• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 07:26:41
+12°

26 Желтоқсан, 2018 Сұхбат

Марғұлан Сейсембаев: Атқа міндім, ажалға міндім

Бақытты болу үшін қолда барды бағалау керек. Ал табысты болу үшін, бәрін көру керек, тәуекелге бару керек.

Марғұлан Сейсембаев – еліміздің белгілі кәсіпкері, инвестор.1990 жылдары «Сеймар» компаниясының негізін қалады, Альянс банк пен «Картел» (К-мобайл) компаниясын басқарды.

Бүгінде IT-жобалар мен ауыл шаруашылығын белсенді қаржыландырып жүрген бизнесмен. Қоғамды алаңдататын мәселелерде ашық пікір білдіріп жүрген ісіне, сөзіне адал ұлтжанды азамат. 

Журналистерге көптен бері сұхбат бермей жүрген Марғұлан Сейсембаев Tengrinews.kz тілшісімен сұхбаттасып, өмірлік ұстанымы, бизнес жолындағы қиындықтары, қоғамдағы өзекті мәселелер жайлы айтып берді. Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі сұхбатты қазақ тіліне аударып, оқырман назарына ұсынады.

–Желіде форумда айтқандарыңыз қызу талқыланып жатыр. Айтуыңызша, адам екіге бөлінеді: азамат немесе азамат емес. Ал нағыз азамат өз мемлекеті үшін не істеуі керек?

–Патриот дегеніміз кім? Ол – өз жерін жақсы көретін әрі жер мәселесін өз мүддесінен жоғары қоятын адам. Ал біз мүлдем адастық, өз мүддеміз мемлекет мүддесінен жоғары тұрады. Егер бір адам қоқыс тастаса, біз «қоқысты тастаған мен емес қой, тастаған адам алсын» дейміз.

Бірақ қоқыс сенің жеріңде жатыр емес пе?! Әлгі жерді өзімдікі деп сезінбесең, ойламасаң, ол үшін жауап беретін адам да сен емессің. Яғни, өз мүддеңді жоғары қойып отырсың.

Елімізде адамдарды мемлекеттік шенеунік, бизнесмен және қарапайым жұмысшы деп мамандыққа бөліп қарастыруға болмайды. Адамды «азамат немесе азамат емес» деп бөлу керек. Шенеуніктер арасында да еліміздің нағыз азаматтары бар. «Дайын асқа тік қасық» дейтіндер де бар. Бизнесмендер ішінде де дәл солай. Олардың бәрі азамат емес.

Мен адамды ұлттық патриоттар, ұлттық паттар, оппозиционерлер деп бөліп қарастыру жайында айтып тұрғаным жоқ. Оппозиционерлер арасында мемлекетті ойлайтындар бар, сонымен қатар биліктің қолшоқпарлары бар.

–Сіз өзіңіздің бизнесмен екеніңізді әрі саясатқа араласпайтыныңызды үнемі айтып отырасыз...

–Қоғамның өткір мәселелері жайында айта бастағанымда, көпшілік мені бірде анда, бірде мұнда тықпалайды. Негізі ондай жоспарым жоқ. Белсенді азаматтық позицияны саясатпен қабаттастырып қоюға болмайды. Әркім өз ісімен айналысуы керек – мұғалім де, бизнесмен де, тракторшы, журналист те. Ал мен өз мемлекетімде адам секілді өмір сүргісі келетін бизнесменмін. Көңілім тоқ, жағдайыма еш шағымданбаймын. Алайда бұдан жақсырақ мемлекетте өмір сүруіме болар еді. Бірақ о л- өзге ел. Ал Қазақстан – менің туған мекенім. Айырмашылығы жер мен көктей.

Қазақстанға көп инвестиция саламын. Бірақ бұл әрекетіме көбі таңқалады. «Активтеріңіздің бәрін тартып алды, сіздің ізіңізге түсті, ал сіз әлі күнге дейін Қазақстанды ойлайсыз. Неге?» деп сұрайтындары тағы бар.

Мен сөзіне жауап беретін бизнесмен ретінде өз еліме инвестиция да құя аламын, өз елімді сынай да аламын. Айтқан сөздерім үшін бағалы затымнан айрылуым мүмкін. Мұны жақсы түсінемін. Не жасасам да, саналы түрде жасаймын, себебі елімнің мүддесін өзімнің мүддемнен жоғары қоямын. Себебі, бұл елде менің ұрпағым тұратын болады. Ақша жинап, кетіп қалуым мүмкін, тіпті басқа елде де ақша таба аламын. Бірақ менің мақсатым бар, елімнің күннен күнге көркейгенін қалаймын.

–Өзіңізді патриотпын деп ойлайсыз ба?

– Мен өзімді жақсы азаматпын деп санаймын. Өзіме жүктелген бар міндетті орындап жүрмін, салық төлеймін, ешкімнен пара алмаймын, жемқорлыққа араласпаймын, өмірді жақсартуға тырысып жүрмін.

–Сізді миллиардер дейді, Forbes нұсқауы бойынша Қазақстанның ең ықпалды, бай адамысыз. 1990 жылдары бизнесіңізді ашарда қандай қиындықтарға тап болдыңыз, неден бастадыңыз?

–Біріншіден, мен қазір миллиардер емеспін. Бір кезде болғанмын, қазір жоқ. Forbes журналы рейтингті екіге бөледі: ең бай адамдар және ықпалды адамдар.

Ықпалды адамдар тізіміне кіру үшін бай болудың қажеті шамалы. Тек бизнесмен болсаң, жеткілікті.

Мен баймын, бірақ миллиардерлер тізімінде жоқпын. Бұл – бір.

Екіншіден, мен өмір бойы бизнеспен айналысып келемін. 90-жылдары біз бәрімен айналыстық, барлық тәжірибеден өттік. Жиһаз саттық, дән, ұн экспорттадық, ауыл шаруашылығымен айналыстық. Өзім ауыл баласы болғандықтан, ауыл шаруашылығына жаным жақын болды.

–Бір сөзіңізде сол жылдары сізге талай мәрте сатқындық жасалғаны жайында айттыңыз...

–«Көп қателестім, қомақты ақшамнан айырылдым» деп жиі айтамын. Ондай жағдайлар расында көп болды, бірақ мен мұнымен тоқтаған жоқпын. Үлкен қателік жасадым, болмашы қателіктер де болды. Ақшам да жоғалды, бизнес те жайына қалған кездер болды, әрине серіктестерімнің де, мемлекеттің де бұған кінәсі бар. Бірақ кінәні біреудің мойнына артып қою – маған тән емес. Бәріне тек өзім кінәлімін. Себебі, сондай жағдайды өзім қалыптастырдым, ниеті бұрыс адамдарға сендім. Кейін қателіктерімнен сабақ алдым.

Расында, бұл мен үшін ең қымбат университет болды. Бизнес саласында жүрген уақытымда «сенім» деген түсініктің тереңіне үңілдім.

Шын мәнісінде, адамды тани алмаймын. Өзім үшін мынадай формула ойлап таптым: «Тексеріп ал, тағы да тексер, сосын тағы да тексер, содан кейін ғана сен!». Сені алдап кетуіне жол берме.

Жалпы қызметкерлерді жұмысқа қабылдау қиынның қиыны.

–Қазақстандағы ең керемет түйіндемелер «Бәкеден, Сәкеден» деген сөздері бар түйіндемелер. Мұны білетін боларсыз?

–Ешқашан біреудің ұсынысымен қызметкер алмаппын. Иә, көп адам қоңырау шалды, өтінді: туыстар да, достар да, түрлі саясаткерлер, бизнестегі әріптестерім. Алайда мен өз ұстанымымнан бас тартпаймын. Менің компанияма жұмысқа тұрғысы келетін адам бірнеше тесттен және әңгімелесуден өтеді.

–Марғұлан Сейсембаев қазіргі уақытта немен айналысып жүр?

–Бизнес жолында негізгі үш бағытым бар – сауда, инвестиция және  ауыл шаруашылығын қаржыландыратын Asadel partners қоры. Қазақстанымыз алмаға бай, өрік, шие, шабдалы да бар. Шаруашылығымыз Алматы облысында орналасқан. Балық тасимыз. Тауық, соя өндірісіне ақша бөлеміз, жартылай фабрикаларды да қаржыландыруды бастадық.

Үшіншіден, транспорт және логистика, медицинамен айналысып отырған IT-компанияларды тұрақты қаржыландырамыз.

Бұған қоса қоғамдық қызметпен де айналысамын. Мәселен, қазір жасым 52-де. Сол себепті уақытымның 52 пайызын қоғамдық істерге, ал 48 пайызын бизнеске арнаймын. Жасым 70-ке келгенде, қоғамдық істерге уақытымның 70 пайызын арнаймын. Бұл – менің ережем.

–Жастарға сіз секілді тәлімгерлер қажет деп ойлайсыз ба?

–Біріншіден, мен мұны тегін істеймін. Екіншіден, менің жасымдағы кез келген адам мен өткерген қиындықты өткеріп, мен жиған тәжірибені жинай алмайды. Үшіншіден, жастар өздері сұранып келіп жатады, яғни қажеттілік бар. Мен жіберген қателіктерді ескере отырып,  олар уақытын да, күшін де, энергиясын да үнемдейді. Әрине, ақшасын да. Ең бастысы, ақылын өздеріне бағындыра алады.

–Сіз секілді бизнесменнің жеке кеңсесі болмауы қызық екен. Оның үстіне әрдайым қарапайым киініп жүресіз, костюмде жиі көрмейміз...

–Мен галстук пен костюмді тек керек кезде ғана киемін. Ресми стиль дегенді суқаным сүймейді, дегенмен киім – адамның көркі. Бірақ менің мақсатым үшін қажет емес.

Шыны керек, кеңсем былай тұрсын, хатшым да, көмекшім де, қорғаушым да жоқ. Жалғыз жүргізушім бар.

–Сонда ісіңізді кім жүргізеді? Кездесулер, келіссөздер...

–Графикті өзім құрамын, телефондарға, хабарламаларға өзім жауап беремін. Әлеуметтік желідегі жазбалар да өз қолыммен жазылған. Ресми кездесулерді кафелерде өткіземін. Ал егер кездесу пайдасыз болса, тұрамын да кетіп қаламын. Жеке кеңсеңде олай істей алмайсың ғой?!

–Студент кезіңізде Президентке өтініш айтып, хат жазыпсыз...

–Ол рас. Алайда ол дәл қазір талқылайтын мәселе емес, әбден мезі еткен тақырып. Хат жаздым. Мені шет елге жіберуге уәде берді, бірақ сөзінде тұрмады. Сосын бизнесмен болдым әрі өз ақшама інімді оқытуға шет елге жібердім.

–Шетелде білім алу жайлы не дейсіз? Бізде балаларын шет елге оқуға жіберу кәдімгідей - бренд. Сіздіңше, бала табысты болуы үшін шетелге жіберу керек пе?

–Бүгінгі қоғамда әр адам табысты болуға талпынады. Алайда табыс оңай жолмен келмейді. Адамдар бай әрі бақытты ғұмыр кешу үшін жақсы білім алу жеткілікті деп ойлайды. Айналамызда асқан білімді болса да, табысқа жете алмағандар көп. Сондай-ақ бай болса да, бақытсыздары қаншама.

Жастарға үнемі айтарым: табысқа жетеміз деп жолды дұрыс таңдамайсыздар. Оңай олжаға кенелуді көздейсіздер. Тез ақша табатын бизнес көзін іздейсіздер. Бақытты болғыңыз келсе, жаныңызға рахат сыйлайтын іспен айналысыңыз.

Диплом жай ғана - қағаз. Егер геологтың оқуын оқып тұрып, журналистиканы сүйсеңіз, геология дипломы, тіпті оны Гарвардтан алсаңыз да, маңызы жоқ. Ол диплом сізге қосымша стресс пен ниетіңіз бұрмайтын жұмыс сыйлайды.

–Қазақстанда жастардың дамуы үшін қаншалықты жағдай жасалған?

–Шынында адам дамығысы келсе, мүмкіндікті тіпті Антарктидадан  таба алады. Өткен ғасырларда адамдар қиын жағдайда өмір сүрді, бірақ даму жолын іздеді. Даму үшін қоршаған ортасы емес, ойы, санасы маңызды. Қаншама ұлы тұлға түрмеде отырып-ақ сүйікті ісімен айналысты.

Қазақстанда жастардың дамуы үшін мол мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар, ондай мүмкіндіктер өзге де елдерде бар. Адам баласы жанына жайлы мекенді іздейді емес пе? Әсіресе -  жастар. Бірақ олар мынадай ойда: «Қазақстанда жастар үшін жағдай жасалған, алайда аяқтан шалу, мүлікті тартып алу, сатқындық сынды әрекеттер көп. Неге? Бұларға төзгенше, мені құшақ жая қарсы алатын, еңбегімді бағалайтын өзге мемлекетке кеткенім дұрыс». Әрине, әркім өз жолын өзі таңдайды. Ол үшін оларды сынай алмаймын. Қазақстанда да жағдай жасалған, алайда өзге елдердегіден әлдеқайда төмен.

–20 жасыңызда өзіңізге қандай ақыл айтар еліңіз? 20 жылдан кейін өзіңізді қалай елестетесіз?

-Бір ғана ақыл айтар едім – тоқтама, жалғастыр. Жоспар мен істің ара жігін ашып қоятындар көп. Мен жоспарлаған ісіме сол сәтте-ақ кірісемін. Болашақта әлі талай қателікке бой алдырамын, алайда әрқайсысынан сабақ аламын, тәуекелге барамын. Бұл – менің ұраным. 20 жылдан кейін дәл осындай белсенді болғым келеді. Ең бастысы, өз Отанымда тұрғым келеді.

–Бизнесмендерге қандай ақыл-кеңес берер едіңіз? Ақшасы бар адам Қазақстан үшін не жасай алады?

-Ақшасы бар болса, өздеріне ештеңені аямайды. Өзі қалыптастырып алған әлемнен шығып, айналасын бір шолып шықсын. Өмір ақшамен өлшенбейді. Белсенді азаматтармен дос болыңыз. Құрметті бизнесмендер, тек қана бизнесмендермен араласуды қойыңыздар. Мұғалімдермен, дәрігерлермен, қарапайым жұмысшылармен тіл табысыңыздар. Сонда ғана еліміздің қаншалықты бай екеніне көз жеткізесіз.  

Әңгімелескен: Айнаш Өндіріс

Аударған: Гүлім Жақан

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір