• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 05:55:57
Алматы
+12°

18 Қаңтар, 2019 Әлем

Айда жасалған сәтсіз сынақ

Адамзат тарихта тұңғыш рет Айда дақыл өсіруді бастады.

                    

 

3-қаңтар күні Айдың арғы бетіне туын тіккен қытайлар осыдан екі күн бұрын, яғни 15 қаңтар күні тарихта тұңғыш рет Айда мақта өсіруді бастағандарын, мақта дәнінің  сәтті түрде  өсе бастағанын мақтанышпен жария еткен болатын.  Ал бүгін «Синьхуа» агенттігі Айдағы өсімдіктің өліп қалғанын жеткізді.  

Айға мақта дәнімен қоса картоп және басқа да дақыл  тұқымын  қытайдың планетааралық «Чанъэ - 4» автоматты стансасы арнайы контейнермен жеткізген болатын. Соның ішінен тек мақта дәні өсім берген-ді. Бірақ... Чунцин университетінің оқымыстыларының айтуынша, мақта дәні Айдағы он бес күнге созылатын түн мезгіліне және -170 градусқа жететін суыққа шыдамаған.

Осылайша тарихта тұңғыш рет қытайлар бастаған адамзаттың  Айда өсімдік өсірмек болған эксперименті сәтсіз аяқталды. Одан бұрын да Халықаралық ғарыш стансасында осындай тәжірибе жүргізіліп, ол да аяқсыз қалған-ды.

Айда дақыл өсіру не үшін керек және ол мүмкін бе? Ол үшін су керек емес пе. Бұрындары Үндінің «Чандраян-1» деген спутнигі Ай бетінен мұз боп қатып жатқан 40 кратер тапқанын Жерге жеткізген. Мұз дегенің – су деген сөз. Бірақ Айда су бар екені дәлелденбеген.

Жалпы, Жерден тыс Ай мен Марс сияқты планетаға қоныс аудару жайын өткен ғасырдың басында космонавтиканың атасы Константин Циолковский  де қозғап кетіпті. Оның айтуынша, ғарышты игеру жай ғылыми қызығушылықты қанағаттандыру емес, түбінде адамзаттың басқа планетаға қоныс аударуын қамтамасыз ететін негізгі практикалық тапсырма. Сол Циолковскийдің тірі кезінде ашық ғарышқа шыға алатын аппарат та жоқ еді. Соған қарамастан данышпан шалың түбінде Жер беті адамзатты асырай алмай, адам баласы басқа планетаға ауа бастайтынынын болжап кеткен.  Кім біледі, кез келген уақытта айтып келмейтін алапат апат: аспаннан алып астероид құлап немесе ядролық соғыс болып, нәтижесінде жер бетіндегі тірі жандының бәрі қырылып қалмайтынына кім кепілдік береді? Одан Құдай сақтасын, әрине.  

Ал енді шынымен оқымыстылардың басын сындырған сұрақ шындыққа айналып, басқа планетаға қоныс аударуға тура келсе, нақты қайда ұшып баруымыз мүмкін? Ең басты кандидаттар, әрине, Жерге жақын орналасқан Ай мен Марс екені анық. Бұл аспан денелерін ғалымдар әлі зерттеп біте алмай жатыр.

Жарайды, Айға қоныс аудардық дейік. Ондағы ең басты проблема – адамға қажет кислород, су, тамақ. Ауасыз кеңістікте кислородты Айдың топырағынан алу мүмкін болсын дейік, ал суды ше? Су мұз боп қатып жатқан кратерлерден табылды дейік. Енді Айдың болашақ тұрғындарына тамақ керек емес пе? Оны қайтеміз? Биолабораторияда ғарыштық жағдайға бейімделген жеміс өсірдік дейік. Ол адамның жұмырына жұқ бола ма? Ал Айда тауық асырап, бидай еге алмайсыз.  Барлық мәселе гравитацияда болып тұр. Яғни Айдағы тартылыс күші Жердегіден алты есе аз. Мұндай салмақсыздық жағдайында тауығың тарыдан да жеңіл боп, аспанда ұшып жүретін болады. Ең бастысы – бұл да емес. Ең бастысы – Айда жылу мен жарыққа, пайдалы қазба байлық өндіруге қажетті тұрақты энергетика табу.

Бүгінде зерттеушілерге ғарышта энергия өндірудің екі-ақ көзі белгілі – ядролық отын және күн сәулесі. Ол да оңай шағылатын жаңғақ емес. Ядролық қондырғыларды Жерден тасуға тура келеді. Мұның өзінде ураны бар ракета-тасымалдағыштың Жердің өзінде апатқа ұшырамасына кепілдік жоқ, ол Жерде апатқа ұшыраса, Айға көшетін адам да қалмайды.

Күн энергиясының жөні бөлек. Ең бастысы оны «жинау» және «айлықтарға» қарай бағыттау. Бірақ дәл қазіргі күн батереялары оған мұлдем қауқарсыз. 

Ал адам тұру үшін Айға үй салу керек емес пе? Үй салудың қиындығы жоқ, қиыны – күн радиациясы. Радиацияның деңгейі тым жоғары болғандықтан, тірі жандының бәріне қауіп төндіреді. Сол үшін радиациядан қорғайтын арнайы материалдан ғарыштық үй тұрғызу қажет немесе бірнеше метр тереңдікке бункер орналастыру керек болады. Бұл орайда ағылшынның атақты  архитекторы Норман Фостерге Айда салынатын қалашықтың жобасына тапсырыс та берілген.  Кейбір ғалымдар Ай мен Марс емес, болашақта адамзатқа қоныс Венера планетасы болатынын айтады. Онда қазір температура Цельсий бойынша 400 градустан асады. Венера өз осін өте жай айналады. Жердегі  бір күн онда жердегі бір жылмен тең. Оқымыстылар ол планетаны астероидпен мақсатты түрде бомбаласа,  нәтижесінде шаң көтеріліп, қажетті температура пайда болатынын айтады. Сондай әдістермен Венераның жүрісін тездетуге де болатын сияқты. Ал  оған қанша уақыт кететінін айтуға әл-әзір ғылым дайын емес.  

«Адамзат алдағы 100 (жүз) жылда жер планетасын тастап, өмір сүруге болатын жаңа планетаға қоныс аудара бастауы  тиіс» деп мәлімдеді Стивен Хокинг деген ағылшынның бүкіл әлемге белгілі астрофизигі. Не десек те, болашақта адамзат баласы мультипланеталық биологиялық түрге айналып, бір планетадан екінші планетаға ұшып барып жүруі әбден мүмкін. Ал ол мекен Марс бола ма, Ай мен Венера бола ма, Шолпан бола ма, белгісіз. Қыруар ғылыми ізденістерге сүйенсек, алғашында бөгде планетаға аттанған бірнеше адам кішкене базада қоныстанып, ол бара-бара бүтін бір үлкен қоғамға айналады деген жорамал бар. Жаңа әлемнің негізін қалаушы пионерлер бұдан 400 жыл бұрын Америкаға барып қоныстанушылар секілді болғаны да. Алғашында марстағы қалалар жердегі өкімет басқаратын колония болса, уақыт өте келе тәуелсіздігін алып, марстықтар өзін өзі билеп-басқармақ. Осылайша, жат планетаны жайлатып қоятын фантастикалық романдар болашақта фантастика болудан қалатын сияқты. Себебі бүгінгі алыс көкжиектерді көздеп қолға алынып жатқан нәрселер – адамзатты басқа планетаға қоныс аударуға апара жатқан алғашқы адымдар.

 

Төреғали Тәшен

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір