыр?

 – Мүмкін сізді мүфти боп кете ме деп алаңдайтын шығар, қалай ойлайсыз? Себебі, соңғы кездері әр-әр жерде сізді «Қазақстанның Бас мүфтиі болады» деген әңгімелер оқтын-оқтын шығып қалуда...

 – Ол да мүмкін. Себебі, маған қарсы жазылған мақалалар мазмұнынан мұндай «алаңдаушылықтарының» бары білініп қалып жатады. Оның үстіне «Дін мен Діл», «Күдікпен күрес», «Ислам ғылымхалы» секілді кітаптарым сол ағымдардың бетпердесін сыпырып, қара ниеттерін әшкерелейтін дүниелер. Былайша айтқанда, олардың насихаттап жүрген идеологияларына тұсау бола бердім. Жетегінде кетуі тиіс қаншама жамағатты жырып алып қалдық. Арттарында адасып жүрген көптеген жастарымыз, біздің жазған кітаптардан кейін айналып қайта үйірін тапты. Осының бәрі олардың ішін тырнап, ашуын туғызғаны анық.

 – Жалпы, мүфти болу ойыңызда жоқ па?..

 – Мен мүфтилік секілді екі дүниеде де жүгі ауыр қызметті армандаған да, мақсат еткен де емеспін. Өзімді ондай үлкен қызметке лайықты адаммын деп те санамаймын. Тіпті мұндай қызметті сұраудың өзі – күнә. Алла Елшісі Абдуррахман атты сахабасына былай деген: «Уа, Абдуррахман ибн Самура! Сен басшылықты ешқашан сұрама! Кімде кім басшылықты сұраса, Алла Тағаланың жәрдемінен мақұрым қалып, істің барлық ауыртпалығы өзіне жүктеледі. Ал кімге сұрамастан, өзінің қалауынсыз берілсе, ондай Адамға Алланың жәрдемі мен көмегі болады». Сондай-ақ, әл-Бұхаридегі Әбу Хурайрадан риуаят етілген басқа бір хадисте Алла елшісі (с.а.у.): «Сендер басшылыққа ұмтыласыңдар. Алайда, ол сендерге қияметте өкініш әкеледі», – деп ескерткен.

 Әсілінде, дінге, елге қызмет ету үшін Бас мүфти болу шарт емес деп ойлаймын. Қайда жүрсек те, қандай қызметте болсақ та Алланың ризалығы үшін қызмет ету басты мақсатымыз болуға тиіс. Ал мүфтилікті аңсап жүргендер болса, Алла олардың жәрдемшісі болсын!

 – Бұл қаралаулар қашаннан басталды?

 – Мені нақақ қаралап, маған қиыннан қиыстырып, жала жабу – менің ҚМДБ-ға аппарат басшысы болып тағайындалғаннан кейін басталды. Сол уақытта маған газет беттерінде бірнеше дүркін жала жабылды.

 – Сізді «нұршы» деп жүргендер де бар... Оған не айтасыз?

 – 2011 жылы қараша айының басында Елбасының тікелей бастамасы әрі қолдауымен сол кезде құрылысы әлі аяқтала қоймаған, еліміздің мақтанышы мен мұсылмандардың қуанышына айналған «Әзірет Сұлтан» мешітіне Бас имам әрі ҚМДБ-ның бірінші найб мүфтиі болып тағайындалған сәтте тағы да кезекті қаралау науқаны басталды. Міне, осы кезде мені түріктердің «Нұршы» жамағатының Қазақстандағы негізгі өкілі әрі көсемі, «Пантуркист» деп тағы да авторы белгісіз біреулер сайт беттерінде сүйкеп салды. Биліктің назарын маған бұрып, Бас мүфтидің тағайындауын бұзғысы келді. Бірақ, олардың дегендері болмады. Неге? Өйткені, олардың маған таққан айыбы негізсіз еді.

 – Бұлар да жаптым жала, жақтым күйе дейсіз ғой...

 – Олардікі негізсіз жала екенін билік те, Әбсаттар қажы да, сол мақалаларды оқыған көкірегі ояу әрбір азамат та түсінді. Себебі, менің оқу бітіріп, елге оралғаныма аттай он бір жыл өтіпті. Осы уақыт ішінде Алла Тағалам нәсіп етіп бірнеше жыл «Нұр-Мүбәрак» университетінде, имамдардың білімін жетілдіру «Ислам» институтында сабақ бердім. «Алтын қалам» баспасының бас редакторы болып, қызмет атқардым. Ел-елді аралап, мешіттерде, түрлі оқу орындары мен қоғамдық орындарда уағыз айттым. Бүгінгі күнге дейін газет-журнал беттерінде дін тақырыбында жүзге тарта мақала, бірнеше кітап жаздым. Теларналардағы діни бағдарламаларға жиі шығып, пікір білдіріп жүрмін. Жұмыстан кейінгі бос уақыттарымда менен діни әңгіме тыңдағысы келетін кейбір жастардың ұсыныстарын да жерге тастамай, арасында олармен де кездесіп тұрамын. Бірақ, осы уақытқа дейін әлгі оқыған дәрістерімде, не жазған кітаптарым мен мақалаларымда, яки айтқан уағыздарымда бір де бір рет қандай да бір ағымның немесе әлдебір сырт мемлекеттердің мүддесін қорғап, сөз сөйлеген емеспін. Керісінше, үнемі дәстүрлі дініміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, бірлік пен ынтымаққа, мемлекетімізді құрметтеуге шақырып жүрмін. Мұның ешбірін міндетсіну үшін айтып, пұлданып отырған жоқпын. Тек әлгі қаңқу сөздерге жауап ретінде айтып отырмын.

 – Жақында бір сайтта «Қайрат Жолдыбайұлы жұма намазынан кейін Жаңаөзендегі қаза тапқандарды шейіттерге теңеп, Құран бағыштады. Ендеше, Қайрат билікке қарсы шыққан бұзақыларды қолдап отыр» деп тағы бір мақала жарық көріпті. Солай дегеніңіз рас па?

 – Мұны жақында осы muslim.kz сайтына Яссауи бабамыздың жолы, жалпы таза сопылық мектептері шариғат шарттарына сай екендігін егжей-тегжейлі түсіндірген сұхбатым жарияланғаннан кейін әлгі сопылыққа жаны қас ағым өкілдері жазып отыр деп ойлаймын. Олар биліктің назарын маған қайта бұрып, мені аса қауіпті адам етіп көрсеткісі келген.

 Естеріңізде болса, Жаңаөзен оқиғасында қаза болғандардың туыстарына Елбасының өзі бірінші болып көңіл айтып, сабырға, бірлікке шақырып, қазасына ортақтасқан. Мемлекет басшысының ынтымақшыл саясатын ілгерілетіп, дұға бағыштап, өліге иман, тіріге салауат тілегеннің қандай қателігі бар. Әлде Елбасының тікелей тапсырмасымен жаңаөзендіктердің әлеуметтік мәселелері шешіліп, жағдайларының жақсарғаны, соған шүкіршілік қылып, мешіттерде дұға бағышталып жатқаны пиғылы бөлек біреулерге ұнамай ма?

 Мақаланы ұйымдастырушылар «жұма намазында «16 желтоқсанда қаза болған жаңаөзендік бауырларымызды шаһидке теңеп» құран бағыштап, дұға жасады» деп айтпаған сөзді айтты деп, мені қаралағысы келеді. Ескертерім, біріншіден, жұма намазы бейнетаспаға жазылып отырады. Екіншіден, аузымнан «шаһид» сөзі шықпағандығына жұма намазына жиналған дүйім жұрт куә. Тіпті, «жұма намазын маған ұйып оқығанын» жазғанына қарағанда, мақаланы жазушы жұмаға да бармаған секілді. Себебі, сол күнгі жұма намазды мен емес, найб имам өткізген еді.

 Олай болса, айтпағанды «айтты», демегенді «деді» деп арнайы мақала дайындап отырған топтың ұстанған мақсаты қандай? Жаңаөзендіктерге бағыштағалған дұғаны ілік етіп, ел ынтымағына, мемлекеттік тұтастыққа әдейі сына қағып отырғандардың көксегені не? Бұл мақаланың ішінде елге жаны ашыған бола отырып, Тәуелсіздік күні қарсаңында әдейі қоғамда қолайсыз көңіл-күй тудыруды көздейтін сөздер жетерлік. Олардың жасырылған кейбір ниеттерін арнайы орындар тексеріп, ақиқатына жетеді деген үміттемін.

 Ал мақала авторы әрбір жазған жала сөзі үшін ғарасат майданында Алланың құзырында жауап беретінін де ұмытпауы тиіс.

 – Жалпы Жаңаөзенде қаза тапқандарға Құран бағыштауға болатын шығар?

 – Жаңаөзен оқиғасында қаза тапқандар, ең әуелі, олар – мұсылмандар. Имамдарымыз олардың ешқайсысын алаламай бәрінің жаназаларын шығарып, рухтарына құран бағыштады. Құран бағышталмайтындай олар кәпір ме еді? Биылғы желтоқсанның 9-ы күні Маңғыстаудағы Теңге әулие басындағы Жаңаөзенде қаза тапқандарға арналып берілген асқа Діни басқарманың арнайы өкілі қатысып, марқұмдардың отбасын аралап, көңіл айтты, рухтарына құран бағыштады. Сонда, әлгі автордың ойынша халықты сабырға шақырып, марқұмдарға Құран бағыштау күнә ма? Бұл ісіміз мемлекетке, билікке қарсы келіп, бас көтеріп, бүлік шығаруға жата ма? Мұның ондай емес екенін мақаланың авторы да, сол мақаланы жазуға тапсырыс беріп отырған топ та жақсы біледі. Тек олардың көксегендері – мені билікке бүлікші, қауіпті адам етіп көрсету ғана.

 – Мақала авторы сізді «Қауіпті адам. Өйткені, ол Мысырдағы Хұсни Мұбарак режимін құлатуға атсалысқан Юсуф Қардауидің шәкірті», «Мақалаларында Кардауидің сөздерін үнемі үлгі етіп отырады» дейді. Бұған қандай уәж айтасыз?

 – Мені кеше нұршы деп еді, бүгін Юсуф Қардауидің шәкірті. Сөздерінде пәтуа жоқ. Мен сол айтып отырған Юсуф Қардауи дегеннің бір де бір саяси пікірін ешбір мақаламда, кітаптарымда қолданған емеспін. Оның берген діни пәуталарының көбі дұрыс болғанымен, саяси және кейбір ақидадағы пікірлеріне мүлдем қосылмаймын.

 – Аталмыш мақалада Сізді «Болашақта ол оппозицияның көсеміне айналып, бүлік шығарады» деген сыңайда да сөздер айтылыпты. Бұған не дейсіз?

 – Билікке қарсы келіп, бүлік шығаруды күнә санайтын адаммын. Өйткені, бұл – Құранның әмірі. Қазақтың қазақ болып жер бетінде қалуы үшін бізге тек тыныштық пен ынтымақ керек. Аз ғана халықтың осынау байтақ жерді сақтап қалуы үшін бұл ауадай қажет. Сондықтан, бұған не күлерімді, не жыларымды білмей отырмын?!

 – Тілегіңіз?

 – Бүгінде «жау – жағадан, бөрі етектен алған» заманда қазаққа іркіттей бұзылмай, айрандай ұю үшін берік бірлік, жарасқан ынтымақ қажет. Қой терісін жамылған небір арам пиғылды, қара ниетті қасқырлардың қаптап жүргені онсыз да жетерлік. Сондықтан да, бір қазақ болып бір бірімізге күйе жағып, жала жауып жүргеніміз жарамас. «Ауылдың иті ала болса да, бөрі келгенде бірігеді» емес пе? Сол үшін бір ел, бір дін, бір мәзһаб болсақ, ешкім бейбітшіліктің бетіне сызат түсіріп, тұтастығымыздың шырқын бұзбақ емес. «Топтанып ұшқан торғайға, тұрымтай да бата алмас»...

 Сұхбаттасқан Салтан Сайранұлы

muslim.kz Әуелгі тақырыбы: Қайрат Жолдыбай оппозиционер ме?    
Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір