• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Шілде, 13:38:13
Алматы
+35°

30 Қазан, 2018 Әдебиет

Миллион алған фантастикалық детектив – Нұртөре Жүсіптің "Аждаһасы"

Егде кісі Кеплердің бары-жоғын ұмытқандай, терезеге жабысып, қатып қалған көбелекке көзін қадап  сөйлеп отыр.

Кеше ғана "Алтын қалам" конкурсының қорытындысы шықты. Белгілі публицист Нұртөре Жүсіптің "Аждаһасы" жылдың үздік фантастика және детектив шығармасы атанды. Бір миллионға бағаланған аталмыш шығарманы оқырман назарына ұсынуды жөн деп шештік. 

«Алтын қалам» жетінші рет жылдың үздік қаламгерлерін анықтады

1-тарау

Рим. Тамыз айы.

Электронды есіктің оң жақ жақтаушасындағы төрт бұрышты сенсорлы тұтқаға саусақтарын бадырайта басты. Тыз еткен дыбыс шықты. Іле «Кіріңіз» деген дабылды дыбыс естілді.

Ішке кірген бетте брондалған электронды есік дыбыссыз жабылды. Ешқандай жиһаз, ешбір электронды аппарат жоқ, даңғарадай кабинет. Ортада үлкен қара үстел. Айнала 13 орындық қойылған. Үстел үстінде алақандай нетбук қана жатыр. Қабырғадағы таблода «01.08.2040. 10.05.01» деген қызыл жазу уақыт белгісін көрсетіп тұр.

– Мистер Джонс!

Дауыс шыққан жаққа жалт қарады. Ешкімнің қарасы көрінбеді.

– Кофе, шай?..

Жауап қатып үлгермеді: бір шеттегі қабырғадан сырт етіп тумба ашылды, дыз-дыз еткен дыбыспен бірге кофе мен шай шәйнектері, бірнеше шыны ыдыс, қант, қасық тола ыдыс сырғып алдына келді.

– Сіз жайғаса беріңіз... Қалағаныңыздан алыңыз...

Джонс Кеплер алқымын қысып тұрған галстугын тартқыштады. Терлеп кетіпті. Бір шыныға кофе құйып, орындыққа жайғасты. Шыныға екі түйір қант қосты. Бөлменің ішін көзімен тағы бір қайтара сүзіп өтті де, сыртқа көз тастады. Еденнен басталған қалың терезеден сырттағы жасыл дүниенің бәрі қоңырқай тартып көрінеді екен. Тықырлап алдырған шаштай теп-тегіс газон, сәл жазықтау жерден ары қарай басталатын оймақтай ғана көл, оны айнала өскен қарағай мен шыршалар қатары, қанатын қаққан көбелек...

Джың-джың еткендей бір дыбыс шықты. Әлде Кеплердің құлағына солай естілді ме екен...

Терезеге елбелектей кеп қонған көбелекті әлдекім шапалақпен сарт еткізгендей болды. Қос қанаты мен қоймалжың сұйығы терезеге жабысып қалды.

Қайдан шыққаны белгісіз, мұнтаздай таза киінген, бір иығы түсіңкі егде кісі терезеге жақындады. Кеплер орнынан атып тұрды.

– Отыра беріңіз. Алаң болмаңыз. Бұл жәй көбелек екен...

Кеплер состиып тұрған бойы не отырарын, не тұрарын білмеген қалпы қаңтарылды.

– Біздің клубқа қош келдіңіз!

Егде кісі бері қарай бұрылды. Жолай үстел үстіндегі нетбукке қолын созды. Жасына үйлеспейтін жылдамдықпен нетбукты іліп алды да, қаз-қатар тұрған орындықтың біріне жайғасты.

– Қуат алыпты... Сұқ саусағымен сенсордың бетіне ары-бері жүгіртті де ашылған парақшаға тесіле қарады.

– Сіздің жасаған жұмысыңызға көңіліміз толды. Тегіс қамтылған. Бәрі бар. Анализ. Прогноз. Ғажайып жұмыс. Болашақтың келбеті тұтас айқындалған. Ғаламат жауапкершілікпен, кәсіби біліктілікпен, асқан жанкештілікпен жасаған екенсіз. Ал, қымбаттым! Маған мынаны айтыңызшы: осының бәрі қаншалықты қажет деп ойлайсыз?

Дауысы жұмсақ естілгенімен егде кісінің тура қараған жанары өңменіңнен өтердей екен. Джонс жыланға арбалған бозторғайдай қыпылықтап қалды.

– Жер шары – аршыған жұмыртқадай. Солай емес пе? 2050 жылы 8-9 миллиард адам болады деген болжам қайда? Қазірдің өзінде 12 миллиард! Әлемнің дидары өзгерді. Еуропа тегіс қарайды. Қазір Париждің көшелерінде ақ адам көрсеңіз, қуанасыз. Қартайды. Ары қарай не болмақ? Сіздің есептеріңізге дауым жоқ, алайда мына сорлы жер миллиардтаған бейбақтарға пана бола ала ма? Біз адамзат баласының қандай қауіп-қатердің алдында тұрғанын жете сезіндік пе? Жер беті қанша адамды асырай алады? 20 миллиард адамға жер ресурсы жете ме? Осы сауалдың жауабын кім табады? Адамзат баласының арасынан ең қабілетті миллиард адамды қалдырса қалай болады? Қалғандарын не істейміз? Болмаса, сол ең мықты миллиард адамның игілігі үшін өзгелер тырбанып, түртінектесе қалай? Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберінен «Жер шары 1 миллиард адамды ғана асырай алады» деген мәлімдеме талай рет жасалды. Онсыз да адамзат баласы қолдан жасалған қасіреттен көз ашпай жатқан жоқ па? Африканы алайық. Анау Сомали... Бейшара ел... Миллиардтаған адам ішерге ас, киерге киім таппай, күнкөріс қамытына жегілген. Бұған экология зардаптарын қосыңыз. Бәрібір тіршілік жалғасып жатыр. Сонда не болғаны? Жер бетіне қанша адам сияды?.. Адамзат жұмақты  іздейді. Нағыз жұмақ – жер емес пе? Сол жұмақ әбден кірледі...

Егде кісі Кеплердің бары-жоғын ұмытқандай, терезеге жабысып, қатып қалған көбелекке көзін қадап  сөйлеп отыр.

– Сіздің ресми жұмысыңыз ертең таңертеңнен басталады. Регистратурада таңғы жетіде тіркелесіз, болды. Басқа сұрағыңыз бар ма?

Джонс не дерін білмеді.

– Онда сау болыңыз!

Кеплер кабинеттен шығып бара жатып терезеге көз салған.

Көбелек жоқ екен...

 

Қосалқы бөлмедегі екеу егде кісіге қарады.

– Өзіне сенімді. Білікті. Жұмыс істеуге жарайды.

– Жобаны бастаймыз ба? Орта бойлы, төртбақ келген еркектің дауысы қырылдай шықты.

– Ұрыста не тұрыс бар...

– Кеплерден көз жазбау керек сықылды...

Егде кісі трубкасын тұтатты. Бөлме ішін табактың дәмді иісі жайлады.

– Денсаулығыңды ойласаң қайтеді, Роберт?

– Черчилль осы трубкасымен, тамақты өлтіре жеп, коньякты сілтесе де 90 жас жасаған жоқ па?

– Ол Черчилль ғой... Төртбақ денелі қарқылдап күлді.

Ішкі байланыс желісі іске қосылды.

– Мырза, нысан толық тексерілді... Ешқандай қауіп жоқ.

– Жеткізіңіз...

Сәлден соң үш адамның алдында мыж-мыж болған көбелек жатты. Төртбақ кісі үңіліп келіп қарады.

– Кәдімгі көбелек қой!

– Кім біледі?

– Сақтықта –  қорлық жоқ...

– Қане, қай жерден бастаймыз?

Ұзынтұра бір пультті алып, бармағын батырды. Тұтас қабырғаның бетін алып жер шарының картасы шыға келді. Әлем картасы. Егде кісі трубкасын өшіріп, картаға жақындады. Екеуі соңынан ерді. Бөлмеде өлі тыныштық орнады. Африканың жаялықтай аумағына төне түскен сұқ саусақ «Сомали» деген елдің тұсына келіп тірелді.

 

Джонс Кеплер өзінің жас баладай аянышты халге түскенін кеш аңғарды. Жаңағы кісінің қойған сауалдарына жауап қата алмағаным қалай? Неге әңгімеге қосылмадым? Енді карьерам не болады? Санасын шанышқылаған осындай сұрақтармен еңсесі түсіңкіреп сыртқа шыққан. Кірген ғимаратына бір айналып қарады. Әлгінде байқамаған екен, ғимараттың сыртында қаптаған камера – жарық беретін бағаналардың басында, кіреберіс, шығаберістегі есіктердің маңдайшасында, тіпті қаз-қатар өскен қарағайлардың  жапырақтары арасында сырткөзге білінер-білінбес мың сан камера іске қосылып тұр екен.

«Менің осы қалпымды біреу бақылап отыр-ау» деген ой санасына сарт ете қалғанда Джонс үстіне біреу мұздай су құйып жібергендей селк етіп, дереу есін жинап алды.

Қалтателефоны сыңғыр етті.

– Джонс, сені ала алмадым. Қайдасың?

– Элиз, кешір қымбаттым...

– Бәрі дұрыс па?

– Дұрыс.

– Сені күтіп отырмын. Кеше бірге түстенеміз дегенің қайда?

– Қайда отырсың?

– Парадайста...Өзіміздің жұмағымыз...

«Адамзат жұмақты  іздейді. Нағыз жұмақ – жер емес пе? Сол жұмақ әбден кірледі...».

Бұл сөз Джонстың миына шіркеудің сыңғырлаған қоңырауы секілді қайта-қайта орала берді.

 

...Элиздің денесі оттай шарпыды. Қынама белі бұратылып, аршын төсімен Джонстың кеудесін үйкей өтіп, үлбіреген ернімен әуелі құлақ түбінен, сосын алқымнан, сосын ернінен кезек-кезек сүйген; жас қыздың талдырмаш бәдені кімді болсын естен тандырарлықтай еді, жігіттің демалысы жиілеп, бір қолымен бөксені, бір қолымен топ-томпақ анарын умаждай сипап елтіп баратыр; еркектің әлеуетін сезінген қаншықтық құмар алқын-жұлқын күйдің ұзаққа созылуын тілегендей бірде керілтіп, бірде ерітіп ертегі әлемінің ішіне жетелегендей...

Кеплердің сол саусағындағы жүзік бүлк-бүлк етті. Мамыражай қалпынан, манаураған ұйқысынан айырылғысы келмей көзін тарс жұмған күйі бір ағыс күйде еді. Таңғы ұйқының талықсытар тәтті шағы. Саусақтағы жүзік бүлк-бүлк етіп мазасын алды. Еріксіз көзін бақырайтып төбеге қарады. Күн арқан бойы көтеріліп қалғандай. Бөлменің іші таң атпай қапырық тартып тұр. Сол көзінің қиығымен төсекке көз салғанда Элиздің анадан жаңа туғандай тыр-жалаңаш жатқанын көрді. Шашы дудырап, жауырын тұсына төгіліп қапты. Ақ жайманы қыздың үстіне жапты. Жүзік тағы бүлкілдеді. Орнынан атып тұрды. Асығыс-үсігіс киіне бастады. Пиждак ілінген ілгішті тарс еткізіп жерге түсіріп алғанда Элиз ұйқылы-ояу қалыпта тіл қатты.

– Жаным, қайда асықтың?

– Жұмысқа!

– Бүгін – жексенбі ғой...

– Сен жата бер.

– Жатшы жаныма...

– Кешір. Түсте хабарласам...

– Бір сүйші.

Жігіт еңкейіп қыздың ернінен сүйді. Қыздың жібергісі келмеді. Оның қолын білегінен күшпен ажыратқан Кеплер алғашқы жұмыс күніне асықты.

– Кешір, баруым керек!

Тура таңғы жетіде Джонс Кеплер регистратурада тіркеуден өтті. Содан айналып, жоғары қабатқа көтерілетін лифтіге қарай өтіп бара жатып, үлкен экранға көзі түсті. Жер-жаһан жаңалықтары беріліп жатыр екен. «Бүгін Сомалиде бүлікшілер мемлекеттік билікті басып алды. Елде – әскери төңкеріс» деген хабарды құлағы шалды...

«Африканы алайық. Анау Сомали... Бейшара ел...».

Джонстың бойы тітіркенді. Тершіген маңдайын сүрткіледі. Костюмінің өңірін қайта-қайта сипап, галстугын түзеген болды. Электронды есіктің оң жақ жақтаушасындағы төрт бұрышты сенсорлы тұтқаға саусақтарын тарбитып баса бергенде, тура маңдай тұсындағы камера Кеплердің келбетін сканерлеп үлгерген еді.

Үшінші қабаттағы терезесі жоқ кабинетте электронды мәлімет базасы іске қосылды.

«№ 032-ден қобалжу белгісі байқалады...».

 

2-тарау

Джонс Кеплер күнде алты жарымда ғимаратқа кіреберістегі регистратура бөлімінде арнаулы тіркеуден өте салысымен жұмыс кабинетіндегі жұмсақ креслоға жайғасады. Әкімшілік мұндағы қызметкерлердің әрқайсысы туралы толық хабардар. Бұған Джонстың көзі алғашқы күні-ақ жетті.

Түскі асқа шыққанда лифтіде қара көзілдірікті, кең жауырынды африкалықты кезіктірген. Мұны бұрыннан танитын адам секілді жылы ілтипатпен амандасты.

– Қалыңыз қалай?

– Жақсы. Сіз ше?

– Бәрі ок!

– Қалыңдығыңызға асығып бара жатсыз ба?

Тосын сұрақтан Джонс тұтығып қала жаздады.

– Мм... түстенуге...

– Несі бар, әдемі адаммен ас ішкеннен артық бақыт бар ма?..

Лифт есігі ашылғанда екеуі екі жаққа бұрылды. Джонс іштей жиырылып, тіксініп қалды. «Ол менің қалыңдығым барын қайдан біледі?».

Содан бастап Кеплер жан баласымен тілдеспеуді ұйғарды. Үнсіз келеді. Үнсіз кетеді.

Жұмыс жетіп артылады. Африка  елдерінің  дамуы туралы есепті тез бітірді. Африканы жатқа білетіндей: кішкентай күнінде Нигерияда әкесі дипломатиялық қызметте болғанда көп жайға қаныққан; кейінірек бұл елге екі-үш мәрте жолы түскен, қара құрлықтың басқа да мемлекеттерін терең зерттеген-ді. Қолтырауындар мен гиппопотамдарға толы өзендерге шомылған, кішкентай зебраларға мініп ойнайтын, гепардты жақсы көретін, тіпті аяққа оратыла кететін  жыландармен де дос болған еді. Ұзын еспе бұтақтармен өрілген, саз балшықпен сыланған, ешқандай терезесі жоқ дөңгелек күркелерде талай түнеген. Көкке мойнын созған керіктер, аузын ашқанда азу тістері жарқырап көрінетін арыстандар мен ауыр салмағын көтере алмай, алшаң басқан пілдердің талайын қызықтаған. Бұл өңірдегі мектеп атаулы шлак бетондарынан тұрғызылған, бойы пәс, жұпыны келеді. Сонда сабаққа барып та жарытпайтын. Әке-шешесі жұмыс бабымен жүргенде, Элиз екеуі  күн ұзаққа ойын қызығына түсуші еді.

Арада бір ай өткенде Кеплер жабық кабинетке кіріп шыққан...

Ол өзінің бейнесі бақылау камерасына іліккенін білді. Білсе де...

«Тәуекел!..».

Орта Азия туралы түсінігі шамалы, әлем елдерінің энциклопедиясындағы жалпы мәліметтерді жаттап алғаны болмаса, өмірінде жолы түсіп, аяқ басып көрмепті. Көп ұзамай соның да сәті келгендей.

 – Сізге іссапарға бару керек. Тапсырма жүктелген пакет үстеліңіздің үстінде. Танысқан соң, не істейтініңізді білесіз ғой... Құпиялық тәртіп есіңізден шықпады ма?

Регистратурадағы жұқалтаң келген, жақ сүйегі қарыстай, жүзінде қан-сөл жоқ, жасы елуден асқан еркек тіктеп қарады. Өне-бойын тінтіп, ішіп-жеп қоятындай ашқарақ қарас.

– Ұқтым.

Кеплер кабинетіндегі пакетті ашып, тапсырманы мұқият оқыды. Бұрыш-бұрыштағы түймекөз тетіктерді келген күні байқаған. Бәрі бақылауда тұр. Дереу қағаздарды турағышқа салып, көзін құртты.

Осыны күтіп тұрғандай оң жақ шкафтың астыңғы тартпасы сырт ете қалды да, сырылдап бері шықты. Джонс еңкейіп қарағанда оның ішінде паспорт пен бір конверттің жатқанын көрді. «Давид Либерман, Израиль». Суреті, төлқұжаттық деректері тастай. Паспортты төсқалтасына сүңгітті. Конвертті портфельге салды.

«Элиз елегзитін болды-ау...».

Есіне он үшке толғанда Элизге айтқан сөзі оралды.

– Кейін, мен үлкен жігіт болам ғой, ия, сол кезде саған үйленем...

– Мен де саған тұрмысқа шығамын...

Олар жастайынан бір-біріне бауыр басып, шын мәнінде бір-бірін сүйіп өскен еді.

Элиздің әке-шешесі дәрігер болатын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының белді докторлары. Үнемі жол үстінде, сапарда, адам төзгісіз жағдайдың бәрін көрген. Элиз жастайынан мамасына дәрігерлік жұмыстың бәріне көмектесіп жүріп, ақыры дәрігерлікті таңдады.

– Тұрмысқа шыққан соң мен саған көп бала тауып берем, –  деген бірде Элиз.

– Біздің балаларымыз ақылды болады. Джонс Элизге разылығын марқая күлумен білдірген.

Джонс жиырмаға толғанда тұңғыш рет  бақытқа кенелген. Элиз туған күнгі отырыстан соң қасына келді.

– Жай құшақтасып жатуға бола ма?

– Болады.

Сыртта күн оттай ыстық болғанымен түн желегін жамылғанда саваннадағы құм салқын тартып сала береді.

– Тоңдым. Құшақташы.

Джонс Элизді бауырына тартып, жұмсақ одеалмен арқасын қымтады. Екеуінің демі шарпысты. Одан ары қарай бұрын белгісіз, қиял мен елестің қосындысындай көрінетін жұмбақ әлемнің есігі ашылды; буырқанып жағаға ұрған жал-жал толқындай асау сезімнің еркіне екеуі де бағына алмады, теңіз бетіндегі желкенсіз қайықтай бағыт-бағдарсыз мүлдем басқа бір өмірдің алғашқы ағысына түсіп, тербеле берген...

Таң атқанда Элиздің орны бос қалған екен. Джонстың бойын бір қайратты сезім биледі. «Уау! Мен енді еркекпін!». Орнынан атып тұрып, «УЕS!» деп айғай салған.

Іссапар мерзімі белгілі – тапсырма орындалуы керек. Бір ай, бәлкім одан да көп. Джонс мұншалық уақытқа Элизді қимайтынын сезді. Бірақ, амал жоқ, жұмыстың аты – жұмыс. Қалыңдығына «Grand  hotel» қонақүйінің ресторанында кешкі ас ішіп отырғанда  жол жүретінін сыпайылап жеткізген. Бір айдың мұғдарында оралатынын айтты.

– Сонда мен бір ай бойы жалғыз қалам ба?

Элиз тұнжырап отырып қалды.

– Уақыт тез өтеді. Бәлкім, одан ертерек қайтармын...

– Қайда бармақсың?

– Моңғолияға... Сосын Тибетке...

– Бәрібір, сенсіз қалай өмір сүрем?

– Жұмыс бітсе, ерте қайтамын.

– Ой, сен де...

– Алтыным, мені түсінші, алғашқы іссапарым ғой.

– Маған баруға болмай ма?

– Енді...

– Сенімен бірге болғым келеді.

– Бірге боламыз. Уәде берем...

– Осы жолы ше?

– Менің ақылды балаларымның анасы бәрін түсінеді. Мені асыға күтеді.

– Джо, тез қайтатын болшы!

– Айым менің! Алтыным менің! Уайымдама.

– Сені жоғалтып алам ба деп қорқамын...

– Ақылдым сол!

– Келгесін сені ешқайда жібермеймін, білдің бе?

– Екеуміз мәңгі бірге боламыз, жаным!

Элизді жұбатуын жұбатқанымен Джонстың көкейінде бір түйткіл қалып қойды. «Тапсырманы орындай алмасам ше? Онда не болады?».

 

Джонс жұмыс істейтін ғимараттағы, үшінші қабаттағы терезесіз бөлмеде бас бармақтың көлеміндей аппарат Кеплердің дауысы естілген сәттен бастап іске қосулы тұр еді. Екі жастың әңгімесі айна-қатесіз, тап-таза күйде дыбыс жазғыш құрылғыға түсіп жатты. Регистратурадағы жұқалтаң еркек мәтін басылған қағазды принтерден шығарып, электронды есікке беттеді.

– 032-нің жағдайы қалай?

Егде кісінің қарлығыңқы үні құмығып шықты.

– Сыр берген жоқ...

– Құпиялылық режим бұзылмады ма?

– Бұзылды... Ол жабық кабинетте болды?

– Не істеді?

– Камераның бар екенін біледі. Көзге түспейтіндей қимылдаған тәрізді. Анықтаймыз...

– Әр адымын қалт жібермеңдер. Өзі қалай былай?

– Дәті берік сықылды...

– Сұрақ қоймады ма?

– Ештеңе демеді.

– Бақылауда ұстаңыз.

– Құп болады!

– Өзгіріс болып жатса, міндетті түрде құлағдар етіңіз.

– Міндетті түрде, сэр!

– Бара беріңіз.

Егде кісі трубкасын құшырлана сорып, алдындағы қағазға көз жүгіртті. «Әй, жастар-ай!».

Мадлен де дәл осы Элиз сияқты Робертпен қимай қоштасқан.

– Роб, бір ай ұзақ мерзім ғой. Сені сағынатын болдым.

– Тез келемін...

– Үйлену тойымызды қайда өткізетінімізді, меймандар тізімін толық жасап қойдым.

– Сен – алтынсың ғой!

– Екеуміз мәңгі бірге боламыз, солай ғой, ия?

– Енді қайтып айрылыспаймыз...

– Сені қимаймын... Біздің баламыз болады... Ол да сені күтеді...

– Сүйіктім менің! Мадленді құшырлана сүйген. Құшағына алып, сәбиін әлдилеген анадай мейірлене қалып еді. Артынша көңіл түкпірінде жасырынып жатқан суық ой әдемі әсерін сап тиды. Түйіліп, тұнжырап сала берді...

Роберт қарап отырса, дәл Джонстың жасында екен. Екеуінің тағдыр жолы ұқсас болып шықпаса, нетсін...

Аумағы атшаптырымдай үлкен қонақүйдің он жетінші қабатынан жас қыздың секіріп қайтыс болғаны туралы Нью-Йорк басылымдарының бәрі жарыса жазды. «Жедел жәрдем» ішінде қыздың соңғы рет тілге келіп, «Роб» деген сөзді әрең айтқаны ешкімнің есінде қалған жоқ.

Тергеуші ғана секем алған. «Қонақүйде Мадлен Франклин жалғыз болған сияқты. Ешқандай белгі – саусақ іздері жоқ, шыны ыдыстар таза» деген полицайдың хабарламасын сүлесоқ күйде тыңдаған тергеуші қонақ бөлмедегі шағын үстел үстінде елеусіз тұрған үш шыраққа мұқият қарай берді. Бәрі де тұтатылған. Сосын сөндірілген...

– Мұнда романтикалық кездесу болғаны анық. Ресепшндегілер күдікті ешкімді байқамады ма?

– Жоқ, сэр. Бөлме Франклин ханымның атына тіркелген. Кірген-шыққан ешкім жоқ сияқты...

– Бейнекамералар жазбасы қайда?

– Электрде ақау болып, ешбір камера іске қосылмаған...

Тергеуші теңселіп ұзақ тұрды. Ешқандай белгі қалдырмаған. Демек, алдын ала ойластырған. Қыз да ешқандай жазба қалдырмапты. Белгілі бір себеп болмаса, өндірдей жас өзін-өзі өлімге қия ма? Әлде, төмен қарай үңілемін деп аяғы тайып кетті ме екен? Мүмкін емес. «Біреу» көмектескен болар...

«Басқа біреу болмаса, шырақ не үшін жағылады?..».

 

Роберт Харрисон сол күйі үйленбеді. Мадленге деген махаббаты зор еді. Енді міне, Джонс Кеплердің жан сыры көз алдында. Элиз де Мадлен сияқты: аңқау, аңғал...

Шал терең күрсінді. Өшіп қалған трубкасымен үстел үстін тықылдатып ұзақ отырды. «Бұл – тағдыр. Тағдырыңа не жазылса, сол болады. Бір адамның тағдыры не тәйірі?!. Адамзаттың тағдыры не болады? Футбол ойыншылары секілді халықаралық ірі ойыншылар пайда болғаны белгілі. Дүние жүзіндегі  қаржы-қаражат ағымын бетімен жіберуге бола ма?  «Мақсатқа жету үшін барлық әдіс-айла жарасымды» деген сөзді кім айтып еді? Сол – данышпан! Бұрын әлемге Батыс әмірін көбірек жүргізетін еді. Батыс құндылықтары үлгі ретінде ұсынылды: батыс елдерінің заңы салтанат құрды, кез келген мәселеге батыс көзімен қарау белең алды; алайда Қытай мен Үндістан сияқты саны миллиардтан асып кеткен елдер саяси ойын ережесін бұза бастады. Ішкі жалпы өнім көлемі жағынан Қытай Американың алдына түсті. Осындай жағдайда біз қарап отырамыз ба? Адамзат көші тоқтай ма? Дами ма? Өзгере ме? Қалайда шешім қабылдау керек. Ол шешімді басқа-басқа, Роберт Харрисон қабылдамағанда кім қабылдайды?».

Үстел астындағы кнопканы басты.

– Тыңдап тұрмын!

– Маған кремсіз ақшыл балмұздақ, сосын..ақ трюфель..

– Айта беріңіз, сэр.

– Балмұздақ әкеліңіз!

– Дэвид қайда?

– Осында.

– Маған келсін!

Дэвид Баркер мұның шақыруын күтіп отырғандай тез жетті. Есіктен кіре бергенде аяғы балағына  шалынып, құлап қала жаздады.

– Дэвид! Көзіңе қарасаңшы.

– Асығамын да жүремін.

– Сен асықпа! «Асыққан – шайтанның ісі». Ал сен шайтан емессің ғой...

– Тух, сайтан алғыр!

– Асықпа да аптықпа. Не боп жатыр?

– Сомали жоспары сәтті басталды.

– Білем, білем...Басқа не боп жатыр?

– Басқа? Айтпақшы, «Алтын миллиард» идеясына күдікпен қарайтындар тобы көбейді. Біреулер мұны мистика деп те жатыр. Алайда, сенің миың – нағыз алтын! Жер ресурсының төмендеуі адамзат баласын тығырыққа тірейтіні анық. Мұның ақыры неге апарады? «New Age» –  Жаңа ғасыр деп аталатын иудей-протестанттық ағымының өкілдері «Ақырзаман» жақсы ма, адамзат баласының сақталғаны жақсы ма?» дегенді айтып жатыр.

– Солтүстік Америка, Жапония және Еуропа елдері еркін сауданың алтын үштігі болсын деген талап-ниет қалай қабылданды?

– Әзірге, ашық қарсыласып жатқандар жоқ. Майлы етті сіңіре алмай жатқан болар...

– ОЭСР (Organisatiom for Economic Cooperation and Development) экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына қанша ел кірді?

– Дәл қазір оған Еуропа мен әлемнің 24 мемлекеті кірді.

– Дұрыс.

– Клондау ісі қалай?

– Жоспарлы түрде жүргізілуде.

– Мен бір жеті тынығып келемін. Альфредтің айналысатын шаруалары мына папкада.

– Бір ойлағаның бар-ау...

– Бос сөзді қайтесің.

– Сен тынықты дегенше, түлен түртті десейші...

– Әй, кәрі түлкі! Жетер! Менің адамша демалуыма да болмай ма?

– Білеміз ғой...

– Білсең де, білмесең де сол!

– Сен табакқа тым үйірсек болып кеттің.

– Біздің арамызда Альфредтің ғана өмірі дұрыс.

– Балғын шұжық ұзақ сақтала ма? Ысталған шұжық ұзақ сақтала ма?

– Әрине, ысталғаны...

– Ендеше, сөзді қой да мені тыңда. №032-ні түнеукүнгі айтқан мәселе бойынша жұмсадым. Көрейік. Нәтижесі қалай боларын?

– Түсіндім.

– Жерорта теңізінде боламын. Яхтада... Қалай байланысуды ұмытып қалған жоқсың ба?

– Неге ұмытайын?

– Қайдан білейін, тақыр жерде сүрініп, қабынып жүргеніңе қарағанда, әбден қарттық иектеп алды ма деп жатқаным...

– Күлме, күлме.

– Мэллориге сәлем айт! Шалын жақсылап күтсін деді де.

– Саған жақсы. Миыңды ашытатын ешкім жоқ...

– Дэвид! Доғар енді!

Роберт Харрисон өмірінде тұңғыш рет мұңайды. Жалғыздықтың мұңы. Дэвид шығып кеткен соң бірталайға дейін өз деміне тұншығып отырып қалды. «Құдай-ау, менде бәрі бар. Байлық! Алтын-күміс! Миллиардтар! Әлемнің байлығы! Бірақ жаным неге тыншымайды? Неге мені қинай бересің? Сол түнгі әрекетке бармасам, мұның біріне де қол жеткізе алмас едім ғой...». Тамағына өксік тығылды. Жылағысы келген. Жылай алмады. Көзінен бір тамшы жас шыққан жоқ.

3-тарау

Ашхабад – ақ шағаладай қала. Ғимарат атаулы әппақ мәрмәрмен қапталған. Көшелері тап-таза, тіпті қоқсық тастайтын урна таппайсыз. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, елдің бұрынғы билеушілерінің бірі «Түркімен деген айналасын ластайтын, көрінген жерге қоқсық тастайтын тексіз халық емес» деген ойды халықтың санасына мықтап сіңдіргенге ұқсайды. Қаланың орталығы ғана емес, бүкіл аумағы бірінші кезекте тазалықты үлгі етіп алғанға ұқсайды. Асфальттары берік әрі айна секілді жалтырап жатыр,  ойық, шұңқырдың жоқтығын былай қойғанда төселген асфальттан көліктің кескіні көрінеді. Мұндағы тәртіп қатал: Мемлекет басшысы отыратын ғимаратты суретке, бейнетаспаға тартуға болмайды; базардағы адамдармен сұхбаттасуға рұқсат жоқ, тұрғындармен, әсіресе, әйелдермен ер кісілердің сөйлесуі қатаң қадағаланады. Әйелдер ашық-шашық жүрмейді, бастарына орамал тартып, ұзын қызыл көйлек киеді. Ерге шықпаған қыздарды оңай ажыратуға болады, олар әдемі топы киеді немесе жалаңбас жүреді. Студенттер мен оқушы жастардың киімі де бөлек.

Ежелгі дәуірде қаланың орнында шағын елдімекен болған деседі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрғандықтан  маңызды қоныс болып саналған. Қаланы Ахалтеке жорығы кезінде орыс отарлаушылары басып алып (1881 жылы 18 қаңтар), әскери бекініске айналдырыпты. 1885 жылы Түркіменстан аймағында құрылған Ресейдің әкімшілік бөлігі — Каспий облысының орталығы. 1919 жылы 9 шілдеде Түркістан АКСР-інің орталығы болған. 1919-1927 жылдары қала ақ гвардияшылармен шайқаста қаза тапқан Түркістан АКСР-інің Еңбек комиссары П.Г.Полторацкийдің есімімен «Полторацк» деп аталды. 1927 жылы тарихи-ұлттық атауы қайта берілді. Қаладағы кілем тоқу кәсіпорындарының бұйымдары дүниежүзіне белгілі. Кілем музейі бар екен, соған бас сұққан. Ғашықабат 1893, 1895, 1929 жылдары бірнеше рет зілзаланы бастан кешкен. 1948 жылы 6 қазанда болған зілзаладан түгелдей қираған қала қайта салынады. 1950-1960 жылдары заманауи сәулет өнерін шығыстық әсем әдіспен ұштастырған Үкімет үйі, көпшілік кітапхана бой көтерді. Ғашықабат –  Республиканың мәдени және ғылыми орталықтарының бірі. Мұнда жалпы және арнаулы орта білім беретін мектептер, жоғары оқу орындар, Ғылым академиясының ғылыми-зерттеу мекемелері бар. Мақтымқұлы атындағы опера және балет театры, драма, қуыршақ театрлары, мұражайлар, газет-журнал редакциялары жұмыс істейді.

Бір сөзбен айтқанда, Джонсқа қала ұнады. Тыныш. Күндіз де, түнде де қорықпай жүруге мүмкіндік бар. Ашхабадтың іргесінде, 40 километрдей жерде Түркіменбашының зираты бар екен, өзінше біртұтас кешен: мұнда билеушінің ата-бабасы жерленген деседі, қалада жер сілкінісі болғанда отбасы мүшелерінен жалғыз аман қалған да елдің басшысы; мемориалды кешенге шығыстық үлгіде салынған мешіт айрықша сән беріп тұр, келушілер қатары көп болмаса да, зиярат жасаушылар легі жыл он екі ай үзілмейтін көрінеді.  

Экономиканың барлық саласында мемлекет үстемдігі орныққан. Мемлекеттік бюджет кірісінің қомақты бөлігін мұнай мен газды сыртқа шығарудан басқа мақта иіру кәсіпорындарының тізбесінен түсетін салық  құрайды. Мұнда Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі  бар. Жерінің 80 пайызында мұнай мен газ. Мұнай мен газдың  144 кен орны табылған. Соның  40-қа жуығы ғана игерілген. Газдың болжамды қоры –  21-23 трлн м³, ал мұнайдікі 12 млрд тоннаға жуық. Жыл сайын бұл елде 158 млн м² мақта-мата бұйымдары мен 82 мың тонна жіп иіріледі. Осы өнімдерін Түркіменстан әлемнің жоғары дамыған 30-дан артық еліне шығарады. Әлемдегі  80-нен артық елмен сауда-экономикалық байланысын  жасайды.

«Түркіменстан 1991 ж. қазанның 12 өз тәуелсіздігін жариялап және осы сәттен бастап, ерекше мәртебелі ел болуды мақсат тұтты. 1995 жылғы 12 желтоқсанда  әлемнің 185 елінің қолдауымен  БҰҰ-ның «бейтарап ел» деп таныған шешіміне қол жеткізді. Түркіменстан жерін адамдар тас ғасырынан мекендей бастаған. Б.з.б. 6-мыңжылдықта жейтун мәдениеті осы өңірде қалыптасқан. Копетдаг тау баурайындағы жазықтықтан Жейтун, Чопан-Тепе, Бами, Чағыллы, Монджуклы, т.б. ежелгі қоныстардың қалдықтары табылған. Жергілікті халық  егін егу, мал өсіру, аң аулаумен шұғылданған. Энеолит дәуірінде Түркіменстанда анау мәдениеті болды. Б.з.б. 2-мыңжылдықтың аяғы мен 1-мыңжылдықтың басында Түркіменстанда әлеуметтік  жіктелу күшейіп, алғашқы мемлекеттік  құрылымдар пайда болуына байланысты суармалы егіс жүйесі, сауда-саттық дамыды, қалалар ірге көтерді» деп гид елдің тарихын баяндай жөнелді.

Джонстың білгені: Түркімен халқының тарихы ерте кездегі Орта Азияны мекендеген тайпа-ұлыстар тарихымен тығыз байланысты. Б.з.б. 1-мыңжылдықтың орта шенінде Түркіменстан жерінде қуатты Маргиана және Парфия мемлекеттері болған. Каспий теңізінің оңттүстік-шығыс жағалауын Гиркания, Солт. жағасындағы даланы Массагеттер мен көшпелі дах (дай) тайпалары мекендеді. Б.з.б. 7-6 ғасырларда Маргиана Бактрияның, ал Парфия мен Гиркания Мидия мемлекетінің құрамына кірді. Б.з.б. 6-4 ғ-ларда бұл аймақтар Ахемен әулетінің қол астына қарады. Б.з.б. 4 ғ-дың соңында Түркіменстан жерін А.Македонский жаулап алған.

Сасани әулетінен шыққан парсы бектері Парфия патшалығын талқандап, оңтүстік Түрікменстанның жерін басып алды. Б.з. 1-ғасырдың орта шенінен бастап Арал маңындағы ғұндар мен жергілікті тұрғындар ұзақ уақыт араласып, сіңісіп кеткен.

1040 ж. Селжұқ әулетінен шыққан көсемдердің басшылығымен оғыздар Түркіменстан жерін басып алды. Сөйтіп, оғыздар түрікмен халқының қалыптасуына қосалқы негіз болды. Олар жергілікті тұрғындармен араласып «түркімен» атанды. 1158 жылы көшпелі оғыздар мен Хорасан бұқарасының көтерілісі Салжұқ мемлекетін құлатты. 12 ғасырдың соңы мен 13 ғасырдың басында Түркіменстан жері Хорезм шахтарының қол астына қарады, 1219-1221 жылдары Шыңғыс ханның әскерлері басып алды. Түркімен тайпаларының көпшілік бөлігі Каспийдің шығыс жағалауына ығысып, Балқаш маңайындағы далалық аймақтарды, Узбой аңғарын паналады. Түркіменстан аймағын Алтын Орда, Шағатай ұлыстары және Хулагу мемлекеті бөлісіп алды. Он төртінші ғасырдың орта тұсында Хулагу мемлекеті құлап, Алтын Орда әлсірегеннен кейін Түркіменстан жерінде жартылай тәуелсіз бірнеше ұлыстар пайда болды. Бұларды 14 ғасырдың 70-80-жылдары Әмір Темір бағындырды. Темір мемлекеті құлағаннан кейін түркімендердің біраз бөлігі Хиуа мен Бұхар хандықтарының, қалғандары Иран билеушілерінің қол астына қарады. 19 ғасырдың басында түрікмендердің кейбір тайпалары – абдал, чаудар, игдир, бурунчук, тозашы рулары Ресейдің бодандығына ресми түрде мойынсұнды. Ресей үшін арзан да сапалы шикізат көзі мол Орта Азия кеңістігін бағындыруда ағылшындармен арадағы бәсекелестік Түркіменстанды отарлау саясатын тездете түсті. 1869 ж. Каспий теңізінің шығыс жағалауына орыс әскерлері келіп, Красноводск (қазіргі Түркіменбашы) қаласын салды. 1869 – 1885 ж. Ресей империясының Түркіменстан аумағын отарлау әрекеті жергілікті тұрғындар тарапынан қатты қарсылыққа тап болды. Әсіресе, Ахал алқабын жайлаған теке руы орыс басқыншыларына қатты қарсылық көрсетті. 1885 ж. Атрек, Теджен, Мерв және Пендан алқабы Ресейдің қол астына өтті. 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Түркіменстан орыс және ағылшын капиталының өрісіне айналды.

Британ тауар бірлестігі түркіменнің мұнайын игеріп, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын ашты. Ресей үкіметі өлкені империяның шикізат базасына айналдыруға, мақта өсіру көлемін ұлғайтуға жанталасты.

1991 жылғы қазанда бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Түркіменстан Республикасының мемлекеттік  тәуелсіздігі жарияланыпты. 1992 жылғы  18 мамырда елдің Конституциясы қабылданып, мемлекеттік  басқару ісі президенттік республика пішімінде жүзеге асырыла бастаған. 1995 жылғы  12 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясы «Түркіменстанның тұрақты бейтараптылығы» туралы қарар қабылдайды. Онда БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің Түркіменстанның тұрақты бейтарап ел ретіндегі халықаралық құқықтық мәртебесін мойындап, қолдайтындықтары, егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтейтіндіктері мазмұндалған.

Жерінің 80 пайыздан артығын аптап шөл (Қарақұм шөлі), құм көшкіндері, тасты таулар мен ащылы алаптар басып жатыр.Түркіменстанның ең үлкен өзені – Әмудария. Оның ұзындығы 1415 км болса, соның 1000 шақырымдайы осы елдің аумағында. Осы өзеннен бастау алған Қарақұм каналы Түркіменстанның Ашхабат, Мары, Бүзмейін, Балқанабат (Небит-Даг), Түркіменбашы  сияқты ең үлкен қалаларына ауызсуын жеткізеді.

Халқының саны 12 миллион  адамға жуық. Әлемдегі түрікмен халқының жалпы саны  25 миллионнан  артық деген дерек бар. Түркімендер Ауғанстан, Иран, Түркия, Ирак, Сирия секілді елдерде де мекен етеді.

Джонс Кеплер Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының бас сарапшысы ретінде елдің демографиялық ахуалына қатысты деректердің бәрін жинақтады. Денсаулық сақтау ісіне қатысты мәліметтерді алу да аса қиынға түскен жоқ. Түркімендердің тамақтануына, азық-түлік мәселелеріне қатты көңіл бөлді. Негізінен халық ұлттық тағамдарын тұтынады. Coca-cola, Sprite ішетіндерді мүлдем сирек ұшыратты.

Сапарда жүргенде Джонс Элизден сағынышқа толы смс алумен болды. Жауап жазуға, тікелей тілдесуге болмайды... Кішкентайдан жанынан екі елі  ажырамаған  Элизге әбден бауыр басып кеткен екен, Джонс бір аптадан кейін күн санай бастады. Бәріне қолын бір сілтеп, тастап кеткісі де келген. Алайда, мойнына артылған жүк бар. Оның салмағы бар... Қалай кетсін?!.

 

Элиз үздіксіз шырылдаған телефон дауысынан оянды. Ұйқылы-ояу күйде ұялы телефонды құлағына тақады.

– Аллоу?

– Элиз... Мен ғой, Джонс...

– Сағат қанша болды?..

– Білем, білем. Сендерде түн ортасы... Айып етпе, саған еш  хабарласа алмадым.

Элиз басын көтеріп, өз құлағына өзі сенбей телефонды жан-дәрмен оң жақ құлағына ауыстырды.

– Джо, тірісің бе? Үш аптадан бері өліп қала жаздадым...

– Ия, аманмын. Мұнда Түр... Моңғолияда телефон байланысы қиын екен...

– Қай ғасырда өмір сүріп жатыр олар?

– Кешірші, жаным...

– Қашан келесің?

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір