• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 08:18:53
Алматы
+12°

24 Қаңтар, 2019 Сұхбат

Бекзаттың рөлін сомдайтын актер: Чемпионның қазасын естіп, 3 күн тамақ ішпей қойыппын

Бекзат ағам да бала кезінде бұзықтау болыпты. Сол жағынан ұқсас шығармыз.

Биыл танымал боксшы Бекзат Саттарханов туралы сериал жарыққа шығады. Режиссер Мұрат Бидосов Бекзаттың рөліне жас актер, әнші Самат Әзімқұловты лайық көрген. Самат бала кезінен бастап Бекзат Саттархановтың жанкүйері. Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі осыған орай Самат Әзімқұловпен сұхбаттасты. 

— Сіз "Бекзат" сериалында басты рөлге қалай келдіңіз? Кастинг арқылы ма, әлде арнайы ұсыныс түсті ме?

 Жоқ, ешқандай кастинг болған жоқ. Сериалдың режиссері Мұрат Бидосов Астанада жүрген кезде хабарласып, «бокстан хабарың бар ма?», деп сұрады. Хабарым бар екенін айттым. Сериал туралы ләм-мим демеді. Жай ғана «кешке кездесейік, ақылдасатын шаруа бар», деп қысқа ғана қайырды. Келіскен жерге барғанда маған бастан-аяқ бір қарап шықты. Көзқарасы өзгеше еді. Әңгіме барысында өзінің ұсынысын жеткізді Мен де кішкентай кезден Бекзат Саттархановтың кумирі екенімді айттым. Бекзаттың рөлін сомдау менің көптен бергі арманым болатын. Шыны керек бұл арманымды шындыққа айналдыру үшін талай есікті қағып, талай табалдырықты тоздырдым.  Мұрат Бидосовпен  ойым бір жерден шықты. Қатты қуандым. Кейін Бекзатпен бірге жаттыққан достары келді. Олармен де кеңесіп бір шешім қабылдадық. Бір айдың ішінде түсірілім тобы жұмысқа кірісті. 

Самат Әзәмқұлов

— Сериалға түспес бұрын үлкен жауапкершілікті сезініп, іштей дайындалған шығарсыз? Қиын болды ма?

— Мен мектептен Бекзаттың жанкүйері болдым. Бекзат туралы жазылған газет-журналды қиып алып, олимпиадағы ойындарын кассетаға басып, барынша зерттеп жүрдім. Неге екенін білмеймін, әйтеуір бала кезден Бекзаттың өмірі қатты қызықтырды. Тіпті 8-9 сыныпта оқып жүргенде Бекзат Саттарханов туралы фильм шықса, оның образын мен сомдасам деген арман болған. Негізі көп адамдар мені Бекзат Саттархановқа ұқсатады. «Сыртқы реңің, бас формаң да Бекзатқа келеді» дейтіндер көп. Сол себепті бұл рөлге бала кезден іштей дайындалдым десем де болады.

Самат Әзімқұлов

Қалай Бекзат Саттарханов олимпиада чемпионы атанды, сол кезден бастап кумиріне айналдым. Олипиаданы әкем екеуміз бірге көргенбіз. Чемпион болғаны, медальді мойнына тағып жатқаны әлі күнге дейін есімде. Бекзат жаңа жылдың қарсаңында қайтыс болды ғой. Әкемнің айтуынша,  Бекзаттың қазасын естіп мен 3 күндей тамақ ішпей қойыппын. Кейіннен оның өмірін өзімше зерттей бастадым. Чемпионның мектепте, өмірде, спортта қандай адам болғаны қатты қызықтырды.

— Бекзат Саттархановтың рөлін сомдау барысында нені үйрендіңіз? Бекзат пен Саматтың бойында қандай ұқсастықтар мен айырмашылықтар бар?

— Бекзат ағам да бала кезінде бұзықтау болыпты. Сол жағынан ұқсас шығармыз. Түсірілім кезінде Бекзаттың достары, сыныптастары келді. Олармен жақын араласып, шаңырағында қонақта болдым. Тіпті «Бекзатты көргендей болып отырмын», деп көздеріне жас алғандар да кездесті. Олар бізге көп естеліктер айтты. Бекзат туралы естеліктер көп. Сондай естеліктердің бірін Нұржан Төлендиев те айтып берген. «1999 жылы Бекзат олимпиадаға жолдама алды. Ол күнде жүгіретін, шаршамайтын. Үстінен тердің буы бұрқырап тұратын», - дейді Нұржан Төлендиев.

Самат Әзімқұлов

Бекзат өскен Түркістандағы аудан бұзықтардың мекені болған. Ауданда төбелес секілді, неше түрлі жағдайлар орын алған. Мен де кішкентай кезімде тура сондай болдым. Сол жағымыз ұқсайды. Сондай-ақ Бекзат секілді қазақы тәрбиемен, қарапайымдылықты бойға сіңіріп, кішкентайымыздан «үлкеннің алдын кеспе» деген секілді тыйымдарды орындап өстік.

Негізінде мен спорттан алыс адам емеспін. 1999 – 2009 жылдар аралығында кикбоксингпен айналыстым. 2009 жылы Украинадағы жарыстардың бірінде көзімнен ауыр соққы алып, дәрігерлер спортты жалғастыруыма тыйым салды. Сол кезде  «Спорт шебері» атағын алғанмын. Соңғы 9 жылда кәсіби түрде спортпен айналыспадым.  Дегенмен, аптасына 2-3 рет спортзалға барып тұрамын.

Бокстың кикбокстан  қиын екенін түсіндім. Шаршаған кезде кикбокста аяқты қолдануға болады, ал бокста тек жұдырықтасуға ғана рұқсат берілген. Бекзаттың олимпиададағы жекпе-жектерін түсіру кезінде мен кәсіби боксшылармен жұдырықтастым. Бұл шындығында шынайы болды. Менің мұрным да қанады, көзім де көгерді, қасым да жарылды. Сол сәтте мен бокстың қиын спорт түрі екенін,  бұрын ойлағандай оңай емес екенін түсіндім. Ал үйренген дүниелерім өте көп болды.

— Образды сомдау барысында қатты қиналған кезіңіз болды ма?

— Бекзаттың туған еліндегі жекпе жекті түсіру барысында сол жақ бетімнен, бас жағымнан  ауыр соққы алдым. Түсірілімдегі жігіттің қолы сынып кетті. Үшінші түсірілімде осындай жайсыз оқиға болды. Сол жақ бетім қатты ісіп кеткендіктен, 3-4 күндік түсірілімде оң жағыммен сериалға түсіп жүрдім. Соңғы түсірілімде өмірімдегі ең ауыр соққы алдым. Кейін ағаларымыз «Сен анау-мынау емес, Бекзаттай азаматтың рөлін сомдап жатсың ғой. Шыда, бұл оңай емес», - деп қолдау білдірді.

Самат Әзімқұлов

Шыны керек, сериалды түсіру сәл асығыстау болды. Қарашаның басында кездестік, «осы айдың соңында түсірілім  басталады» дегенде мен таңғалдым. Себебі бір адамның өмірін түсіру оңай шаруа емес қой. Сериал алдында  дайындалып, салмақ түсіріп, формаға келу керек болды. Бір апта спортзалда жаттықтым. Кейін рингтегі айқастарды түсіре бастадық. Мен үшін Бекзаттың олимпиада кезіндегі жекпе-жектері қиын болды. Бір дубльді бірнеше рет қайталадық. "Шаршайсың, ауыр соққы аламын ба" деп қорқақтайсың. Сол сәттер есімнен кетпейді.

Барлық қалаларда түсірілім жасалды, Түркістанға келгенде 6 келі салмақ тастағанымды ұқтым. Жалпы дайындалуға 3-4 ай уақыт беріп, 2019  жылдан түсірілімді  бастағанда бұдан да сәтті шығар ма еді?!.

— Бекзаттың чемпион болған сәтінде қандай сезімде болдыңыз?

— Шаршағандықтан ба білмеймін, "әйтеуір ерекше сезімде болдым" деп айта алмаймын. Бірақ маған қатты әсер еткені, Бекзаттың рингке шығып бара жатқан сәтіі. Бекзат рингке шығар алдында телефон арқылы белгілі спорт журналисі Амангелді Сейтхановпен сөйлеседі. «Мен қазір жарысқа шығып, жеңіске жетемін. Осы жеңісімді Түркістанның 1500 жылдығына арнайтынымды халыққа жеткізіңізші» деген сөзді айтады. Осыны айтқан кезде көзіме жас келіп, сөйлей алмай қалдым. Бір эпизодты бірнеше рет түсірдік. Осы сәт маған қатты әсер етті.

Самат Әзімқұлов

— Негізінде қазақ деген ырымшыл халықпыз ғой. Алайда бұл рөлді сомдамас бұрын қандай да бір қорқыныш болды ма?

— Жоға, менде ондай қорқыныш болмады. Егер осы фильм арқылы жастардың спортқа құлшынысын арттырып, жүректеріне кішкене де болсын, патриоттық сезімді ұялатсам, арманымның орындалғаны деп білемін. Өмірде «пәленше мынандай рөлден кейін қайтыс болыпты», -деген жайттар кездесетінін байқаймын. Алайда мұны  сәйкестік деп қабылдаймын. Себебі барлығы бір Құдайдың қолындағы дүние. Отбасым да қарсылық танытпады, керісінше қолдау білдірді, қуанды. Мамандығымыз актер болғаннан кейін образға кіріп, халыққа жеткізуді мақсат тұтамыз. Мен Бекзат ағамызды фильм арқылы қайта «тірілтіп», батырдың есімін ұмыттырмауға аз болса да үлес қосуды өзіме парыз санадым.

Самат Әзімқұлов

— Фильм түсіру барысында ерекше жайттар орын алды ма?  Түсіңізге Бекзат кірмеді ме?

— Жалпы фильмнің түсірілетіні туралы  2014 жылдан бері айтылып келе жатыр. Сол жылдары Бекзаттың әке-шешесімен кездесіп, олардың батасын алдық. Алматыға келіп, Ермек Шаяхметовтың Бекзат туралы фильм түсірейін деп жатқанын естідік. Бұл фильмде Асылхан Төлепов ойнайтын болды. Кейін осыған байланысты біздің жұмыс та тоқтап қалды. Алайда бір айдан соң Ермек Шаяхметовтың да фильмі өз жұмысын тоқтатқанын естідік. Айтылған әңгіме сол күйі қалады. Соған қапаланып жүрдім. Асылханға да «Сен ойнасаң да, мен ойнасам да, Бекзат туралы фильм бәрібір түсірілуі керек еді ғой. Неге тоқтап қалды?», деп ренішімді білдірдім. Сол кездері Бекзат ағам түсіме жиі кіретін.

— Жалпы сіздің де спортқа қызығушылығыңыз болған екен. Қашаннан бері бокспен айналысасыз?

— 2006-2007 жылдары кикбокстан жастар арасында 2 рет Қазақстан чемпионы болдым. Сол кездері Бекзаттың техникасын жиі қолданатынмын. Бойым қарсыластарыма қарағанда ұзын. "Мектеп бітіре сала боксқа ауысамын" деп жоспарлап жүргенмін. Алайда алған жарақатымнан кейін жағдай өзгерді. Амалдың жоқтығынан спортты тастауға тура келді. Содан соң актерлық мамандықты таңдадым. Қазір Аллаға шүкір, аманбыз. Армандар орындалады, бәрі біртіндеп жүзеге асып жатыр.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір