27 Қыркүйек, 2018 Әлеумет
Зейнеп Ахметованың журналиске "шалбар кигенсің" деп зекігені рас па?
Зейнеп Ахметоваға хабарласқанымызда, шыны керек, қатты ашуланды. Шалбар үшін дау шығарып жүрген жастарға налыды.
Зейнеп Ахметоваға хабарласқанымызда, шыны керек, қатты ашуланды. Шалбар үшін дау шығарып жүрген жастарға налыды.
Ақтөбелік тілші Гүлсая Ыбырай шалбар киіп барғаны үшін сұхбат бермей қойған Зейнеп Ахметоваға ренішін білдіріп, Facebook-тегі парақшасында жазба қалдырған еді. Айтуынша, сұхбат алу үшін алдымен «Өнер орталығына» беттеп, кейін 2 жарым сағат күтіп, таба алмай, ақыры тапқанда қуанышы ұзаққа созылмапты. Шалбар кигені үшін кешірім сұраған журналистті Зейнеп Ахметова елемепті-мыс.
«...Қасына жақындап, амандасып, шалбар киіп келгеніме кешірім сұрап, бір ауыз пікір сұрадым. Маған жақтырмаған күйі көз тастады да, «шалбар киген журналиске сұхбат бермеймін» деді. Тосылып қалдым. Жүріп кетті. Сонда кешелі бері сұхбат алып жүрген телевизионщиктер бүрмелі көйлек киіп, басына орамал тағып па екен?», - деп жазды Гүлсая Ыбырай.
Желі қолданушылардың арасында Бауыржан батырдың келіні Зейнеп Ахметованы жақтаушылар да, әрекетін сынаушылар да табылды. Мәселен, бірі мұны принцип деп түсінсе, енді бірі дискриминация деп түйін түйді.
Кезінде Зейнеп Ахметовадан өзімнің де пікір алған сәтім есіме түсті. Мұхтар Әуезов атындағы драма театрында өткен бір ақынның 60 жылдық мерейтойына барғанмын. Бұтымда шалбар... Театрға шалбармен барды деп сөге көрмеңіздер, жоспарланбаған кеш яки жұмыстан аяқ асты жіберген болатын. Кеш аяқталған соң талай ақын-жазушы мен еліміздің белді тұлғаларынан бір ауыз пікір алуды жөн көрдім. Арасында Зейнеп Ахметова да бар. «Маған бүгінгі кеш жайлы пікіріңізді айтыңызшы?» деп сұрағанымда кештен шабыттанып шыққан Зейнеп ханым қуана-қуана пікір білдірді. Бұл оқиға есіме түскен бойда мұнда бір гәп бар шығар деген оймен Зейнеп Ахметованың өзіне хабарластым. Ол кісі оқиғадан хабардар екен, ашуға мінді. «Менің айтып жүрген дүниелерімді құлақтарыңа ілмей, бір шалбарға бола сонша дау тудырып жатсыңдар ма?» деп қарымта сұрақ қойды. Не дегенмен жағдайды түсіндіріп, сол оқиға жөнінде бір пікірін білейін деген мақсатпен жауабын алуға тырыстым. Әңгіме телефон арқылы былайша өрбіді:
«Қырық шақты журналист жиналған кездесуге бардым. Сол жерге кірер алдында шалбар киген аяғы ауыр әйел келді де сұхбат беруімді сұрады. Мен шынымды айттым, оның үстіне зекіп емес, күліп айттым: «Мен шалбар киген қыздарға сұхбат бермеуші едім. Қазір журналистермен кездесу болады. Сонда кіре ғой, керегіңнің бәрін аласың» дедім. Ал ол кірген жоқ. Егер оған менің сұхбатым, әңгімем қажет болса, кірер еді. Бірақ әлгі журналист ол жерге тырнақтың астынан кір іздеп келген адам. Неге кірмеді кездесуге? Кейін «маған зекіді» деп жазып жіберіпті. Мен ешқашан зекіп сөйлемеймін, ойымды ашық айтамын. Шалбар киген қыздарға да талай айттым: «Шалбар киген қыздармен түспеуші едім, түсейін, бірақ келесі жолы көйлегіңді киіп кел» деймін де түсе беремін», - деген жазушы әрі қарай шалбардың зияны туралы айтты.
«Шалбардың қыз бала үшін қаншалықты зиян екенін айтудан жалықпаймын. Әйелдің басына, әсіресе, жас қыздардың басына төніп тұрған қауіп. Қазір белі, сүйегі жоқ қыздар көбейді. Тырыстырып шалбар кигендіктен белі мен сүйегінің формасы өзгереді. Мықыны жоқ адам ертең қалай бала туады? Ондайда баланы сойып алады. Ана мен баланың арасындағы бізге көріне бермейтін байланыс толғақта жатқан шығар. Әжелеріміз «дүниедегі ең қатты ауру – толғақ, ең ұмтылатын ауру да – толғақ» деп айтып отыратын. Шынында солай, қалай босанасың, солай ұмытасың. Ал темірмен кесіп алынған жағдайда қандай кемдігі шығатынын ешкім айта алмайды. Ана мен баланың арасындағы байланыс үзіле ме, мейірім жойыла ма, белгісіз.
Әлгі қыздар не қаласа, соны кисін. Маған келіп-кетер ештеңе жоқ. Тек жаным ашығандықтан айтамын. Тырысқан шалбар киеді. Ол мықындағы сүйектің формасын өзгертеді. Әйел адамға сан беретін құйрықтың формасын өзгертеді. Тырысқан шалбардың кесірінен өздігінен бала туа алмай жүр. Жұрт мұны «Зейнеп апаның мінезі» деп ойлайды. Мен жаным ашығандықтан айтамын.
Ауру баласын алға тартып, елден аяныш күтудің не қажеті бар. Мақсатым – бабамның аманатын ертеңгі ұрпаққа жеткізу. Шалбарды бүгінгі заманның киімі деп айтарсыздар. Иә, мен де киемін. Алыс жолға шыққанда, тау жаққа қыдыруға барғанда, буындарым босасын деп келіндердің айтқанына қарамай еден жуғанда киемін. Әр нәрсенің орны бар. Әсіресе аяғы ауыр әйелге мықынды қысып кию өте қауіпті. «Күре тамырды» оқыса, ол қыз өзі де түсінер еді. Менің кітаптарымды оқымаған, оқыса да түсінбеген, түйсінбеген, сұхбат алмақшы. Айта берсін...», - деп пікірін білдірді Зейнеп Ахметова.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір