• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 06:33:49
+12°

05 Ақпан, 2019 NEWS

"20 бала тапсаң да, жағдай жасалғаны шамалы..."

Біздегі шенеуніктер «баланы өзің үшін тудың» деген ойдан арылмайынша, ана мен баланың жағдайы жақсармайды

Біздегі шенеуніктер  «баланы өзің үшін тудың» деген ойдан арылмайынша, ана мен баланың жағдайы жақсармайды

Астанадағы қайғылы жағдай кім-кімді болсын, ойға батырмай қоймады. Бес бірдей бүлдіршіннің қазасы елдегі әлеуметтік жағдайдың қандай деңгейде екенін көрсетіп-ақ берді. Кешелі бері әлеуметтік желіде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымованың атына сыни пікірлер қарша борады. Елдегі көп балалы аналардың жағдайы анағұрлым ауыз толтырып айтарлықтай емес екенін осы бір оқиға айдай әлемге ашып берді. Ойға баттық, сараладық. Барлық түйткілді шешуге атқамінерлердің құлқы жоқ па, әлде біз шынымен де көп балалы отбасылардың жағдайын жасай алмайтын хәлдеміз бе?

Біз тілдескен арнайы мамандардың пайымдауынша, егер шынымен де ана мен балаға жағдай жасағымыз келсе, одан бюджет кеміп қалмайды екен. Ал сонда не кедергі?

Министр не дейді?

Білесіздер, жуырда ғана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова  Қазақстандағы көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақыны Ресейдегі ана капиталымен салыстырды. Оның айтуынша, «Күміс алқа» және «Алтын алқамен» марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы мемлекеттің ана мен балаға көрсетіп отырған көмегінің тек бір бөлігі.

«Ана мен баланы қорғау жүйесі жайлы айтатын болсақ, бүгінде оларға көмек көрсететін жәрдемақылардың түр-түрі бар. Бұл жүйе азаматтың өміріндегі бүкіл кезеңінде қолдау көрсетуді қарастырады», - деді министр.

Министрдің айтуынша, бізде аналарға көптеген жәрдемақының түрі қарастырылған.

-Мәселен, бала дүниеге келгенде бір жолғы жәрдемақы беру жақсы жолға қойылған.  Бірінші, екінші және үшінші бала дүниеге келгенде берілетін жәрдемақының мөлшері - 95 950 теңге. Төртінші балаға - 159 075 теңге. Соңғы үш жылда жәрдемақы 38 пайызға өсті. Және де сол отбасыларды қолдау үшін 2018 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттен 41 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Былтыр осы жәрдемақыны 395 мың адам алды,- деді Мадина Әбілқасымова.Сөйтіп министр алға тарқандай, Қазақстанда бала туу мен бір жасқа дейін төленетін жәрдемақы өсті Жәрдемақының екінші түрі - бала бір жасқа толғанға дейін берілетін әлеуметтік қолдау. Оған қаражатты мемлекеттік бюджет мен Әлеуметтік сақтандырудың Ұлттық қоры бөледі.

-Ұлттық қордан бөлінетін ақшаны жұмыс істемейтін барлық ана алады. Бірінші баладан төртінші балаға дейін берілетін жәрдемақы орташа есеппен 14,5 мың теңгеден 20,5 мың теңгеге дейін, ол ай сайын. Ал анасы ол уақытқа дейін жұмыс істеген болса, ол жәрдемақының екі түрін алып отыруға құқы бар. Біріншісі - бала қарауға, бала күтіміне берілетін жәрдемақы - соңғы екі жылдағы орташа табысының 40 пайызы. Ол орташа есеппен 2018 жылы 32 361 теңге болды. Жәрдемақының екінші түрі - жүктілік пен бала босануға берілетін жәрдемақы, оның мөлшері анасының соңғы бір жылдағы орташа табысына байланысты, - деді министр.

Әбілқасымованың айтуынша, 2018 жылы Ұлттық қордан жәрдемақының осы екі түріне 165 миллиард теңге жұмсалған. 400 мыңға жуық ата-анаға көмек көрсетілген.

-Одан бөлек көпбалалы аналарға көмек қарастырылған, яғни бес баладан көп аналарға. Олар 53 жасында зейнетке шыға алады. Бүгінде 322 мың әйел осы құқыққа ие болды. Дегенмен олар жұмысын жалғастырып жатыр,- деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Осылайша министр ханым Ұлттық қордан көп балалы аналарға миллиондаған қаржы бөлінетінін есептеп, біздегі көп балалы анадарды миллионерлерге теңеп жіберген болатын.

«Алтын алқамды ломбард та алмайды»

Ал министр ханым осылай деп жатқан тұста біз бірқатар көп балалы аналармен де пікірлескенбіз. Біздің елде көп балалы анадардың жағдайы министр айтқандай анағұрлым жақсы емес. Бұл ретте Алматы қаласы, Жетісу аудандық «Көп балалы аналар» Одағының мүшесі Рабиға Ақанованың айтуынша, көп балалы анаға берілетін жәрдемақы тіптен айтуға да келмейтін дүние.

-Мен 9 баланың анасымын. Көп балалы ана атанып, алтын алқаны өңіріме тақтым. Кейде жаным қысылғанда сол алтын алқаны алып алып ломбардқа өткізгім келеді. Бірақ оны ломбардтар да алмайды. Себебі сынамасы жоқ, таза алтын екеніне де күмән көп. Кезінде Кеңес өкіметі кезінде жарық, су, жолақысы көп балалы аналарға тегін болды. Мұнымен мен Кеңес өкіметін аңсап отырған жоқпын. Сол Ресейде 5 балалы аналарға тегін үй беретін мемлекеттік қор бар екен. Ал бізде 16 мың теңгені бергендерін жыр қылады. Ол жәрдемақыны рәсімдеу үшін қаншама құжат жинауың керек?! Оны жұмыс істейтін әйелдерге бермейді. Кірісің көп деп. Ал жұмыссыз отырған әйелдерге 16 мың теңге бір айға жете ме?! Министрлер  өзі сол 16 мың теңгенің түскі асын іше ме екен?! Бізде кейбір шенеуніктер бар жағдайыңды айтып барсаң, «баланы тусаң өзің үшін тудың» деп шығарып салады», - деді Рабиға Ақанова.

Расымен де біздегі шенеуніктердің басым бөлігі «туса өзі үшін туды» деген ойды қалыптасырып алғаны шындық. 

Бұл ретте әлеуметтанушы маман Аймара Тілеукина қазіргі қоғамда көп балалы аналар нақты қолдауды қажет ететінін алға тартты.

-Қайда барсаң, көп балалы аналардың мәселесі шығады. Төрт-бес баласы бар аналар қазір не бала күтімімен үйде отыра алмайды, не емін-еркін жұмысқа шыға алмайды. Себебі, баласына қарайтын ешкім жоқ. «Төрт  балама қарай тұр» десе, жақын ағайыны да жақтырмайды. Сондықтан біздің елде осылай баласын жалғыз тастап, қамап кетіп жұмыс істеп жүрген аналар қаншама?! Өз басым, «біздегі бала күтімен байланысты декреттік жәрдемақыны 3-4 жасқа дейін ұзарту керек» деп есептеймін. Бала анасының күтімінде болса ғана қауіпсіз болады. Сондықтан үкімет осы жайын ескерсе деймін. Бала 3 жасқа толғанша декреттік жәрдемақы есептеліп, айлығының 40 пайызы анасына төленіп отыратын болса, мұндай мәселлер болмайды,-дейді Аймара Тілеукина.

20 бала тапсаң да жағдай жасалғаны шамалы...

Жалпы, мамандардың байыптауынша, біз көп балалы анадарға жағдай жасауда бірқатар елдерден артта қалып отырмыз. Бізде 10 бала түгілі, 20 бала тапқан анаға жағдай жасалмайтыны анық. Бұған дәлел біздің елімізде 20 бала тапқан Қамаш Сейітжанова деген анамыз бар. Мен өз басым журналист ретінде неше жыл қатарынан сол кісімен кездесіп, сұхбаттасып жүріп талай мәрте жағдайына қанық болған едім. 16 қыз, 4 ұлды дүниеге әкелген Қамаш апамызға бізде анағұрлым жағдай жасалып отырғанын көрген жоқпын. Ауылдан көшіп келіп, өз күшімен Алматыдан үй алды. Балаларын да өз күшімен оқытты.

-Үкіметке телміргенімше. өз күшімен сенгенім жақсы»,- дейтін Қамаш апа. Біздің елде өз күшіне сеніп жүрген осындай аналарымыз қаншама?! Міне, кеше ғана сол «өз күшіне сенемін» деген ананың бес бүлдіршіні бірдей бақилық болды емес пе? Мұндайда расымен де біздің шенеуніктерге «тусаң өзің үшін тудың» деген сананы өзгерту керек екенін пайымдайсың. Біз болашақта қазақтың көбейгенін қаласақ, осыбір «мен үшін тудың ба?» деген ойдан арылғанымыз абзал екенін байыптайсың. Өзге елдердің көп балалы аналарына жасап отырған жағдайын көріп тағы бармақ тістейсің...

Мәселен, Голландияда бала күтіміне байланысты жәрдемақы 6 жасқа дейін 250 еуро төленеді екен. Тіпті іргеміздегі Өзбекстанның өзінде бала күтімен байланысты жәрдемақы екі жасқа дейін төленеді.  Ұлыбританияда 10 жасқа дейін 105 еуро төленіп отырады. Эстонияда да тура осылай. Ал біз 1 жасқа дейін берілетін болмашы жәрдемақы мен көп балалы аналарға төленетін 16 мың теңгені айтып аналарды емексітеміз. Бұл болмашы теңгелер аналардың проблемасын шеше алмайтынын атқарушы билік білмейді емес, біледі ғой?! Бірақ біле тұра соны сезінгісі келмейтіні қоғамға қауіпті.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір