06 Наурыз, 2013 NEWS
Қоғамда көп балалы аналарға алтыннан алқа тағып, алғаш ана атанғандарға арнайы қалжа сойылып, ал жалғыз басты аналарға жәрдем беріп жатады. Бәрі де орынды. Анаға қандай құрмет жасалса да, артық емес. Алайда неге студент келіншектер туралы айтуды ұмытып кетеміз. Олар кімдер?..
Батыр аналардың ізбасарлары
Студент келіншектер – білім алу жолында өмірлік бақытын кездестіріп, оқу аяқталмай тұрмыс құрып, диплом аларда сәбилі болатын нәзік жандылар. Олар − өздері студент, өздері келін, өздері келіншек, өздері ана. Барлығы бір адам.
Қарап отырсақ, студент келіншектердің өмірі екі жақта соғысып жүрген жауынгер іспеттес. Үйде - жолдасы мен қатал да кірпияз енесінің көңілін табу болса, оқу орнында талапшыл ұстаздардың тапсырмасын қалт жібермей орындауы керек. Кері жағдайда жағымсыз сынға ілінеді. Сонымен қатар, студент келіншектерді батыр аналардың жалғасы десе де артық болмас еді. Себебі адамды нарық билеген мына заманда студенттің қым-қуыт тіршілігімен бірге қатал тұрмыстың қыспағына бірдей төзіп, отбасын алға сүйреп, ана атанып, ата-аналарының көз қуанышына айналып үлгерді.
Әрине, үйлену оңай, үй болу қиын екені тағы белгілі. Егер жатақханада немесе пәтер жалдап тұрар болса, студент жеңгейлер отағасының тапқан-таянғанын берекелі жұмсап, шаңырағының түтінінің түтетіп, аса жауапты істі атқарады. Сондықтан қалай болғанда да, отбасы қамын ерте ойлап, үлкен өмірге ерте аяқ басатын қыздарға разы болмасқа шараң жоқ. Себебі, оқудан бас ала алмай, қызмет қуып қырыққа келсе де салтымыз бойынша келін атанып, ана бақытын сезінуге асықпайтын қыздарға қарағанда олардың ұпайы түгел. Қоғамға пайдасы да көп. Бір жағынан, студент келіншектер оқу ордасында білім алып, болашақ маман ретінде қоғамға үлес қосып жүрсе, екіншіден, демографиядағы қиын да күрделі мәселенің бірін шешуге атсалысып, оң жақта отырған қыздар санын азайтып, өмірге ұрпақ әкелуде.
Филфак –«қалыңдықтар мекені»
Бір қызығы, студент шағында тұрмыс құратын апа-сіңлілеріміздің көбісі филология, тарих, журналистика секілді қазақылықтан әлі алыстай қоймаған гуманитарлық факультеттерде оқиды. Әсіресе, филология факультеті көш бастап тұр. Бұл факультетті «қалыңдықтар мекені» деп те бекер айтпаса керек. Өйткені білімгерлердің басым көпшілігі бойларында ұлттық тәрбиесі бар, салтқа да мықты, ибалы қыздар, қазіргіше айтқанда «тез өтетін қыздар». Бұл туралы ҚазҰУ, филология факультетінің декан орынбасары Гүлмира Құдайбергенқызы: «Филология факультеті студенттерінің 90-95 пайыз қыздар. Бұл бір. Екіншіден, біздің факультеттің қыздары қазақы, сыпайы, сұлу әрі қарапайым болып келеді. Сондықтан да болса керек, ерте тұрмыс құрып жатады. Тұрмыс құрған қыздардың сабаққа үлгермей, жазғы семестрге қалып қойған кездері болған емес. Ұстаздарға да міндетсінбейді. Керісінше, басы бос, ештеңемен ісі жоқ студенттер емтиханнан өтпей, соңынан қайта тапсырып жатады. Оларға қарағанда, шүкір, отбасылы студенттер бәріне ұқыпты. Бірақ қазіргі тенденцияға қарасақ, қыздар 1-2 курста тұрмысқа көп шыға бермейді. Көбіне жоғарғы курс студенттері отбасы құрып жатады », −дейді.
Расында, филология факультетінде студент келіншектер басқа экономика, заң факультеттеріне қарағанда едәуір көп. Себебі бұл факультеттердің студенттері бірінші кезекке қызмет пен мансапты қойып, тұрмыс құруға еш асықпайды. Отбасы құрып, ерте қартайғаннан гөрі салт атты, сабау қамшылы қызметқұмар «бизнес-леди» атануға құмар-ақ.
Сондай-ақ, жоғарғы оқу орындарының арасында «студент аналар» саны бойынша медициналық университеттер алдыңғы орында. Білім алу табаны күректей тоғыз жылға созылғандықтан, ертеңін ойлаған жастар осы жылдар ішінде университеттен 2-3 балалы жанұя болып, диплом алады екен. Студент аналар нәрестесі дүние есігін ашқанша партада отырып, білімдар оқытушының лекциясын тыңдап, емтихан тапсырып, жыл бойы сабақ оқиды.
Талантты адам анасының ерте жасында туылады
Қыз бала неғұрлым ерте тұрмысқа шықса, оның барған жеріне «тастай батып, судай сіңуі» де өзіне жеңіл болады. Жаңа үй, жаңа ортаға жатырқай қарамай, керісінше балалық мінезімен өміріндегі өзгерісті тез қабылдап, бейімделіп кетеді.
Орыстың ғұламасы Л.Толстой : «Нағыз талантты адам- анасының 18-20 жасында туылады », - дегені тағы бар. Ғылымда да дәлелденгендей, әйел адамдардың жасы үлкейген сайын сәбилі болу мүмкіндігі азая береді. Көреген бабаларымыз да қыз бала жат- жұрттық деп, бесікте жатқанда - ақ атастырып, бой түзей бастағанда ұядан ұшырған. Алайда, қазір заман басқа деген күннің өзінде ерте тұрмыс құру салтымызға тән нәрсе екендігін теріске шығара алмаймыз. Оның үстіне, сәбиді ана құрсағында жатқаннан бастап тәрбиелеп, білім беру керек болса, онда студент аналарымыз бір оқпен екі қоянды атып алғанға ұқсайды.
Қазіргі таңда озық медицинасына сенетін, әркім өзі үшін өмір сүруі керек деген тенденцияға уланған Еуропа жұрты «кәрілер елі» атанып отырғаны белгілі. Мұнда орташа үйлену жасы 28-30 -ды көрсетеді. Оған қарағанда отбасы құруға біздің елдің жастары жауапты келеді: 24-25 жаста отбасылы болады. Сондықтан, бұл көрсеткіш ұлғайып кетпеуі үшін, еуропалықтардың «кәрілік» уытынан сақ болу үшін студент келіншектерді алаламай, керісінше қоғам тарапынан қолдау көрсетілуі қажет.
Алайда, ең қызығы қоғам өкілдерінің студент келіншектер туралы ойын білгенде таңғалдық...
Жайлаубаева Құралай, ҚазҰУ-де мұғалім: Оқуға 18 жасында түскен қыз 21-22 жасында аяқтайды. Сондықтан, бітіре сала үйленсе де кеш емес. Ал белгілі себептермен университетке кеш тапсырған қыздарға үлгеріп жатса, тұрмыс құрып алғаны дұрыс шығар.
Роза, студент: Біз қазір үшінші курста оқимыз. Нағыз студенттік шақтың қызған кезі. Құрбыларымның арасында тұрмыс құрған қыздар бар. Бірақ жиналып бір жаққа барған кезде үйленген қыздар бармайды. Себебі, ыңғайсыз немесе жолдасым жібермейді деп айтады. Барлығы орнымен болу керек сияқты. Жағдайыңды жасап, ойын-сауықтан жалығып, батыл қадамға болашаққа айқын жоспармен, ойланып, мың толғанып болған соң, тұрмыс құрған дұрыс болар. Студенттік шақта қыздар қатаймаған құс сияқты, оң-солын білмейді. Кейін ажырасып жатады.
Әли Битөре,студент: Егер жайғдайы келіп тұрса, неге үйленбеске?! Олар жас оң-солын білмейді дегенмен келіспеймін! Жоғары оқу орнына түсті ме, демек ол кәмелеттік жасқа жетті деген сөз. Оң-солын танып қалған кезі. Менің жағдайым келіп тұрса, 19 жасымда-ақ үйленіп алар едім.
Жулдыз Сұлтанова, логопед: Өзім оқып жүріп тұрмыс құрдым. Көп қиыншылықтар болды. Егер анам қол ұшын бермегенде оқуды аяқтай алмас едім. Диплом алғанымда қызым бір жасқа толды. Сондықтан қыздарға дипломдарыңды алып алған соң үйленіңдер деп айтқым келеді. Оның үстіне, ұстаздарым үлгермей үй жұмысын орындамаған кездерімде «Мен үшін отбасын құрған жоқсың», - деп қатты айтатын.
Ақниет Қабимолдаев, бойдақ: Оқуға келген соң, ешнәрсеге алаңдамай. оқу керек. Үйленіп үй болған оңай шаруа емес. Қыздар тұрмыс құрып алып қиналып жүреді. Жақсы көрсе жігіті күтеді. Не үшін асығады? Оның үстіне аяғы ауыр болса, шуылдаған топтың арасында жүреді. Күтім керек сияқты ондай кезде. Сондықтан, жастықтың жалындаған кезі -студенттiк кезде үй болып,үйленудiң қажетi шамалы деп есептеймiн. Ақыл тоқтатып, екi қолға жұмыс табылғанда,өзiңдi және жарыңның жағдайын жасай алатын жасқа келгенде үйлену керек.
Гүлжан Аманбай, студент: Мен филология факультетінің студентімін. Жақында бөпелі болды. Ерте тұрмыс құрғаныма еш өкінбеймін. Қайта шаңырағымның түтіні түзу шығып, ер азаматымды күтіп, бөпеме жақсы тәрбие бере алсам, соны өзі менің үлкен жетістігім болар еді. Содан кейін, қоғамда ерте тұрмыс құрған қыздарға күдікпен қарайтындар да жетерлік. Оларға айтарым, теңін тапса ерте ме, кеш пе отбасы құру артық емес. Он бесте отау иесі демей ме? Ерте жаста үй болуға жараса, ақылы толып, отбасын асырай алса, қанекей?
Ал сіз студент келіншектер туралы не дейсіз, құрметті оқырман?
Гүлден Әкімқызы
/strong
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір