• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 08:12:15
Алматы
+12°

30 Қараша, 2017 Алаш-Орда

Мұхтар Құл-Мұхаммед: Репрессия болмаса Алаш арыстары қазақ халқын әлемдік өркениет биігіне шығарар еді

Әлихан Бөкейхан Мәскеу мен Петербордағы орыс оқымыстылары мен демократиялық бағыттағы қайраткерлер арасында ерекше беделге ие болды

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед еліміздің дарынды жастарына партиялық билеттерін тапсыру салтанатында осылай деді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған қабылдау рәсімінде әр салада жарқын жеңістерге жетіп жүрген ел жастары «Нұр Отан» партиясының мүшесі атанды. Олардың ішінен белгілі әншілер: Төреғали Төреәлі мен Ерке Есмаханды, ауыр атлетикадан Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Карина Горичеваны және кәсіпқой бокста ел намысын абыроймен қорғап жүрген Жанат Жақияновты ерекше атап өткен жөн.

Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасымыздың жастарға үнемі қолдау көрсетіп, олардың сапалы білім алуына және бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына барлық жағдайды жасағанына назар аударды. Тәуелсіз Қазақстанның ширек ғасырда жеткен жетістіктері мен бүкіл әлем таңдай қаққан табыстары Тұңғыш Президентіміздің ерең еңбегінің нәтижесі екенін айтқан партия Төрағасының Бірінші орынбасары: «Елбасы салған даңғыл жолдан жаңылмай жаһан көшінің алдынан көріну енді ел жастарының, яғни сіздердің абыройлы міндеттеріңіз болуы керек», – деді.

Сонымен қатар өткенге салауат айтып, тарихтан тағылым алу қашанда игі іс екенін айтқан Мұхтар Құл-Мұхаммед осыдан бір ғасыр бұрын елдіктің іргесін қалаған Алаш арыстарының еңбегіне де назар аударды.

– Жиырмасыншы ғасыр басында патшалық Ресейді мекендеген түркі халықтары ішінде қазақ ұлтының өкілдері білімдарлық, қайраткерлік қабілеттерімен айрықша көзге түсті. Алашорда үкіметінің төрағасы болған Әлихан Бөкейхан Мәскеу мен Петербордағы орыс оқымыстылары мен демократиялық бағыттағы қайраткерлер арасында ерекше беделге ие болды. Орталық Азия тарихында жарияланған тұңғыш демократиялық мемлекеттік құрылым – Түркістан автономиясын да Мұхамеджан Тынышпаев пен Мұстафа Шоқай сияқты Алаш арыстары кезектесе басқарды. Тіпті бұл автономия күшпен таратылып, оның орнына дүниеге келген Түркістан Кеңестік Республикасының басшылығында да Тұрар Рысқұлов пен Нәзір Төреқұлов сияқты қазақ қайраткерлері болды. Үркердей жарқыраған дәл осындай таланттар шоғырын сол кездегі Орта Азияның бірде бір ұлты шығара алған жоқ. Әттең, репрессия зұлматы болмаса Алаш арыстары осыдан бір ғасыр бұрын-ақ қазақ халқын әлемдік өркениет биігіне шығарар еді. Бүгінгі ұрпақ осыны ұмытпауы керек. Қазақтың өткен тарихта кеткен есесін жаңа заманның талантты жастары толықтырады деп сенемін. – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір