• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 05:43:57
Алматы
+12°

21 Мамыр, 2019 Сұхбат

Әлібек Науаров Құлсарыдан Ақкиізтоғайға дейін 31 шақырымды қалай жүгіріп өтті?

Жүгіру үшін дүйсенбіні я болмаса сәрсенбінің сәтін күтудің қажеті жоқ

Салауатты өмір салтын ұстанып, жастарды өз артынан еруге насихаттап жүрген бүгінгі кейіпкеріміздің есімі – Әлібек Қойшыбайұлы Науаров. Күнделікті жасаған жаттығуларын әлеуметтік желіде жариялап жүретін Әлібек Қойшыбайұлы Атырау қаласы әкімі аппаратында қызмет істейді. Ол жүгірумен күнделікті айналысады, бірде-бір күнін бос өткізген емес. Әлібек Науаров Qamshy.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында осы жайлы кеңінен тоқталып өтті.

Киіз үйде туылған көшпелі қазақтың ұлымын

Мен Атырау облысы Жылыой ауданында 1989 жылы дүниеге келгенмін. Ақтөбе қаласындағы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе Мемлекеттік университетінің тарих факультетін аяқтадым. Алғаш еңбек өтілін  Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейінің археология және этнография ғылыми зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері болып бастадым. Осы уақытқа дейін әр түрлі лауазымда қызметтер атқарып қазіргі уақытта Атырау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы, әкімдіктің ресми өкілі болып қызмет етіп келемін.

Негізі мен киіз үйде туылған көшпелі қазақтың ұлымын. Барша ауылдың балалары жүгіруді бала күнінен бастайды. Әсіресе, таңертең  мал жайлайтын атты алып келу деген жұмыс бар. Сол атты алып келу үшін жүгіріп баратынмын. Ол әрине жақын жерде жайылып жүрмейді.  Жүгіріп жеткен соң оған жайдақ мініп, ауылға шауып келетінмін. Үйдің үлкендері «ауылға атпен шауып келме», - деп ұрысатын.  Ал мен: «Оған жету үшін таңертең жүгіріп бардым, енді ол шауып келуі керек», дейтінмін. Осындай логика болды менде. Қазақ атқа қонған кезде өзін бақытты сезінетін болар, мен өзімді қатты сенімді сезінем. Бес жасымнан бері атқа міну бағы бұйырған аз қазақтың бірі болармын.

Әлібек Науаров

Жүгіру үшін дүйсенбіні, я болмаса сәрсенбінің сәтін күтудің қажеті жоқ

Жүгіруді Ақтөбе қаласында бастадым. Жұмыста отырсам, әріптестерім: «Сен күннен күнге толысып бара жатқан сияқтысың», - дейді. Айнаға қарасам, расында сөздерінің жаны бар. Бұлай болуы  қателік деп, әріптестерімнің сөзінен кейін келесі күні-ақ жүгіруді бастап кеттім.  Бұл 2015 жылдың қыркүйек айы болатын. Басында өте қиын болды, күніне 9-8 шақырым жүгіріп жүрдім. Бір айдан соң үйреніп, тек қана 3-4 шақырым жүгіруді әдетке айналдырып кеттім. Ақтөбе суық екені белгілі ғой, мен қыс мезгілінде де жүгіруді тоқтатпадым. -25 -28 градуста да жүгіріп жүрдім. "Көбі қатты жүгіріп үсіп кетпей ме, өкпесіне салқын тимей ме" деп ойлайды. Олай емес, баяу, бірқалыпты деммен жүгіріп отыру керек және қалың киім кимеген дұрыс. Бұл «жүгіруді» әдетке айналдырғысы келетіндер үшін басты шарт.

Қызметім өзгеруіне байланысты мен  Атырау облысының Құлсары қаласына келдім. Бұл жерде де көптің пікірі бойынша арнайы  стадион іздеп немесе фитнес залдарды қарастырғаным жоқ. Өзіме қолайлы маршрут тауып, көлік өте аз жүретін көше бойымен 3 шақырым жүгіріп жүрдім. Басты ұстанымым – «жүгіру» үшін арнайы стадион іздеудің қажеті жоқ. Абзалы ерте оянып, қолайлы орта тауып, жүгіруді бастау керек. Және жүгіру үшін дүйсенбіні, я болмаса сәрсенбінің сәтін, қасиетті жұманы күтудің еш қажеті жоқ. Айтылған күн өткен соң келесі күні таңертең бастау керек. Бітті.

Сенің жаңа қырың...

Жүгіруді дәріптеп, әлеуметтік желілерде жазба жариялаймын. Сол жазбалардың бірінде «21 күн еш үздіксіз жүгір, әрі қарай «жүгіру» сенің артыңнан қалмайтын болады» деп бөліскенмін. Кейін республика көлемінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы спортқа ынталыларға видео үндеу жариялады. Үндеуде Елбасы 21 күн спорттың әр түрімен айналысып, оны әрі қарай әдетке айналдыру керектігін және бұл #СеніңЖаңаҚырың атты  челлендж екенін атап өткен болатын.  Айтқан ойымыз ұштасқан соң, қуанышпен қабылдап «Сенің жаңа қырың» жобасына қатысып кеттім. Бұл үшін әлеуметтік желідегі жеке парақшада челленджге қатысатыны жөнінде видео үндеу жариялап, спорттың қай түрімен айналысатынын көрсету керек болатын. Мен видео үндеу жариялап, 21 күн бойы жүгіріп және арнайы кешенді таңғы жаттығулармен айналысатынымды айттым. Челлендждің шарты 21 күн бойы арнайы хэштегпен  жүгірген маршрутты көрсетіп, геолокацияны белгілеп отыру болатын.  Республика бойынша бірнеше мыңдаған қатысушылар болды, алыс жақын шет мемлекеттердегі осы челленджге қолдау білдіріп қатысқандар да табылды. 21 күн өтті, өзім осы уақытқа дейін жүгіріп жүрген соң  бұл челленджге  дайын едім.  Челлендж  қорытындысы бойынша әр облыстан бір-бірден жеңімпаздар анықталды. Мен Атырау облысы бойынша жеңімпаз екенімді көргенде өз көзіме өзім сенбедім.

Құлсарыдан Ақкиізтоғайға дейін 31 шақырымды қалай жүгіріп өтті?

Алматыда үлкен марафон ұйымдастырылатын болып, атақты марафоншы Марат Шәріпұлы ағамыз барша қазақ еліне үндеу тастады. Ол: «14 қазан күні әркім өз өңірінде 5-10-21 шақырым жүгіру арқылы, осы Алматы жартылай марафонына қолдау білдірсін», - деді.  Ағамыздың  өтініш шақыртуын қабыл алып, 31 шақырымға жолға шықтым.

Құлсары – Ақкиізтоғай тас жолы. Осы уақытқа дейін жүгіру жолымдағы алғашқы үлкен меже болғандықтан ұзақ ойландым. Өз-өзімді "таңғы 5:30-да оянып жүгірем бе, жоқ па?" деген сұрақтың астына алдым. Себебі қала ішінде 5-10 шақырым жүгіруіме де болар еді. Бірақ мұндай ойларды мен шайтан ой деп қабылдап, тәуекелге бел будым. Таңғы 06:00-де Құлсары бағытынан Ақкиізтоғайға жүгіріп кеттім. Дала жым-жырт қараңғы. Қала сыртына шыққан соң жақын жерде ел жоқ. Тып-тыныш.

Марат Шәріпұлының тапсырмасы бойынша жүгірген кезде видео үндеу жариялау керек болатын. Дала тас түнек болған соң, мен видео үндеуді тек қаладан 10 шақырымға жуық асқан соң ғана барып түсірдім. Бастапқы 10 шақырым күнделікті жүгіру секілді оңай болды. Келесі он шақырым да қиын болған жоқ, 25-ші шақырымнан бастап жүгіру ауырлай бастады. Аяқ шаршағанын сездірді. Бірақ видео үндеу түсірілді, уәде орындалды. "Намыс бар, қолдан бермеу керек?" деп 31 шақырымға жеттім.

Әлібек Науаров

Мені таңертең аман-есен оянуым шабыттандырады

Ерте тұрамын. Күні ұзағына сергек болып жүру үшін таңғы жаттығуды міндетті түрде жасау керек. Санамнан "бүгін сенбі, я болмаса жексенбі ұйықтап алу керек" деген түсінікті сызып тастадым.  Аптасына жеті күн болса, жеті күн бойына таңертең жүгіремін. Жүгіруге қатысты кітап оқымадым. Алайда соңғы оқыған кітабым «Дүниені дүбірлеткен Дарабоз» атты  Жұмабай Құлиевтің  Әмин Тұяқов жайлы еңбегі.

Жалқаулықты  жеңудің басты шарты – өмірде өз орныңды белгілеп соған қадам жасау.  Жалқаулық кез келген адамда болады. Ол  үнемі жанымызда. Сөзінде тұратын, яғни сөзіне берік адам образын әр адам өзінде қалыптастыру үшін тер төгу керек, сол арқылы  жалқаулықты жеңуге мүмкіндік бар.

Марафондарға ұтыс үшін қатыспадым.  Бастысы, алыс қашықтықты бағындырып, шама-шарқымды білу үшін қатыстым. Таңғы салқынмен жүгірген соң, ми да жағымсыз ойлардан арылады.

Сұхбаттасқан: Маржан Сәбет

Marzhan Sabet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір