• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 08:38:25
Алматы
+12°

26 Ақпан, 2018

Астана мен Алматыда «өлік бизнесі» өрлеп тұр

Онсыз да аз қазақтың бір-біріне қаза тілегендей көрінетіні – жаман ырымның нышаны

Астанада жартылай жерге кіріп кеткен жатаған үйлер көп әлі. Ол үйлердің аулалары толған «Құлпытас. Памятник» деген «жарнамалар». Құдды Әзірейіл періштенің қолымен жазылғандай, жан түршіктіреді. Үрейлі көшелерге үрке қарайтын болдық.

Сәкен Сейфуллин көшесінің «Астаналық базар» орналасқан тұсынан төменірек жалғасына түсіп көріңіз... Құлпытас қашамайтын қазақ жоққа тән! Кенесары көшесінің «Спутник» сауда орталығына таяу маңы, «Жастар» шағын ауданы, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов көшелері... Тізе берсек, сол сияқты жерлердің бәрінде – «Құлпытас. Памятник». Бұл ретте, құжынаған құлпытастан көз сүрінетін Алматыдағы Райымбек даңғылының бойын да мысал ете кеткен жөн. Тіпті, сол мегаполисімізде «өлік бизнесіне» белсене кіріскен біраз мекеме де бар. Оларда табыт – 20-200 мың, темір қоршаулар – 10-50 мың, катафалк қызметі – 20-300 мың, мәйітті тоңазытқышта сақтау – 7-10 мың, жуындыру – 8-12 мың, қабіршілер тобы – 15-30 мың теңге көлемінде. Енді осылардың ең төменгі жалпы бағаларын қоса есептесек, 80 мың теңге шығады. Ал жоғары бағаларының жалпы қосындысы – 602 мың теңге. Кісі өліміне бәс тіккендей бәсекелестер өңкей!

Онсыз да аз қазақтың бір-біріне қаза тілегендей көрінетіні – жаман ырымның нышаны. «Өлімді жерде молда семірер» деген мәтел қорқынышты. Бірақ, оны бүгінгі «құлпытасшыларға» бағыттап өзгертсе де болғандай. Алматыны былай қоя тұрғанның өзінде, әлгі Астанадағы әрбір қашаушылардың қойған бағасы әртүрлі. Мәрмәр, гранит, базальт, малахит, сияқты Қазақстан, Ресей, Украина елдерінен тасымалданған тастар мен жазуының, суретінің көлеміне байланысты, 20 мың теңгеден жоғары шама. Енді ауқаттылар мен аумалы-төкпелі жағдайдағылардың қазасына байланысты құбылтпаса, жарар еді.

Солай болуы да мүмкін ғой?

Нұрәлі Жолдыбаев атты жігіттің қарамағындағы құлпытас қашаушы кісі бұл сұраққа былай деп жауап берді:

– Мына Сәкен Сейфуллин атындағы көшенің шағын ғана жарты бөлігінде 2003 жылы 3-ақ құлпытас қашаушылар болған. Кейін бәсекелестер шыға бастады да, бүгінде 24-і тұр. Алдағы уақытта бұдан да көбі ашылады деп ойлаймыз. Біздің қожайынның өзі осы жерден 3 нүкте ашып алған. Өзгелерінде 7-8 нүктеге дейін бар. Ал сіз сұраған бағасына келсек, біздің бір құлпытас кемінде 35 мың теңгеден 1,5 миллионға дейінгі аралықты құрайды. Суретімен керек болса, ең арзаны – 45 мың теңге. Бірақ, тастың қалыңдығы, ені және ұзындығы өте қораш болады. Осындағы 1,5 миллиондық құлпытасқа да тапсырыс берушілер бар. Қожайынымыз осы бір нүктесінде жұмыс істейтін екі адамға әр тасты жазғанымыз үшін 5 мың теңгеден еңбекақы төлейді. Қалған ақысы – өз шаруасы.

Миллионер демей көріңіз енді! Біз «байдың асын байғұс қызғанады» дерліктей іштарлыққа баратұғын пиғылда емеспіз. Айтпағымыз – әркімнің жеке мүддесіне жалданып жүрген шеберлерді бір орталыққа шоғырландырып, қала бойынша құлпытас жасап шығаратын жалғыз нүкте ашуға мүмкіндік жасалу керек сияқты. Тұрақты бір бағамен. Заңға заң қосылып, полицейлердің пәрменін арттырған зайырлы қоғам осы жағын да ескерер деген ниет қой. Әйтпесе, шеттен келетін құрметті кісілердің «Қазақстан елордасының халқы қырылып жатыр ма?..» деп ойлап қалмасына кепілдік бере алмаймыз.

Бұған сіз не дейсіз?

Астана қалалық Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияның бастығы Кәмила Қоқымова «жеке бизнеске біз араласа алмаймыз» деп отыр. Оның айтуынша, Алматыдағы Кеңсай зиратына ұқсатып, Астанаға да танымал тұлғаларға арналған пантеон салынғанмен, оған арнайы құлпытас жасайтын орталық ашылмайтын көрінеді. Демек, көрінген көшедегі «өлік бизнесі» дәуірлеп, қазақ астанасын одан сайын қабіршілер қаласы етуге жол ашылатын түрі бар.

– Құлпытас қашаушылардың дәл қала орталығында құжынап кеткені тым ерсі, әрине. Дей тұрғанмен, оларды бір арнаға шоғырландыру біздің мекеменің міндетіне жатпайды. Тек мемлекеттік қорғауға алынған ескерткіштерге жауап береміз. Ең кемінде, әр үйдің қабырғасына орнатылған ескерткіш тақталар туралы сұрақ қоюларыңызға болады. Қаланың кіре берісіндегі көркемделген күмбезді зираттардың шариғат шарттарына сәйкес келмейтіні шындық. Ондай бос ысыраптың қажеті қанша?!. – деуден әріге бармады, Кәмила ханым.

Иә, төбесі көк тіреген кесене тұрғызбақ түгіл, қабiрдегi құлпытасқа сурет салу немесе молалар арасына аяқжол жүргiзу де шариғатқа қайшы. Ол жағын Сәдуақас Ғылмани атындағы орталық мешітке барып, тағы бір нақтылап алдық. Бір ғажабы, сол мешіттің дәл іргесінде де портретті құлпытастардың түр-түрі қашалуда.

P.S. Американың Джорджия штатындағы Вудсток қалашығында жергілікті тұрғындар машина қағып кеткен Боб атты күркетауықты аза тұтқан еді. Содан, ол қаланың кіреберісіне жерленіп, басына шағын мемориал орнатылды. Facebook әлеуметтік желісінен күркетауыққа арналған топ ашылып, оған арнайы көңіл айтулар да қарша жауған. Біреудің қаңсығын таңсық көріп үйренген біздің мына түрімізбен сондай әрекетке дейін бармасымызға тағы кепілдік жоқ.

 

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

Erkegali Bolatuly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір