• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 19:05:52
Алматы
+12°

19 Ақпан, 2013 NEWS

Жаңа мүфти жарылқай ма?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Әбсаттар қажы Дербісәлі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Әбсаттар қажы Дербісәлі  өз қалауымен төрағалықтан бас  тартуға  өтініш  білдіріп,  қызметінен  босатылды.  Діни  басқарманы  13  жыл  басқарған   Әбсаттар қажының   бұл шешіміне  ғылыммен  айналысқысы  келгендігі  түрткі болған.   Ал  бүгін Астанада өткен Қазақстан мұсылмандарының  VII құрылтайында бұған дейін  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Семей аймағы бойынша өкіл имамы болған Ержан Маямеровтың  кандидатурасы  қабылданып,  еліміздің  бас  мүфтиі болып сайланды. 

   Біздіңше,  қоғамдағы  діни  жүгенсіздіктер, ауыздықсыз  кеткен  діни  ағымдар мен  экстремистік-террористік  оиқиғалар белең  алуы  дін саласындағы  ауыс-түйістердің  қажеттігіне  алып  келген еді.  Енді  қазақ жұрты  «орынтақ алмастыру»   науқанынан   кейін   діни  басқарманың  жаңа  басшылығына  аса үлкен   жауапкершілік жүктері  анық.   Алайда,  жаңа   мүфти  Қазақстандағы күрделі діни ахуалды шеше  алады ма?  Өзі  халыққа  қаншалықты  таныс? Оның алдында қандай міндеттер тұр?  Бұрынғы  дінбасы  Әбсаттар  қажы  Дербісәлінің еңбегіне  көпшіліктің  көңілі  толады ма?  

    Осы  сауалдар  төңірегінде  төмендегі  азаматтардың  пікірін  ұсынып  отырмыз... Сіздің  алып-қосарыңыз болса,  мархабат! 

 Ғарифолла Есім, Сенат депутаты:  Мен Дінбасының жұмысына ризамын. Ендігі мақсат – Бас мүфти атқарған ізгі істерін ары қарай жалғастыру. Дін – нәзік дүние. Дінде шектен шығуға, астамшылық жасауға болмайды. Құдайға шүкір, халқымыз қазір иманға ұйысып келеді.  

Сұлтан Сартаев,  академик:  Әбсаттар қажы Дербісәлі қызметке кіріскен сәттен бастап 13 жыл ішінде барлық ауыл, аудан, қала, облыстарды аралап, мешіттердің жай-күйімен танысып шықты. Әлі күнге дейін хабар алып тұрады. Еліміздегі 2300-ден астам мешіттердің жағдайы Әбекеңе мәлім. Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің ізі қалмаған мешіт жоқ десем, артық айтқаным емес. Себебі, Ислам дінінде мешіттің орны ерекше. Мұсылман білімді де мешіттен алады, құлшылықты да Алла үйінде жасайды. Ғибадатханада уағыз да айтылады. Айта берсек, мешіттің артықшылығы көп. Әбекең ғалым адам. Өмір болған соң, сапарлас болып тұрамыз. Көрген-білгендерін, ойға түйгендерін қағазға түсіріп жүреді. Ұшақта отырғанда уақытын босқа кетірмей, сапардан алған әсерлерін жазып-сызады. Қайда барса да сөмкесінен кітаптарын тастамай, ел-жұртқа насихаттап жүреді.   

Серик Аббасов,  «Қазақстан» ҰТА  бас  продюсері:  Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс VII құрылтайында Бас мүфти лауазымына Ержан Маямеров деген азамат ұсынылып, жиынға қатысқандар оның кандидатурасын бірауыздан қолдапты. Сіздерді қайдам, аталмыш құрылтай маған “Нұр Отанның” сьезді сияқты әсер қалдырды. Тіпті, жиынға қатысушылардың бәрі “Нұр Отан” мүшелері ме деп қалдым? Тым болмаса біреуі қалыс қалса қайтеді? Қайрат Жолдыбай деген білімді жігітті білетінбіз. Ал мына кісіні танымаймын, сол үшін қатты ұялып отырмын. Бұл “Путинді” “Ельцинге” қай “Березовский” тауып берді екен деп қоямын?

Әміржан  Қосанов, «Азат» ЖСДП-ның бас хатшысы: Дербісәлі: "Діни басқарманы 13 жыл басқардым. Бұрынғы жұмысыма, ғылым саласына қайта оралғым келетінін айтып, елбасыға өтініш жасадым". Ата заң бойынша бізде дін мен мемлекет бөлек емес пе? Неге елбасына өтініш жасайды?! 

Бүгінгі муфтиаттағы жаңалықтарға орай бір ой. Құдайға, Аллаға сенемін. Бірақ оның жер үстіндегі ресми өкілдерін ұната бермеймін. Себебі көп, біразын өздеріңіз білесіздер. Бір өкініштісі, сол өкілдерге деген көзқарас көп жағдайда адамның діни сеніміне де әсер етіп жатады. "Құдаймен тікелей байланыста болғым келеді, маған делдал керек емес" дегің келіп кетеді кейде!

Айсәуле Әбілдаева,  заңгер:  Негізі зайырлы, яғни дін мемлекеттен бөлек деген ұстаным, мемлекет дінге қатысты мүлдем ештеңе білдірмейді, араласпайды, шешпейді деген мағынаны білдірмейді. Тек сот ісінде, басқа да экономикалық, басқару мәселелерінде шариғат заңдылықтарына сүйенбейміз дегенді ғана меңзейді. Мысалы: Ресей де зайырлы мемлекет, бірақ Путин көп іс-шараларды бас Попын қасынан тастамайды. Оған қоса, қандай болса да басшыға бағыну - парыз.

Шолпан Дидар, мұғалім:   Қайрат Жолдыбайұлы өте білімді, көреген   адам.  Жол сол кісінікі  еді. Жастар жан-жаққа тартып жатқанда елді, оларды  тыңдата білетін адамды неге қоймады екен? Үлкенді сыйлаймыз-ау, дегенмен қазір заман шалдардыкі емес...

 

 Дәурен  Бабамұрат,  "Болашақ" жастар қозғалысының  төрағасы:  Жаңа мүфтиді танымайды екенмін. Бәлкім, бұл менің осы саладан сәл алшақтау екенімнің белгісі болар. Дегенмен, ол кісінің алдында тұрған негізі басымды мақсаттар айқын. Ол- елдің ішіндегі әртүрлі ағымдарды тыйып, қоғамды өз "ислам" дінімізге қайта бұру. Бұл істі оңай шаруа дей алмаймыз, бұл бағытта атқарылатын іс   қыруар. Әсіресе,  жастармен жұмыс бірден күшеюі керек. Онсыз болмайды. Ал Әбсәттар қажыға келер болсақ, ол кісі ел ішінде кәдімгідей беделді болды дей аламын. Осы кісінің бас мүфтилігі кезеңінде қазақ  Ислам дініне қайта бұрылып ел елде,  жер жерде мешіттер салына бастады. Бұл да болса жақсы көрсеткіш.

Бауыржан Қарағызұлы, ақын:  Мәселелердің шешілу-шешілмеуін  жаңа  басшылық  жұмысы  барысында  көре  жатармыз. Меніңше, муфти деген жан-жақты білімді болу керек. Мәселен, Қайрат Жолдыбайұлы сияқты білімді азаматтар келу керек еді. Ал мен бұл мүфтиіңді мен білмейді екенмін.Кітабын, тым болмағанда бір мақаласын оқып көрмеппін. Діни ахуалды мүфти шеше қояды дегенге сенбеймін.  Бұрынғы дінбасы Әбсаттар қажы Дербісәлінің еңбегіне көпшіліктің көңілі толды деп те айта алмаймын.

Берiк Ағыбаев, “Болашақ” қозғалысының жастар қанатының жетекшiсi:  Күрделі діни ахуалды шешу бір күннің мәселесі немесе бір адамның жеке шаруасы емес. Қоғам болып түзеуге ат салысу керекпіз. Сыртқы күштер Қазақстан ішіндегі мәселелердің өрши түсуіне қатты ықпал жасап отырғанын білеміз. Осы орайда шешілетін түйіндерге мүфтият жауапты болып, әсер ете алмайды. Ол барлық министрліктермен қатар қоғам болып күресуді керек етіп тұрғанына көзіміз жетті. Өз басым бұл кісіні бұрын танымайды екенмін. Бірақ бұл  жайт қатты маңызды емес деп ойлаймын. Бастысы іске шебер, көпшілікке тура қарап, елін сүйе білсе болғаны. Әбсаттар қажы мойындау керек, халық арасында қатты танымал болатын және қызметте өз қарсыластарына аяусыз, жақтастарына барынша берік еді деген пікірді жиі еститінбіз. Муфтият бастысы,  дұрыс бағдар беру керек, халықты ағарту саласында қосатын үлесі басым.

    P.S.: Әлеуметтік  желілерде  жүргізген сауалнамамызда   жауап  берушілердің  басым  көпшілігі  жаңа  мүфтиді  бірінші  рет  естіп  тұрғандығын айтады немесе  дін  саласында терең білімі болмағандықтан  жауап  беруден  бас  тартты. 

Әзірлеген  Жания  Әбдібек

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір