• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 05:44:50
Алматы
+12°

05 Қараша, 2018 Әлем

Голландияда қылмыскердің жоқтығынан түрмелер жабылып жатыр, Қазақстанда ше...

2013 жылдан бері Голландияда түрмелер жабылып жатыр. Мұның себебі неде? Қазір елдегі  абақтылардың үштен бірі бос.

Голландияда қылмыскерлердің жоқтығынан түрмелер жабылып жатыр, Қазақстанда ше...

Шын мәнінде солай. Қазір бүкіл әлем түрмеден арылудың түрлі жолдарын іздестіріп жатыр. «Тәртіп қатаңдаған сайын, адамның қылмысқа баруы сирейді» деген түсінік бар. Бірақ олай емес.

Заңдардың ізгіленуі әрине, адамның санасына еркіндік беруі мүмкін. Алайда қылмысқа барған адамның барлығы да мұны түсіне ала ма? Мәселе, сонда. Енді Голландияға қайта оралсақ..

2013 жылдан бері елде түрмелер жабылып жатыр. Мұның себебі неде? Қазір елдегі  абақтылардың үштен бірі бос. 2016 жылдан бастап,  қылмыскерлердің саны үш есе төмендеді. Сондықтан да елдің Құқық және қауіпсіздік комитеті абақтыда жатқан қылмыскерлерге кететін шығынды 1 миллион евроға азайтты. Осыған орай алдағы бес жылда Голландиядағы 26 түрме жабылатын болды немесе бірқатары біріктіріліп жатыр. Абақтыда алдағы уақытта бейнекамералар екі есе ұлғайтылмақ.

Расында да 2004 жылдан бастап елде қылмыскерлердің саны азайды, түрмеде мемлекет қазынасынан бөлінген қаржыға тамақ ішіп, қоғамға масыл болып жатқандардың саны да бүгінде кеміп отыр. Мамандар бұл ретте ұры-қары мен қылмыскерлер санының төмендеуін мына бір себептен іздейді:

Біріншіден, есірткі пайдаланғандар абақтыға тоғытылмайды. Екіншіден, олар оңалту орталықтарына жіберіледі. Үшіншіден, ұрлық-қарлық пен жеңіл желпі бұзықтық пен кісі тонау сияқты бұзақылардың қолына арнайы браслет тағылып, олар жұмысын жалғастырып жүре береді. Білекке немесе аяққа тағылған браслет голландықтар үшін көзге шыққын сүйел іспетті. Заңдардың ізгіленуі мен адамдардың санасының тазара бастауы елдегі қылмысты осылай барынша  азайтып отыр.

Голландияда 100 мың тұрғынға 69 қылмыскерден келеді. Бұл шын мәнінде өте төмен көрсеткіш. Мысалы, АҚШ-та 100 мың адамға 716 қылмыскерден болса,  Ресейде бұл көрсеткіш – 416. Демек, басқа елдермен салыстырмалы түрде қарағанда, Голландиядағы көрсеткіш өте жақсы және жағымды  екені көрініп тұр.

Ал өз заңын ізгілендіруге бет бұрған Қазақстанда қазіргі жағдай қандай? Расын айту керек, соңғы жеті жылда біздің елімізде  де түрмеге түскендердің саны төмендеуде. Заңдар ізгіленіп жатыр. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, қазіргі уақытта абақтыда жатқандардың саны 35 мыңның шамасында. Осыдан 15 жыл бұрын Қазақстан түрмеде жатқан қылмыскерлердің саны жөнінен АҚШ пен Ресейден кейін үшінші орында тұрған болса, бүгінде әлем бойынша 78 орында екенбіз. Бізде де абақтының санын азайтуға жұмыс істелінуде. Соңғы екі жылдың ішінде республикада жеті түрме жабылған. 2019 жылы тағы төрт абақтының есігі тарс жабылады деп жоспарланып отыр.  

Демек бізде алға жылжу бар. Қоғамға, адамға  зиянын келтіріп, абақтыда мемлекетке масыл болатын қылмыскерлер кімге керек? Ешкімге де. Сондықтан басты мәселе отбасынан, тәрбиеден бастау алатынын ұмытпау керек. Қазақстанның қылмыскерлер отаны болғаны кімге қажет?!

 

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір