• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 12:45:01
+12°

21 Сәуір, 2018 Саясат

"Орыстан досың болса..." Ресеймен қарым-қатынасымыз қайда апарады?

Ресейге ашық қарсылық танытсақ, Донбасстағыдай жағдай бізде қайталануы ғажап емес.

Қарап отырсақ, Ресей өзінің агрессиялық саясатының кесірінен бәрімен шекісіп бітті. Оның жанында тек Қазақстан, Сирия және Венесуэла қалды. Бүкіл әлем Ресейден теріс айналып жатқанда онымен тығыз қарым-қатынас орнатудың жөні бар ма? Сарапшылар Батыс елдерінің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше барлық мемлекетке санкция салуы мүмкін екенін айтады. «Мұндай жағдай бола қалса, Қазақстан оған төтеп бере алмайды», — деп қынжылады экономист, экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шәменов.

— Егер біз көзімізді байлап, ештеңені ойланбай Ресейдің соңынан ерсек, соның төңірегінде жандайшап болып жүрсек, Қазақстанға да санкция салынуы мүмкін. Тіпті, ЕЭО-ға мүше елдердің бәрі экономикалық қыспаққа түсуі мүмкін. Қазақстан осындай жағдайларды көре білуі керек.

Біріншіден, мемлекетке санкция салынады. Біздің Ұлттық қорымыздың төңірегінде айғай-шу болды. Біздің басқа да қорларымыз, қарыздарымыз барын ескеруіміз керек.

Екіншіден, мұнайды сатып алмаса, не істейміз? Соңғы жылдары экономиканың өсімі тек мұнайдың бағасының көтерілуіне байланысты. Сауда балансының жақсарып отырғаны мұнайдың есебінен.

Бүкіл экономиканың драйвері – ауылшаруашылығын біз алға шығара алмай отырмыз. Жер, су секілді ресурсымыз болғанның өзінде осындай мәселемен бетпе-бет келіп отырмыз. Біз әлі де шикізатқа тәуелдіміз. Сондықтан Қазақтан аяғын байқап баспаса болмайды, — дейді Атамұрат Шәменов.

Әуел баста Еуразиялық экономикалық одақты құрғанда екі ел арасында тек экономикалық қарым-қатынас орнайды делінген, яғни саясатқа жол жоқ. Елдің егемендігіне ешқандай зиян келмеуі керек деген шарт о баста айтылған. Сарапшылар осы мәселені алға тарта отырып, Ресейге қандай санкция салынса да, экономикалық қарым-қатынас жалғаса беруге тиіс деп санайды.

Қазақстан мен Ресейдің экономикалық сауда-саттық балансына шолу жасап көрелік. Былтырдан бері Ресей мен Қазақстанның импорт пен экспорттағы сауда айналымы тәп-тәуір көтеріліп келеді. Ал оның басты себебі – Ресейдің компанияларына санкция салынуы. Басқа әлемге жолы жабылған Ресей нарық іздейді, ал ең жақын әрі тиімді нарық – Қазақстан.

Ресейдің экономикасы Қазақстанға жылына 1 млрд доллардың үстінде инвестиция құяды. Ресейлік компаниялардың Қазақстанға келіп жұмыс істеуінен біз зиян таппаймыз. Өйткені жаңа жұмыс орындары пайда болады. Десек те «Қазақстандағы ресейлік компанияларда Қазақстан азаматтары жұмыс істемейді» деген бейресми дерек бар. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». Сондықтан Қазақстан үкіметі ресейлік компанияларға қаталдауы қарауы керек.

Қазақстан мен Ресей – көршілес елдер. Екі ел арасындағы стратегиялық байланыс ертеден қалыптасқан. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан үкіметінен батыл қадамдарды талап етуіміз орынсыз. Ресейге ашық қарсылық танытсақ, Донбасстағыдай жағдай бізде қайталануы ғажап емес. Дұрысы – ұлттық мүддені алға қойып, көрші елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнату.

— Прагматикалық тұрғыдан шындап келетін болсақ, бүгінгі саясат аса керемет деп айтуға болмайтын шығар. Жалғыз ғана саясат осы сияқты. Алқымымыздан алып тұншықтырып жатқан екі қолды Ресей империясының ықпалынан бес саусағын кезек-кезек алып құтылмасақ, басқа амал жоқ.

Өзіміздің тәуелсіз ел екенімізді, ой-санамыздың, парасатымыздың бар екенін барынша дұрыс көрсетіп, әлемге түсіндіріп, бүгінгідей жүре бергеніміз жөн. Себебі біздің 1,5 млрд халқымыз жоқ. Сондықтан амалсыз бүгінгідей саясатты жүргізе беру керек. Ең бастысы – бүркеме, астыртын саясаттың арасында үлкен ұлттық мүдде, стратегиялық мақсаттардан айырылып қалмау, өзіміздің тәуелсіз ел ретіндегі субъектімізді айқындау, күн өткен сайын дәлелдей беру. Басқа формула жоқ. Әзірше қолдан келетін саясатымыз – осы ғана. Басқаны жасаймыз деп тыраштанбағанымыз жақсы. Қоғамның билікке қысым көрсеткені дұрыс, бірақ оған мемлекеттік тұрғыда қарайтын болсақ, оның да артық-кемі бар, — дейді саясаттанушы Айдос Сарым.

Ресейдің агрессиялы саясатын қолдап немесе «Ресейдікі дұрыс» деп жақтап шықпағанымыз да – сауатты ұстаным. Қытай, Ресей секілді екі алпауыт елдің ортасында отырмыз. Ол екеуіне де төтеп беруге қауқарымыз жетпейді, бірақ екеуінің арасындағы қайшылықтарды пайдаланып, өз есебімізді түгендей бергеніміз абзал. Бұл Абылай ханның кезіндегі саясатқа саяды.

Қазақстан жақында Ресейдің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне ұсынған АҚШ пен одақтастарының Сирияға соққы жасауын айыптайтын қарарына қатысты дауыс беруде қалыс қалды. Отандық сарапшылар мұны еліміздің астарлы жүргізілген саясаты деп оң бағасын беріп отыр. Қазақстан өзінің дербес ел екенін көрсетті. Саясаткер Әміржан Қосановтың ойынша, біз екі нәрсені бөлек қарастыруымыз керек.

— Қазіргі авторитарлы болып бара жатқан біздің билік секілді ауыспайтын, олигархтық экономикаға негізделген, өз еліндегі оппозицияны құртқан кремльдік режимге деген көзқарасымыз және 7500 ортақ шақырымымыз бар, ортақ тарихымыз бар, 700 мың қазақ тұрып жатқан Ресеймен, орыс халқымен қатынасқа көзқарасымыз. Біз кейде осы екеуін шатастырып аламыз. Стратегиялық, ғаламдық тұрғыдан Ресеймен көрші болып қаламыз, басқа көрші таба алмаймыз. Онымен экономикалық қарым-қатынас жасаймыз. Бірақ өз мүддемізді де ойлауымыз керек.

Біз болсақ, достықты одақтастыққа айналдырып жібердік. Еуразиялық одақ аймағындағы біздің экономикамыздың мүмкіндіктері шектеліп, отандық бизнеске салқыны тиді. Ресейлік уағызшылардың Қазақстан аумағындағы ықпалы, Ресей телеарналарындағы неоимпериялық саясатты насихаттайтын хабарлардың қазақтың төрінен күнделікті орын алуы – қауіпті құбылыс.

Сөз жоқ, Ресеймен бірге болу біздің маңдайымызға жазған. Ресей – көршіміз, бірақ оның қолтығының астына кірмей, сыртқы саясатта өзіміздің дербес ұстанымымыз болуы қажет. Оны Ресей басшылығына түсіндіруге тиіспіз. Соны түсіндіре алмай, біздің басшылар әлек болып жүр, — дейді саясаткер.

Әміржан Қосанов Батыс санкциялары тек Ресейге емес, Ресеймен аралас-құралас Қазақстан секілді ортақ кәсіпорындары мен банктері бар елдерге кесірін тигізетініне сенімді.

— Меніңше, Ресейге қарсы жарияланған батыс санкцияларына қатысты Қазақстанның белгілі бір стратегиясы болу керек. Дипломатия деген – өте нәзік, терең, астарлы нәрсе. Біз оны түсінеміз. Біз дәл қазір үкіметке: «Шығып алып, ұрда-жық мінез көрсет, біржақты бол», — деп айта алмаймыз. Өйткені дипломатияның өз заңдары, протоколы бар. Бірақ сол дипломатияны сақтай отырып, Ресеймен бас жаққа барыспай-ақ, оның кейбір екіұдай шешімдеріне жария түрде қолдау көрсетпей, өз позициямызды ұстануымызға болады. Дипломатия деген өзі сондай нәрсе. Біздің ішкі және сыртқы саясатқа жауап беретін шенділер соны жете түсінбей жатқан сияқты. Ал санкциялардың нұқсанын азайту үшін біз Батыс елдермен экономикалық байланысымызды арттыруымыз керек. Олармен өзіміздің стратегиялық әріптестігіміз туралы кезінде қол қойылған келісім-шарттарды шаң басқан архивтерден шығаруымыз керек. Солармен өзіміздің байланысымызды жандандыруымыз керек. Сол кезде санкциялардың да кесірі азаяды. Қарап отырсаңыз, АҚШ-тың өзі кейде стратегиялық әріптестеріне жеңілдік жасап жатады. Сондықтан бізде осындай тактика болуы керек, — дейді Әміржан Қосанов.  

 

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір