• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 19:56:44
Алматы
+12°

17 Наурыз, 2013

Қазақ киносы: экшн жанры ұлттық мұраттарды ұмыттырып жібермей ме?

Еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін теледидар алдында тапжылмай отырып көретін сүйікті сауығы бүгінде – кино көру болып отыр. Осы ретте жарыққа шығып...

Еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін теледидар алдында тапжылмай отырып көретін сүйікті сауығы бүгінде – кино көру болып отыр. Осы ретте жарыққа шығып жатқан отандық кино туындыларға байла­нысты марқайып мақтанатын да, мұңайып мазасызданатын да тұстары баршылық. Алдымен сыннан бастасақ…

Мысалы, «Келін», «Қарой», «Махаббат тәлкегі», «Ойпырым-ай», «Қайрат – чемпион», «Әке қорлығы», «Тюльпан» фильм­де­рінде ұлттық көрініс былай тұрсын, қайсы ұлттың киносы екендігін ажырату қиын. Кейбірінен мүлдем ұлтымызға жат көрі­ністер көрсек, кейбірінен мүлдем мазмұн мен актерлік шеберлік дегенді таба ал­маймыз. Ол фильмдердің қазақтың салтын­да жоқ дәстүрлерді насихаттап, азғындық­ты, арсыздықты көрсету арқылы халықтың санасын бұзбаса, түзейтіндігі мүмкін емес нәрсе. Соған қарамастан «Келін» фильмі әлемдік бас жүлдеге ие болып, «Қайрат чемпион, №1 пәк жігіт» фильмі жылдың ең үздік киносы атағын алғанына не дерсіз? Белгілі бір шетелдік жүлде мен мүддеге бола құрылған бұл секілді фильмдер қан­шама жүлде алып жүрсе де, қазақ кино­сының жұлдызы болып жарқырай алмайды. Өйткені, оның соңында «Халық көңілі» деген қазы тұр, көрермен көзі деген таразы тұр. Кезінде біздің ұлттық киномыздағы ең үздік Ш. Айманов, А.Қарсақбаев, С. Қожы­қов, М. Бегалин режиссерлеріміз кеңес үкіметі билеп тұрған заманға қарамастан нағыз қазақи, ұлттық құндылыққа толы «Қыз Жібек», «Тақиялы періште», «Менің атым Қожа», «Оның уақыты келеді» атты керемет шедеврлар түсірді. Осы фильм­дердің әр эпизодын, әр көрінісін көре отырып бірден ұлттық кино екеніне көзіміз жетеді. Құрылған диалогтары, айтылған мәтін сөздері сол жылдардағы ауқымды проблемаларды көтере білген, оны көрер­мендерге жеткізе білген. Тіпті, ауыл көрі­нісі, тау-тастарымыз, жер-сулары­мыз­дың бә­рінде ұлттық тұрмысымыз айқын бей­­не­ленген. Ол кезде біздің дінімізге, тілімізге, жалпы ұлтымызға қыспақ көрсеткен ке­зеңге қарамастан түсірілген фильмдер екендігін есімізден шығармайық. Кеңес кезеңінде әр режиссердің топтарында көбінесе өзге ұлттың өкілдері жұмыс істе­ге­ніне қарамастан, нағыз қазақ иісі аңқып тұр­ған еңбектер түсірді. Мүмкін сол кездегі жағ­дайларға байланысты өз еліне, жеріне деген махаббаттары, халыққа деген жана­шыр­лықтары, ұлттың жойылып кету қаупі бар деген үрей осындай тамаша туындыларды қазіргі ұрпақтарға ұлттық қазына ретінде қалдырып кетуге негіз болған шы­ғар. Ал, бүгін аспанымыз ашық, еліміз аман, жеріміз тыныш кезеңде ұлттық киномыз қарқынды дамудың орнына керісіне кету үстінде. Біздің бүгінгі режиссерлер қазақ болмысын бұрынғы режиссерлер сияқты сезіне бермейтіндіктен ұлтқа деген құрметтері де аз секілді. Бір түсінбейтінім, неге осы қазақ режиссерлерінің ішіндегі ешқайсысының қазақ хандары мен батырлары жайлы тарихи кино түсіруге тал­пы­ныс­тары жоқ. Осыншама жеріміз бен бай­лығымызды найзаның ұшымен қорғап келген, бүгінгі ұрпаққа өнеге болар батыр бабаларды дәріптеуден киногерлер ұтпаса, ұтылмасы анық қой. Өйткені, соғыс пен тарихи жанрдағы фильмдерге қашанда кө­рер­­мендер жақын келеді. Егер біздің ба­тыр­­лар мен хандарымыздың жерімізді жа­улардан қорғау мақсатындағы қиян-кескі алапат соғысы мен шайқастары, же­ңіс­тері мен жеңілістері, сәуегейлері мен жи­һан­кездері, үш жүзге төрелік еткен бел­гілі үш би – Әйтеке, Қазыбек, Төле билер жайлы тарихи сапалы фильмдер дүниеге келер болса, ол біріншіден, әлемдік деңгейге бір саты болса да қазақ киносы көтерілуі мүм­кін, екіншіден, қазақ жаста­рының бойында ұлтқа деген, елімізге, жерімізге деген пат­риоттық сезімін оятар еді. Әрине, мұндай жанрлардағы фильм­дер материалдық жа­ғынан қомақты қар­жыны талап етері хақ. Дегенмен мұндай фильмдерге мемлекет тарапынан қаржы­лай қолдау көрсе­тіліп, атсалысып жатса бұл нұр үстіне нұр болар еді. Қазіргі қазақ режиссерлерінің «Анау кино көрермен жи­нап қалар, мынау кино көрермен жинап қалар» деп өз шығар­ма­шылықтарының болашағына күмәнді болып отырғаннан гөрі, ұлттық сипаттағы фильмдерді түсі­ру­ге кіріскендері жөн болар еді. «Құласаң нардан құла» деген емес пе атам қазақ. Кезінде: «Сендердей халықты кім таниды, кім көреді?» – деп мәскеуліктер шеттеткен «Қыз Жібек» кинофильмі әлемнің жетпіс екі тіліне аударылғанын ұмытпағанымыз жөн. Өкініштісі сол, қа­зіргі кезде кино өнері біздің ұлттық санамызды көтеретін, ұлттық құндылықтары­мызды дәріптейтін, жастарымызды тәрбие­лейтін өнер емес, ол бизнес, яғни ақша көзіне айналуда. Егер де қазірден бастап осы мәселені дұрыс жолға салмасақ, ертеңгі күні Ұлттық киномыз мүлдем жойылып кетуі әбден мүмкін. Ол жойылумен ғана тынбайды. Ұлттық болмыстың үңірейіп қалған орнын батыстан келген басқа «құндылықтардың» басуы айтпаса да түсі­нікті. Ең негізгі мәселені ойдан шығармаған абзал, ол ХХІ ғасыр әлемдік мәдени-идео­логиялық күрес кезеңі екендігі және де ол әрбір мемлекет үшін шешуші маңызға ие екені. Соның негізінде қазіргі таңда мәде­ниет пен өнердің көш басында аудиториясы төрткүл дүниені төріне отырғызған кино-телеэкран тұр. Бұл фактормен және де бұл алып мәселемен са­нас­паған ел, сөз жоқ, күндердің күнінде осы сала дамыған елдердің ықпалында кетпек. Ал енді, кейбір отандық фильмдерімізге байланысты марқайып, мақтана алатын тұстарына да тоқталсақ. Рас, елімізде жа­рық көрген фильмдердің арасында тәуір дер­лік кинолар да болды. Мысалы, «Қазақ­фильм» киностудиясы көрермен назарына «Сіз кімсіз Ка мырза?» атты шытырман оқи­ғалы фильмді ұсынды. Қазақ көрер­мендері «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» атты кеңестік кезеңде жарыққа шыққан фильмдерден жақсы танитын атақты актер Асанәлі Әшімов сомдаған осы бір фильмді көріп, жақсы бір әсерге бө­ленгеніміз шындық. Бірақ, «Сіз, кімсіз Ка мырза?» фильмі бұдан бұрынғы «Атаман­ның ақыры» да емес, «Транссібір экс­пресі»де емес, экшн жанрындағы заманауи, қазақтың кино тарихындағы жаңаша бір фильм болды. Дәл осы бір тұсы осы жанр­дағы елімізге қаптап келіп жатқан батыстық фильмдерден еш кем емес екендігін көр­сетіп, көкейімізде бір мақтаныш сезімін тудыра білгендей болды. Режиссері Хуат Ахметов түсірген бұл фильм экшн жанры дегеннің де қазақтардың қолынан келетінін дәлелдеді. Келесі мысал, 2011 жылы жа­рыққа шыққан режиссері Ақан Сатаев тү­сірген «Ликвидатор» фильмін алсақ. Бұл фильмді де тамашалай отырып, экшн жанрында түсірілгенін байқаймыз. Жоғары­да айтылған «Сіз, кімсіз Ка мырза?» фильмі­нің жанрына сәйкестендіріліп жасалған бұл туынды да қазіргі заманауи талапқа жа­уап бере алатын бірден-бір қазақ ки­носының бірі болып шықты. Еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері көптеген ұлттық кино туындылар жарыққа шығып, уақыт өткен сайын өзімізде түсі­ріл­ген кинолар саны өсіп келеді. Бұған да тәубе делік. Дегенмен де сан емес, сапаға үл­кен мән беріп, соған сай жұмыс жасал­ғаны дәл қазір керек-ақ. Себебі, біздің кинолар өз ұлттық құндылықтарымызды әлі де бол­са жоғары деңгейде еліміздің болашағы саналатын жастарымызға насихаттай алмай отыр. Қазіргі таңда әсіресе, көшірме жа­сау процесі қарқынды дамып, Еуропа стиліндегі кинолар көбірек түсірілуде. Ұлттық деп атап отырғанымыз, ол кинода міндетті түрде біздің ұлттық ойындарымыз­ды, ұлттық тұрмыстық заттарымызды көр­сету емес. Қазіргі уақытқа сай болсын, бірақ фильмде ұлттық қазақи тәрбие, салт-дәстүріміздің элементтері, ұлттық бол­мыс-бітіміміз, сұлу кең-байтақ жерлеріміз көр­сетілуі тиіс. Қазір еліміздегі қай телеарнаны қарасаңыз да бірі бітсе, артынша екін­шісі басталатын үзіліссіз беріліп жат­қан тек түрік пен корей сериялдары, одан қала берсе еуропалық, американдық, мек­сикандық кинолар. Қазақтың иісі де шықпайтын сондай киноларды көріп, өңшең жат елдің мәдениеттерін бойына сіңіріп, батыстың атыс-шабысы мен арсыз киноларын қызықтап үзбей көретін өсіп келе жатқан қазақ жастарынан ертеңгі күні қайдан патриот азаматтар шықсын?! Ұлт­тың санасы мен еліне деген патриоттық се­зімін оятатын отандық кинолар десек, біз­дің отандық кинолардың бұл тұста әлі де болса әлсіздік танытып келе жатқаны ащы да болса шындық. Себебі, бүгінгі күні ұлт­ты ұлықтауда, ұрпақ тəрбиелеуде кинодан өткен өткір де күшті, қуатты қару жоқ десе де болады. Азамат ӘМІРХАНОВ Сурет 

cnews.ru

 сайтынан  

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір