• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 19:05:39
Алматы
+12°

11 Мамыр, 2015 NEWS

«Қорқыттың көрі» бәріміз баратын жер

Осыдан бұрын өзге театрлардың сахнасынан көргемін. Ұнатқанымыз, ұнатпағанымыз бар көңіл ала-құла... Бұл жолы да қалай болар екен, деген күдігі аралас сұраулы...

Осыдан бұрын өзге театрлардың сахнасынан көргемін. Ұнатқанымыз, ұнатпағанымыз бар көңіл ала-құла... Бұл жолы да қалай болар екен, деген күдігі аралас сұраулы күймен М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына келіп едік. Көрейік дегеніміз – мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі».

Театрдың алдынан пьесаның авторы (аңыз дастанның), ақын ағаны жолықтырдық. «Бұрын да тамашалап едік, тағы да жаңалық іздеп жанға азық болар ма ?»- деп келгенімізді айттық. Иран аға көңілді әрі сенімді. «Шығарма біреу болғанымен режиссері бөлек, бұл қойылым ойларыңнан шығар деген ойдамын»- дегенді бізге турасынан жеткізді. Қанеки көрелік, нашар қойылым дегеннің өзінен ой түйіп көңіліңе әлде бір күйлер қонады. Мүмкін оқиғасы, мүмкін музыкасы, мүмкін әлде бір әртістің ойнағаны әсер етеді... Ендеше сан салалы жұмыстың, түрлі өнердің тоғысуынан қорытылған театр өнерінің бейтарап қалдыруы мүмкін емес.

Залға кіргенде көзімізге бірден түскені кино экраны секілді бозамық үлкен квадрат рамка. Жерде қорған секілді төртбұрыш қоршаудың қырында ақ киімді адамдар қатар тізіліп жатыр. Одан жоғары не жерде емес, не көкте емес қайық формалы шарбақ табытта бір адам жатыр. Сахна алакөлеңке, адамдар қимылсыз қалқыған табыт қана болар-болмас ырғалады.

Қоңырау шалынып спектакль басталды. Музыка үнімен бірге қоршауда жағалай жатқан жансыз денелерге жан бітіп қозғала бастайды. Би ырғағында, алуан дыбыстардың тоғысуы қосылып сахна кәдімгідей әбігерге түсіп ол күй көрерменге де әсер етіп енді не болар екен деп елеңдете алға ұмсындырады. Осылайша аспақта асылып тұрған қыбырсыз денені біртіндеп түсіріп алады да, табыт-қайықты аудара сілкіп, ішіндегі денені домалатып шығарып тірілтіп алады. Ол адамдардың ақыл-ой санасынан биікте тұрған Қорқыт абыз болып жандана бастайды... Көз алдымызда белгілі актер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, өткен дәуірлерді еске  түсіретіндей келбетімен Дулыға Ақмолда  пайда болады. Спектакльде киноның элементтері қолданылыпты. Бергі квадрат экран және арғы түкпірде үлкен жазық экран қатар пайдаланылған. Басында, ортасында, соңында үш мәрте драматург Иран-Ғайып көрінеді. Алғашында Алматыдағы Абай көшесімен жедел жәрдем келе жатады, шұғыл құтқару бөліміне  түскен қаламгер монологы, орта тұсында қолжазбалары қолынан түсіп  шашылған жазушы, соңында ақиқатты танып, Хақты зікір етіп мінәжат жасап жүрек сөзін ақтарған ақын бейнесі Қорқыт туралы аңыз дастанмен қатар өрбиді. Бір қарасаң он үш ғасыр бұрынғы оқиға, Енді бір қарасаң бүгінгі қоғам, заманы бөлек болса да  заңы бір, пендесі бөлек болса да ақиқаты бір адамзат қоғамы. Айтайын дегенім; Режиссердің көп ізденгені, ой тереңдігіне барынша сүңгігені байқалады. Қойылым КСРО мемлекеттік, Литва ұлттық сыйлығының лауреаты, профессор Йонас Вайткустың қолынан шыққан. Біз көп жағдайда реалистік бағыттағы қойылымдардың ізіне түсіп алып нақты нәрселерді іздейміз. Ал мынау қойылымда бір көргенде түсінбей қалатындай күңгірт нәрселер бой көрсетеді. Модернистік жаңалықтарға қадам қойған жұмбақты жағдайда айтылатын театрдың дыбыссыз «тілі» бар. Оны көзіңмен көріп көңіліңмен оқисың, айтылмаған әңгімені естисің, қойылмаған дүниені көресің... Айталық билеуші  Бек-Қаһанның (Рөлде ҚР еңбек сіңірген қайраткері Б.Қаптағай ) тірілуі, қаратобыр қарашаларға әмірін жүргізуі тірілгендегі мүсіні өлі кезіндегі мүсініненде асқақтап, айбынданып ондаған есе үлкейіп кетуі экран арқылы көшіріліп, өсіріліп көрсетіледі. Оны көріп тұрып көп сұрақтар туындайды, ал оның жауабын Қорқыттың күңіренген зарынан табасың. Осының бәрі режиссер мен драматургтың біріккен «одағы» арқылы шешілгенін көруге болады. Кейде пьеса басқа, қойылым басқа болып шығатынын жақсы білеміз. Бұл арада бірлік, келісім және құлшынып жұмыла жасаған жұмыстың нәтижесін көргендей боласың. Қойылым әркімге әртүрлі ықпал етеді, ал маған бір ыстық пен бір суық бірінен соң бірі алмасып отырғандай әсер етті. Айталық Қорқыт тіріліп сойлей бастағандағы Құдайға үн қатуы, ауыр-ауыр сөздерді бірінен соң бірін өлеңдете, екпіндете айтуы жанымды түршіктіріп  орындыққа нықтап шегелей түскендей болды. «Неге бұлай, естимісің Құдай?» - дегенде кәдімгідей қорқа бастадым. Сөйтсек, ақиқатты танымаған, ақ пен қараны ажырата алмаған пенде не айтпайды. Кәлимасы жоқ ауыздан не шықпайды... Бұл жағдай Ажал-Жаналғыш қызыл қанат Әзірейіл (рөлде Ш.Жанысбекова мен Л.Қалдыбекова) жерге түсіп Қорқытпен бетпе-бет келгеннен кейін барып өзгере бастайды. Арадағы ауыр диалогтар мен арбасулардан соң Қорқыттың жан әлемінде, көзқарасында түбірінен қопарылыстар пайда болады. Әрине бірден емес, біртіндеп... Тіпті Алланың әмірімен мұғжиза көрсетіліп  билеуші Бек-Қаһан тірілген соң барып Қорқыт қобалжи бастайды.

unnamed (1)

Қарақожа – Оғыз – Ата Қорқыттың әкесі (рөлде Б.Тұрыс), Қамқа-Қыпшақ Ана Қорқыттың шешесі (рөлде К.Шаяхметова). Рәпіл Қорқыттың досы (рөлде Н.Әбілов) Нике-Қорқыттың көңілдесі  (рөлде С.Құлымбетова). Сарын Ару        - Қорқыттың әйелі (рөлде М.Келгенбай) секілді осы бес кейіпкердің алдыңғы төртеуінен Қорқыттың араша сұрап жанын беруін өтінетін кезі бар. Сол кездегі Әзірейіл періштенің олардан Қорқыт үшін жан беруге қалай екенін сұрайтын кезі бірден бірге өте келе Қорқыттың көзін ашады. Әкесі, шешесі, досы, көңілдесі жандарын бермейді. Тек әйелі, Құдай қосқан қосағы ғана жанын беруге риза екенін айтады. Осы оқиғалардың болатын тұсы: әрі аянышты, әрі  күлкілі болып өмірге барынша үңілдіре түседі. Ақыры аяғында  төте келген ажал Қорқыттың өзіне тиесілі болып бағытталғанда барып ақиқаттың шымылдығы ашылып шындық салтанат құрады.

Негізі Құран ақиқатына құлақ түрсек Алланың қызметкерлері періштелердің жынысы болмайды. Ол әйел де, еркек те емес. Бұл шығармада Қорқытқа Қызылқанат Әзірейіл әйел бейнесінде көрінеді және біреу емес екеу. Біз бұны көркем шығарманың образды ашудағы тәсілі деп түйдік. Ал енді спекткльдегі өрескел томпақ мәселе Алланың бейнесін үлкен экраннан елестетуі! Дәл осы тұста үнін жеткізсе немесе періште Әзірейілдің аузынан Алланың әмірін  айтқызса да болар еді ау!- деген ой бас көтереді. Құдіретті Хикмет иесі Алланың  (қойылымда көбінде Тәңір деп ауызға алынады) бейнесі, түр-түсі, сөйлеу тілі суреттелмеуге тиіс. Ол – Нұр. Ол – Уахи арқылы әмірін жүргізетін теңдессіз күш. Адамдық санамен бір нәсрсеге ұқсату үлкен күнә  болар еді.

Қойылымдағы негізгі мақсат ұлы Жартушыны тану – таухит деп айтар болсақ, ол сәтті орындалған. Яғни шығарманың өзегінде, қойылымның өн бойында рухани биіктік, адамзаттық тақырып бар. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) негізгі миссиясы болған Алланы мойындату мәселесі өз дегеніне жетеді. Осылайша рухани біртұтастыққа қызмет етеді.

Бүкіл шығыс өркениетінің ірге тасын қалаушылардың ең айтулы тұлғасы, күллі Азия мәдениетінің қайнар бастау көзі,  Алты Алаш өнерінің аңыз арысы, Қазақ халқының күй атасы, қасиетті де өтімді рухани ұғым болған Қорқыттың жалғыз ғана Тәңір-Құдайды мойындауы ғажайып нәрсе. Қорқытпен бірге оның артындағы  ақ киімді, қара киімді қаншалаған халықтың ілесіп Аллаға сәжде жасауы сүйінерлік оқиға. Нағыз символдық еңбек. Қазақ деген ұлттың тура жолға түсуін Қорқыттан бастаудың өзі көркем әдебиттегі, киелі сахна өнеріндегі төңкеріс! Нағыз өмірге адамдық құндылыққа деген аяқ алыс деп қабылдаған абзал! Тәуелсіздік жемісінің шығармашылықтағы жарық әлемге келуі!

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей бұл Қорқыт бұрынға Қорқыттардан өзгеше болды. Осылайша басындағы күдігіміз сейіліп, сергіп шықтық. Шегелеп айтар әңгімеге келер болсақ; драматургтың жан дүниесіндегі жаңалықтары мен таным мәселесі оның шығармасы «Қорқыттың көрінен» анық көрінді. Сонау Литва елінен келіп қойған режиссердің спектаклі өз бояуымен, өзіндік стиль  қолтаңбасымен айшықталып отыр.

Біз көрген күнгі рөлдерді сомдаған әртістерге де өпке болған жоқ. Әсіресе қырық жасында әлемнен өтсе де артына өшпес із тастап ақиқат пен аңыз қалдырған Қорқытты ойнаған Дулыға Ақмолда барын салды. Тарихи абыз, астарлы философиялық кейіпкерді Дулыға барынша аша түсті. Оғыз-Атаны ойнап шыққан Бекжан Тұрысқа келер болсақ, қысқа ғана бір сәттік көріністің өзінде естен кетпестей образды тізерлеген қалтыраған қалпымен санамыздың экранына бадырайып жазып жіберді. Өмір деген – өткінші, пенделер қонақ. Жарқ еткен найзағайдың жарқылындай өтесің де кетесің... Ендеше бұл қойылым қалай жасап, қалай өлу мәселесін жадыңа салады. Мұса Пайғамбар заманындағы перғауыннан бері қаншама өзін «Құдаймын» деген менменсіген көп «құдайлар» өтті... Соның бәрі жалған Құдай еді. Ал, шын Құдай біреу, ол – Алла. Біздің Тәңір деп жүргеніміз сол! Айта берсек Қорқыт Құдай да емес, пайғамбар да емес – пенде. Алайда Қорқыттың парасаттылығы, абыздығы – оның бір құдайдың алдында тізе бүгіп тәсілім болып иманымен мәңгілік мекеніне қайтқаны. «Қорқыттың көрі» туудың қандай шын екенін айтса, өлудің де сондай шын екенін көлденең тартады. Жиырма төрт жылдық  тәуелсіз еліміздің сахна өнеріндегі жүйелі әрі тереңге тартқан батыл қадамы міне осы қойылымнан қылаң береді. Алла қаласа Азамат Сатыпалдының Қорқытын да көрсем деген оймен театрға тағы да келуге ниет етіп қайттық. Тәніміздің кірін кетіруге моншаға барсақ, жанымыздың кірін кетіріп рухани тазарып қайту үшін «Қорқыттың көрін» көру керек деген байламға келдік.

Даулетбек Байтұрсынұлы

ақын, ҚЖО-ның мүшесі.

Түркі дүниесі ақындары жыр мүшайрасының жүлдегері.

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір