• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 19:01:28
Алматы
+12°

13 Мамыр, 2015 NEWS

Қазақты ұлтсыздандыру үрдісі қалай жүргізілді?

Отарлаудың бір құралы қару болса, екіншісі — идеология. Соңғы үш жүз жылда Шығыс халықтарының арасына ібілістік идеологияның білдіртпей еніп, рухын жаншып,...

Отарлаудың бір құралы қару болса, екіншісі — идеология. Соңғы үш жүз жылда Шығыс халықтарының арасына ібілістік идеологияның білдіртпей еніп, рухын жаншып, ұлттық келбетінен бірте-бірте айыруының нәтижесі ХХ ғасырда айқын көріне бастады. Қарумен халықтың санын азайту арқылы жерін иелену бірден көзге көрінетін іс жүзіндегі соғыс әрекеті болса, идеология — шексіз, шекарасыз кеңістікке кеңінен жайылып бір ұлтты ғана емес бірнеше халықты рухани улап, жоюдың бірден бір амалы. Ұлтсыздану идеологиясына дауа жоқ, одан тек сақтану керек.

Қазақты ұлтсыздандыру саясаты ХІХ ғасырда басталды. Өйткені ұлы халықты біртұтас ұлт ретінде біріктіріп, дінін де, тілін де, салт-дәстүрін де берік сақтап тұрған хандар мен билер институты батыстың ұлтсыздандыру идеологиясының әсерімен әлсіреп, соңғы демін 1860 жылдары бірақ шығарды. Бұл саясат тек қазаққа ғана емес, Шығыстың бірталай елдерінде қатар жүргізілді. Егер Орта Азияны орыс жаулап алса, Жапония аралдары американ әскерлерінің жойқын күшіне төтеп бере алмай Күншығыс елі АҚШ-қа қалай мойынсұна бастағанын байқауға болады. Кеңес кезінде қанаушылықтың бір символы ретінде санаға сіңген феодализм шын мәнінде шығыстың ұлылығын ұстап тұрған бір тетігі еді. Феодализм хандардың, билердің, батырлардың берекелі дәуірінің бір белгісі. Ұлттық тұтастық сол феодализммен бірге 1860 жылдары құлдырады. Қазақта хандық институт қалай жойылса жапонда да сондай        процесс қатар жүрді. ХІІІ ғасырда зорлықпен, күштеп еніп алған американдық күш 1868 жылы Жапониядағы феодализмді біржолата келмеске кетірді. Жалпы қазақтың да, жапонның да тарихында айтылмаған шындық көп. Ақиқатты ашу алдағы іс.

ХХ ғасырда қазақ орыстанып жатқанда жапон еуропаланып, америкаланып жатты. Шығыстың екі ұлы елін ұлтыздандыру саясаты Орта Азияда патшалық Ресей арқылы, ал Күншығыс елінде Батыс пен Америка арқылы жүргізілді. Күншығыс елі қазақ секілді ресми түрде біреудің отары болмаса да, батыстың рухани отарына айнала бастады. Бірақ бір ғажабы жапондар өзінің ана тілін, ұлттық жазуын сақтап қала алды. Бодандықтан босаған қазақтың өз ұрпағын ана тілінде сөйлете алмай дал болуы секілді мәселеге жапон ұрынбады. Бірақ ұлттық болмысынан бірте-бірте айырылудың көріністері қос халықта бірдей көрінді. Ұлттық сана-сезім, салт-дәстүр, ана тілдің жаңа замандағы ұрпаққа бөтен болуы елдің елдігін жоғалтуға апара жатқандығын қазақтың ақын-жазушылары шығармаларында астарлап болса да жазды. Ұлт проблемаларын 1960 жылдан кейінгі қазақ қаламгерлері аз жазбады. Оған тоқталмай-ақ қояйық.

Дүниежүзінде ұлттық келбетін барынша сақтаған саналатын жапон халқын ұлтсыздандыру идеологиясының қалай жүргізілгенін әдебиеті арқылы зерделесек. Әлемдік әдебиетте көрнекті туындылармен ерекше орын алған жапон жазушылары аз емес. Солардың арасында ұлттың рухани қауіпсіздігі, ұлттық тұтастық, ұлттық рух тақырыбына қаламын молынан сілтеген Нобуо Кодзиманы көруге болады. 1915 жылы Гифу қаласындағы Будда священигінің әулетінде дүниеге келген Нобуо Кодзима 1941 жылы Токиодағы император университетінің филология факультетін тәмамдаған. 15 жасынан бастап әңгіме, повестер жаза бастайды. 1955 жылы «Американ мектебі» деген әңгімелер жинағы үшін Акутагава атындағы сыйлыққа ие болады. Оның көптеген туындыларының ішінен 1965 жылы шыққан «Мива отбасы» деп аталатын романы ерекше көзге түседі. Сол уақыттағы ең беделді деген Танидзаки атындағы әдеби сыйлыққа талай туындының арасынан тұңғыш рет осы роман ие болған.

Нобуо Кодзима бұл романында бір отбасының аясындағы көріністерді суреттеу арқылы тұтас ұлттың ұлтсыздану процесінің ішкі қатпарларына дейін ашып көрсеткен. Жазушы әлеуметтік өмірді шынайы суреттермен бере отырып, ұлттық қауіпсіздікке, жапон елінің рухани болмысына ХХ ғасыр төндірген қатерді айқындап берген. Романның бас кейіпкері Сюнсукэ — қаламгер, ғалым, аудармашы. Рухани саланың өкілі бола тұра отбасы тұтастығын сақтай алмаған, дәрменсіз, рухани әлсіз жан. Ол Америка мен Еуропаны ұзақ іс-сапарлармен жиі аралайды. Жапонияға келіп, жинаған материалдардың негізінде, батыстың мәдениеті, американдық отбасы жайында лекциялар оқиды, батыс қаламгерлерін аударумен айналысады.

Қалам иесі болса да, Сюнсукэні руханият адамы, зиялы деуге бола ма? Ол өзінің дәрістері арқылы жапондарға рухани азық беріп жүрмін, білім нұрын сеуіп жүрмін деп есептейді. Бірақ сол арқылы ұлтына қастандық жасап жүргенін білмейді. Сюнсукэ адамдық рухани болмысынан айырылған, батыстың мәдениетіне бой ұрам деп, хайуандық деңгейге түскен тип. Көптеген дәрістері мен аударған кітаптарынан оған мол қаржы түсуде. Дегенмен, сол байлық рәсуа болуда. Өйткені, ұлттық келбетінен айырылған отағасы өз балаларына да, әйеліне де ие бола алмайды. Ақырында бәрінің құлына айналады.

Сюнсукэ үлде мен бүлдеге орап қойса да әйелі оны менсінбейді. Тіпті ол іс-сапарға кеткенде де, ол үйде болғанда да американдық солдатпен көңіл көтеруін тоқтатпайды. АҚШ-тан келген Джордж есімді солдат Мива отбасының әлсіздігін біліп алған. Ол Сюнсукэнің үйінде тұрғанмен қоймай Токикоға күйеу болып алады. Сюнсукэге әйелінің ісін Мичио деген күтушісі жеткізгенде, ол қауқарсыз күйде болады. Жазушы Сюнсукэ болмысы арқылы әлсіреген, малғұндық деңгейге жеткен типті сыйдырған. Бұрынғы намысқой самурай жоқ. Егер бұрынғы жапон феодалы үш-төрт әйелге төре болса, қазіргі бейшара еркек бір әйеліне де ие бола алмауда. Токико — өз ұлтын менсінбейтін надан әйел бейнесі. Ол күйеуі Сюнсукэден американдық өмір салтын талап етеді. Мива отбасының бар мүлкі американдық, ішетін тағамы да американдық, көретін киносы да американдық. Олар үшін Джордж — тұлға. Токико үшін Джордждың жейдесі де, галстугі де өз күйеуінікінен әдемі. Сюнсукэ Токико үшін дүниедегі ең құнсыз. Сюнсукэ әйелінің көңілін табу үшін оған үй шаруасын да істетпейді. Кірі бес батпан еденді де қолына шүберек алып өзі жуады. Бірақ шамасы бәріне жетпеген соң үй шаруасын істейтін әйелді жалдайды.

Үй шаруасына жалданған қандай әйел болса да Мива отбасының рәсуа тірлігінің куәсі болады. Ал Токикоға ешбір адам жақпайды. Сюнсукэ әйелінің тірлігіне намыстанбайды. Ол американдық рух билеген заманда намысы өлген пенде. Ол да Джорджды әулиедей көреді. Ал американдық солдат болса жапон жерінде бизнесін дөңгелетіп, тасы өрге домалап тұр. Ол Мива отбасына миығынан күліп, мазақтай қарайды. Сюнсукэ мен Токико болса «американдықтың иелуіне түстік-ау, ол бізді басынып алған» деп те ойламайды. Джордж үшін бәрін беруге дайын. Сюнсукэ үшін оның әйелі мен Джорджтың байланысы қалыпты тірліктей көрінеді.

«Көргім келмейді осы американдықтарды. Иісі де жиренішті» дейді Норико. Алайда Сюнсукэ үшін ол жиренішті емсе. Көңілі жай таппаған Токико күйеуіне жаңа үй алғызады. Сюнсукэ «бәлкім жаңа үйге көшсек, отбасымыз бақытты болар» деп ойлайды. Сюнсукэ бәрін шет елдіктің көңілі үшін деп істейді. Іштей қаламаса да, көңілі тартпаса да, Токиконың ырқымен әрекет етеді. Жазушы жан-дүниесінде ұлттық белгіден ештеңе қалмаған жапон азаматын шебер бейнелеген. Сюнсукэ әйелі мен американдықтың әрекетіне тыйым салғысы келіп, бір рет Токиконы ұрып та көреді. Алайда, аяушылық сезімімен шет елдікке деген көңіл жықпастығы қатаң шараға жібермейді. Оның отбасындағы берекесіздік, рәсуа тірлікке жаны күйзеледі. Отбасын бақытты етемін деп, Токикодан, ұлы Рйоичи мен қызы Норикодан барын аямайды. Сөйтіп жүріп жүрек ауруына шалдығады. Ол дәрігер профессордан кеңес сұрайды. Сюнсукэ мен Токико ұлттық қана емес, адами болмысынан ажыраған анайы бейнедегі ерлі-зайыптылар. Жазушы кейіпкерлердің диалогы арқылы жабайы мәдениетке еліктеп, соны бойына сіңірген, ежелгі жапонның өр мінезді айбынды ер, тылсым сұлу нәзік әйел бейнесін жоғалтқан екі аяқты хайуандар типін шебер бейнелеген. Ұлттың ұлылығы оның жұмбақ табиғатында. Сюнсукэ мен Токико сол тылсым табиғилықтан алыстап, хайуан бейнесіне түскен ақырзаман кейіпкерлері.

Нобуо Кодзима реалистік сипаттағы романында әлеуметтік пафосты шынайы бейнелеп, ұтымды тіркестермен ұлттық проблеманы әсерлі жеткізген. Ұлтсыздану отбасынан басталатындығын шығарманың тақырыбы арқылы бейнелеген. «Мива отбасының» шешуші сәтінде Токико қатерлі ісік ауруынан көз жұмады. Сюнсукэ бар дүниесін аямастан оған қымбат операциялар жасатқанмен, шипа болмайды. Қызы Норико мінезі бұзылып, дөрекіленіп кетеді. Ұлы Рйоичи болса үйінен кетіп қалады. Сюнсукэ баласының үйінен кетуімен шығармасы тәмамдалады. Ұлтсызданған әулеттің иесі ер бала, мұрагер де ер бала, сондықтан романның ер баланың жоғалуымен аяқталуы американдық, еуропалық өмір салтына бой ұрып, өзінің ұлттық болмысынан жұрдай болған елдің келешегінің қандай болатындығын білдіреді.

Мива отбасының күйреуіне себеп болған санасыз еліктеу, жүгенсіздік. Бәрінің басында Шығыс ұлтына тән өмір салтынан ажырап, ұлттық рухын шет елдікке таптатуға жол беріп, азғындық жетегіне өз еркімен ерген ессіздік тұр.

Ұлттық рухтың жас ұрпақ санасынан алыстауын мынандай факторлардан көруге болады. Біріншіден, Жапонияда Нобуо Кодзиманың «Мива отбасы» романы жазылған кезеңде ағылшын –американдық идеология ана тілді де өз құрсауына алған болатын. Содан бергі кезеңдегі жапон жастары сән ретінде ағылшын сөздерін жиі қолданатын болды. Ал қазіргі ғылыми-техникалық дамудың шыңындағы Жапонияның қай саласын алсаңыз да ағылшын тіркестері жаппай пайдаланылады. Ойын жеткізуге ұшан-теңіз иероглифтерінің арасынан сөз табылмағандықтан емес, жеңілге әуес кейінгі буын төл сөзін айтуды ауыр санап, айтуға оңай, тілге жеңіл ағылшын сөзін қолдана салады. Бірақ қазақпен салыстырғанда жапон ана тілін сақтаған, өз тілін білмейтін жапон кездеспейді. Дегенмен, жапон зиялыларының жанын жегідей жейтін бір қауіп бар. Ол аумағы 20-30 жылда жапон жастары мыңдаған жылдан бері қолданылып келе жатқан төл жазуы — иероглифті қолданыстан шығарып, тек ағылшын тілінде сөйлеп кете ме деген қауіп. Қазірдің өзінде жапон жастарының көбісі көне иероглифтерді білмейді, компьютердің тұрмысты жаулап алғаны соншалық, жапон жасөспірімдері кейбір иероглифтерді жаза алмайды.

Екіншіден, Ата-баба дінінен алыстау қаупі. Жапон халқы негізінен Буддизм мен Синтоизм жолымен жүріп келгендіктен, дінге қатысты салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтаған. Бірақ, ХҮІІІ ғасырда Португалия арқылы зорлықпен кіргізілген христиан діні мыңдаған жапонды өзіне тартып әкетті. Сондықтан дүниеге келгенде Буддизм салты, өмірден өткенде Синтоизм ғұрпы орындалғанмен, көптеген жапондар үйлену тойын христиандық салтпен өткізуде. Бүгінгі күнде жапон өміріндегі синтоистік үйлену ғұрыптарының орнын христиандық басқан. Өз дінінен біртіндеп айырылу деген осы. Оның үстіне Еуропаға, АҚШ – қа тұрмысқа шығып, сол жақта қалып, христиан дініне өтіп алған жапон қыздары да бар.

Үшіншіден, ата дәстүр, бабалар салған өмір салты, ұлттың рухани қазынасы техника заманында ығысып, кейінге қалуында. Еуропалық киім үлгілері, шошқа еті қосылған тағамдары, жиһаздары жапондардың күнделікті тіршілігінің айнымас бөлігіне айналған. ХХ ғасырда басталған еуропалық урбанизация адамдардың ми қабілетін төмендетіп, ұлттың рухын аласартып, дүмшелікке, мәңгүртікке жетелеп барады. «Прогресс, цивилизация» деген атпен жарнамаланған еуро-американдық өмір салты Шығысты шырайынан айыруда. Кеңпейілдігі мен ақкөңілдігі жағынан қазаққа өте-мөте ұқсас жапон халқының тарихында еуропацентризммен, басқыншылықпен, батыс иедологиясымен күрес жүргізген азаматтары аз емес. Әсіресе ХІХ ғасырдағы жаугершілік заманында жапон елі үшін жанын пида еткен соңғы самурай Сайго Такамори қазақтың Махамбетімен тағдырлас. Такамори жайында қанша еңбек жазылса да, ұлт қаһарманының шындығы әлі ашылған жоқ. Батырының басы қайда екенін ұрпақтары әлі білмейді. Сондай-ақ Такаморидің батырлығымен қоса ақындығы, реформаторлығы оны Махамбет Өтемісұлына жақындастырады.

Батысқа керегі Шығыс халықтарының арасын жақындастырмау, сөйтіп жеке-жеке қарусыз жаулап алу идеологиясын жүргізу болатын. Орта Азия халықтары, әсіресе қазақ елі Ресей империясының боданында болуы нәтижесінде ұлттық рухын жоғалта жаздаса, Жапония мен Үндістан Еуропаның үстемдігіне еріксіз мойынсұнуға мәжбүр болды. Шығыс халықтарының ортасындағы Қытай мен Корея ғана қатқылдық танытып, ұлттық рухына бөтеннің қолын тигізбейді. Ал енді ХХІ ғасырдағы жағдайға келсек, Кеңестің құрсауынан босаған қазақ халқының рухани тұрғыдан әлін жинай алмай отырғанын жасыруға болмайды. Сол әлсіреген қалпы қазақ батыстық идеологияның ішіне қалай еніп кеткенін байқамай қалды. Өйткені, тәуелсіздік алған соң қазақтың рухын көтеріп, ұлттық мүддесін асқақтататын мүмкіндік болмады. Ана тілдің мәртебесі, ұлттық идеология деп, зиялы қауымның қазақтың қамы үшін тер төккенінен не пайда, жастардың дені билік пен материалдық қамсыздықтан басқаны қажет етпесе. Бүгінде ұлт мүддесінен гөрі жеке бас мүддесі үстем боп тұр. Өйткені, қазақтың ұлттық рухы басыңқы. «Біз тәуелсізбіз, салт-дәстүріміз, тарихымыз жаңғырып жатыр» деп, атой салғанмен ұлттық рух асқақтамайды. Патшалық Ресейдің заманындағы мәңгүрттік артта қалмады, оның еуропалық жаңа түрі бар. Нобуо Кодзиманың «Мива отбасы» романының кейіпкерлері ортамызда жоқ демеңіз.

Өзінің ұлт ретіндегі рухани болмысы бүтін елдің ғана әлемдік аренадағы беделі бекем болмақ.

 Шарафат Жылқыбаева

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір