05 Наурыз, 2019 Әлем
Анасының алдына костюм-шалбарын шешіп баратын президент кім? (фото, видео)
Үстінен костюм-шалбарын ғана емес, «президент» деген лауазымын түгел шешеді.
«Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген мақал бұл президентті айналып өткен секілді. Ол президенттен бұрын бизнесмен, миллионер әрі табысты спортшы. Бірақ «жолдан тайған жоқ». Мұның дәлелі неде десеңіздер, асып-тасқан байлығы бола тұра, анасы ескі үйде тұрады. Жо-жоқ, анасын құрметтемегені, жақсы көрмегені емес, күйеуі екеуі кірпішін өз қолдарымен қалаған қара шаңырақта қалуды қарт ана өзі шешкен екен. Ал президент анасына жиі барып тұрады, жай ғана барып қоймайды. Үстіндегі костюм-шалбарын шешіп, қарапайым футболка киіп барады, үй тірліктерін өз қолымен атқарады. Анасы дайындаған тағамды жеп, қолынан қою шай ішеді. Үстінен костюм-шалбарын ғана емес, «президент» деген лауазымын түгел шешеді. Жалпы ананың қарапайым баласына айналады.
Моңғол елінің басшысы бір сұхбатында: «Анама ешқашан ресми киіммен бармаймын, оның көзінше қалтамнан көп ақша шығарған да емеспін. Бұл кісі үкіметтен алатын аз зейнетақысын үнемдеп, келесі айға дейін жеткізуге үйренген адам», - деген екен.
Моңғолия президенттінің анасы тұратын көше
Моңғолия президенті Халтмаагийн Баттулганың әжесі Ц.Должинсүрэн Хан-Уул ауданындағы Яармаг көшесінде тұрады. Яармаг Туул өзенінің оңтүстік жағасында орналасқан моңғол астанасындағы ең көне даңғылдардың бірі.
Міне, Моңғолия президенті Баттулга осы көшеде туып өскен.
Бүгінде Должинсүрэн әжейдің жасы 90-да, бір қызы мен екі ұлды тәрбиелеп өсірген ана. Ұлдарының бірі – бүгінде ел басқарып отырған Халтмаагийн Баттулга. Інісі – спортшы. Ал әжейдің 3 баласынан 21 немересі бар екен.
2018 жылы Должинсүрэн гуай (гуай – моңғолдардың үлкен кісіге деген құрметін көрсететін киелі сөзі) «Жар» («Супруга») атты теле бағдарламаға түсті. Онда моңғол президентінің туып өскен үйі көрсетілді.
Әрі әжей өзінің марқұм күйеуі мен балаларының балалық шағы жайлы айтып берді. Бағдарлама соңында Длжинсүрэн гуай мен оның балалары, арасында Баттулга да бар, дәмді тағамдар әзірледі.
Моңғол тіліндегі бағдарламаның YouTube арнасындағы нұсқасы төменде...
Моңғол президенті жайлы 10 факт
1 Моңғол президенті – шығармашылық адамы, суретші. Жергілікті суретшілер ассоциациясының мүшесі.
2 Жас шағында дзюдо әрі самбомен айналысты, Моңғолия құрамасының мүшесі болды. Әлем Баттулганы алғаш спортшы ретінде таныды. 1989 жылы самбодан әлем чемпионы атанды. Спортшының жеңісін Отаны да бағалады – билік оған төрт бөлмелі пәтер сыйлады.
3 1990 жылы ол бизнеске табан тіреді. Өзін табысты кәсіпкер ретінде көрсете білді. Сингапурдан видеокамералар әкеліп, оларды екі есе қымбат бағамен сата алды. Ал бүгіне Баттула Моңғолияның ең бай адамдарының қатарында. Оның байлығы 1,2 миллиард долларға бағаланды.
4 Әрі мемлекет басшысы Ұлан-Батырға жақын маңға биіктігі 40 метр болатын Шыңғыс ханның атты ескерткішін салдырды. Ол елдегі ең үлкен, ең ірі ескерткіштің бірі саналды.
5 Бизнес пен саясатта мол табысқа жеткенімен, Баттулга спорттан алыстамады. Аптасына үш мәрте бірнеше сағат уақыт спортзалда өткізеді.
6 Саясатқа 2004 жылы араласты. Моңғол парламентінің депутаты атанды. Уақыт өте келе транспорт министрі, одан кейін ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп министрі лауазымдарын иеленді.
7 Министр болған уақытында жемқорлықпен айыпталды.
8 Шетелдік БАҚ-тар Баттулганы саясаткерден гөрі батырға көбірек ұқсатты.
9 Баттулга шляпа кигенді жақсы көреді, рок стиліндегі әндерді тыңдайды.
10 Бір сұхбатында әкесінің көзінше алкогольді сусындарды ішпейтінін айтқан, ал шын мәнісінде, ол әкесі мен бауыры секілді мүлде ішпеген, ішпейді де.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір